"Коллекторлық қызмет туралы" жаңа заң биыл екінші маусымда күшіне енді. Одан кейінгі алты айда коллекторлар тіркеліп болуы керек.
Байдан қарыз алма – малың кетеді
"Ханнан қарыз алма – басың кетеді, байдан қарыз алма – малың кетеді, досыңнан қарыз алма – берекең кетеді" деген екен көреген аталарымыз.
Бүгінгі "ханымыз" да, "байымыз" да – банк. Олардан несие алдыңыз ба, уақытында қайтаруыңыз керек. Белгілі бір себептермен қарызыңызды төлей алмасаңыз, алдымен банк қызметкерлері хабарласады. Көнбесеңіз, ісіңізбен коллекторлар айналысады.
Олар алдымен үздіксіз қоңырау шалады. Бір күні соттан мүлкіңіздің тәркіленгені туралы қағаз келеді. Дәл осы тұста көпшілік "сотталып кетемін бе, не істеуге болады?" деп басын қатырады. Коллекторлар заң жүзінде қызмет істесе солай. Істемесе ше?
"Қайтарамын" деп қарыз алады
Еліміз бойынша бес млн банкке берешек адам бар. Олардың бір миллионының несие төлемегеніне 90 күннен асып кеткен. Ақшамен көрсетер болсақ, 1,7 трлн теңге несиенің ай сайынғы төлемі қайтарылмай жатыр. Бұл – Ұлттық банктің анықтаған мәліметі. Әрине, тізімнің ішінде өзіңіз немесе туысыңыз, танысыңыз болуы әбден мүмкін.
Банк пен тұтынушы 90 күнде ортақ келісімге келмесе, жоғарыда айтқанымыздай, іс коллекторлық компанияға өтеді. Коллекторлар мен банк қайтарылған ақшаны өзара бөлісіп алады. Сол үшін коллекторлар мүдделі. Борышкерді іздей бастайды. Өздеріне тиесілі ақшаны алу үшін, тіпті, қорқытып, үркітіп, бопсалайды. Ал сіздің міндетіңіз – несиені өтеу.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 55 млн несие шарты жасалған. Қарыз иелерінің жауапкершілігін арттыру ұсынылды
"Қадағалау болмағандықтан коллекторлар ойындағысын істеді"
Әрине, бүгінге дейін қарызын төлемей жүргендер қанша болса, олардың себептері де сонша деуге болады. Бірі расымен жұмыссыз. Екіншісінің денсаулығы шын сыр берген, енді бірі келісім шартта көрсеткен ұялы телефон нөмірін лақтырып тастап, жалған мекен-жай туралы мәлімет беріп, қашып жүреді. Коллекторлар оған қарамайды. Оларға өз жұмысын істеуі керек, яғни қарызды қалайда төлеттіру керек.
Ұлттық Банктің Астана қаласы бойынша орталық филиалы директорының орынбасары Ғалымжан Әріпжанов бұрын нақты қадағалау болмағаннан кейін коллекторлар ойына келгенді жасағанын айтады.
"Дөрекі сөздермен борышкердің ар-намысына тиісіп, тіпті үйлерінен қуып шыққандығы туралы естіп жүрміз", – дейді ол.
Жақында күшіне енген "Коллектор туралы заң" енді осындай заңсыз іс-әрекеттерге тосқауыл қояды. Бірақ, бәрібір алған несиені төлеуіңіз керек. Одан оңай құтылмайсыз, қарызды еселеп қайтарасыз. Дегенмен, қарапайым тұтынушының өз құқығын білгені абзал, ол үшін Заңға тоқтала кетсек.
Заң коллекторлық компаниядан нені талап етіп отыр?
Біріншіден, коллекторлық қызметпен айналысуға ынталы кәсіпкер міндетті түрде шаруашылық серіктестігін құруы керек.
Екіншіден, бұрын коллекторлық қызметтің белгілері бар кәсіппен айналысып жүрген тұлға ары қарай қызметін жалғастырғысы келсе, жаңа заңның талабына сәйкес ескі атауын өзгертіп, әділет органдары арқылы қайта тіркеуден өтеді. Атауында "коллекторлық агенттік" деген сөз болуы шарт.
Үшіншіден, Ұлттық банктің аумақтық филиалдары арқылы есептік тіркеуден өтеді. Сайтта көрсетілген тізімге енген жағдайда ғана ресми түрде қызмет атқара алады.
Астанада жұмыс істеп жатқан коллекторлық компания көп. Ал тіркелгені біреу-ақ
Жаңа заң екінші маусым күні күшіне енген болатын. Содан кейін алты ай ішінде коллекторлық компаниялар Ұлттық Банкте есептік тіркеуден өтуі керек еді.
