Тәуелсіздік алғалы бергі жылдардағы Елордаға газ жеткізу жобасының үшеуі де сәтсіз болды. Соңғы мақұлданғаны – "Сарыарқа" жобасы. Көптен күткен қуанышты жаңалықты естіген жұрт бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты.
Астанаға газ құбыры қайдан тартылады? Жолай қандай елді мекендерді қамтиды? Астана маңындағы қандай ауылдарға газ келеді? Бүгін жұртты мазалайтын осы сұрақтарға жауап алу үшін Энергетика министрлігі газ өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары Демеу Сейітжановпен тілдестік.
Әлі ешқандай "старт" берілген жоқ
Қазақстан үкіметі елімізді 2015-2030 жылдарға дейін газдандырудың бас схемасын 2014 жылы бекітті. Қазірге дейін газ тарту жобасының техникалық экономикалық негіздемесі ғана жасалыпты. Экономикаға әсері де жалпылама есептелген. Негіздемеге сәйкес төрт кезеңдегі жобаның жалпы құны – 370 млрд теңге. Ал, Астанаға дейінгі құбырды тартуға бірінші кезеңде шамамен 267,3 млрд теңге жұмсалады. Бір көңілге толары, мемлекеттік сараптама "Астананы газбен қамтамасыз ететін болсақ, ұтылмаймыз" деген қорытынды шығарды.
Енді PSD шешімі маусым айына дейін болуы керек. Түсіндіре кетсек, PSD – газ құбыры қандай ауылдардан өтеді, қандай қашықтықта тартылатыны жөнінде дайындалатын егжей-тегжейлі есеп. Құрылыстан бөлек, әрбір үйге газ келу үшін 670 млрд теңге кетуі мүмкін. Сонда триллионға жуық ақша керек. Ал, бұл құжатты "ҚазТрансГаз" компаниясы әзірлеп жатыр. Министрлік одан кейінгі кезекте мемлекеттік сараптаманың қорытындысы оң болатына сеніп отыр.
Одан кейін қағаздағы жобаны іс жүзіне асыру үшін халықаралық қаржы институттары тартылуы керек. Еуропа қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі, сондай-ақ Қазақстанның Даму банкі сияқты ұйымдардан қаражатты алу бойынша келісімдер дайындалып жатыр. Маусым айына дейін нақты жауабы берілуі керек. Қаржы тартуға жауапты – "Бәйтерек" компаниясы. Демеу Сейітжановтың айтуынша, қаржы мәселесі шешілсе, газ құбырын 2019 жылдың аяғына дейін әп-сәтте тартуға болады.
"Қараөзек" компрессорлық стансасы дайын тұр
Енді пәрмен берілсе, Астанаға дейін газ құбыры тартылатын болады. Қызылорда облысындағы "Қараөзек" стансасы "Бейнеу – Бозой – Шымкент" газ құбырынан 944 шақырымда орналасқан.
ҚазТрансГаз "Қараөзекті" салу мерзімін жоспарланғанынан жарты жыл ерте аяқтады. Станса құрылысы Астананы және солтүстік өңірлерді алдағы газдандыруды есепке ала отырып жоспарланған. Бұл мақсатты орындауға стансаның қуаты толығымен жетеді.
Мұқтаждығы басым ауылдарға газ бірінші келеді
– PSD құжатта қандай ауылдарға газ баратыны жөнінде жазылғанымен оның тартылуы басқа факторларға да байланысты. Мәселен, тұрғындарға газға қарағанда көмірді тұтыну тиімді. Ондай жайттар да ұшырасып жатады. Кейбір ауылдарға газ құбырын жүргізу қымбатқа түседі. Себебі, ауыл тым шалғай, ит арқасы қиянда жатуы мүмкін. Қомақты қаражатты бөлейін десе, ауыл тұрғындарының саны аз.
Мұндай жағдайлар да кездеседі. Сондықтан, әкімшілік газ құбыры өтетін жерге жақын орналасқан, тұрғыны көп ауылды газбен қамтамасыз еткен дұрысырақ деп шешім шығарады. Сонда байқап қарасаңыз, таңдау еркі берілгенде қайсысы мұқтаж, сол ауылға басымдық беріледі, – дейді ол.
