Тікелей эфир

2018. Қазақша жыл қайыруды білесіз бе?

Сурет 4.bp.blogspot.com парағынан алынды
Сурет 4.bp.blogspot.com парағынан алынды
Қазақстан қой жылы Тәуелсіздік жариялады. Биыл үшінші рет ит жылына қадам басқалы отыр. Жалпы жыл қайыру туралы не білеміз? Жаңа жылды неше рет тойлап жүрміз?

Жаңа жылды бірнеше рет тойлайтын елдер көп


Асқар Шаймерденұлы. Мұңғұлия

Асқар Шаймерданұлы. Моңғолия / Жеке мұрағаттан


Асқар Шаймарданұлы, Монғолияның Баянөлгей аймағы кітапханасының директоры: "Бізде жаңа жыл үш рет тойланады. Жаңаша жаңа жыл (Григориан күнтізбесі бойынша), ескіше жаңа жыл (ақпан айының ортасында келетін монғол-қытай халықтық күнтізбесі бойынша) және наурыз. Наурыз – қазақ қатарлы түркі халықтарының 21-22 науырызда басталатын жаңа жылы".

Оқи отырыңыз: Құрбан айт пен қажылық: көне таным мен жаңа бизнес

Монғол, Қытай күнтізбесі бойынша жаңа жылдың басы – Шаған (Цагаан сар) және Көктем мерекесі (Чуньцзе) аса салтанатты түрде аталып өтеді. Мереке екі елде де 2018 жылы 16 ақпанда басталады. Әр жылы қаңтардың соңы мен ақпан айының ішінде өзгеріп отырады.

Моңғол және Қытай ұлттары түркілердің ықпалына көп түскендіктен түркі жыл қайыру есебін де қабылдаған.

Қазақстанда да жаңа жыл ресми түрде бірнеше рет тойланады

Ресми түрде тойланатындары: жаңа жыл (Григориан күнтізбесі), жетінші қаңтар (православтықтардың мерекесі) және Наурыз. Бейресми түрде Иегуа куәгерлері жаңа жылды бірінші қыркүйекте, еврей дініндегілері қыркүйектің соңында жаңа жылдарын тойлайды.

Оқи отырыңыз: Қазақ ұғымындағы қанның қасиеті мен қасіреті. Қан, тамыр ұстау және қан алу мен сіңіру туралы тарихи түсініктер

Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынған ақпарға сүйенсек, 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз "Халықаралық Наурыз күні" болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде "Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын" мәлімдеді. UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне кіргізді.

"Григориан күнтізбесі бойынша жаңа жыл діни сипат алады" деп есептейтіндер бар

Рождество Христово мерекесі – Иса пайғамбардың Вифлеемде дүниеге келуі құрметіне орай атап өтіледі. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде бұл мереке юлиандық және григориандық күнтізбеге байланысты ерекшеленеді. Ал христиандардың жыл санауы Иса пайғамбардың туған күнінен басталады делінеді.

Оқи отырыңыз: Ұлттың жеті қорғаны: қазақтың жағдайы қалай?

Қазіргі таңда да Православ Рождествосы католиктердің мерекесінен 13 күннен кейін тойланады. Католиктер Рождество мерекесін 25 желтоқсанда тойласа, православтықтар мерекені 7 қаңтарда атап өтеді.

Мұсылман хижра ай күнтізбесінде Мұхаммед пайғамбардың Мединеден Меккеге көшкен күнін жыл басы санайды. Жыл басы әр жылы 11 күнге жылжып отырады.

1918 жылдан бастап бұл жаңа жылды КСРО құрамында болған түркі халықтары да тойлай бастады. Осылайша дәстүрлі мерекеге айналды. Алайда оны христианның діни мерекесі ретінде емес, жаңа жыл деп мерекелейді.

Оқи отырыңыз: Ырымның жаманы болмайды. Ырымға неге сенеді?

Қазіргі Жаңа жылға мүшел ұғымы, христиан шыршасы, қытайдың от шашуы кіріп, ғаламданып кеткен

Қазіргі жаңа жылымыз Григориан күнтізбесі халықаралық одақпен қабылданған. Католик елдерiнде 1582 жылдың 4 қазанында Григорий әкей XIII ескi Юлиан күнтізбесінің орнына енгiздi.

