Алматы қаласында биыл бұл жобаны "Бақытты отбасы" орталығы және "Жас Отан" жастар қанаты бірлесіп ұйымдастырды. Жоба аясында көпбалалы аналар тегін курсқа жазылып, түрлі кәсіптің қыр-сырын үйренеді. Сертификат алғаннан кейін арнайы грантқа ие болып, жеке кәсібін бастауға да мүмкіндік бар.
Курсқа қатысушы үшін көпбалалы жас аналар "Бақытты отбасы" орталығына барып, өтініш білдіруі қажет. Олардан арнайы құжат пен ешқандай қаражат талап етілмейді.
Кәсіпкерлік курсы үш бағыт бойынша оқытылады:"Қазір алғашқы топтың жұмысы аяқталды. Келесі курс 2020 жылы жалғасады", – деді "Жас Отан" ЖҚ Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бибінұр Шербаева.
- Тігін ісі;
- Қолөнер бұйымдарын жасау;
- Макияж (бет әрлеу).
Әр бағыт бойынша оқыту үшін кәсіби мамандар тартылған. Оқу аяқталғаннан кейін барлық қатысушыға сертификат беріледі.
"Тігін және қолөнер курстарында он адам оқып жатыр. Бұл курстардың ұзақтығы – бір ай болса, бет әрлеушілер бір апта оқтылады. Барлығы үш топ болса, әрбірінде 10 адамнан болады. Курс мерзімін белгілеуде аналардың өтініштерін ескердік. Көпшілігі мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде меңгеріп шығуға боалатын және сұранысқа ие кәсіптерді үйретуді сұрайды", – дейді Бибінұр Шербаева.
Жоба ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқы курсты тәмамдаған аналардың арасында өзінің жеке ательесін, салонын ашып, кәсіп бастап кеткендер көп.
Бастама сәтті жүзеге асып жатқандықтан, ол жалғасын табады. Бірақ келесі жылы жоба форматы өзгереді.
Оқи отырыңыз: Көпбалалы ана армандаған үйіне қол жеткізді
"2019 жылы көптеген көпбалалы аналар өздері өтініш білдіріп, жобаға қатысса, келесі жылдан бастап "Бақытты отбасы" аясында кәсіп үйренуге мұқтаж жандарды өзіміз іздеп табуға тырысамыз. Отбасы жағдайына, басқа да тұрмыстық мәселелеріне байланысты үйінен шыға алмайтын, уақыты тығыз адамдар аз емес. Олардың да кәсіп үйренуге деген ниеті болуы мүмкін", – деді Алматы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бақытты және ұзақ өмір сүру бөлімі басшысы Нұржамал Рысқұлова.
Оның айтуынша, биыл оқып, сертификат алып, бірақ грант иелене алмаған қатысушылар да бар екен. Олар келесі жылы грантын қайта қорғап, бизнесін жүргізуге алады.