Қазақ тіліне түпнұсқадан аударылып, жарық көрген алғашқы оқулықтардың басты ерекшелігі қарапайым әрі түсінікті етіп жазылған. Сондықтан бұл кітаптарды жоғарғы сынып оқушыларынан бастап, студенттер мен ғалымдардың да пайдалануына толық мүмкіндік бар.
Терминнің дәл аудармасын беру қиынға соқты
Жоғары оқу орындары ұстаздары қажет деп тапқан 800-ге жуық түпнұсқаның ішінен арнайы құрылған комиссия мүшелері 100 оқулықты аударуға таңдап алған болатын. Басылымға шыққан алғашқы 18-нің ішінде Светлана Тер-Минасованың "Тіл және мәдениетаралық коммуникация" атты кітабы мен Роберт Родман, Кина Хайамс, Виктория Фромкиннің "Тіл біліміне кіріспе" кітаптары да бар. Солардың жауапты редакторы болған филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы аударма барысында біршама қиындықтарды басынан өткергенін айтты.
– Кітапты аударғанда бірінші рет қолданысқа енген терминдердің аудармасын дәл беру басты қиындық болды. Қолданыста бар, орныққан терминдерді және халықаралық терминдерді сол қалпында қалдырдық. Ал жаңа терминдерді біз кең талқыға салып, қолданысқа тез ену жағын да ойластырдық.
Ғылым тілі де ұлт менталитетіне сай болуы керек
Сонымен қатар Шерубай Құрманбайұлы әр елдің өзгеше дүниетанымы, мәдениеті болатынын ескере отырып, қазақ халқының менталитетіне сай аударманы икемдегенін айтты. Аудармашылар мен ғалымдар кітап авторымен келісе отырып, қазақ мәдениеті мен менталитетіне сай келмейтін тұстарын алып тастаған.
– Тағы бір айта кететін жайт, түпнұсқадағы халықаралық жер-су атаулары, философтар мен ғалымдардың есімдері бізде өзгеше аталып келді. Мысалы үшін Сократ, Декарт деп бір ғасырға жуық орысша аудармасына үйренгенбіз. Бұл мәселені талқылай келе, үйреншікті атаулар мен есімдерді сол қалпында қалдыруды жөн көрдік. Болашақта латын әрпіне көшкен кезде өзіндік бір ғылыми негізде түпнұсқада көрсетілген атауға жақындатып беруді шешу керек деп ойлаймын, – деді Шерубай Құрманбайұлы.
Тіл білімінің жаңа саласы пайда болды
– Мәдениетаралық коммуникация – тіл білімінің жаңа саласы. Осы күнге дейін пән ретінде оқытылған жоқ. Тек курс ретінде Ресейде бар. Біз тілді игеру арқылы басқа ұлттың мәдениетімен, таным-түсінігімен, ұлттық ерекшелігімен танысуға мүмкіндік аламыз. Өзге ұлттардың мәдениетімен дұрыс таныс болмаған кезде тілдік қақтығыстар болып жатады. Сондықтан бірнеше халықтың мәдениетін тіл арқылы салыстыра отырып, ар жағында тұрған ділін, дүниетанымын, мәдениетін түсініп, артықшылығына түсіністікпен қарауға үйрететін, яғни, ел мен елдің түсінісуіне өте қажет пән.
Бұл оқулық – өзге ұлт өкілдерімен жұмыс жасайтын әлеуметтанушылар, дипломаттар, экономистер үшін таптырмас құрал. Сонымен қатар барлық ғалымдар мен мұғалімдерге пайдалы ғылыми ақпарат береді.
Біз осы уақытқа дейін өзге тілден көркем әдебиетті аударып келдік. Енді ғылымды қазақ тілінде сөйлетіп, ғылым тілі көкжиегінің кеңеюіне жол аштық деп ойлаймын. Сонымен қатар оқырмандардың ақпаратты қазақ тілінде алуына мүмкіндік туды. Ғалымдар орыс тіліне аударылмаған кітаптарды қазақша сөйлетіп, қазақтың ғылыми тілінің дамуына үлес қосты, – дейді Шерубай Құрманбайұлы.
"Менеджментті барлық сала мамандары оқуы керек"
Жоғары оқу орындары ұсынған 800-ге тарта кітаптың ішінен 100 кітапты таңдағанда сарапшылар ерекше талаптарға сүйенген. Біріншісі – кітап кемінде үш рет баспада басылып, жарық көрген болу шарты. Екіншіден, шетелдегі беделді оқу орындары қолданып жүрген оқулық болғаны керек. Үшіншіден, идея жағынан бейтарап болуы тиісті.