Алайда қазір халықтық жыл санаудағы (түркі халықтарының) он екі мүшел ұғымы мен от жағып, май салу жоралғысы, көне тәңіршілдік пен христиан дінінің шыршасы, қытайлардың от шашу салты қосылып, жаңа жылдың барлық жөн-жоралғысы мен құттықтауларына дейін араласқан.

Тіптен түркі, қытай, монғол жыл санау есебі бойынша жаңа жылдың наурыз айында кіретінін біле тұра, одан екі ай бұрын мүшелдің 12 жануарын мерекемен байланыстырады.

Оқи отырыңыз: Батаның қасиеті. Оның адам өміріне тигізер әсері қандай?

Мысалы, кеше ит жылы келді делінді. Шыршалар орнатылып, от-шашулар болды. От жағу (юанчау мерекесі) – қытайлардың жаңа жыл мерекесі кезінде орындайтын суық қуу салты. Сол күні барлық жерге от жағып, торсылдақтар атады.

Ал қазақ, татар, башқұрт, қырғыз тәріздес түркі халықтарының күнтізбесі шаруашылық және климаттың жағдайына қарай белгіленген.

Григориан күнтізбесі: Египет астрономдары осыдан 2000 жылдар бұрын күн қозғалысына негізделген күнтізбе жасаған. Біздің осы кездегі қолданып жүрген күнтізбеміздің түбі содан шыққан. Мысыр күнтізбесі бойынша бір жылда 365 күн бар деп алынған, ал шын жылы 6 сағаттай ұзындау, сондықтан Күннің айрықша қалпы, мысалы жазғытұрымғы күн мен түн теңелу нүктесінен өтуі жыл сайын 6 сағат кешігіп келіп, күнтізбе бойынша 21 наурыз емес 22 наурызға келетін болған. 120 жылдан кейін 1 айға кешігетін болған.
Ислам күнтізбесі хижрадан, яғни Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мединеге жер аударған күнінен басталады. Хижра есебін Мұхаммед пайғамбардың дүниеден өткен уақытынан кейін бес жыл өткенде, 637 жылы халиф Омар ибн әл-Хаттаб р.а. (634 – 644) жасаған. Нақты жылдан 11 күн кем болғандықтан, Ислам күнтізбесіндегі жылдың басы жылжи береді. Хижраның күн қозғалысына қатысы жоқ. Ол тек айға негізделген. Жерлері ыстық және шөлді болғандықтан Араб елдері күндіз демалып, түнгі салқында айдың жарығымен жұмыс жасайды. Ислам күнтізбесінің шығуының басты себебі де осы.

Шыршаны безендіру қайдан пайда болды?


Мұрад Аджі

Мұрад Аджі / mtss.ru сайтынан


Ресей тарихшысы, ұлты құмық, зерттеуші Мұрад Әджінің "Қыпшақтар" атты кітабында "Шыршалар мерекесі" деген тарауда жазуынша, мереке басында құдайлар мен аруақтар мекені – жер шарының тура кіндігінде тіршілік еткен Жер-Судың (Иерсу) құрметіне арналыпты. Жер-Судың жанында ақ сақалды Үлкен (Ульген) есімді шал жүрсе керек. Түркілер оны үнемі әдемі қызыл шекпен киіп жүрген қалпында көріпті.

Мұрад Әджінің пікірінше, ежелгі алтайлықтар – тәңірлік танымды ұстанғандар 25 желтоқсанда, Күннің Түнді "жеңген" кезінен бастап, Күннің қайта оралғанына қуанып, Үлкенге (Ульген) алғыстарын жаудырыпты, оған тәу етіпті. Үлкеннің сүйікті ағашы саналған – шыршаны кесіп әкеліп түрлі шүберектермен безендірген әрі айнала қоршап алып, дұға жасап, тілек тілепті.

Бұл салт қазақтарда ағашқа "ақтық байлау" деген ырымға айналғаны белгілі.

