Тікелей эфир

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық төлеушілерге қойылатын талап өзгереді

newstracker.ru сайтынан алынды
newstracker.ru сайтынан алынды
Жаңа жылдан кейін салықты дер кезінде төлемегендер тәуекел деңгейі бойынша санатқа бөлінеді. Бұл ақпаратты қайдан, қалай білуге болады?

Салық төлемесеңіз, берешек болып шыға келесіз. Міндетті түрде төлеуіңіз керек. Әйтпесе, банк карточкаңыз бұғатталып, жалақыдан қағыласыз.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған болсаңыз, бірыңғай жиынтық төлемін төлейсіз. Сонда медициналық әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік төлемді де қазіргіге қарағанда көбірек аласыз.

Салық саласында болатын өзгерістерді жіліктеп, бүге-шігесіне дейін бірге талдайық.

Оқи отырыңыз: 2020 жылдан бастап жеке кәсіпкерлерге қатысты салық тәртібі өзгереді

Қарызсың ба, төле!

Міне, осы ұстаным 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап енгені туралы айтқанбыз. Салық төлеуді ұмытып кетсеңіз немесе төлемесеңіз, ұялы телефоныңызға, электронды поштаңызға салық берешегін өтеу туралы хабарлама жолданады. Егер салық мекемесіне барып, нөміріңіз бен жеке поштаңызды алдын ала тіркетпесеңіз, онда хабарлама келмеуі де мүмкін.

Осы хабарлама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күн ішінде жеке тұлға салық берешегін өтеу қажет. Көрсетілген мерзімде өтемесе, мемлекеттік кірістер органдары салық бұйрығын шығарады. Одан кейін атқарушылық іс жүргізу мекемелеріне жіберіледі. Салық берешегінің бар немесе жоқтығын білгіңіз келсе, сілтемені сәл кейінірек жариялаймыз.

Мемлекеттік Кірістер комитетінің informburo.kz-ке бұрын берген мәліметінше, белгілі мерзімде салықты төлемегендерден мәжбүрлеп өндіріп алуға болатын еді ғой. Енді 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тәуекел деңгейі ескеріледі. Қалай дейсіз бе?

Оқи отырыңыз: Ипотека төлеушілер үшін салық жеңілдігі қандай?

Салықты төлемегендер санатқа бөлінеді

2019 жылдан бастап Салық төлеушілер үш санатқа бөлінеді. Олар:

  • Жоғары;
  • Орташа;
  • Төмен.

Салық берешегі болған кезде, осы санатқа байланысты өндіріп алу шаралары қолданылады.

Төмен санаттағыларға әкімшілік-құқықтық бұзушылық жасамай, уақытылы салығын төлеп отырғандар кіреді. Мысалы, салықты әр айдың 25 күні төлеу керек болса, белгілі себептерге байланысты бір-екі күнге төлей алмай қалған жағдайда, өсімпұл мен айыппұлдар салынбайды. Өз еркімен төлеуге мүмкіндік беріледі. Бірақ, салықты ұзақ уақыт төлемесе, тиісті шара қолданыла бастайды.

Егер осындай әрекет бір жылда бірнеше рет қайталанса, келесі жылы орташа санатқа көшіріледі. Берілген мүмкіндікті пайдаланып, салығын аз ғана уақыт ішінде жауып үлгерсе, төменгі санатта қалу мүмкіндігі беріледі.

Оқи отырыңыз: Енді қарапайым салық төлеушінің қарызы сотсыз өндіріледі

Егер мүлкіңізге иелік ете алмайтындығыңыз жөнінде хабарлама келген сәттен бастап:

  • Тәуекел деңгейі жоғары санатқа жатқызылған салық төлеуші бойынша – бір жұмыс күні өткен соң;
  • Тәуекел деңгейі орташа санатқа жатқызылған салық төлеуші бойынша – он жұмыс күні өткен соң берешекті төлеуіңіз керек.

Ал, егер салық төлеушінің банк шоттарындағы ақша есебінен бюджетке берешекті өндіріп алу туралы хабарлама келген күннен бастап:

  • Жоғары санатқа жатқызылған салық төлеуші бойынша – бес жұмыс күні өткен соң;
  • Орташа санатқа жатқызылған салық төлеуші бойынша – жиырма жұмыс күні өткен соң қарызды қайтаруыңыз қажет.

Бұл ақпарат жылына екі рет анықталады. "Салық төлеушінің кабинеті" веб-қосымшасына жіберіледі. Ал 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап аталған ақпарат Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz сайтында жарияланатын болады.

Айта кетейік, 2018 жылғы 29 қазан жағдайына 34 061 салық төлеушінің салықтық берешегін өтемегеніне байланысты банктік шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылған.

Оқи отырыңыз: Қаржы министрлігі салық төлеуден жалтарғандардың тізімін жариялай бастады

Жалақысы аз жұмысшыларға салынатын салық көлемі азаяды

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25 айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі – АЕК) дейінгі еңбекақысы бар жұмысшыларға салынатын салық 10 есеге азаяды. Демек, бір АЕК 2405 теңге екенін ескерсек, 60 125 теңгеден аз алатындар жеке табыс салығын өзгелерге қарағанда азырақ төлейтін болып тұр.

Бірақ, 2019 жылы бір АЕК 2525 теңге болады деген болжам бар. Егер нақты бекітілсе, бұл 63 125 теңгеден аз айлық алатындарға қатысты.

Жұмыс беруші қызметкері үшін міндетті салықтарды төлейтіні белгілі. Жоғарыда аталғандай мөлшерде жалақы алатындар салықты мейлінше аз төлесе, жұмыс берушіге қаржылық ауыртпалық түсірмейді. Есесіне қызметкердің еңбекақысы өседі.

Яғни, жалақысы аз жұмысшылардан салықты 1 пайыз ғана ұстап қалатын болады. Салық заңнамасына тиісті түзетулер 2018 жылғы 2 шілдеде шыққан "Әлеуметтік қамсыздандыру туралы" заңында көзделген. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Оқи отырыңыз: Салық кодексі биыл тағы өзгерді. Салықтан кім босатылады?

Сонда жалақы қалай көбейеді?

Жұмысшының бір айлық жалақы мөлшері 60 125 теңге деп есептеп көрейік. Оның 10 пайызы міндетті зейнетақы жарнасы болып табылады. Бұл дегеніміз 6013 теңге. Ал 54 112 теңгеден ен төменгі күнкөріс деңгейін алып тастаймыз. Мысалы, қазан айындағы ең төменгі күнкөріс деңгейі орта есеппен жан басына шаққанда 28 620 теңге. Қалған 25 492 теңгенің 10 пайызы жеке табыс салығы ретінде шегеріледі. Дәлірек айтқанда, 2550 теңге. Енді 10 пайыз 10 есе төмендетіліп, бір пайызды құрайды. Нәтижесінде жалақы 2 295 теңгеге ұлғаятын болады.

Жалпы республикада мұндай еңбекақыны 2 миллионнан аса адам алады. Негізінен, бұл қатарға көбінесе ауыл шаруашылығы мен сауда саласында жұмыс істейтіндер кіреді.

Оқи отырыңыз: Ерікті зейнетақы жарна ақшасынан екі рет салық төлемеудің жолы қандай?

Шағын және орта бизнес үшін салық амнистиясы өткізіледі. Қалай?

2019 жылдың қаңтарынан бастап өсімпұл және айыпұлды есептемей, шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылық жүргізіледі. Қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер комитеті нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Нақтырақ айтар болсақ, шағын және орта бизнеспен шұғылданатындардың салық берешегі бар делік. 1 қазандағы жағдайына байланысты есептелген негізгі қарызды 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдар есептелмейтінін айта кеткен жөн.

Бұл ретте 2018 жылғы 1 қазанынан бастап негізгі қарызды төлеген күнге дейінгі өсімпұлдар есептен шығарылатын болады. Яғни, салықтық рақымшылыққа қатысу үшін 2018 жылғы 1 қазанда есептелген негізгі қарызды төлеу қажет.

Бұл рақымшылыққа ілінбейтіндер:

  • Мониторингке жататын ірі салық төлеушілер;
  • Жер қойнауын пайдаланушылар;
  • Акцизделетін өнімді өндіретін өндірушілер.
Оқи отырыңыз: Биыл мүлік салығын жекеменшік үй мен пәтер иелері неге төлемейді?

Бірыңғай жиынтық төлем – бұл салық емес

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлем (бұдан әрі – БЖТ) енгізіледі. Өзінің жеке қосалқы шаруашылығында өндірген ауыл шаруашылығы өнiмiн жеке тұлғаларға ғана өткізетін, дара кәсіпкер ретінде тіркелмей нәпақасын тауып жүргендер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып есептеледі.


Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар шұғылданатын кәсібі бойынша салық мекемелеріне тіркеледі

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар шұғылданатын кәсібі бойынша салық мекемелеріне тіркеледі / Egemen.kz сайтынан алынды


БЖТ – бұл салық емес, төрт төлемді біреуіне біріктірілген жинақ. Яғни, жеке табыс салығын, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қатыса алады.

Оқи отырыңыз: Өзін-өзі жұмыспен қамтитындарға кім жатады? Оларға салық қалай салынады?