Рикки У.Гриффиннің "Менеджмент" кітабының ғылыми редакторы болған экономика ғылымдарының докторы, профессор Самажан Ынтықбайұлы бұл кітаптың соңғы 12 басылымын аударыпты.
– Менеджмент, экономика саласында жаңадан енген терминдер өте көп. Халықаралық терминдерді сол қалпында қалдырғанмен, әлі қолданыста жоқ терминдердің дәл аудармасын беру қиынға соқты. Оларды қолдану барысында олқылықтарға жол бермес үшін көп талқыға салдық.
Мысалы, "принцип", "функция", "лидерство" сөздерінің қолдану аясы әртүрлі болғандықтан, оларды орнымен қолдану өте маңызды. "Пайда", "табыс", "шығын" деген сөздерді де экономика саласында орнымен қолдану керек.
Сонымен қатар ғылыми кітаптарды аудару барысында ағылшын тілінде бір сөйлемді қазақша үш жай сөйлеммен бердік. Неғұрлым сабақтас құрмалас сөйлемді қолданбауға тырыстық. Өйткені оқырманға түсінікті болу жағын қарастырдық. Мен ғылыми жетекшілік еткен кітаптың түпнұсқасы 700-дей беттен тұрса, қазақ тіліне аударғанда 1300-дей бет болды.
Әр кітаптың өзіндік ерекшелігі бар
– Бізге ұсынылған кітаптар орыс тіліне аударылмаған. Ал менеджмент саласы бойынша кітаптың ерекшелігі, әрбір тақырыпқа жеке тоқталып, теория мен практиканы қатар мысалдармен жеткізеді. Мысалы, компаниялардың жетістікке қалай жеткенін, сәтсіздікке ұшырауына ненің себеп болғанын, қай жерде дұрыс шешімнің қабылданбағанын нақты дәлелдермен келтіреді.
Сонымен қатар менеджер болсаңыз, осы мәселені қалай шешер едіңіз деп сұрақ қою арқылы оқырманға жаңа ой салады, пікірталас тудырады. Әрі өзін-өзі басқару әдістерін үйретеді. Адам өзін де, топты да басқару кезінде сана сезіміне, түйсігіне бағыну керектігін айтады. Сонда адам кез келген істе нәтижеге қол жеткізе алады. Бұл кітап сонысымен құнды.
"Менеджмент" кітабы екі миллион данамен әлемнің көптеген елдеріне таралған. Қазір экономика саласы бойынша бұл жобада жыл аяғына дейін алты кітапты аудару ұсынылып отыр, – дейді Самажан Ынтықбайұлы.
Қазақ тілінің грамматикасындағы өзгерістер де тығырыққа тіреген
Ғылыми кітаптарды аудару барысында мамандар мен мұғалімдер үлкен тәжірибе жинақтағанын айтады. Тіпті мектеп оқулықтарында қолданылған терминдерді қайта қарап шығуларына тура келген. Бірақ басты қиындық қазақ тілінің грамматикасы болыпты. Өйткені қазіргі тіл мамандары оған біраз өзгерістер енгізген.
Сонымен қатар аудармашылар мен ғалымдар алғашқы 18 оқулықты қазақ тіліне аудару барысында 3000-ға жуық терминді қолданған. Оның ішінде қолданыста бар терминдер де бар. Ал жаңадан енген термин сөздерді жинастырып, болашақта бөлек сөздік құрастырып шығаруды көздеп отыр. Әзірге мамандар жаңа терминдерге толық сараптама жасалмағандықтан көпшілікке ұсынған жоқ.
Антропология саласы
Жарық көрген 18 кітаптың 16-сы ағылшын тілінен, біреуі француз, енді біреуі орыс тілінен аударылды. Алан Барнардтың "Антропология тарихы мен теориясы" кітабына жауапты редактор болған Серік Үркімбаев мәдениет саласындағы кітапты тәржімалауда аса қиындық бола қойған жоқ дейді.
– Қолданыста болғандықтан мәдениет саласындағы көптеген терминдерді басқа салаға қарағанда аудару оңай болды. Кез келген тілде ауыз екі сөйлеу мен аудармасында үлкен айырмашылық болады. Осындай қиындықтар бізге де кездесті.
