Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі "АИТВ және басқа да созылмалы аурулармен ауыратын балалар мен жасөспірімдерді психо-әлеуметтік қолдау" атты оқу модулін ұсынды. Психо-әлеуметтік қолдаудың жаңа стандарты БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен ұлттық медициналық білім беру жүйесіне енгізілгелі отыр. Бүгін Нұр-Сұлтанда өткен шараға қатысқан денсаулық сақтау саласының мамандары оқу модулінің негізгі бөлімдерін талқылап, оны оқу жоспарына енгізу процесін сөз етті.
Медицина саласының мамандары "АИТВ және басқа да созылмалы аурулармен ауыратын балалар мен жасөспірімдерді психо-әлеуметтік қолдау" оқу модулін енгізу – балаларды, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған балаларды қолдауға арналған оң қадам екенін айтады.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Мұхтар Қабдуловтың айтуынша, оқу модулін даярлау барысында АИТВ және басқа да ауруларға шалдыққан жасөспірімдермен жұмыс істейтін медицина саласының мамандарын, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтарды дайындауға баса мән берілуі қажет.
Оқи отырыңыз: Бала тілі неге кеш шығады? Логопедтің ата-аналарға кеңестері
АИТВ туралы теріс түсініктің қалыптасуына БАҚ та кінәлі
Ал, "Юнэйдс" офисінің директоры Александр Голиусов ел арасында АИТВ және ЖИТС дертіне деген теріс көзқарастың қалыптасуына БАҚ өкілдері де үлес қосты деп санайды:
"Халық арасында АИТВ дертіне қатысты жылдар бойы қалыптасып келген теріс түсінікті бір сәтте өзгерту мүмкін емес. Мұндай менталитеттің пайда болуына бұқаралық ақпарат құралдары да әсер етті. Бұл оқулық, жоқ дегенде, медицина саласындағы менталитеттің өзгеруіне сеп болар деп ойлаймын. Өйткені, АИТВ дертіне шалдыққан жандардың дискриминацияға жиі тап болатыны жасырын емес.
Мамандар бұл оқулықтың тезірек практикаға енгенін қалайды. Себебі, бұған дейін де талай оқулықтар жарыққа шығып, бірақ, қалың бұқараға жетпей қалған еді.
Оқи отырыңыз: Дүниеге келген нәрестеге берілетін көмектер
Шымкентте АИТВ дертімен ауыратын 240-қа жуық бала бар
Ал, Шымкент қаласындағы "Ана мен бала" орталығының психологы Мәдина Аманова жаңа стандарт бойынша жұмыс істеудің ерекшеліктерін былайша баяндады:
"Бүгінде Шымкент қаласында АИТВ дертімен ауыратын 240-қа жуық бала бар. Біз 13 жылдан бері осы балалармен жұмыс істеп келеміз. Бұған дейін өз бетімізше жұмыс жүргізіп келсек, жаңа стандарттар біздің жұмысымызды жеңілдетіп отыр. Жаңа стандарт бойынша, біздің тұрақты нормативті істеріміз бар. Онда АИТВ шалдыққан балалар мен олардың отбасына тек психологиялық жағынан емес, әлеуметтік жағынан да көмек беру туралы айтылған. Баланың диагнозын өзіне хабарлау, олардың күнделікті күтімін қадағалау, ата-аналармен тікелей жұмыс істеу – біздің міндетіміз".
Естеріңізде болса, 2006 жылы Шымкент ауруханасында 149 балаға АИТВ жұққан еді.