Ауыл мен қаланың өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың арасында айырмашылық бар

Бірыңғай жиынтық төлем әр түрлі әлеуметтік қорларға аударылатыны жөнінде айтып кеттік. Барлығы төменде көрсетілген соманың ішінде біріктірілгендіктен, жеке-жеке есептеудің қажеті жоқ.

Республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада және облыстық маңызы бар қалалардағы БЖТ мөлшері – 1 АЕК (2019 жылы – 2525 теңге), басқа елді мекендерде – 0,5 АЕК (2019 жылы – 1263 теңге) құрайды.

2018 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 8,6 млн адам болса, оның ішінде 6,5 млн-ы жалдамалы жұмыскер екен. Ал 2063 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына кіреді.

Біле жүріңіз! 2019 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тізіміне кірмейтіндер үшін салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеудің тәртібі бәз қалпында сақталады.

Оқи отырыңыз: Бүгін салықтық рақымшылық жасау туралы заң күшіне енді. Рақымшылыққа ілігу үшін не істеу керек?

Олар жоғарылатылған көлемдегі әлеуметтік төлемді алады

  • Еңбекке қабілеттілігін жоғалтқанда;
  • Асыраушысынан айырылса;
  • Жүктілік кезінде және босанғанда;
  • Бала асырап алса;
  • 1 жасқа дейінгі балаларды күткенде мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік төлем берілетінін білесіз. Бірыңғай жиынтық төлемін төлегендерге мемлекеттік бюджеттен берілетін көмекке қосымша қаржы қосылады. Әлеуметтік төлемдердің мөлшері Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жіберілген аударымдарға тікелей байланысты.

Белгілі мекемеде тұрақты жұмыс істейтін қызметкерлерге жұмыс берушілер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын табыстың 3,5 % мөлшерінде аударымдар төлейді ғой. Сол аударымдардың негізінде әр адамның табысы есептеледі. Ал, БЖТ төлеушілердің табысы олардың аударымдарына байланысты есептелмейді.

Оқи отырыңыз: Салық кодексі биыл тағы өзгерді. Салықтан кім босатылады?

Сонда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысы қалай есептеледі?

БЖТ төлеушілердің айлық табысы ең төменгі жалақы деңгейіне теңестіріледі. Мәселен, БЖТ төлеушілерден Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түсетін аударымның мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 20 пайызын құрайды. Яғни, 2019 жылы қала тұрғындары үшін 505 теңгені, ауыл тұрғындары үшін 253 теңге.

Әлеуметтік аударымдар негізінде табыс есептелетін болса, БЖТ төлейтін қала тұрғындарының табысы 14 428 теңгені (505 теңге : 3,5% х 100%), ауыл тұрғындарының табысы 7228 теңгені (253 : 3,5% х 100%) құрайтын еді.

Бірақ, БЖТ төлеушілердің табысы ең төменгі жалақы деңгейінде есептелетіндіктен, әлеуметтік төлемді мейлінше көбірек төлесе де болады. Аударым арқылы табысы есептеледі деп қорықпау керек.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бюджетке БЖТ төлемегені үшін жазаланбайды. Себебі, әрқайсысы келешегі үшін жоғарыда аталған қорларға төлем жасайды. Сонда ғана мемлекеттен аталған көмекті ала алады.

Оқи отырыңыз: Әлемдегі және Қазақстандағы электронды сауданың жағдайы. Интернет дүкен ашсаңыз, салық жеңілдігі бар

Бірыңғай жиынтық төлемін кімдер төлемейді?

Егер заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын тұлғалар өзінің жеке үй шаруашылығында өзі өндірген өнімін өткізсе, онда БЖТ төлеу тәртібі қолданылмайды.

Кәсіпкердің табысы 100 АЕК-тен асқан кезде жеке кәсіпкер ретінде салық мекемелеріне есепке тұру керек. Демек, тапқан табысыңыз 240 500 теңгеден асып кетсе, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніңіз дұрыс. Сонымен қатар:

  1. Шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар;
  2. Тұрғын үйді қоспағанда, мүлікті жалға беретін тұлғалар;
  3. Кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын, коммерциялық жылжымайтын мүлiк объектiлерi аумағында, өзінің жеке қосалқы шаруашылығында өндірген ауыл шаруашылығы өнiмiн өткізетін және қызметті көрсететін тұлғалар;
  4. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген тұлғалар;
  5. Жеке өндіріспен айналысатын адамдар БЖТ төлеушілер ретінде танылмайды.

Бұл жүйе 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін енгізілмек.

Салық берешегі туралы мына мақалада толығырақ айтқан болатынбыз.

Өзін-өзі жұмыспен қамтитындарға кімдер жататын білгіңіз келсе, ол туралы да жазған едік.

Серіктестер жаңалықтары