Христиандар жаңа жылды көшпенділерден алған ба?


Ақселеу Сейдімбек. (1942-2009)

Ақселеу Сейдімбек. (1942-2009) / Жеке мұрағаттан


Белгілі этнограф-тарихшы Ақселеу Сейдімбек Жаңа жылдың көшпелілер мейрамы екендігі туралы жазғаны:

"Өмір – тіршілікте шарттылықтар өте көп. Сол шарттылықтардың ең ғажабы, адам баласының уақытты межелеуіне қатысты. Мәселен, осы күндері бүкілхалықтық қуаныш ретінде тойланып жатқан Жаңа жыл мейрамын алайықшы.

Қалыптасқан ұғым бойынша, Жаңа жыл, яғни бірінші қаңтар, Иса пайғамбардың туған күні. Бүкіл христиан әлемі осылай деп түсінеді, осындай деп тойлайды. Ол тойына "Рождество Христова" деп ат берген.

Православ сеніміндегілер бұрынғы Юлиан күнтізбесінің межесі бойынша, желтоқсанның 25-ін Исаның туған күні деп тойлайды. Тарихи дерек бойынша, 532 жылға дейін бүкіл Еуропа Диоклитан календарын тұтынған. Ол христиан дініне қарсы адам. Сол кезде христиан дінін басқарушы кардиналдардың бір басқосуында жыл басын Исустың туған күнімен бастау жөнінде қарар қабылданады.

Бір қызығы, сол басқосуға қатысқандардың ішінде Исустың туған күнін ешкім білмейтін болып шығады. Сонда босаға жақта отырған скифтен шыққан есепші-жұлдызшы кішкене Диониси деген кісі:

"Жарықтық, Иса пайғамбардың туған күнін мен білуші едім. Ол осыдан аттай 532 жыл бұрын дүниеге келген", – дейді. Оған ешкім де дау айта алмайды. Өйткені, Иса пайғамбардың туған жылын айғақтайтын ешқандай тарихи дерек жоқ. Ал кішкене Дионисидің аузынан шыққан 532 деген сан көшпелілер үшін киелі сан болатын. Яғни, көшпелілер табынатын аспан денесі – Ай 19 жылда бір рет дөңгелегін жаңғыртып отырады. Осы Айдың дөңгелегінің саны 19 бен Күннің дөңгелегінің саны 28-дің көбейтіндісі – 532".

Демек, көшпелілер мәдениеті мен танымының адамзат әлеміне қалай әсер еткенін білуге болады. Өкінішке орай, бұл деректер көп ескеріле бермегенмен В.В.Цибульскийдің "Луно-солнечный календарь стран Восточный Азии", М.Ысқақовтың "Халық календары", Х. Әбішевтің "Аспан сыры" атты кітаптарында қызықты баяндалады.

Қазақша күнтізбе немесе Өтейбойдақ бабамыз не дейді?


Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1478)
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1478) / Сағым суретті салған Манат Жәнімхан

Халықтық жыл санау есебінде 12 жыл – 12 мүшел түсінігі бар болса, олар туралы деректер VIII ғасырдағы Күлтегін ескерткіштері мен ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың еңбектерінде кездеседі.

"Шипагерлік баянның" авторы, ғұлама ғалым, қара үзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы 1472 жылы Әз Жәнібек хан тұсында, хан жарлығымен Әл Ақордада жазған кітабында былай деген:

"Бір қарықтау (түн) мен бір жарықтау (күндіз) ұштасып, толығып, толысып қабыспағы ұйқаш (күн) делініп, санамы жетіге толса, мереке (апта), отызға толымдаулығы айғақ (ай) аталымын қойындамақ. Айғақ саналығысы толғанда он екіні толықтырғанда бір жылды тауысады да он үшке аяқ басқанда келесі жыл басталмағы айқындылығы әйгіленімі шарт.

360 ұйқаш уысталған жыл толынғысы 180 қарықтау, 180 жарықтау және 48 мерекені (жұма) несібелеп, еншіліктеп үтерден өтердендік жыл мәнісі білдіргілігі көземелік.
Ұйқаш толғынымдық саналығы мереке жиналымдық толығыш ұйқаш аталымдары".