Десек те, мәдениет саласында қолданып жүрген "феминизм", "шаманизм", "функционализм" сөздері сол күйінде қалды. Жаңа терминдерді енгізу барысында қиындық туғызған мәселе, оның аудармасының қолданысқа еніп кету қаупі. Осы қатты алаңдатты. Басты принцип – егер терминнің аудармасы түсініксіздеу, бұлыңғыр болса, онда түпнұсқасы қолданылады.
Сонымен қатар "революция", "процесс" деген сияқты ұғымдарды үнемі аударып қолдануға келмейді. Тіпті қазақша баламасын дәл табудың өзі үлкен қиындық туғызды, – дейді Серік Үркімбаев.
Психология саласына XIX ғасырдан бастап мән бере бастаған
Психология саласы аз зерттелген саланың бірі дейді мамандар. Тіпті аударма барысында терминдердің сәтті баламасын табу қиынға соққан. Мысалы, "пунктуальность", "серийный убица" сөздерінің бірнеше нұсқасы өтпей қалған.
Дуэйн Шульц пен Сидней Эллен Шульцтың "Қазіргі психология тарихы" кітабынының редакторы Зауреш Башбаева кітаптың 11 басылымын аудару барысында көптеген жаңа мәліметтерге кезіккенін айтады.
– Біздің соңғы басылымнан аударуымыздың себебі, ол жаңа мәліметтермен толықтырылған. Тіпті бұрын кезікпеген деректерді кітаптан оқығанымыз өзіміздің қызығушылығымызды туғызды. Бірақ аудармашылар ойды толық қазақша жеткізе алмай жатады.
Жалпы психология саласы XIX ғасырдан бастап жеке пәнге айналған. Өйткені екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қанды көп көрген адамдарда психикалық ауытқу болмау үшін психологиялық көмектің қажет екенін мойындаған. Кітап психологияның бастау алғанынан осы күнге дейінгі кезеңін қамтиды. Даму кезеңдерін сабақтастыра отырып талдайды. Бір артықшылығы, ой мектептерінің өкілдері мен шәкірттерінің өмірін ғана суреттеп қоймай, олардың оқыған дәрістерінен де үзінді берген.
Ерлі-зайыпты Брейландтар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде құстарға, соның ішінде көгершінге камера іліп жіберіп, тәжірибе жасаған. Камера арқылы қай жерде қандай нысанның орналасқанын нақты біліп отырған. Яғни, адам мен құстың, жалпы тіршілік иесінің бір-бірімен тығыз байланысын дәлелдеген.
Осы секілді өмірден алынған қызықты материалдар бар. Сонымен қатар XVII ғасырдағы механикалық фигуралар мен қазіргі робот арасындағы байланыс психологиялық тұрғыдан баяндалады.
Жансыз затқа жан бітіру ерте заманда да болған
– XVII ғасырдың ақылмандары мен ақсүйектері үшін сумен басқарылатын саябақтардағы мүсіндер мен сағаттардың көптеп шығарылуы автоматтар жасау идеясына негіз болды. Технология жетілдірілгендіктен, көпшілікке арналған ойын-сауық үшін адамның іс-қимылы мен әрекетіне еліктейтін күрделі механикалық керек-жарақтар ұсынылды.
Осы механикалық мүсіндерді автомат деп атап, олар нақты орындайтын керемет трюктерімен көпшілікті таңғалдырды. Алайда автоматтар одан бұрын пайда болған. Ежелгі грек және араб қолжазбаларында механикалық мүсіндердің сипаты көрсетілген. Әсіресе, ежелгі қытай шеберлері осы салада көп ілгері кетті.
Қытай әдебиетінде механикалық жануарлар мен балықтардың, сондай-ақ шарап құятын, шай құйылған ыдысты беретін және музыкалық аспаптарда ойнайтын адамға ұқсас робот мүсіндерінің сипаттамасы көп кездеседі.
Алайда XVII ғасырда еуропалық ғалымдар мен ақыл-ой иелері ойлап тапқан механизм жаңа дүние болып саналды. Өйткені ежелгі өркениеттердің маңызды еңбектері түп-тұқиянымен жоғалып кеткен еді.
