Тікелей эфир

2019 жылы зейнетақы жүйесінде қандай өзгерістер күтіп тұр?

gubdaily.ru сайтынан алынды
gubdaily.ru сайтынан алынды
Келер жылдан бастап әйелдер 59 жасында зейнетке шығады. Олар 2027 жылы зейнеткер атанатын әйелдерден гөрі "бақытты".

2018 жылдан бастап зейнетақы мөлшері өскенімен, әйелдердің зейнет жасы алты айға ұзарған еді. Бұрын олар 58 жасында немересін бағып отырса, енді жұмыс істей бастады.

Алдағы жылда зейнетақы жүйесінде болатын өзгерістер туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің басқарма басшысы Жадыра Дәулетханова informburo.kz тілшісіне түсіндіріп берді.

Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жетеді

Осыған дейін зейнетақының түрлеріне тоқталған болатынбыз. Онда базалық, ынтымақты, ерікті зейнетақы дегенге толығырақ анықтама бердік. Кез келген зейнеткер осы үшеуіне байланысты зейнетке шығады. Сонымен базалық зейнетақы дегеніміз не?

– 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық зейнеткерлер бірдей 15 274 теңге базалық зейнетақы алып отырған. Бұл дегеніңіз – ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайыз мөлшері. Еңбек өтілі 10 жылдан көп болсын, мейлі мүлдем өтілі болмаған күннің өзінде осы ақша төленді.

Міне, осы мөлшер 1 шілдеден бастап зейнетақы жүйесіне қатысқан жылдарына қарай өсті. Енді бұрынғыдай бәрі бірдей мөлшерде базалық зейнетақыны алмайды. Ол қалай? Тарқатайық.

Айта кетейік, 2019 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 мың 968 теңге болады. 2018 жылмен салыстырып қарағанда 1400 теңгеге өсіп отыр.

"Еңбек еткен емеді, еңбексіз не өнеді?" деген осы

– Еңбек өтіліңіз 10 жылдан көп болса, әрбір жыл үшін зейнетақы 2% ұлғаяды. Мысалы, 20 жыл еңбек өтілі болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74% мөлшерінде зейнетақыға қосылады. 30 жыл жұмыс істесеңіз 94%, 33 жыл және одан көп еңбек етсеңіз ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100% мөлшерінде (28 284 теңге) аласыз, – дейді Жадыра Дәулетханова.

Бастысы келісім шарты бар, еңбек өтілі ескерілетін, жарна аударылатын жұмыс орнын таңдауға тырысыңыз. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған болсаңыз да, бірыңғай жиынтық төлемін төлейсіз. Оның сілтемесін төменге қарай жариялаймыз.

Келер жылдан бастап зейнетақы мөлшері артады

Базалық зейнетақыны қоспағанда ең аз дегенде 36 108 теңге зейнетақы аласыз. Ол 2018 жылы 33 745 теңге болды.

Осыған дейін базалық зейнетақының орташа мөлшері 15 274 теңге еді. Енді 2018 жылғы 1 қарашада 25 192 теңге болды.

– Зейнетақы төлемдері жыл сайын 7 пайызға артады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына қарай еңбек сіңірген жылдары үшін қосымша қаржы қосылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 5 пайызға өседі. Ал, оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі.

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшердің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы өскен, – дейді Жадыра Дәулетханова.

Оқи отырыңыз:

2018 жылдан бастап зейнетақы жүйесіне енетін жаңалықтарға шолу

Ынтымақты зейнетақы дегеніміз не?

1998 жылы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылғанын білесіздер. Содан бері осы қорға жалақының 10 пайызы міндетті түрде аударылып отыр. Ал оған дейін мұндай жарна аударылған жоқ. Зейнетақы еңбек өтіліне байланысты тағайындалатын еді. Сондықтан, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн әйелдерде 20, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтiлi болуы керек.

Қазіргі таңда еңбек өтілі қорға аударылған жарнаға байланысты есептеледі. Сонда 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі ескеріліп, ал 1998 жылдан кейін қорға аударылған міндетті зейнетақы жарнасына байланысты ынтымақты зейнетақы алады. Байқап қарасаңыз, екі тұста да еңбек өтілі есептеліп тұр.