Рет

Мүшел аттары

Айғақ (ай) аталғылары

Апта аттары

1

Сұмақы – Тышқан

Ергеу – Наурыз

Бақтал – Сенбі

2

Маңғаз – Сиыр

Көктеу – Көкек

Баттал – Жексенбі

3

Айбар – Барыс

Көзгеу – Маусым

Сақтал – Дүйсенбі

4

Секем – Қоян

Мезгеу – Мамыр

Жақтал – Сейсенбі

5

Иіртек – Ұлу

Шілдеу – Шілде

Аттал – Сәрсенбі

6

Сұмаң – Жылан

Тамызық – Тамыз

Ғаттал – Бейсенбі

7

Тұлпар – Жылқы

Дәндеу – Мизам

Мереке – Жұма

8

Чопан – Қой

Соқтау – Қазан

9

Мешін – Мешін

Күйек – Қараша

10

Шақырауық – Тауық

Қауыс – Ықтырғы

11

Айтақ – Ит

Ығыс – Желтоқсан

12

Қорысқы – Доңыз

Қаңтар – Қаңтар

Бір ай төрт мерекеге толмақ, отыз күн болмақ.

Ұлықбек бір жылды 365 күн 6 сағат 9 минут 15 секундтан тұрады деп тұжырымдаған

Өтейбойдақ бабамен қатарлас өмір сүрген, аты әлемге мәшһүр ғұлама, ғалым, мемлекет басшысы, жұлдызшы, атақты Әмір Темірдің немересі – Ұлықбек (1394 – 25.Х.1449) бір жылды 365 күн 6 сағат 9 минут 15 секундтан тұрады деп тұжырымдады.


КСРО-ның Ұлықбекке (1394-1449) арнап шығарған пошта маркасы

КСРО-ның Ұлықбекке (1394-1449) арнап шығарған пошта маркасы / Балалар әлемі сайтынан


Жазбаларға қарағанда Ұлықбектің уақытты есептеу дәлдігінің қазіргі космостық анықтау дәлдігінен бір-екі секундтық қана айырмашылығы бар екен. Ұлықбек өзінің көмекшілері Қазин-Заде, Руми, Ғиясуддин Жәмшид, Мәулен Қашани, Әли Құбшымен бірге "кесте" арқылы аспандағы 1018 жұлдыздың орналасуы мен қозғалысын анықтаған.

Ит жылы нақты қашан келеді?

Ит жылы – тауық жылынан кейін, доңыз жылынан бұрын келетін мүшел есебінің 11 жылы. Бұрын түркі жұрты қолданған. Кейін қытай, моңғол және батыс елдері қабылдады. 12 жылда бір қайталанып отырады.

Григорий күнтізбесі бойынша ит жылы 1994 жылдың 22 наурызы мен 1995 жылдың 21 наурызы аралығына келді және ол 2006 – 2007, 2018 – 2019, т.б. жылдары қайталанады.

Ескіше ит жеті әулиенің біріне жатады

Өтейбойдақ:

  1. Ауыз әулие – Татым (дәм);
  2. Көз әулие – Атым (атқан таң);
  3. Көз-мұрын әулие – Тұз;
  4. Көз-құлақ әулие – Қыз;
  5. Оң қол әулие – Күн;
  6. Қол-ауыз әулие – Байтақ (жер);
  7. Қол-көз әулие – Айтақ (ит).

Әр жылдың өз мінезі болады. Ит жылы елге жайлы болады

Әр жылдың өз мінезі болатынын жұрт аңыз қылып айтады. Мысалы, "Мешін жыл – естен кетпес есіл жыл" деп мешін жылы апат пен жұттың көп болғанын еске алады. Айталық, 1920 жылы қазақ даласында мал қырылып, ол "Тас мешін" деп аталды. 1931-1932 жылдардағы ашаршылық та осы мешінде болды.

"Қоян жылы қыс ұзақ болады", "Ұлу жылы жауын-шашынды", "Жылан жылы "жыландай ысқырған боран" көп болады", "Жылқы жылы ілгері" деп жайлы болатынын айтқан. Қой жылында қыс жылы. Мешінде ұзақ әрі қақаған суық. Тауық жылы қыс қатты. Ит жылы сәл суықтау болғанмен көбінесе борансыз, жайлы болатынын түрлі халық аузында жатталып қалған. Бұл – тарихи тәжірибелер жиынтығы.

Сол мешін мен тауыққа тура келген 1932-33 жылдары Қазақстанда ауыр ашаршылық болды. 1928 жылдың күзінде ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеудің ақыры, "кіші қазақ төңкерісі" сияқты солақай саясатқа ұласты. Осы зобалаң жылдары 3-4 миллионға жуық адам қырылды. Көптеген қазақтар шетелге босып кетті. 1933 – ит жылынан бастап ел басына түскен ауыртпалықтың беті бері қарапты.

Келесі ит жылы 1946 жылға тура келді. Осы жылдан бастап Ұлы отан соғысының ауыртпалықтары жеңілдеп, соғыстың салдарынан ауыр күзеліске ұшыраған экономика қалпына келе бастады. Мешін мен тауыққа тура келген 1968-69 жылдары да құрғақшылық болды. Жағдай 1970 – ит жылынан бастап қалыпқа түсе бастапты. Бұдан кейін келген 1982, 1994, 2006 жылдар да ел үшін жайлы жылдар болып есептелді.

Ит жылы туғандар қандай болады?

Өтейбойдақ "Шипагерлік баян" кітабында ит жылын "айтақ" деп атап, бұл жылы туғандарды:

– Өсекші, шімірікпес сазбет, арсылдаған сойқаншыл, көкбет, шарнауыл, шалдауыр, шаңқылдап елге, қаңқылдап үйге маза бермейтін, дос-дұшпанын долылығы ұстаса айырмайтын, аямайтын, долылығы ұстамаса жайдары, әйбат әзіл, әдемі қалжыңы бар, әйткенмен, шымбайына тисе кешіру ойына кіріп шықпай беттен алатын, аузынан ақ айтақ шығып, көк айтақ кіріп ойнақ салатын болғыштығы ерекше көз көргілік. Бірақ қастандығы аз, достандығы көп, сырын білмегендер де, білгендер де оңай-оспақ сүйкене алмайтын, батырып жібергендерден өш алмай қоймағыш, ала алмаса өлгенде ойында кеткіш, қасиетін біліп, ардақтағандарға ақпейіл, соның жолында мүрдем кетуге әзіршілдер аудандамақ, – деп суреттепті.

Өтейбойдақтың 41 ырыс пен 48 мереке туралы жазғаны

  1. Жаратылым – жан ырысы
  2. Тіршілік – хан ырысы
  3. Хан – тақ ырысы
  4. Тақ – бақ ырысы
  5. Хаділдік – нақ ырысы
  6. Байлық – сән ырысы
  7. Сән – сәулет ырысы
  8. Сәулет – дәулет ырысы
  9. Сыйласым – санат ырысы
  10. Алмауыт – албауыр ырысы
  11. Ынтымақ –бірлік ырысы
  12. Ермауыт – найза ырысы
  13. Ерлік білгі – елдің ырысы
  14. Көптігі – көлдің ырысы
  15. Харекет – дән ырысы
  16. Жарасым – мән ырысы
  17. Өнер – білім ырысы
  18. Білім - өнер ырысы
  19. Қос босаға – түтін ырысы
  20. Дауасыз би – бүтін ырысы
  21. Шілдехана – төр ырысы

22. Кебін – көр ырысы
23. Жаңбыр – байтақ ырысы
24. Ірге – айтақ ырысы
25. Жақсы сөз – жан ырысы
26. Ғақыл бәйіт – сөз ырысы
27. Ақыл – көздің ырысы
28. Көз көрім – ездің ырысы
29. Мір – жасақ ырысы
30. Қалқан – адақ ырысы
31. От – мал ырысы
32. Жағым – ел ырысы
33. Ағым – мал жан ырысы
34. Сағым – алжан ырысы
35. Жас бақыт ырысы
36. Қан – ақыт ырысы
37. Сыйлылық – сенімнің ырысы
38. Шыдамдылық – көнімнің ырысы
39. Тайсалмау – талаптың ырысы
40. Науқас сырқаттың ырысы
41. Шипагерлік дарым – айығым ырысы

