Тікелей эфир

Алматы облысындағы балалар үйінің басшылығы мен қызметкерлері тәрбиеленушілердің есепшотынан 70 млн теңге ұрлады деп айыпталуда

informburo.kz суреті
informburo.kz суреті
Алматының Экономикалық тергеу департаменті қылмыстық істі тергеуді аяқтап, оны сотқа жіберді.

Алматы облыстық №1 балалар үйінің басшылығы мен қызметкерлері тәрбиеленушілердің есепшотынан 70 млн теңге ұрлады деп айыпталуда. Бұл туралы Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Александр Ляхов хабарлады. Тәртіп бұзушылық туралы балалар үйінің тәрбиеленушілері өткен жылдың жазында мәлімдеген болатын.

"2020 жылдың тамыз айында маған Алматы облыстық №1 балалар үйінің түлектері мен балалары шағымданды. Олардың шоттарынан мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік көмектен түскен ақша ұрланған. Балалар өздерінің шоттарынан бірнеше жыл бойы жасалған қаржылық операцияларды – банкоматтар арқылы қолма-қол ақша алу, дүкендерде төлем жасау, басқа тұлғалардың карталарына ақша аударылғанын айғақтайтын қағаздар көрсетті", – деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Facebook парақшасында. 

Ол істі бақылауға алу үшін құқық қорғау органдарына және Алматы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне хат жолдады. Сондай-ақ, Аружан Саин  интернат үлгісіндегі барлық мекемелердегі балалардың есепшоттарындағы ақшаның сақталуын тексеруге бастамашылық етуді және балаларға мемлекеттік жәрдемақыларды уақтылы тағайындау мәселесін тексеруді сұрады.


Оқи отырыңыз: Түрмеде жазасын өтеп жатқан әйелдер Наурыз мерекесіне орай алып бауырсақ пісірді


Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің тергеушілері әлеуметтік педагогтардың бірі Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне асыраушысынан айырылғаны үшін және мүгедектігі бойынша түскен жәрдемақыны жымқырғанын анықтады.

"Лауазымды тұлғалардың салғырттығының нәтижесінде балалар үйінің тәрбиеленушілеріне аса ірі мөлшерде – жалпы сомасы 68,5 млн теңгеге материалдық залал келтірілді. Бұл олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің айтарлықтай бұзылуына әкеп соқты. Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе талан-таражға салу (ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі) және немқұрайлылық (ҚР ҚК 371-бабы 1-бөлігі) фактілері бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды", – деп хабарлады Александр Ляхов.

Сонымен қатар, оның мәліметінше, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментіне Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Алматы облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен Алматы облысы білім басқармасының лауазымды тұлғаларының немқұрайлылығы фактісі бойынша жинақталған материалдарды табыстады.


Оқи отырыңыз: Екінші мәрте ұрлық жасайтындарға кешірім жоқ. Қылмыстық кодекске ұрлыққа қатысты тағы қандай өзгертулер енгізілді?


Ал, Экономикалық тергеу департаментінің өзі Алматы облысы білім басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

"Әлеуметтік педагог лауазымын атқарып, тәрбиеленушілердің қаражатын жымқырған және талан-таражға салған адамға қатысты басталған сотқа дейінгі тергеу барысында, оның бұл әрекеттерінің барлығынан балалар үйінің меңгерушісі хабардар болғандығы анықталды. Осылайша, ҚМУ басшысының өзінің қызметтік міндеттерін орындамауы салдарынан, ол заң бойынша қамқоршысы болған тәрбиеленушілерге аса ірі көлемде материалдық залал келтірілді, бұл олардың құқықтарын едәуір бұзуға әкеп соқты", – деді Александр Ляхов.

Ол оқушылардың ақшасын иемдену және ысырап ету бір күнде болмағанын, ұзақ уақыт бойы талан-таражға түскенін атап өтті. Оның айтуынша, аталмыш балалар үйінінің түлектері мен тәрбиеленушілерінің өтініштері бойынша Алматы облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан бірнеше рет мекемеге тексеру жүргізілген. Бірақ, бірде-бір заң бұзушылық анықталмапты. 

Серіктестер жаңалықтары