Тікелей эфир

63 мыңнан төмен жалақы алатындар салықты аз төлейтін болады. Жаңалықтарға шолу

Фото іnformburo.kz
Фото іnformburo.kz
"Баспана хит" бағдарламасына өтінімдер қабылданып жатыр: 30 несие мақұлданды. Мұнайдың әлемдік бағасы көтерілді.

Әблязовқа сырттай өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты М.Әблязовты банкир Е.Тәтішевті өлтіруге айыпты деп танып, осындай шешім шығарды. Сот оның қылмыстық әрекеті қасақана жасалған деген тоқтамға келді.

63 мың теңгеден төмен жалақы алатын жұмысшылар жаңа жылдан бастап салықты аз төлейді

Егер жұмысшының табысы 25 АЕК-тен аспаса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысының 90%-ынан табыс салығын төлемейді. 2018 жылға АЕК көлемі – 2405 теңге.

Келер жылға әлі бекітілген жоқ. "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы бойынша 2525 теңгені (25 АЕК – 63125 теңге) құрайды.

Қазақстандық футболшылар жалақысы бойынша әлемде 25 орынға жайғасты

Sporting Intelligence сайты әлемдегі футболшылардың жалақысын зерттеді.

Футболшыларға берілетін ақы бойынша Англия көш бастап тұр – ойыншылары жылына 3 млн фунт алады. Екінші орында Испания – 2,55 млн еуро. Үшінші орында Италия – 1,76 млн еуро.

Қазақстан Премьер лигасы жалпы тізімдегі 68 команданың ішінде 25 орынға жайғасты. Отандық футболшылар жылына орта есеппен 149 мың доллар (55,7 млн теңге) алады екен.

Доллар тағы екі теңгеге қымбаттады

KASE-тің таңертеңгілік сессиясында АҚШ валютасы орташа бағаммен 373,23 теңгеге сатылды.

"Баспана хит" бағдарламасы бойынша 30 несие мақұлданды

Бағдарламамен несие рәсімдеуге астаналықтар белсенділік танытып отыр. Мақұлданған 30 несие өтінімінің 14-ін елорда тұрғындары берген. Қазақстан бойынша ипотекалық несиенің орташа сомасы 8,5 млн теңгені құраса, Астана қаласы бойынша 11 млн теңге шамасында.

Бүгінге дейін барлық өтінімдерді "Цеснабанк" АҚ қабылдап, мақұлдады. Енді "Қазақстан халық банкі" АҚ бағдарлама бойынша өтінім қабылдауға кірісті. Желтоқсан айында оның қатарына Еуразиялық банк, ЦентрКредит банкі, Forte Bank, Bank RBK және Сбербанк қосылады. Сбербанк "7-20-25" және "Баспана Хит" ипотекалық бағдарламаларын бір уақытта іске қоспақшы.

Астанада оқушылардың 70-80%-ы үйінен қашық мектептерге қатынап оқиды

– Осының салдарынан қоғамдық көліктерге түсетін жүктеме артып, кептелістер туындап отыр, – деп мәлімдеді "Астана Innovations" АҚ Басқарма төрағасы О.Сартаев. – Жаңадан әзірленген Big data аталатын геоақпараттық жүйе арқылы Астана тұрғындарының қайда тұратынын және жұмыс істейтінін, қайда оқитынын көруге мүмкіндік бар. Оған сәйкес қалада жаңа ауруханалар мен мектептер, емханалар мен жедел жәрдем бекеттерін салатын жерлер анықталатын болады.

Astana Innovations басшысы келер жылы ашық деректер саясатының енгізілетінін де жеткізді. Қала туралы кейбір деректер барлық тұрғындарға қолжетімді болады.

Қазақстанда авиация әкімшілігі пайда болды

Азаматтық авиация комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, авиация әкімшілігі Халықаралық азаматтық авиация ұйымының талаптарына сай болуға мүмкіндік береді. 100 пайыз мемлекетке тиесілі жаңа әкімшілік ұшу қауіпсіздігін қадағалайды, сондай-ақ техникалық бақылау қызметтерін атқарады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Мұнайдың әлемдік бағасы көтерілді. Лондондағы ICE Futures биржасында қаңтарда жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 1,22 долларға жоғарылап, 60,41 долларды құрады. Ал Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) қаңтар айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай бағасы 1,21 долларға қымбаттап, баррелінің бағасы 51,63 доллар болды.

Sputniknews.kz: Енді ВИЧ-ті сілекей арқылы анықтауға болады. ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы АИТВ-ны (ВИЧ) анықтауға арналған жедел тестілеудің жаңа әдісін енгізуді жоспарлап отыр. Ол сілекей арқылы АИТВ-ны анықтау бойынша пилоттық жобасы. Жыл сайын халықтың кем дегенде 10%-ы тексерістен өтуі қажет.

Серіктестер жаңалықтары