Ең күрделі һәм ең тартымды автоматтың түрі Жак Вокансонға тиесілі болатын. Оның бірі – саңғитын үйрек болса, екіншісі – бұлшық еттерін жиыру арқылы құдды тірі адам сияқты, сансыз сымдар мен болат шынжырлардан тұратын саусақтарын қимылдататын сыбызғы тартушының мүсіні еді. Осы автомат жансыз бен жанды арасындағы, машина мен адам арасындағы шекараны жойып жіберді.
Міне, осылай барлық тіршілік иелерін машинаға теңеуіміздің себебі де осы болар, – дейді Зауреш Башбаева.
Батыс ғалымдары ғылыми көпшілікке арнап жазған
Дерек Джонстонның "Философияның қысқаша тарихы" мен Эллиот Аронсонның "Көпке ұмтылған жалғыз", "Әлеуметтік психологияға кіріспе" кітаптарын аударып, өңдеген Есей Жеңісұлы философиялық терминдердің Қазақстанда әлі толық жүйеге түспегенін айтады.
– Жоғары оқу орындарында орыс тілінде алынған ақпарат қолданылғандықтан көбіне орысша түсіндірілген. Сол себепті терминдер де бір жүйеге түспеген. Мысалы, "дүниетаным", "пайым", "ақыл-ой", "сана" сөздерінің түпкі мағынасы бір болғанмен, қолдану аясы басқа. Сондықтан қазақ тілінің стилистикасын ескере отырып, қолдануды жөн көрдік. Қазақ тілінің деңгейін бір сатыға көтердік. Түпнұсқадан аударғанда бір байқағаным, батыс ғалымдары кітаптарын ғылыми көпшілік стильмен жазған. Сондықтан біз кез-келген адам оқи алатын осы стильді ұстанып, барынша жеңіл, түсінікті қылып аудардық.
– Бізде психологияның әлеуметтік психология, интернет психология деген салалары мүлдем аз зерттелген. Мысалы, әсер, ықпал деген сөздер бар. "Алғашқы әсер" деп қолданысқа енгендіктен, "кейінгі әсер" сөзі еріксіз қолданысқа енеді. Әрі құлаққа жағымды, – дейді Есей Жеңісұлы.
Аударма – қызығынан гөрі қиындығы көп жұмыс
Балалар әдебиетінің аудармасымен шұғылданып жүрген жазушы Нұрдәулет Ақыш аудармашылардың көбіне түпнұсқадан аударған кезде күрделі сөйлемдерді аудармай, жалпы мағынасын беріп қана қалдыратынын айтады. Өйткені мағынасын дәл жеткізу аудармашыға үлкен қиындық туғызады.
– Тіпті қосымша мағынасын да аудармай тастап кетіп жатады. Мен, әсіресе мектеп оқулықтарындағы аудармаларға көңілім толмай, талай ескертулер жасағанмын. Ал терминдерді жөн-жосықсыз аударудың қажеті жоқ. Қазір соны енді түсініп жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Білім академиясының мамандары 33 томдық аударма шығарды. Мысалы, клетканы "жасуша" депті. Ол сөздің қайдан шыққанын сұрасаң, иненің жасуынан шықты деп жауап берді аудармашылар. Иненің жасуы деген сөз тіркесі бар. Ол жеке қолданбайды. Қазақ тілінің заңдылығын бұзып, аударма жасауға болмайды.
Елбасының 2018 жылғы халықа жолдауынан кейін көптеген қолданыстағы терминдер қалатын шығар деп ойлаймын. Мысалы, мамонтты – зіл, крокодилді – қолтырауын деп дұрыс аударған. Өйткені бұрыннан қолданыста бар сөздер. Тек көп қолданылмаған. Сонымен қатар үш тілді оқытуды қолға алып жатқандықтан, ағылшын немесе түркі тілдес халықтар қолданатын ортақ терминдерді аудармай сол күйінде қалдырғанды жөн санаймын, – дейді Нұрдәулет Ақыш.
180 мың данамен жарық көрген 18 кітап сатылымға шығарылмайды
Кітап барлық жоғары оқу орындары мен кітапханаларға тегін таратылады. Ал аудармашылар мен ғалымдар жылдың аяғына дейін тағы 30 кітапты аударуды қолға алады. Оның 29-ын ағылшын тілінен, біреуін орыс тілінен аудару жоспарланған.
Жалпы Ұлттық аударма бюросы жылына 30 оқулықты аударуды көздейді. 100 кітапты түгел аудару алдағы екі жылда аяқталады.
Ал аударылған, аударылатын кітаптар тізімімен мына сілтеме арқылы таныса аласыз.