Тікелей эфир

2019 жылы халық санағы өтеді. Мемлекет біз туралы нені білгісі келеді?

Дина Ли. Арнайы informburo.kz үшін
Дина Ли. Арнайы informburo.kz үшін
2019 жылғы халық санағында жаңа сұрақтар болады. Санақ жүргізуге мемлекеттен 8,8 млрд теңге жұмсалады.

Халық санағын не үшін өткізеді?

Елімізде халық санағы әр 10 жыл сайын өткізіледі (соңғысы 2019 жылы өткізілген еді). Мұндай уақытша принциптегі санақ көптеген елде өтіп тұрады. Айрықша жағдайдағысы да бар. Мәселен, Канадада бұл рәсім әр бес жыл сайын өткізіледі.

Халық санағының арқасында мемлекет елдегі халық санын, этникалық құрамын барынша дәлірек біледі, өмір жағдайларындағы өзгешеліктерін бажайлайды, бұрынғы есептермен салыстырып, өзгеру серпініне талдау жасайды. Сосын санақ нәтижесі бұдан кейінгі есептерге, жақын жылдарға жоспарға, болжам жасауға негіз болады.

Бұрынғы санақтардың нәтижелері қандай?

2009 жылы 1999 жылмен салыстырғанда халық саны 1 млн 27 мыңға өскен. Халықтың этникалық құрамы да өзгерген. Қазақтар саны 26% , өзбектер 23%, ұйғырлар 6,8% өскен, ал орыс, неміс, украиндар мен басқа да этностардың саны керісінше 15,3% , 49,5%, 39,1% және 4,8%-азайған.

Не жайлы сұрайтын болады?

2019 жылы санақ қағаздарында: мекен-жай, баспана жағдайы, этно-мәдени сипат, білім мен сауат, көші-қон, неке, туу, жұмыспен қамтылу, күнелтіс көзіне қатысты үйреншікті сауалдар болады.

Сонымен қатар жаңа сұрақтар да бар. 2019 жылы сауалдарға БҰҰ Статкомиссиясының, Еуростат, БҰҰ ЕЭК, ТМД статкомитеті ұсынған төмендегі сұрақтар қосылады: санақ жүргізген кездегі респонденттің тұрғылықты жері; тіршілік әрекетіне шектеулер (көру мен есту, жүру, есте сақтау және/немесе зейін қою қиындықтары); ҚР аумағына уақытша тұрушының қай елден келгені; келудегі мақсаты. Ұйымдастырушылар халық санағы кезінде алынған деректер аса құпия сақталады, тек жалпыланған түрде жарияланады деп сендіреді. Бланктермен алдын ала мына жерден танысуға болады.

Санақ қалай жүргізіледі?

Санақ процесін сандық жүйе де айналып өткен жоқ. Бланктерді халық онлайн түрде толтыратын болады. Қазірдің өзінде ұлттық санақтың екі кезеңде өтетіні белгілі болды. Бірінші кезеңде (мамыр мен маусымда) санақ алушылар барлық тұрғын үйлерді аралайды. Аралау нәтижесі бойынша есеп учаскелеріне бөледі. Екінші кезеңде (1-15 қарашада) веб-сайттарда халықтан интернет-сауалдар алынады. Бір уақытта қарашаның 1-30 аралығында санақ алушылар планшет компьютерлерін қолдана отырып, халыққа жаппай сауалдар жолдайды.

Халық санағына кімдер қатысады?

Қазақстанның барлық азаматтары, соның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандар да. Тек қана Қазақстанда емес, шет елде тұратындар да (шетелде уақытша немесе тұрақты тұратындар). Сондай-ақ, санаққа елімізде уақытша немесе тұрақты түрде тұратын шетел азаматтары да қатысады.

2019 жылғы халық санағына қанша қаражат бөлінеді?

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті халық санағын жүргізуге бюджеттен 8,8 млрд теңге сұрапты. Оның 3,3 млрд теңгесі санақ жүргізушілердің қызмет ақысына; 1,9 млрд теңгесі қуаттау құрылғыларын, тысқабымен планшеттер сатып алуға жұмсалады-мыс; ал 1 млрд теңгесі "е-Статистика" біріктірілген ақпараттық жүйесін түзетуге, оның ішінде халықтың ұлттық санағын жүргізу бойынша модулін жасақтауға; 2,6 млрд теңгесі жұмыс бекеттеріне, көп атқарымдық құрылғыларды, жиһаздар, кеңсе тауарларын сатып алуға, іссапар шығындарына, ғимарат және көлік құралдарын жалдау қызметтеріне, санақ бойынша статистикалық деректерді өңдеуге, полиграфия және басқа да қызметтердің ақысына жұмсалады екен.

Санақ жүргізушілерге ақша төлене ме, ақысы қанша болады?

Ұйымдастырушылардың айтуынша, санақ жүргізу үшін ақылы қызмет келісім-шартымен 30 мыңға жуық уақытша қызметшілерді (нұсқаушы-бақылаушылар) 1-ші кезеңнің санақ жүргізушілерін (тіркеушілер), 2-ші кезеңнің сұхбатшыларын (санақ жүргізушілерілерін) жұмысқа алу керек. Оларға орындалған жұмыстар актісі негізінде 1 айға 72 143 теңгеге дейін, 1,5 айға 108 214 теңге көлемінде ақы төленетін болады.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы

Серіктестер жаңалықтары