Тікелей эфир

20-29 жас аралығындағы 2 млн қазақстандыққа қызылшаға қарсы екпе салынады. Жаңалықтарға шолу

Доллар айдың басынан бері алғаш рет арзандады. Әлемде алтынның бағасы қымбаттады

Заңгерлер ақша айырбастау бекеттерінің жұмыс уақытын шектеуге қарсы шықты

Олар Ұлттық банкке ақша айырбастау бекеттеріне қойылатын талаптар жобасынан аталған бөлімді алып тастау туралы талап қойып, сотқа шағым түсірді. Мамандар ақша айырбастау бекеттерінің жұмыс уақытына шектеу қою – қаржылық қызмет тұтынушылары мен ақша айырбастау ұйымдарының құқын бұзушылық деп есептейді.

"Ұлттық банк негізінде ақша айырбастау бекеттерінің жұмысына шектеу қоя алмайды. Тек айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидасын тағайындай алады. Бұл мемлекет пен кәсіпкерліктің ара-қатынасының принциптерін бұзу болып отыр. Өйткені ол Азаматтық кодексте белгіленген"деп есептейді заңгер С.Лопатин.

Ақша айырбастау бекеттерінің қызметтеріне қойылатын талап жобасы талқылау үшін ашық мәліметтер порталына салынған.

Алматы бюджетіне қосымша 31 млрд теңге бөлінді

Қаражаттың басым бөлігі қаланың шеткі аймақтарын дамытуға, сондай-ақ көпбалалы аналарды қолдауға жұмсалады. Алматы қаласының стратегия және бюджет басқармасының басшысы м.а. Жанар Жазылтаеваның айтуынша, бөлінген бюджет қаржысының көп бөлігіне Алатау ауданындағы жол құрылысы салынады. Сонымен қатар Жетісу ауданындағы жол да жөнделеді.

20-29 жас аралығындағы 2 млн қазақстандыққа қызылшаға қарсы екпе егілді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекованың айтуынша, биылғы жылдың 6 айында елімізде 9 мыңнан астам адам қызылша ауруымен ауырған. Олардың дені екпе алмаған балалар. Биылдан бастап қызылшаға қарсы екпені сәбилерге 9 айынан салып жатыр. Комитет төрайымы осының арқасында бірінші жарты жылдықтың соңында ауру көрсеткішінің едәуір төмендегенін айтады.

20-29 жас аралығындағы ересектерге қызылшаға қарсы екпе қыркүйек айынан бастап салынатыны белгілі болды.

Алмазбек Атамбаев 26 тамызға дейін қамауға алынды

Қырғызстанның экс-президенті тергеу амалдары аяқталғанша тергеу изоляторында болады. Первомайский аудандық соты А.Атамбаевтың ҚР Қылмыстық кодексінің қос бабын ("Қылмысқа қатысушылық" және "Жемқорлық") бұзғаны үшін күдіктеліп жатырғанын хабарлады.

"Атакентте" журналистер аллеясы ашылды

БАҚ өкілдері алма ағаштарын отырғызып, әр егілген ағашқа есім берді. Бастаманы "Атакент достар клубы" қоғамдық бірлестігі көтерген. Журналистер барлығы 67 түп ағашын отырғызды.

Аллея Алматы әкімдігінің конгресс-холл салуды жоспарлаған аумағының қасында орналасқан. Өткен айда "Атакенттің" саябағында құрылыс жүргізілетіні туралы ақпарат халықтың наразылығын тудырған еді. Ақпарат БАҚ беттерінде жарияланып, әлеуметтік желілерде жазылғаннан кейін шенеуніктер саябақ аумағындағы ағаштардың бұталмайтынын айтып, құрылыс жүргізілмейтінін жеткізді.

Президент 11 қыркүйекте Пекинге барады

Қытайға сапарын талқылау мақсатында Мемлекет басшысы Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышевты қабылдады. Елші Қ.Тоқаевқа 11-12 қыркүйекке жоспарланған сапарына дайындық барысы жөнінде мәлімдеді. Президент Пекинде өтетін келіссөздердің маңыздылығын атап өтті.

Доллар айдың басынан бері алғаш рет арзандады

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 387,47 теңгеге сатылды. Ай басынан бері 3,2 теңгеге қымбаттап кеткен доллар кешегіден 0,26 теңгеге төмендеді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Ашығу қандай ауруларға ем болады? Көптеген мамандар ашығудың денсаулыққа пайдасынан гөрі зияны көп деп есептейді. Алайда, америкалық Бак университетінің мамандары бұл пайымдарды теріске шығарды. Аталмыш ЖОО ғалымдары жүргізген зерттеу жұмыстарына сәйкес, белгілі бір уақытқа тамақтан бас тарту мидың жұмысына жақсы әсер ететінін көрсеткен. Мамандардың сөзінше, ашығу эпилепсия, ми функциясының бұзылуы тәрізді аурулармен күресуге мүмкіндік береді.

24.kz: Әлемде алтынның бағасы қымбаттады. Аптаның басында COMEX тауар биржасында алтынның бір троя унциясы 1476 доллар болған. Ал қазір оның бағасы 1518 доллар. Жалпы жыл басынан бергі өсім 14 проценттен асты. Шетелдік сарапшылар алтынның қымбаттауын активтерге деген сұраныстың артуымен байланыстырады. Бұл өз кезегінде АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы салдарынан болуы мүмкін. Сонымен қатар әлемдегі жетекші орталық банктердің несие саясатын өзгертуі де алтын бағасына әсер етеді. Ал Ұлттық банк ақапаратына сәйкес, Қазақстанда алтынның бір граммы 18500 теңгеге саудаланып отыр.

Серіктестер жаңалықтары