Елімізде газдандырылмаған төрт облыс бар
Олар – Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстары. Енді Ақмола және Қарағанды облыстарының бір бөлігін "Сарыарқа" магистральды газ құбырын салу арқылы 2019-2021 жылдары газдандыру жоспарланып отыр.
Осыған дейін үкіметпен екі нұсқа әзірленген болатын
– 2013 жылы Қарталы – Тобыл – Көкшетау– Астана бағыты бойынша "Батыс – Солтүстік – Орталық" магистральды газ құбырын тарту қаралған болатын. Онда газды Қостанайдан жеткізу көзделді.
Енді "Бейнеу – Бозой – Шымкент" құбырына "Қызылорда – Жезқазған –Теміртау – Қарағанды – Астана" бағытын жалғау арқылы "Сарыарқа" газ құбыры магистралі салынады.
Бастапқы нұсқаны "Сарыарқа" газ құбырымен салыстырып қарасақ, екеуіне кететін шығын да, қашықтық та бірдей. Бірақ Қарталыдан Астанаға дейін газды тартқанда 1 млн 700 адам көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе, соңғы таңдалған нұсқада 2 млн 700 тұрғынның үйіне газ келеді. Енді салыстырып көріңіз. Әрине, дамыған өңірлерге газ жіберген тиімді емес пе? – дейді Демеу Сейітжанов.
Қарағанды көмірінен метан газы өндіріледі
Табиғи газдың негізгі бөлігі – метан. Құрамында этан, пропан, бутан бар. Елімізде шығатын газдың 70-80 пайызы мұнаймен бірге ілесіп шығады.
Қарағандыда көмір қабаттарынан метан газы табылды. Бірақ оның құрамы әлі толық зерттелген жоқ. Құрамында 90 пайыз метан болмауы да мүмкін. Бәлкім, онда этан, пропан, бутанның мөлшері көп шығар. Мұндай газ еліміздің өзге өңірлерінде жоқ. Қазір өндіру жобасын қолға алынған. Астанаға осы газды жіберу де қарастырылған болатын. Бірақ, зерттеуді қажет ететін болғандықтан, іске асыру ұзақ мерзімге созылады.
Оның үстіне өндіру үшін көп қаржы мен технология керек. Сонымен қатар, кен орнын барлау үшін кешенді жұмыстарды жүргізу қажет етеді. Егер, бұл жоба да сәтті жүзеге асырылса, "Сарыарқа" МГҚ-на осы өндірілген газ қосымша болады.
Ресейлік газ бұрын-соңды болмаған технологиямен жеткізіледі
– Оның "Сарыарқа" құбырымен келетін газға мүлдем қатысы жоқ. Бұл технология өзге дамыған елдерде бар. Мұны енді Қазақстанда Назарбаев университеті, Қорғаныс министрлігі институттары, Ғарыштық зерттеулер институтымен бірлесіп "Global Gaz Group" компаниясы жүзеге асырып жатыр.
Ол үшін газ құрамының 90 пайызы метан болуы керек. Ресейдің Екатеринбург қаласындағы автоматтандырылған газ тарату стансасынан (АГРС) метан газын 600 есе сығымдап, арнайы жасалған, жоғарғы қысымға шыдамды бөшкенің ішіне салып әкеледі. Оны 600 есе қайта көбейтіп, сорғышпен қажетті жерлерге жібереді.
Мұны көбінесе заңды тұлғалар ғана пайдаланатын болады. Себебі, газдың құны автокөлікпен алып келетін болғандықтан қымбатқа түседі. Бір кубы – 110 теңгенің шамасында, – дейді Демеу Сейітжанов.
“Сарыарқа" газ құбыры кезең-кезеңмен жүзеге асырылады
– Әуелі Қызылордадан Астанаға дейін газ құбыры тартылады. Ұзындығы 1081 шақырым құбырына 267,3 млрд теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр. "Сарыарқа" жолай өтетін қала тұрғындарын және газ құбыры бойында жатқан елдімекендерді табиғи газбен қамтамасыз етеді. Оны тарту барысында шамамен 800-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал, пайдалануға берілетін кезде, күнделікті тұрақты жұмысқа – 200 орынға қызметкерлер тартылады. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экология жақсарады, – дейді мамандар.
Газ құбыры ары қарай тарту төрт кезеңнен тұрады
Екінші кезеңде Көкшетауға жетсе, үшінші кезеңде жоспарда Қызылжар тұр. Ең соңында автоматтандырылған газ тарататын компрессорлық стансалар салынады.
Бұл жердегі компрессор дегеніміз – құбыр бойындағы газ қысымын бір деңгейде ұстап тұру үшін қысым беруші қондырғы. Егер, Астанада газды тұтынушылардың саны аз болса, онда Қараөзектен жіберілген газдың қысымы жетеді. Ал, тұтынушылардың саны көбейген кезде қысымды сақтап тұру керек. Ол үшін қысым беру стансалары Жезқазған, Қарағандыдан салына бастайды.
"Бейнеу – Бозой – Шымкент" газ құбырының салынғаны ұтымды болды
Кеңес өкіметі кезінде Қазақстан тек үш газ құбырын ғана пайдаланып келді. Олар – "Кеңес – Орынбор" газ құбыры, екіншісі – "Бұхара – Орал" және үшіншісі "Бұхара газды регионы – Ташкент – Бішкек – Алматы" магистралі. Технологиялық тұрғыдан бір-бірімен байланыспай жатқандықтан, елді түгел газбен қамтамасыз ету жағы шамалы еді.
Яғни, батыста өндірілген газды еліміздің оңтүстік, орталық және солтүстік өңірлеріне жеткізуге мүмкіндік бермейтін. Бұл мәселенің шешу жолын қарастыра келе, 2013 жылы "Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистральды газ құбыры салынды.
Нақтырақ түсіндіре кетсек, бұл құбыр салынбай тұрғанда оңтүстік өңірі Өзбекстаннан келетін "Бұхара газды регионы – Ташкент – Бішкек – Алматы" газ құбырына тәуелді болған. Енді өзбек газы "Газпром" газымен алмасу арқылы Оңтүстік Қазақстанның, Жамбыл, Алматы облыстарының және Алматы қаласының қажеттіліктерін жабады.
2016 жылы "Алматы – Талдықорған" магистральды газ құбыры пайдалануға берілді. Ол шамамен 170 мың тұрғыны бар облыс орталығын табиғи газбен қамтамасыз етті.
Енді "Бейнеу – Бозой – Шымкент" құбырымен газ Астанаға келетін болды. Жоғарыда айтып өткеніміздей "Сарыарқа" МГҚ осы құбырға жалғанады.
Қазіргі таңда ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" 10 аймаққа газ жеткізіп отыр
– Олар инвестициялық тарифті белгілейді. Қалай десек...
Мысалы, Ақтөбе облысындағы ауылға газ керек. Ол инвестбағдарламаны дайындайды. Ауылға газ келетін болса, орнататын жерлерін белгілейді. Немесе бұрынғы құбырларды жөндейді. Оған кететін шығынын есептейді. Сосын Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетіне барып, "мен осыншама ақшаны газ құбырын салуға жұмсаймын. Оған жұмсалған шығынды қайтару үшін тарифтің бағасын белгілеу керек" деп екеуара келіседі, – деп жіліктеп берді Демеу Сейітжанов.
Халықтың қалтасына салмақ түсірмеуді министрлік ойластырған
Қазіргі кезде "ҚазТрансГаз" өңдеушілерден газды қымбатқа сатып алады. Сосын ішкі нарыққа арзан бағамен сатады. Қазір жылына шамамен 50 млрд теңге шығынға батып отыр. Оны үкімет субсидиямен жабады. Егер газды алған бағасына үстеме қосып сататын болса, жұрт арзан газға қол жеткізе алмас еді.
Сәл түсіндіре кетсек... Газдың да бөлшек сауда (розничный) және көтерме сауда бағасы (оптовый) болады. Дүкендегілер көтеріп сатып алып келіп, үстіне баға қосып сатады емес пе? Міне сондай.