Адамға, пендесіне Алладан кейін жеті әулиенің қолдауында болмақ шарт. Бұл жеті әулие қырық бір ырыспен тікелей не болмаса жанамалай адам баласына несіптік ризық тапқызып, несібелік өзекті қамдайды. Пенделік ырыстың қырық бір екені айқын. Бұл қырық бірдің шарты болмақ, бұл бір.

Жеті әулие мен қырық бір ырыс қосылып, қырық сегіз болып, бір жылдағы қырық сегіз мерекемен тең шықпақ. Бұдан Алла әлемді жаратқан жеті күнді шегерсек, пендеге ырыс қырық бір болып шығады.

Міне бұдан біз "қырық бір шөптің басы", "қырықтың бірі қызыр" сияқты мақал-мәтелдер мен "қырқынан шығу", "қырқы нәзірі " делінетін салттарымыздың шығу тегін пайымдауымызға болады.

Жыл қалай қайырылады?

Қазақта жыл басы Наурыз айында, Наурыз мерекесінен басталады. Ескіше қазақ жылнамасында он екі жыл – бір мүшел деп есептелінеді. Жыл басы "тышқан". Ал 1994 жылдың наурызында "ит" жылы басталса, ол енді 2006 жылдың наурызында қайта келді.

Қазақ халқы туған жылын осы он екі жылдың атымен атайтын болған. Мысалы, "Ит жылы туылдым, биыл үш мүшелім" десе, оның 37 жасқа аяқ басқанын білеміз.

Өтейбойдақ бабамыз өзі туралы: "жылым иіртек (ұлу), сексен беске келдім" деген.

Мүшел реті – 13, 25, 37, 49, 61, 73, 85, 97...

Ескіше жыл қайыру әдісімен қазақтың жыл санауы бойынша өзінің қай жылы туғанын және неше мүшелге толғанын біле алады. Бірінші мүшел 13 жаста толады. Оған 12 жылды қосып, келесі мүшел шығады.

Мүшел жылды қалай табуға болады?

Адам өзінің туған жылын мүшел жылмен есептеу үшін туылған жылына 9 санын қосып, сол санды 12-ге бөледі. Ал сонда қалдық саны мүшел жыл саны болып шығады.

Мәселен, сіз 1982 жылы туған болсаңыз, ол мүшел есебінің қай жылына тура келетінін білу үшін, оған 9 санын қосасыз. Яғни, 1982 + 9 = 1991 жыл болып шығады. Ал оны 12-ге бөлсек, 11 қалдық саны қалады.

Демек мүшел жыл есебі бойынша ол ит жылы туылған болады. Төменде жаңа санақпен мүшел жылдың кестесі беріліп отыр:

Тышқан

1900

1912

1924

1936

1948

1960

1972

1984

1996

2008

Сиыр

1901

1913

1925

1937

1949

1961

1973

1985

1997

2009

Барыс

1902

1914

1926

1938

1950

1962

1974

1986

1998

2010

Қоян

1903

1915

1927

1939

1951

1963

1975

1987

1999

2011

Ұлу

1904

1916

1928

1940

1952

1964

1976

1988

2000

2012

Жылан

1905

1917

1929

1941

1953

1965

1977

1989

2001

2013

Жылқы

1906

1918

1930

1942

1954

1966

1978

1990

2002

2014

Қой

1907

1919

1931

1943

1955

1967

1979

1991

2003

2015

Мешін

1908

1920

1932

1944

1956

1968

1980

1992

2004

2016

Тауық

1909

1921

1933

1945

1957

1969

1981

1993

2005

2017

Ит

1910

1922

1934

1946

1958

1970

1982

1994

2006

2018

Доңыз

1911

1923

1935

1947

1959

1971

1983

1995

2007

2019

Ауа райы туралы қарапайым түсініктер

Есепші – табиғат құбылыстарының өзгерісін алдын ала есептеп, болжап айтатын адам. Есепшілер күн мен түннің теңелуін, жыл мезгілінің маусым санап орын алмастыруын, айдың жаңалануын, күннің шығуы мен батуын, әр жылғы ауа райын, жан-жануарлар дүниесінің өзгерісін мұқият бақылап, белгілі бір заңдылықтар жүйесіне сүйене отырып, болжам айтқан.

Әдетте, қарапайым жорамалдар халық ішінде кең тараған. Шаруашылықпен айналысатын әр екінші адам ол туралы тұшымды көзқарас айта алады.

Мысалы, "биыл суыр іннен ерте шықты, көктем басталды деген осы, енді наурызды тойлай беру керек" деген пікір өткен жылы айтылған болатын. "Күн қараланса күрегіңді сайла деген, қарлы боран болар", "ит бұйығып, дөңгеленіп жатып жатыр екен, биыл қыс ұзақ әрі суық болады", "құмырсқа өрге тасынып жатыр, үлкен тасқын болады-ау" деген секілді қарапайым жан-жануарларда болатын тосын өзгерістерді аңғарып отырса, оның өзі-ақ көп нәрсені аңғартады.

Жұлдызшылар жыл мезгілінің өзгерісін дәл айтқан

Жұлдызшылар жұлдыздардың орнын өзгертуіне, қозғалыс жылдамдығының өзгерісіне, анық-өшкіндігіне және басқа да өзгерістеріне қарап жыл өзгерісін дәл болжайды. Тіптен, адамдар арасындағы болатын өлім-жітім, соғысты да болжайтын болған.

Жұлдызнама ғылымын түркі дүниесіне келген араб миссионерлері құртқаны белгілі. Алайда әлі де көп, көрінбей сақталған кітаптар мен құралдар бар. Қазіргі көріпкел, құмалақшы т.б. тағдыр болжағыштарға сену өте қиын. Себебі олар осы ғылымның тереңіне бойламаған, білмейді де.

"Ай шалқасынан туыпты ғой. Күн суытайын деп тұр", "Үркер суға ерте түсті, жаз жауынды болады, құрғаққа түссе құрғақшылық болады", "Қазан айында күн күркіресе, қыс қысқа болады", немесе "Биыл Үркердің шөміші кішкене екен, жастардың өлім-жітімі көп болады-ау", "Шығыстан сары жұлдыз көтеріліпті не соғыс не апаттың белгісі" деп айтылатын жорамалдардың ешқайсысы қате кетпеген.

Қазақ жұлдыздық күнтізбені қолданған болуы әбден мүмкін

Бұл туралы дау көп. Басым бөлігі қазақ халқы ежелден жұлдыз күнтізбесін пайдаланды деп санайды.

Этнограф, ғалым Байахмет Жұмабайұлының айтуынша қазақ халқы ежелгі жұлдыз күнтізбесі арқылы жыл басын белгілеп, жұлдыздар өзгерісіне қарай алдын дәл болжап отырған.

Айдағы әр күнді бір жұлдыз ретінде қараған. Мысалы "Наурыздың 20 жұлдызы" деген. Бір айды айдың толу-толмауына қарай "ай толыпты, ай туды, ай жаңаланды" деген түсініктер бар.

Әдетте, емдеу саласында да "ай туғанда көп аурулар қозады немесе кей бөріткендер ай жаңаланғанда жаңаланады, Сол кезде емдеу керек" деген тарихи түсініктер бар.

Ай туғанда "Ай көрдім, аман көрдім. Ескі айдай есіркей көр, жаңа айда жарылқай көр" деп тілек тілеген.

"Тоғызқұмалақ ойыны" – күнтізбені біліп, жұлдызнаманы үйретудің бір жолы


Байахмет Жұмабайұлы

Байахмет Жұмабайұлы / Жеке мұрағаттан


Этнограф, зерттеуші, жазушы Байахмет Жұмабайұлы: "Тоғыз құмалақ – өте терең астрономиялық және күнтізбелік ғылым сіңген мүмкіндігі шексіз ойын түрі". Сол ойынды ойнау арқылы екі жақ табиғат заңдылығының білімімен жарысады. Ойын мақсатына қарай кейде жұлдызнамалық білім бойынша білім сынасады".