Айта кетейік, ер азаматтар үшін әскерде болған уақыт кірсе, әйелдер үшін баласын бағып-күткен үш жыл кезең еңбек өтілі ретінде есептеледі. Сонымен қатар, жоғары оқу орнында, орта кәсіптік мектептерде оқыған кездер де қарастырылады.

Зейнетке шыққанда кез келген 3 жылдағы орташа айлық табысыңызды дәлелдеуіңіз қажет

– Егер сіз 2019 жылы зейнетке шықтыңыз делік. Еңбек өтіліңізді 40 жыл деп алайық. Соңғы үш жылда жұмыс істемеуіңіз де мүмкін. Немесе 2016, 2017, 2018 жылдары 80 мың ғана жалақы алдыңыз. Ал оған дейін 150 мың теңге алып жүрген едіңіз. Әрине, сізге айлығыңыз көп болған кездегі 3 жылдық көрсеткішті көрсеткіңіз келеді. Сол себепті қалауыңызға қарай жұмыс істеген 40 жыл ішіндегі кез келген үш жылда тапқан табысыңызды дәлелдеп бересіз. Осыған байланысты сізге зейнетақы мөлшері тағайындалады.

Ол не үшін керек?

– Жұмыс беруші қызметкерінің жалақысы туралы анықтаманы міндетті түрде беруі керек. Егер жұмыс орны жабылып қалып, ешқандай құжат алып келмесе, "Қазіргі таңда мұндай мекеме жұмыс істемейді" деген анықтама әкелуі керек. Сонда ғана зейнетақы жарнасы есебімен есептеледі. Неге мұндай талап қойылып отыр?

Себебі, жұмыс беруші міндетті зейнетақы жарнасын кеш аударуы мүмкін. Көбінесе қараша айындағы жалақыдан желтоқсан айында жарна аударылады. Бірақ, кейбір жұмыс берушілер осыны кешіктіріп, қаңтар, ақпанда аударып отыруы мүмкін.

Ол кісінің туған күні қарашада болып, зейнет жасына толса, онда қаңтар айында зейнетке шығуы керек қой. Сол кезде қараша айы үшін енді аударылатын жарна есептелмей қалуы ықтимал. Қатарынан үш жылдық айлық табыс көрсетілгенде ғана осының анық-қанығын анықтай аламыз, – дейді Жадыра Дәулетханова.

Анықтамада жалақысы, ұсталған, аударылған міндетті жарналар көрсетіледі

– Ұсталған жарна дегенге тоқтала кетейік. 100 мың теңге айлық алатын болса, оның 10 пайызы зейнетақы жарнасы ретінде ұсталынып, қолына 90 мың теңге алады. Ал, аударылған міндетті жарна дегеніміз – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тікелей жіберілгені, – дейді ол.

"Алма піс, аузыма түс" деп жата беру жарамайды

Неғұрлым жалақыңыз жоғары болған сайын, соғұрлым зейнетақы жарнасы да көбірек аударылады. Сонда зейнетке шыққанда жоғары зейнетақы аласыз. Мысалы, 300 мың теңге жалақы алатын болсаңыз, оның 10 пайызы зейнетақы қорына аударылады. Демек, жұмыс беруші ай сайын 30 мың теңге жарна төлеп отыр. Егер 100 мың теңге айлық алсаңыз, онда 10 мың теңге зейнетақы қорына аударып отырсыз.

Бұдан бөлек өз еркіңізбен қорға зейнетақы жарнасын аударып отыруыңызға болады. Сонда қартайғаныңызда базалық зейнетақы, ынтымақты зейнетақы, ерікті зейнетақыны да алатын боласыз.

Елімізде 337 мың теңге зейнетақы алып жүргендер бар

Ресми дерек бойынша 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақының ең жоғарғы мөлшері базалық зейнетақыны есептегенде 111 257 теңге болды. Бұл қалай анықталды?

Ең жоғарғы ынтымақты зейнетақы – 82 973 теңге. Осыған базалық зейнетақы 28 284 теңге қосылды.

Жыл сайын зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен екі пайызға ілгерілейді

Ол былай... 2030 жылға дейін ортақ зейнетақы мөлшерін тиімді деңгейде ұстау керек. 2018 жылы инфляция деңгейі 6 пайыз болды. Оны Ұлттық экономика министрлігі белгілейді. Осыған байланысты 2018 жылдың 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 8 пайызға, базалық зейнетақы 6%-ға арттырылды. Енді 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қайта жалғасын тауып, зейнетақыны индекстеу инфляцияның екі пайызымен қоса жүргізіледі.

Құжаттарды қабылдау "бір өтініш" қағидасымен жүзеге асырылады

Осы күнге дейін зейнеткерлікке шығу үшін өтініш толтырудың жыры көп еді. Зейнетақы төлемін тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына 3 өтініш, базалық зейнетақы төлемін тағайындау үшін 2 өтініш ұсынатын.

Ал бір айдан кейін инфляцияның деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарнасының сомасы мен зейнетақы жинақтарының арасындағы айырмасын білу үшін тағы өтініш жазатын.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтар есебін білу үшін тағы өтініш ұсыну керек еді.

Енді 1 шілдеден бастап аталған тәртіп біршама жеңілдетілді. Зейнеткерлік жасқа толған азаматтар үш мемлекеттік қызметтің әрқайсысына жеке-жеке жазбай, бір өтініш жазады.

2018 жылдың қазанынан бастап инфляцияның деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарнасының сомасы мен зейнетақы жинақтарының арасындағы айырма төлемін алу үшін де өтініш жазу керек емес. Сіздің жеке шотыңызға автоматты түрде есептеліп, аударылады.

Көп балалы ана болсаңыз зейнетке ерте шығасыз

Жылдан жылға зейнетке шығу жасы ұзарған сайын әйелдер "қайтсек, ертерек зейнетке шыға аламыз" деп бас қатырып әлек. Төрт жағдайда ғана зейнетке ерте шығуға болады. Ол туралы мына мақалада тәптіштеп түсіндіргенбіз.


Көріп тұрғандарыңыздай 2019 жылы әйелдер 59 жасында зейнетке шығады

Көріп тұрғандарыңыздай 2019 жылы әйелдер 59 жасында зейнетке шығады / enbek.gov.kz сайтынан алынды


Бес және одан көп баланы сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген әйелдер 53 жастан зейнетке шыға алады. Сіздің бес балаңыз болса, кенжеңіз сегізге толмаса, қанша жерден зейнет жасына жетіп тұрсаңыз да шыға алмайсыз. Егер алты балаңыз болып, алтыншысы сегізге толмаса, онда зейнетке шығуға мүмкіндігіңіз бар.

50 жарым жасқа дейін 13,5 млн теңге жинасаңыз...

Өмірді сақтандыру жөніндегі компаниясымен шарт жасасып, тұрақты салым салып отырсаңыз, зейнетке ерте шыға аласыз. Қалай?

Жаңа жылдан кейін әйелдер есеп шотына 13,5 млн теңге жинаса, 50-ден 6 ай асқанда зейнеткерлікке шыға алады. Биыл 12 млн теңгеңіз болса, зейнетке шығуға мүмкіндік бар еді. Ал, ерлер 55 жасқа дейін 9,6 млн теңге жинауы керек. Сол кезде ғана ерте зейнетке шыға алады. Биыл бұл сома 9 млн теңге еді. Жыл сайын жинайтын ақшаның көлемі де өсіп келеді.

Енді БЖЗҚ жинағыңызды бірден ала алмайсыз

– Алдағы жылда зейнетақы жүйесінде мынандай ерекшелік болады. Осыған дейін зейнет жасына толғандар жылына бір рет бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарынан 900 мың теңгеге дейін алуына болатын еді.

Мысалы, 2017 жылы зейнетке шыққан адам бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 4 млн жинағы болса, табыс салығын есептемегенде 900 мың теңге алып отырды. Ал, табыс салығын қосқанда 760 мың теңгенің төңірегі. Енді жинағында 3 млн теңге қалды. 2018 жылы тура осылай 900 мың теңге берілді. 2019 жылдан бастап осы сома бірден берілмейді, яғни он екі айға бөлінді. Сонда ай сайын зейнетақыға қосымша 75 мың теңге алып отырады. Осылайша зейнетақы қорындағы жинағы таусылғанша алуына болады.

Бірақ, БЖЗҚ-да 480 мың теңгеңіз ғана болатын болса, онда осы соманы сізге бірден бере алады, – дейді Жадыра Дәулетханова.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған бірыңғай жиынтық төлемі туралы, мына мақаладан оқи аласыздар.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары