Алматыны қалай қауіпсіз, ыңғайлы қалаға айналдыруға болады?
Ішкі істер министрлігіне реформа жасау қажеттігін көтеріп жүрген белсенді Гүлшат Нұрпейісова полицияны сервистік модельге айналдыру қажеттігі туралы бастама көтерді.
"Азаматтардың санасында "полиция бізге көмектеседі" деген түсінік қалыптасу керек. Сонда ғана қоғамда тыныштық пен сенім орнайды", – деді ол.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қаланы қауіпсіз ету үшін оны тиісті деңгейде жабдықтау қажет.
"Қалада мыңнан астам көше мүлде жарықтандырылмаған. Осыған байланысты жергілікті бюджеттен қаржы қарастырдық. Екі-үш ай ішінде 260 көше толықтай жарықтандырылады. Келесі жылдың соңына дейін шаһардағы барлық көшенің шамдарын жағамыз деп мақсат қойып отырмыз", – деді Бақытжан Сағынтаев.
Алматы аспаны түтіннен қашан тазарады?
Қала басшысы бұл сұраққа дөп басып жауап беру қиын екенін айтты. Себебі, жағдайды ушықтырып тұрған бірнеше фактор бар.
"Жақында біз IT-кеңес құрдық. Кеңеске қатысушылардың айтуынша, талантты, білімді жастар экологияның нашарлығынан көшіп кетіп жатыр екен. Экологияны ушықтырып тұрған бірнеше түйткіл бар. Олар – зиянды қалдықтар, ЖЭО, транспорт және жеке сектор. Дегенмен, қазір қала газдандырылған. Газ желісіне қосылмаған 3000-дай ғана үй қалды. 3 мың үйдің 300-і – аз қамтылған отбасылар. Оларға өзіміз көмектесіп жатырмыз. Қалған үйлерге де газ кіргізуді жылдам жүргізетін боламыз. Ластанудың 20-25 пайызы 2-ЖЭО-на тиесілі. Бұл енді таза технологиялық мәселе. Барлық қазандықтар жердің астында орналасқан. Газға көшірген жағдайда қазандық жарылып кетпей ме? Мұны өзім де жете білмеймін. Себебі, мұның жауабын тек кәсіби мамандар ғана айта алады. Егер бұл қауіпті болып, ал біз газға көшкіміз келсе, онда бөлек станция салуға тура келеді. Оның шығыны 2 миллиард долларды құрайды. Қазір пайда болып жатқан жаңа технологиялар ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар көлемін әлдеқайда азайта алады. Біз "Самұрық-Энерго" компаниясымен келіссөз жүргізіп, бұл мәселені қалайда шешеміз", – деді Бақытжан Сағынтаев.
Экология бойынша консультант Жарас Тәкеновтың айтуынша, қалада зиянды қалдықтардың 80 пайызын ауаға жылу электр станциясы мен жеке сектордағы тұрғын үйлер бөлсе, 20 пайыз зиянды қалдықтар транспорттардың үлесінде.
Оқи отырыңыз: Болашақта Алматы үздік жүздікке кіреді. Қала әкімі тағы қандай жаңалықтарды айтты?
"Ауаның ластануы салдарынан тыныс жолдары аурулары, тыныс демікпесі, эндокринді жүйе және қан аурулары туындап жатыр. Қазір қаланың шет жағында 4 қоқыс үйіндісі бар. Ол жерге күн сайын 1500 тоннаға дейін қоқыс төгіледі. Ал қаладағы қоқыс төгетін орындардың ешбірі де санитарлық талаптарға сай келмейді. Қала ішіндегі арық желісінің 50 пайызы да дұрыс жасалмаған. Жалпы, қала – түтінсіз, қалдықсыз болғанда және арық желілері уақытылы тазаланып отырса ғана тазарады", – деді маман.
Тұрғындардың әкімдікке талаптары қандай?
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев "Алматы – 2050" даму стратегиясының соңғы әрі нақты нұсқасымен қысқаша таныстырып, оны әрі қарай қалалық мәслихаттың қарауына жолдайтынын айтты. Әкімнің сөзінше, құжат көпшілікке ұсынылғаннан бері тұрғындардан 1077 ұсыныс келіп түскен.