Былайша айтқанда, астрономиялық білім, болжам жарысы деп те айтуға болады.

Оның қарапайым түрлері де бар. Бірақ ойын мақсатына қарай күрделене береді.


Тоғызқұмалақ ойынының түрлері туралы

Тоғызқұмалақ ойынының түрлері туралы / Байахмет Жұмабайұлының жеке мұрағатынан


Сүретке қараңыз, солдан оңға қарай:

Бірінші тақта – "көзтимес";
Екінші тақта– "құлақ естімес";
Үшінші тақта –"көкпен үндес";
Төртінші тақта– "үндемес".

Міне осындағы бірінші тақтадағы "көзтиместің" пішініне қарасаңыз, көздің бейнесіне ұқсайды. Осы тақтамен жұлдызынамадан хабары болған ойыншы ойнап, адамдардың ғұмырын, тіпті жаратылыстық құбылыстардың сырын білетін ең жетіскен болжампаз ойыншылар ойнайды екен.

"Құлақ естімес" тақтада екі құлақ бейнеленген, бұл тақтамен маусымды, амалды, жыл қайырып, толғауды білетін ойыншылар ойнайды екен.

"Көкпен үндес" тақтасымен жұлдызнама бойынша сөйлей алатын, аспан тәңірінің тілін, жер тәңірінің үнін білетін болжампаз ойыншылар ойнайды.

"Үндемес" – ең қарапайым, әдеттегі адамдардың үйреншікті ойнайтын тақтасы екен.

Жоғарда айтылған 5, 7, 9, отаулы үш түрдегі ойын тақталарының өз алдына ойын белгілемесі немесе ойнап жететін көмбесі әртүрлі болатын көрінеді.

Тоғызқұмалақ – ғажайып ғылым. Қалай ойналады?

Байахмет ағамыздың айтуынша тоғыз құмалақ ойынындағы бес отаулы тақтаға тоғыздан құмалақ әзірлегенде он отауға тоқсан құмалақ салып, ойнау арқылы бір маусымның тоқсан күніне таласу арқылы, осы маусымдағы ауа райы, малдың жай-жағдайын есепке салады екен.

Ал, жеті отаулы тақтаға бір жағына алпыс үш құмалақтан жиыны 126 құмалақ салып ойнауда амалдар мен тоғаулар арқылы ауа райын болжайды.

Тоғыз отаулы тақта бір жағына тоғыздан 81 құмалақтан он сегіз отауға 162 құмалақ салып ойналады. жоғарыдағы екі тақта ойынынан күрделі, нағыз жұлдызнама қағидасы мен адам өмірін, жақсылық пен жамандықты болашақты болжап сөйлейді.

– 1993 жылы Алтайдың Көктоғай ауданының Күрті ауылына қарасты Оңдықара деген жерде өз кезінде халық әндерін нақышына келтіріп айтатын, тоғыз құмалақтан хабары бар Түріспек деген 66 жастағы ақсақалмен қой бағып жүрген өрістен барып кездесіп, кеңескенмін. Жоғарыдағы үш түрлі қалыппен үш мазмұнда тоғыз құмалақ ойыны ойналатынын құптай келіп, "жоғарыдағы бес отаулы ойындағы 45 құмалақты – "ердің жасы", екі жеті отаулы 63 құмалақты ойын – "пайғамбар жасы", үш тоғыз отаулы 81 құмалақты – "құдай берген қарттың жасы" деп, үш түрлі ойынды бастағанда тілек тілейді, – дейді Байахмет Жұмабайұлы.

Бұл қарияларымыздың анықтамаларына сүйенсек, тоғызқұмалақ – әдеттегі әншейін ойын ғана емес, онда жоғары өрелі пәлсапа, астрономия, этнография және тарих жатқанын аңғарамыз.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары