Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақтөбе облысында Сovid-19 инфекциясының британдық штамын жұқтырғандар анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Ол Алматыда вирустың өте тез жұғатын британдық және оңтүстікафрикалық штамдарының айналымы пайда болғанын еске салды. Бұл індеттің кең таралуына әкелуі мүмкін.
"Коронавирустық инфекцияға 265 оң сынаманы толық геномдық сынамадан өткіздік. Нәтижесінде, олардың 12-сінен британдық штаммға тән мутация анықталды. Алматыдан – сегіз, Ақтөбе облысынан – үш, Нұр-Сұлтаннан – бір адам британдық штаммен сырқаттанған. Оның ішінде сегізі сырттан әкелінген штамм", – деді Алексей Цой.
Министрдің айтуынша, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасында Қазақстанның барлық өңірлерінен коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардан алынған оң зертханалық үлгілер зерттеуден өткен. Зерттеу нәтижелері бойынша, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарын қоспағанда, елдің барлық өңірлерінде – британдық, оңтүстік африкалық, бразилиялық штамдарға тән мутация ықтималдығы анықталды.
Денсаулық сақтау министрі ДДСҰ мәліметтері бойынша британдық коронавирус штамы әдеттегіден тезірек таралатынын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Коронавирустың "британдық штамы". Бұл не және Қазақстанға қауіп бар ма?
ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова вирустың мутациясын анықтайтын геномдық сынама Қазақстанда пандемия басталғалы бері жүргізілгенін, бірақ биылғы жылдың қаңтарына дейін британдық және оңтүстік африкалық штаммдарға тән белгілер анықталмағанын атап өтті.
"Геномды сынама ПТР диагнозы сияқты күнделікті және тұрақты жүргізілмейді. Ол штамдардың мутациясын және кез-келген өзгерістердің болуын анықтау үшін белгілі бір кезеңде жүзеге асырылады. Наурызда британдық, оңтүстік африкалық және бразилиялық штаммға тән мутация ықтималдығын анықтау бойынша ДДСҰ экспресс-әдістемесі енгізілді", – деді Айжан Есмағамбетова.
Ол жедел әдіспен Covid-19 үшін елдің барлық аймақтарынан жиналған 357 оң сынаманы тексерілгенін және олардың 87-сінде үш жаңа штаммға тән мутациялар анықталғанын айтты. ДНҚ-ның барлық тізбегін зерттейтін толық геномдық сынама нәтижелері 12 адамның инфекцияның британдық штаммын жұқтырғанын растады.