Тікелей эфир

«Алматы-2050»: алғашқы бес жылдықта қанша қаражат жұмсалады?

Алматы қаласы әкімі баспасөз қызметінің фотосы
Алматы қаласы әкімі баспасөз қызметінің фотосы
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев "Алматы-2050" даму стратегиясы жобасын таныстырып, көпшіліктің талқысына шығарды.

Бұл қаланы дамытуға арналған көп жылдық құжат. Жоба аясында, әсіресе, шаһардың шеткі бөліктерінде тұратын халықтың тұрмыс-тіршілігін түзеп, дамыту көзделіп отыр. Жоба, тіпті, қала әкімі ауысса да, жалғасын таба бермек. Алматының Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Нұртас Қаировтың айтуынша, тек жаңа проблемалар ескеріліп, аздаған өзгертулер мен түзетулер енгізілуі мүмкін. Стратегиялық жобаны жүзеге асыру үшін әр 5 жылға орта мерзімді жоспар жасалып, қаражат бөлінеді. Бес жылдық аяқталғаннан кейін бақылаушы органдар атқарылған жұмыстарды талдайтын болады. Жобаның алғашқы бес жылдығында 834 млрд теңге игерілмек.

  • 311 млрд теңге жергілікті бюджет;
  • 375 млрд теңге республикалық бюджет;
  • 147 млрд теңге жеке инвестициялар.

Бастапқы 5 жылда бөлінетін қаржы құжаттағы "Шетсіз қала" қағидаты бойынша жұмсалмақ. Оның аясында 51 мың орындық 19 мектеп, қолданыстағы мектептер жанынан 11 мың орындық 15 қосымша нысан, 12 балабақша, 400 мектепке дейінгі мекемелерін салу жоспарланып отыр.

"Қазір қаланың 23 ықшам ауданда ауыз су жоқ. Көшелердің 30 пайызы жарықтандырылмаған. Бұл ең бірінші кезекте шешетін мәселелер. Әсіресе, қалаға кейін қосылған аудандардың жағдайы қиын. Мектеп жетіспейді, балабақшаларда орын тапшы. Сондықтан осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында алдағы 5 жылда ауыз су, кәріз, жарық мәселесін түбегейлі шешеміз. Стратегия бекітілген соң, барлық мәселе бірден шешіледі деп ойлау қате. Кешенді жоспар аясында кезең-кезеңімен жүзеге асады", – деді Алматының Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Нұртас Қаиров.

"Алматы-2050" даму стратегиясы негізгі жеті баптан тұрады:

1. Шетсіз қала. Қазір қаланың орталығы мен шет аудандарының дамуында айтарлықтай алшақтық байқалады. Әлеуметтік нысандар аз, жолдар жөндеу көрмеген, көшелер жарықтандырылмаған, ауыз су тапшы, жұмыс орындары жетіспейді. Сондықтан, жаңа құжат арқылы ең бірінші кезекте шеткі аудандардың проблемаларын шешу көзделіп отыр. Өнеркәсіптік алаңдардың, ескі үйлердің орнына жаңа құрылыстар салынады. Сөйтіп, тұрғын үйлер, кеңселер, дүкендер, мектеп-балабақшалар, саябақтар шеттегі тұрғындарға қол жетімді болмақ.
2. Ақылды қала. Ең үздік smart тәжірибелерді қолдану арқылы экожүйе құрылады. Онда датчиктер, камералар, желілер, деректер қоймасы болады. Бұл жүйе арқылы ауа райының өзгеруін, экологиялық жағдайды, қалалық инженерлік және жол-көлік инфрақұрылымының жай-күйін қадағалап, реттеуге болады.
3. Тең мүмкіндіктер қаласы. Алматы тұрғындарға барлық мүмкіндік жасалған инклюзивті ортаға айналады. Кез-келген алматылық тұрғын қолжетімді баспана алу және базалық қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болмақ.
4. Қауіпсіз қала. Барлық көшелер, аулалар, саябақтар және басқа да қоғамдық орындар жарықтандырылады. Ғимараттар сейсмикалық төзімді құрылыс пен озық технологиялар қолданыла отырып салынады.
5. Жасыл қала. Алматы жасыл, әдемі қалаға айналады. Саябақтар көбейіп, кең жаяу жүргіншілер көшелері, жайлы бульварлар мен аллеялар пайда болады. "Жасыл Алматы" бағдарламасы бойынша 1 млн ағаш отырғызылып, 2030 жылға дейін 2-ЖЭО жаңғыртылады.
6. Жаһандық іскерлік орталық. Алматыда кәсіпкерлікті дамытып, қаржы орталығына айналдыру көзделуде. Шаһар Орталық Азиядағы экономика мен сауда саласында негізгі рөл атқаратын болады. Бұл ретте инвестициялар тартып, блокчейн мен қаржы технологияларын дамыту жоспарланған.
7. Мәдени креативті қала. Қазіргі қолданыстағы мәдени нысандардың жұмысы қайта жасақталады: мұражайлар мен кітапханаларда қазіргі заманғы қоғамдық аймақтар, мәдени кластерлер, арт-кеңістіктер мен зияткерлік хабтар құрылады. Маңызды мәдени кешендер мен киелі нысандарды қалпына келтіру және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?

"Алматы-2050" даму стратегиясын әзірлеуге қалалық басқарма өкілдері, Алматы қаласын дамыту орталығының мамандары, сарапшылар мен халықаралық Hatch компаниясының өкілдері қатысқан. Құжат 1 желтоқсанға дейін көпшіліктің талқысына түседі. Қала тұрғындарының ұсыныс-ескертулері жиналғасын, желтоқсан айында "Urban Forum Kazakhstan" урбанистік форумында жобаның түпкілікті нұсқасы бекітіледі. Жобаны қолға алғандар осы арқылы Алматыны әлемнің 100 дамыған қалаларының қатарына енгізуді жоспарлап отыр екен.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары