Сабақтан жалықпаған төрт жасар оқушы
Алдияр Божбанов төрт жасында Қарағанды қаласындағы №101 мектеп-лицейдің табалдырығынан аттаған. Үйінің жанында орналасқан мектеп-лицейге апар деп өзі қоймаған көрінеді. Анасы Раушан жазғы демалыс болса да, баласының көңіліне қарап, мектепке апарған екен. Ол кезде Алдияр жазу білмесе де, оқи алатын еді.
Алдияр тест-емтиханнан сүрінбей өтіпті. Алайда ол мұғалім мектеп жасына толмағанын алға тартып, баланы қабылдаудан бас тартады. Бұны естіп тұрған Алдияр тесттен сүрінбей өткенін айтып, директорға барып, мектепке қабылдауын өтінген. Таңқалысын жасыра алмаған мектеп директоры баланың бірінші сыныптармен уақытша бірге оқуына рұқсат береді. Алдиярдың өзі оқудан жалығып кетіп қалады деп ойлайды.
Алдияр ұстазы мен мектеп директоры ойлағандай сабақтан жалыққан жоқ. Қайта өзінің зейінді екенін көрсетіп, оқуға қызығушылығы арта түскен.
Әмбебап телефон қуаттағыш – төтенше жағдайда таптырмас құрал
Алдияр ең алғашқы құрылғыны 11 жасында ешкімнің көмегінсіз ойлап тапқан. Ол – ұялы телефон, компьютерді электр желісіне қоспай қуаттағыш құрал. Оның бұл еңбегі "AtamekenStartUp" бизнес идеялар конкурсында бас жүлдені жеңіп алды.
Электр көзіне қоспай ұялы телефон мен компьютерді қуаттап алуға мүмкіндік береді.
– Біз үйде телефон, ноутбукты өзім ойлап тапқан құрылғыммен қуаттандырамыз. Ол үшін механикалық құрылғыны қолыңызға ұстап, нүктесін бассаңыз жеткілікті. Қолдың механикалық энергиясы электр энергиясына айналады. Сонымен қатар құрылғының екінші жағына күннен де энергия алатын арнайы панель орнатылған. Сондықтан әмбебап десем болады, – дейді Алдияр.
Алдиярдың қуаттағыш құралы төтенше жағдайларда немесе жол үстінде телефон қуаты таусылып қалғанда таптырмас құрал. Ол бұл құрылғының бизнес жоспарын да жасап қойған. Алдымен оқушылар мен студенттер арасында таратуды жоспарлап отыр. Жеке сатылымдағы бағасын да есептеп қойыпты – 3000 теңге.
– Менде саусақпен басқан кезде жанатын фонарик болған. Сосын фонарикке зер салып қарай отырып, телефонды желідегі электр қуатын пайдаланбай қуаттау үшін не істеу керектігін ойластыра бастадым. Өйткені электр қуатына деген тәуелділік адамдар арасында күн санап өсіп барады. Осылайша бір нүктені басу арқылы механикалық энергияны электр энергиясына айналдырудың жолын таптым.
"Экологиялық мәселелердің жедел шешімін табуға тырысамын"
Алдиярды үнемі экологиялық мәселелер толғандырады. Сондықтан ол биогаз құрылғысына да көп назар аударған.
– Мен қандай да бір экологияға қатысты шешімін таппай келе жатқан мәселелерді көрсем, бірден соның шешімін табуға тырысамын. Мысалы, жекелеген үйлерге мына құрылғыны орнатса, үйінен қоқыс шығармас еді. Бұл құрылғыға органикалық заттармен қоса үйден шығатын барлық қоқыстарды салып отырамыз. Онда жиналған биогаз үйге жылу әрі электр энергиясын тегін береді. Бұл құрылғы қалдықсыз биогаз шығарады.
Көшедегі қоқыстан құтылудан туған ой
Анасы Раушан Алдиярдың құрылғыны ойлап табуына көшеде шашылып жатқан қоқыс себеп болды дейді.
– Балам үнемі менен "көшеде неге қоқыс көп?" деп сұрайтын. Мен өз әлімше түсіндіруге тырысатынмын. Бір күні маған келіп қоқысты пайдаға асыруға болатын әрі қалдық қалдырмайтын құрылғы ойлап таптым деді.
– Мен балама үнемі қолдау көрсетіп отырамын. Оның бойындағы талантты дамыту үшін қолымнан келгенін жасаймын. Университетте кафедра меңгерушісі болатынмын. Одан бас тартуыма тура келді. Өйткені оның құрылғыларының жасалу жолын толық түсінбесем де, көптеген сайыстарға қатысуы үшін менің көмегім қажет.
Талантын дамытқан үйдегі кітаптар
Алдияр отбасында жалғыз бала. Әкесі Мараттың мамандығы – инженер еді. Алдиярдың кішкентай кезінде қайтыс болып кеткен екен. Анасы – Қарағанды экономикалық университетінде мүғалім. Анасының айтуынша, Алдиярдың талантын дамытуға өскен ортасы мен үйіндегі сөре толы кітап себеп болған.
– Мен Ресейдегі Москва мемлекеттік университетінде сабақ берген кезімде әдеби кітаптарды өте көп жинадым. Энциклопедия да көп. Алдияр ес білгелі ойыншықпен ойнамай, кітаптардағы суреттерге қарағанды жақсы көретін. Кішкене уақыт тауып, балама кітап та оқып беретінмін. Бірақ мен оны кітап оқы деп қинаған емеспін. Өзінің қызығушылығы өте жоғары болды. Үйге келген үлкен кісілермен әңгіме-дүкен құрып, ойларымен бөлісіп отыратын.
Бала кезінде бағытын айқындай алмады
– Мектеп табалдырығын аттаған кезде сандарды білді. Бірақ әріп танығанмен, әлі кішкентай болғандықтан жазуға қолдарының икемі келмейтін. Мектепте оқып жүрсе де, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Энциклопедиялық білімімен талайды таң қалдырып жүр.
– Бастауыш сынып бітіргенге дейін Алдияр өзінің бағытын айқындай алмады. Өзінің қалауымен бірнеше спорт түрімен – шаңғы, хоккей және тениспен айналысты. Алты жасынан шахмат ойнай бастады. Қазір нақты таңдауы судағы полоға ауысты, – дейді Алдиярдың анасы.
Шетелде вундеркинд балалардың тәрбиесіне аса мән беріледі екен. Өйткені психолог мамандар вундеркинд балалар психологиялық тұрғыдан өте әлсіз болады деген тұжырым жасаған. Мысалы, Израиль мемлекетінде 15 мыңға жуық талантты бала жабық мекемеде оқытылса, ағылшындар мен жапондар олардың тәрбиесі мен ерекше білім алып, ары қарай дамуы үшін көп қаражат бөледі.
Жеке үйлерге арналған қондырғы жылу мен жарық береді
Алдияр бес жылдан бері зиянсыз, үнемді әрі пайдалы экологиялық құрылғыларды ойлап тауып келеді. Ол осыдан біраз уақыт бұрын жел мен күн көзінен бірдей қуат алып аспанда ұшып жүретін электрстансаның құрылғысын да ойлап тапқан.
Ал осы жылы ойластырған құрылғысын ЭКСПО көрмесіне апаруды жоспарлап отыр. Ол – судан электр қуатын өндіріп, жылу тарататын жеке үйлерге арналған қондырғы.
– Үлкен ыдысқа құйылған су үйге жылу мен жарық береді. Бұл құрылғының артықшылығы үйіне орнатқан адам коммуналдық төлемдер жасап, шығындалмайды. Мен жалпы экологиялық таза өнім алуға және үнемді болу жағын қарастырамын. Өйткені біздегі басты мәселе экологияның ластануы болып отыр, – дейді Алдияр.
Ғылыми жетекшінің қызметін интернет атқарады
Бір қызығы, Алдияр экологиялық таза құрылғыларды ойлап тапқан кезде ғылыми жетекшінің көмегіне жүгінбейді.
– Маған ешкім жетекшілік жасаған емес. Мен өзіме түсініксіз нәрселерді интернеттен немесе техникалық анықтамадан қараймын. Ғылыми жетекшім болған емес. Кейде география пәнінің мұғалімі көмектеседі.
Жоғары сыныпқа көшкенде ғана өзінің бағытын айқындаған жас дарын ғылымға енді түбегейлі бет бұра бастаған. Ол – тіпті бірнеше ғылыми мақалалардың авторы. Оның еңбектері жас ғалымдар ғылыми жинағына да енген.
Құны белгісіз құрылғы
Алдияр биыл оныншы сынып оқушысы атанады. Сабақты төрт пен беске оқиды. Сыныптастарының арасында өте белсенді. Қазір мектептегі көңілді тапқырлар клубы командасының мүшесі. Алайда өзінен екі жас үлкен сыныптастары оның құрылғыларына қызыға қарағанмен, тікелей айналысқылары келмейді.
Ал Алдияр құрылғылардың алғашқы нұсқасын жасап шығарғанмен әлі патент алмаған.
– Алдиярдың құрылғыларын іске қосу үшін отандық және шетелдік компаниялар қызығушылық танытып отыр. Ал құрылғыны нақты қаншаға бағаланатыны патент алған кезде белгілі болады. Шамамен, әр құрылғының бағасы 20 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін. Өйткені бұл құрылғыға үйдің шаршы метріне байланысты генератор орнатылады деп жоспарланған, – дейді Алдиярдың анасы.
Бала психологиясын зерттейтін ғалымдардың айтуынша, ерекше талантты балалар өздерінің негізгі қабілеттерін төрт пен сегіз жас аралығында шыңдайды. Сегіз жасқа келгенде талантының 90 пайызын танытып үлгереді. Әлемге әйгілі суртеші Рафаэль сегіз жасында сурет салса, Бетховен 12 жасында тұңғыш музыкалық туындысын жазған. Ал Моцарт үш жасынан бастап музыкалық шығарма жаза бастаған.