Бүгін Алматыда 20 сауда-ойын-сауық орталығы мен базарларда коронавирусқа қарсы екпе салатын пункттер ашылды. Ондағы дәрігерлер жұмыстарын сағат 10.00-де бастап, науқастарды жазба бойынша қабылдады. Айта кетерлігі, карантиндік шараларға байланысты қалада демалыс күндері сауда орталықтары жұмыс істемейді. Дегенмен, онда тек егу пункті қызмет көрсетті. Күзет қызметіндегілер ғимаратқа тек вакцинацияға алдын ала жазылғандар мен шақырылғандарды кіргізді. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Мәселен, "Мәскеу" СОО егу пунктінде медицина қызметкерлері сағат 10.00-ден бастап, сағат 20.00-ге дейін алматылықтарға екпе жүргізуді жалғастырады. Дәрігерлер Алматының №16 емханасына тіркелген азаматтарға алдын ала қоңырау шалды. Сондай-ақ, eGov арқылы вакцинация алуға жазылғандар да бар. Төрт сағат ішінде дәрігерлер 50-ге жуық адамға екпе салды. Вакцинация қызу жүріп жатыр. Оның үстіне, екпе алуға тілек білдірушілер көп. Коронавирусқа қарсы екпе алған ең жас адамның жасы 18-де болса, жасы ең үлкені – 87 жастағы қарт әже", – делінген баспасөз хабарламасында.
Оқи отырыңыз: 8 сәуірден бастап eGov порталы арқылы вакцина салдыруға тіркелуге болады
Сауда орталықтарындағы егу пункттерінде 2 терапевт дәрігер мен медбикелер жұмыс істейді. Адам саны көп емес, бетперде режимі, әлеуметтік қашықтық сақталған. Ал, кезегін кұтушілер бір-бірінен алшақ отырғызызылады. Барлығы алдын ала тіркеуден, содан кейін дәрігердің қарауынан өтеді. Егер денсаулығында қарсы көрсетілімдер болмаса, тұрғындарға екпе салынады.
Вакцинацияға E-Gov mobile мобильдік қосымшасы, сондай-ақ E-Gov электрондық үкімет платформасы арқылы жазылуға болады. Сонымен қатар, кез-келген медициналық мекемеге хабарласуға да болады.