Мысалы, Алматы қаласында газды 23 теңгеге, яғни шекті бағаға сатып аласыз. Ал газ қанша жерден қымбаттап кетсе де, министрлік бекіткен осы шекті бағадан 15 пайыздан ары аспауы керек.
Еліміз бойынша газдың құны Атырау, Ақтөбе облысында арзан
Атырау, Ақтөбеде жергілікті газ өндірілетін болғандықтан, тасымалдауға кететін шығын аз. Сол себепті, Ақтөбеде газдың текшеметрі – 9,96 теңге. Ал, заңды тұлғалар мен бюджет қаражаты есебінен ұсталатын бюджеттік ұйымдарға – 14,99 теңге/м3. Одан төмен баға тек Атырау облысында ғана – 8,01 теңге/м3.
Өзге өңірлермен салыстыратын болсақ:
- Оңтүстік Қазақстан облысында – 34,48 теңге/м3;
- Қостанай облысында – 24,51 теңге/м3;
- Батыс Қазақстан облысында – 17,81 теңге/м3;
- Алматы облысында – 23 теңге/м3.
Әзірге ең қымбаты – ОҚО. Астанаға газ тартылатын болса, еліміз бойынша ең қымбат газ бағасы осында болғалы тұр. Оның бәрі жоғарыда көрсетілген себептерге байланысты.
Түрікменстан газы біздің ел арқылы Қытайға өтеді
Қытай әлемде жоқ газ құбырын тарту жобасын қолға алды. Соның бірі "Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай" магистральды газ құбыры. Енді бұған "Бейнеу – Бозой – Шымкент" бағытындағы газ құбыры қосылып, Қытайға газ экспортталып жатыр. Сонымен қатар оңтүстік өңірді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Бұл 2017 жылғы 15 қазаннан бастап жүзеге асып отыр.
Ол үшін Жамбыл облысында Қазақстан – Қытай магистральдық газ құбырының жаңа №3 сығымдаушы компрессор стансасы (КС3) іске қосылды. Мұнда сағатына 2,4 миллион текше метр газ айдайтын "Rolls Roуcе" компаниясының қондырғысы орнатылыпты.
Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан бағытында газ экспортталып жатыр. Мысалы, Өзбекстан елінен белгілі мөлшерде бізге газ келіп жатса, сонша ол елге де барып жатыр. Яғни, бір-бірімен есептескен шешім.
Жамбыл облысындағы газ тапшылығы 2020 жылы шешіледі
- 2016 жылы "ТIP02 Ақыртөбе" газ сығымдау стансасы іске қосылды. Құны 20,5 миллиард теңгені құрайды.
- 2017 жылы "Азия газ құбыры" компаниясы Жамбыл облысы аумағында салынып жатқан үш газ сығымдау стансасының үшіншісін іске қосты. Станса газ желісінің жылдық қуатын 25 миллиард текше метрге жеткізеді. Оның 5 миллиард текше метрі экспортқа шығарылады.
- "Қазақстан – Қытай" магистральдық газ құбырындағы "С" желісі арқылы Қордай ауданының таулы жерінде орналасқан 12 елді мекенге газ барып тұр.
- Енді "Отырар АГРС"-тің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Болашақта осы желі арқылы Мойынқұм ауданының 9 елді мекені газдандырылады.
Мұның бәрі әзірге қағаз жүзіндегі жоба ғана. Енді PSD құжат қабылданып, Мемсараптаманың нәтижесі керек. Сонымен қатар қаржы институттары тарапынан белгілі мөлшердегі соманы бөлінсе болғаны. Әп-сәтте газ құбырын тартуға іске кірісіп кетуге болады.
Астанаға газ келгенде текшеметрінің құны 47-55 теңге аралығында болуы мүмкін
Алдағы мақсат – Астананың жылу электр орталығын (ТЭЦ) газға көшіру. Бірақ, көмірді қойып, түбегейлі газға көшіре алмаймыз. Мысалы, су қайнататын қазандықтан ыстық су және жылу беріледі. Екіншісі – электр энергиясын көмір жағып өндіреді. Сонда бірінші кезеңде 192 жеке, 48 шағын су қайнататын қазандықты ғана газға көшіреміз. Олар 22 мың жеке үйлерді жылытады. Ал, ыстық су мен жылудың бағасы белгілі емес. Электр энергиясы газға ауыспайтындықтан бағасы өзгермейді. Әлі газдың нақты бағасы анықталған жоқ.
