Тікелей эфир

20 маусымда Алматы жартылай марафоны өтеді

Жарысқа қатысу үшін міндетті түрде онлайн тіркелу рәсімінен өтіп, сөрелік жарнаны төлеу қажет.

20 маусымда Алматыда спорт сүйер қауым үшін жүгіруден жарыс – Алматы жартылай марафоны өтеді. Жарысқа мыңдаған адам қатысады деп күтілуде. Қатысушылар қаланың басты көшелерімен жүгіріп өтеді.

Марафон таңғы сағат 7:00 және 8: 00-де Әл-Фараби даңғылындағы Тұңғыш Президент саябағының жанында басталып, мәре Абай даңғылы бойымен орталық стадионда аяқталады. Жарыс өтетін күні қаланың автожолдары жабылады.

Қатысушылар қашықтықтардың бірін жүгіріп өтеді:

  • жартылай марафон 21,1 шақырым;
  • жүгіру 10 шақырым;
  • скандинавиялық жүріс 10 шақырым,
  • экиден командалық эстафетасы – жалпы қашықтық 21,1 шақырым 4 қатысушы арасында бөлінеді.

"Қазақстанда бұқаралық іс-шараларға бір жылдан астам уақыт тыйым салынған, бірақ біз отандастарымыздың спорттан қалыс қалмауы тиіс екенін дәлелдей алдық. Бұл денсаулық үшін өте маңызды шара. Карантин кезінде өзін қалай ұстау, спортпен қалай шұғылдану қажеттігі туралы насихаттау өте маңызды. Біз, спорттық іс-шараларды ұйымдастырушылар, кәсіби емес спортшылар үшін не істейміз – дені сау ұлттың қалыптасуына үлкен үлес қосамыз. Бізде мыңдаған, тіпті жүздеген мың адамды спортқа баулитын күш бар. Біз мұны қуана-қуана әрі үлкен кәсібилікпен жалғастырамыз", – деді "Бірінші болу – батылдық" корпоративтік қорының директоры Салтанат Қазыбаева.


Оқи отырыңыз: "Жүгіруге ешуақыт кеш емес". Денсаулық елшісі Марат Жыланбаевтың кеңесі


Былтыр Алматы жартылай марафоны онлайн режимінде өтті, ал бұған дейін ұйымдастырушылар "Алматы марафонын" күзге ауыстыруға мәжбүр болды. Өйткені оған 17 мың адам қатысуы керек еді. Жартылай марафон – бұл ауқымды шара емес. Сондықтан, онда ескерілуі тиіс қауіпсіздік шараларының барлығы өткен қалалық жүгіру жарыстарында сәтті сыналып, енгізілді.

Іс-шараға қатысу үшін 7 000 теңге көлемнде ақы төлеу қажет. Тіркелу және ақы төлеу almaty-marathon.kz сайтында қолжетімді.

"Жаңашылдықтардан – биылғы жылы тек жүгіретіндер ғана емес, скандинавиялық жүріс спортшылары да қатысатын болады. Бұл бағыт бүгінде белсенді дамып келеді. Жаяу жүрумен әр түрлі жастағы адамдар айналысады. Сондай-ақ, біз 21.1 шақырым командалық эстафетаға тіркеуді аштық, командаға 4 адам қатысады. Әр жүгірушіге 5-6 шақырымнан келеді", – деп бөлісті Салтанат Қазыбаева.

Мәреге жеткен барлық қатысушыларға естелік медаль беріледі. 21,1 шақырым қашықтықта ерлер мен әйелдер арасындағы үздік үштікке ақшалай сыйлықтар беріледі. Көшбасшылар 10 және 21 шақырым қашықтықта, сондай-ақ эстафетаға қатысушы командалар арасында жас санаттары бойынша да анықталады.

2020 жылдың тамыз айынан бастап әлемде санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, спорттық іс-шаралар өткізілуде. Осылайша, жаппай әуесқой жарыстарға Ресей, Өзбекстан, Түркия, Қытай, Жапония және басқа да елдер оралды.

Серіктестер жаңалықтары