Тікелей эфир

Құқықбұзушылық туралы түсіріп жолдаған қазақстандықтарға ІІМ айыппұлдың 40%-ы көлемінде сыйақы төлейді. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Жоғарғы сотта азаматтарды күн сайын қабылдайтын болды. Демалыста күн жылынады.

Қазақстанда төрт колония жабылатын болды

Бұл туралы ІІМ Қ.Қасымов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, үнемделген қаражат полиция қызметкерлерінің жалақысын көтеруге жұмсалады. Қылмыстық-атқару жүйесін модернизациялау жоспарына сәйкес сонымен қатар кәмелетке толмағандарға арналған тәртіптік колонияны Білім және ғылым министрлігінің құзырына беру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек ІІМ салалық құрылымдарындағы 450 басшы лауазымдарынан босатылады. Министрдің сөзіне сенсек, ведомстводағы әкімшілік шығындар азайтылып, жол полицейлері мен учаскелік полицей қызметкерлеріне өтемақы төлеу арқылы олардың тұрғын үй мәселелері шешіледі.

13 пен 18 жас аралығында босанатын әйелдердің 70%-да денсаулығында ақау бар

Мамандардың айтуынша, олардың көбі мерзімінде дәрігерлердің есебіне тұрмайды. "2018 жылы Астанадағы №3 перинаталдық орталықта 13-18 жас аралығындағы 34 әйел босанды. Олардың бәрі гинекологтарға өте кеш қаралған. Бұл дегеніміз жүктіліктің жоспарланбағанын көрсетеді. Әйелдердің 70%-ы экстрагенитальды дертке (бүйрек ауруы, зат алмасуының бұзылуы) шалдыққан",-дейді орталықтың бас дәрігері З.Хамидуллина.

"Ұстаздар мәртебесі" заң жобасын талқылау мақсатында WhatsApp желісі іске қосылды

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы ұстаздармен заң жобасын талқылау үшін 24 сағат бойы онлайн режимде жұмыс істейтін +7 747 919 38 51 нөмірінде WhatsApp желісін іске қосты және ұсыныстарды қабылдауды бастады. Заң жобасына қатысты ұсыныстарды сондай-ақ кәсіподақтың www.edu-tradeunion.kz ресми сайты мен proin.kz@mail.ru электронды поштасына жолдауға болады.

Құқықбұзушылық туралы түсіріп жолдаған қазақстандықтарға ІІМ айыппұлдың 40%-ы көлемінде сыйақы төлейді

Айыппұл қаражатының қалған 10%-ы осы жобаның мобильдік қосымшасын жасаған фирмаға, ал 50%-ы мемлекет қазынасына түседі. Министрлік шетелдердің тәжірибесіне сүйене отырып, құқықбұзушылықтарды тезірек анықтау үшін тұрғындармен кері байланыс орнату мақсатында жаңа жобаны іске қосады. ІІМ таратқан мәліметке сәйкес, елімізде халықтың 78%-да немесе 14,2 млн адамда ұялы телефон бар.

Жоғарғы сотта азаматтарды күн сайын қабылдайтын болды

Бұрын қабылдау айына бір рет өткізілетін. Департамент директоры Н.Шәріповтың айтуынша, азаматтарды қабылдайтын тұлғалардың құрамы кеңейтілген. Олардың ішінде жоғары сот төрағасынан бөлек, судьялар, сот алқасының төрағалары, сот төрағасының кеңесшілері де бар.

Бұдан былай судьялар азаматтарды күн сайын қабылдайды. Қабылдауға поштамен ғана емес, жоғары соттың сайты арқылы жазылуға болады. Электронды түрде берілген өтінім бойынша азаматтарды бес жұмыс күні ішінде қабылдау кестесіне енгізеді. Өтінімдерінің мәртебесін сот сайтының "Азаматтарды қабылдау" бөлімінен бақылауға мүмкіндік бар.

Алматы әуежайында екі күннен бері рейстер кешігіп жатыр

Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, рейстер ауа райының қолайсыздығынан кешігіп жатыр. Әуежай орналасқан ауданды тұман басуына байланысты рейстер кестесінде әлі де өзгерістер болуы мүмкін. Жолаушыларға рейстің уақытын алдын ала нақтылау үшін әуежайдың анықтама қызметінің 8 (727) 270-33-33 нөміріне хабарласуға болады.

Ақан Сатаев "Боксер" фильміндегі Серік Сәпиевтің рөліне кастинг жариялады

Режиссер қазір картинаның сценарийін жазып жатыр. Ал, фильмнің түсірілім жұмыстары 2019 жылдың жазына жоспарланыпты. Түсірілім бар-жоғы үш айдың ішінде аяқталады дейді А.Сатаев. Ал, 2019 жылдың тәуелсіздік күніне экрандардан көрсетіле бастайды.

С.Сәпиевтің рөлінде 4 әртіс ойнайтын болады – бала, бозбала, жасөспірім және спортшының жасындағы актер. Кастингке қатысу үшін өзіңіз туралы мәліметтерді casting_satai@mail.ru электронды поштасына жолдауға болады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Демалыс күндері ауа райы жылына бастайды. Орталық Азияға Жерорта теңізінің шығыс аудандарынан циклон жылжып келеді. Соған байланысты республиканың оңтүстік-шығысында күн жауын-шашынды болып, тұман түседі, көктайғақ болады. Сондай-ақ Қазақстанның батысында да жауын-шашын болады, негізінен, қар жауып, тұман түседі, көктайғақ болады, басқа өңірлерге қарағанда, ауа температурасы күрт төмендейді.

Baq.kz: Елімізге қай ел ең көп инвестиция құйған? ҚР Ұлттық банкінің дерегі бойынша, 2005 жылдан 2018 жылдың 1-ші жартыжылдығына дейін Қазақстанға 277 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылған. Биылғы жылдың 1-ші жартыжылдығында 12,3 млрд. доллар шетелдік инвестиция тартылды. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңіндегіден 15,4%-ға артық. ҚР ИДМ Инвестиция комитеті үздік 10 инвестор елдің тізімін жасады. Алғашқы үштікке Нидерланды, АҚШ және Швейцария кіріп отыр.

Серіктестер жаңалықтары