Ол қалай белгіленеді десек...
Әуелі, PSD құжатында газ құбырының диаметрі анықталады. Диаметр үлкейген сайын бағасы да өседі. Барлық шығын есептелгеннен кейін жобаның құны белгілі болады.
Екінші мәселе – газ құбырын салу үшін қаржының қандай пайызбен, қанша жылға алынатынында. Әзірге болжам ғана жасалып отыр.
Астана маңындағы ауылдарға да газ келеді
"Сарыарқа" газ құбырымен бастапқы кезеңінде (Қызылорда – Астана) жалпы саны 1,7 млн адам болатын 171 елді мекенді газдандыру болжанып отыр. Оның ішінде, Қарағанды облысы – 119, Ақмола облысы – 51 және Астана қаласы бар.
Ал, Астанаға жақын орналасқан ауылдар да газ тапшылығын сезінбейтін болады. Ол үшін арнайы екі автоматтандырылған газ тарату стансалары (АГТС) салынуы керек. Содан ауылдарға газ құбыры тартылады.
АГТС1-ден:
- Луговое ауылы;
- Максимовка ауылы;
- Төңкеріс ауылы;
- Фарфоровое ауылы;
- Новоишимка ауылы;
- Семеновка ауылы;
- Қажымұқан ауылы;
- Воздвиженка ауылы;
- Ақмол (Малиновка) ауылы;
- Қараөткел (Ильинка) ауылы;
- Қосшы ауылы;
- Қабанбай батыр (Рождественка) ауылы;
- Қызылжар ауылы;
- Қошқарбаев (Романовка) ауылы;
- Тайтөбе ауылы;
- Жаңғызқұдық ауылы;
- Красноярка ауылы;
- Сарыкөл ауылы;
- Өтеміс ауылы;
- Оразақ ауылы;
- Талапкер ауылы;
АГТС2-ден:
- Приречное ауылы;
- Қызылсуат ауылы;
- Жібек Жолы (Александровка) ауылы;
- Софиевка ауылы;
- Қоянды ауылы;
- Малотимофеевка ауылы;
- Шұбар ауылы.
Ауылыңыз газ тез келсін десеңіз...
– Әрине, мұның бәрі әзірше жоспар ғана. Бұл оңды шешімін тауып, 2019 жылы Астанаға газ құбыры келсе, жергілікті әкімшілік оны бірінші бастап тұтынушыларға дейін тарататын желілерін дайындап қоюы керек.
Ол үшін ауыл тұрғындары мен ауыл әкімшілігі аудан әкімшілігіне өтініш жазады. Ал, ол облысқа жібереді. Содан кейін облыс әкімшілігі қайсы ауылға бірінші газ келетінін шешеді. Ауылға тезірек газ келуі үшін тұрғындар мен әкімшілік бірігуі керек, – дейді Демеу Сейітжанов.
Ауылға газ құбырын тарту үшін қаржы қайдан бөлінеді?
Біріншіден, әкімшіліктің жергілікті бюджетінен;
Екіншіден, республикалық бюджеттен. Әкімшілік Энергетика министрлігінен қаржы сұрайды, ал министрлік Қаржы министрлігіне жүгінеді;
Үшіншіден, жеке инвесторлар. Мысалы, қомақты қаражаты бар адам Қосшыға газ тартатын болса, тариф арқылы кеткен шығынды қайтарып алады. Инвестор әр текшеметр газдың бағасының қанша болатынын белгілейді;
Төртіншіден, әкімшілік пен жеке инвестордың серіктестігі. Әкімшілік жеке инвестордың салған ақшасын он жылға бекітеді. Сонда бір жылдың ішінде емес, он жылда құйған ақшасын қайтарып ала алады. Бұл жерде текшеметр газдың бағасын әкімшілік бекітеді.