"Жолаушылар тасымалы" АҚ халықаралық пойыз билеттерін жеңілдікпен сататындарын жариялады
2019 жылдың 2 қаңтарынан 28 желтоқсанына дейін жеңілдікпен сатылатын билеттерді қазірден бастап ала беруге болады. 45 тәулік бұрын сатып алынатын билеттерге 58%-ға дейін жеңілдік қарастырылған. Пойыз жүретін мерзімі жақындаған сайын бос орындар азаяды, әрі билет бағасы да қымбаттай береді.
Қылмыс жасаған 32 мың жастың бәрі жұмыссыз
Ішкі істер министрі Қ.Қасымов осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, жастар арасында әсіресе ұрлық-қарлық, кісі тонау қылмыстары өршіп тұр. 10 жас қылмыскердің 8-і жұмыссыз, не оқымайды. Олардың көбі жағдайы жоқ отбасында тәрбиеленгендер. Қазір ішімдікке және есірткіге әуес 300-ге жуық жасөспірім полиция органдарының есебінде тұр.
Қазақстанда күн сайын 160 адамды ит қабады екен
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, өткен үш жылда елімізде 177 мың адамды ит қауып алған. Биылғы жылдың 6 айында 29 878 адам жарақат алған.
Мәжіліс депутаты Е.Бектұрғановтың сөзінше, бүгінде қала және ауыл көшелерінде бос жүрген қаңғыбас иттерден халыққа төнген қауіп үлкен. Өйткені олар әрі жұқпалы аурулар тарату көзі болып отыр. Депутат республика деңгейінде иттер мен мысықтарды асырап, сақтауға байланысты жалпыға ортақ бірыңғай бір типтік қағидаларды бекітуді ұсынды.
2018 жылы 15 мыңға жуық қазақстандық қатерлі ісіктен көз жұмған
Тағы 180 мың адам ауруханаларда есепте тұр. Қазақ ұлттық онкология және радиалогия институтының директоры Д.Қайдарованың сөзінше, бұл аурумен ауыратындар саны жыл сайын артып жатыр. Бұған қарамастан елімізде он жылда өлім -жітімді 1,5 есеге азайқан. Оған ауруды бастапқы сатыда анықтаудың көп пайдасы тиді. Бас онколог-дәрігер азаматтарға 40 жастан бастап скринингтен өтуге кеңес береді.
Астанада лифтерге тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізбеген компанияға әкімдік шара қолданатын болады
Елордадағы 6653 лифтке 69 компания қызмет көрсетеді. Қазан айында әкімдікке лифтерді күтуге байланысты 360 өтінім келіп түскен. Бұдан былай қаладағы лифтке жауапты компанияларға әкімшілік шара қолдану құзыреті Астана қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына берілмек. Басқарма басшысы Т.Құлышев қызметін дұрыс көрсетпейтін жүгенсіз компанияларға қылмыстық қудалау шарасы қолданылатынын мәлімдеді.
Мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Әблязовті өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады
Прокурор оны Ержан Тәтішевті өлтіруге қатысты кінәсі толық дәлелденді деп отыр. "Жазаны жеңілдететін жағдайлар жоқ. М.Әблязов 2009 жылдан бері жасырынып жүр. Соған байланысты оған қатысты деректерді жинау мүмкін болмай отыр. Тағылған айыптар бойынша оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын" деді прокурор.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Baq.kz: Еліміздің бірқатар өңірінде дабылды ескерту жарияланды. 23 қарашада Батыс Қазақстан облысы бойынша күндіз кей жерде бұрқасын, солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді. Орал қаласында күндіз солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 18 м/с. Қостанай облысының кей жерінде бұрқасын, оңтүстік-батыстан жел 15-20 м/с күтіледі. Жамбыл облысының кей жерінде оңтүстік-батыс, батыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с, облыстың оңтүстік-батысында 30 м/с және одан аса күтіледі. Дабылды ескертудің ықтималдылығы 90-95%.
Inform.kz: Футболдан Қазақстан Кубогының финалына кіру тегін. 24 қараша күні Астана қаласының "Астана Арена" стадионында футболдан Қазақстан Кубогының финалы өтеді. Ел Кубогының ақтық сынында "Атырау" мен алматылық "Қайрат" командалары кездеседі. Матч елорда уақытымен сағат 15:00-де басталады. "Атырау" командасының жанкүйерлері үшін "SE" секторы бөлінген. Ал "Қайрат" жанкүйерлері "NE" секторында орналасады.