Тұрғындар, негізінен, төмендегі мәселелердің шешілгенін қалайды:
- Автобустардың көбеюі;
- Қоғамдық көлік маршруттарын оптимизациялау;
- Метро станциялары санын арттыру;
- Айналма жолдар мен көлік тұрақтары құрылысын қарқынды жүргізу.
- Қаланы жасылдандыру;
- Ауа бассейнін тазарту;
- 2-ЖЭО мәселесін шешу;
- Зиянды қалдықтарды залалсыздандыру;
- Өнеркәсіп аймақтарын жасыл желекке айналдыру.
Сонымен қатар тұрғындар құрылыс, баспана, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, коммуналдық қызметтер тарифіне де қатысты ұсыныстарын жолдаған.
Қала территориясы қалай ұлғаяды?
Алматы әкімінің кеңесшісі Наталья Ливинскаяның айтуынша, қаладағы Райымбек даңғылынан төмен қарай алты бірдей даму аймағы пайда болады:
- "Оңтүстік қақпа";
- "Солтүстік қақпа";
- "Батыс қақпа";
- "Шығыс қақпа";
- "Алатау" паркі;
- Downtown іскерлік орталығы.
Әкімдіктің жобалауынша, бұл аймақтарда халық қоныстандырылып, миллионнан астам жұмыс орны ашылады.
Соңғы 10 жылда қала аумағы екі есеге ұлғайған. Бірақ қалаға қосылған жаңа аудандар мен шеткері аймақтардағы инфрақұрылым деңгейі өте төмен. Бұл аумақтағы тұрғындардың мектеп, балабақша, емхана, сауда орындары қызметін тұтынуы лайықты дәрежеде емес. 23 ықшам ауданда әлі сумен қамту мәселесі жолға қойылмаған. Жарықсыз отырған аудандар да жетіп артылады.
Оқи отырыңыз: Бүгін Алматыда дизайн кодының жобасы таныстырылады. Қала келбеті қалай өзгереді?
Жоғары оқу орындары қала шетіне көшіріле ме?
Жергілікті тұрғын Әлішер Сағидолдаев шаһардағы жоғары оқу орындарын қала шетіне көшіру туралы ұсыныс жасаған. Бұл туралы әкім өз баяндамасында айтты.
"Бұл ұсынысты өз қаперіме алдым. Мәселе алдағы уақытта тереңірек қарастырылады. Бұл сұрақ өте мұқият зерттеп, талдауды талап етеді. Кейбір университеттер қала территориясынан тыс жерлерде кампус пен қалашық салуы мүмкін. Қазірдің өзінде "Алатау" инновациялық паркі территориясында орналасуды құп көретін университеттер бар. Бірақ ол үшін алдымен транспорттық бағыт мәселесін шешу керек. Қалай болғанда да қаламен байланыстыру қажет. Сонда ғана университеттерді шет жаққа көшіруге болады. Әрине, өздерінің қалауымен ғана", – деді әкім.
Алматының келешектегі бет-бейнесі қалай болмақ?
"Алматы-2050" даму стратегиясы негізінен үш ұстанымға негізделген:
- Жаңа экономика;
- Жаңа кеңістік;
- Жаңа коммуникация.
"Алматы "шетсіз қала" ұстанымы бойынша дамитын болады. Шаһарды дамытатын жоғары деңгейлі стандарттар қаланың барлық жерінде бірдей орындалуы тиіс. Стратегияны талқылауға және оны өңдеуге тұрғындар, эксперттік қауымдастық, іскерлік кеңес, Алматының қоғамдық кеңесі, мәслихат депутаттары және бизнес қауымдастық қатысты", – деді Сағынтаев.
Даму стратегиясының негізгі жеті бағыты бар:
- Шетсіз қала;
- "Ақылды" қала;
- Тең мүмкіндіктер қаласы;
- Қауіпсіз қала;
- Жасыл қала;
- Жаһандық іскерлік орталық;
- Мәдени креативті қала.