"2017 жылдың 12 қазандағы көрсеткішке назар аударар болсақ, республика бойынша 10-ы ғана тіркеліпті. Оның ішінде біреуі ғана Астана қаласында орналасқан. Демек, екінші желтоқсанға дейін есептік тіркеуден өтпеген компаниялар қызметін тоқтатуы керек", – дейді Ғалымжан Әріпжанов.
Астанада осы мақала шығарда тіркелген тек "Коллекторлық агенттік "Алмаз Kontact" ЖШС қана.
Тіркелмеген коллектор қызметінен бас тартуыңызға болады
Биылғы жылдың екінші желтоқсанынан кейін күніңіз коллекторлық компанияға қарап тұрса, оның тіркелген-тіркелмегенін анықтау оңай. Ол үшін мына сілтеме арқылы өтесіз де, рұқсаттар және хабарламаның ішінен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі коллекторлық агенттіктердің тізіміне кіресіз. Ол тізімнен табылмаса, компанияның қызметінен бас тартуыңызға болады. Бірақ екінші желтоқсаннан кейін ғана.
Коллектор артық мазаңызды алса, шағымдануға болады
Бұрын коллекторлар күн-түн демей, мазаны алып, қоңырау шала беретін. Енді жұмыс күндері 8.00 – 21.00 аралығында бір рет, ал аптасына үш рет жеке кездесуге құқы бар. Сонымен қатар, жұмыс күндері 8.00 – 21.00 аралығында үш рет қана телефон арқылы хабарласа алады.
Бұдан асып кеткен жағдайда, Ұлттық банкке коллектордың әрекетіне қатысты арыз-шағым жібере аласыз. Ал коллектор сіз туралы, туысыңыз туралы ақпаратты көпшілікке жария етсе, 300 айлық есептік көрсеткіш (2017 жылға белгіленген АЕК – 2269 теңге), яғни 680 мың теңге әкімшілік айыппұл төлейді. Ал егер қылмыстық әрекеттердің белгілері болса, 2000 АЕК, яғни 4,5 млн теңге айыппұл төлеуі немесе 2,5 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Картаңыз бұғатталса...
Банктер картаны түгелдей бұғаттай алмайды. Тек жалақының 50 пайызын ғана ұстап отыра алады. Коллекторлар да осы талаптар шегінен шығып кете алмайды.
Ескерерлік жәйт: жәрдемақы ретінде аударылатын ақшаны ұстауға тыйым салынған.
Тұрғын үйге қатысты ипотекалық қарыз коллекторларға өтпейді
"Ипотека" деген біз ойлағандай тек үйге қатысты емес. Тұрғын үйді ғана емес, кез-келген затты, көлікті, басқа да құрал-жабдықтарыңызды кепілдікке қойсаңыз да, бұл ипотекалық қарызға жатады. Ипотекалық қарыз 180 күннен асса ғана, коллекторлық компанияға өте алады.
Ал тұрғын үйге қатысты ипотекалық қарыз коллекторлық компанияларға өтпейді. Қатаң тыйым салынады. Онымен банк қызметкерлері тікелей айналысады.
Ісіңіз коллекторлық компаниядан сотқа өтсе, не болады?
Бұл сұраққа жауап бермес бұрын Жадыра есімді азаматшаның оқиғасын баяндасақ.
Ол 2006 жылы қайын атасы сырқаттанып қалған кезде, Шымкентте банктен 182 мың теңге несие алған. 20 мың теңгеден төрт ай төлеп тұрған. Одан кейін жұмысы тоқтап қалып, төлеуге мұршасы болмаған.
"Екі жылдан кейін банкке қарызымыз жөнінде хабарласқанымызда, біздің базада жоқ екенімізді айтты. Аз ақша болғандықтан, есептен шығарған екен ғой деп қуанып кеттік. Жұмыс бабымен Астана қаласына көшіп кеткенімізде, Шымкенттегі үйімізге сотқа шақыру қағазы келіпті. Уақыты өтіп кеткен кезде, көршіміз көрген екен.
Сөйтсек, біздің ісіміз коллекторлық компаниядан сотқа өткен екен. Коллекторлар бізді қорқытты, айтпаған сөздері қалмады. Айыппұл мен үстемені қосқанда қарызымыз 680 мыңға жетіпті. Сотпен байланысқа шыққанымызда, ыңғайыңа қарайды екен. Біздің бара алатын уақытымызға қарай, сот уақытын белгіледі. Жұмыссыз болғандықтан, төлей алмағандығымыз жөнінде сотқа арыз жаздық. Екі жыл төлемеген үстемелер мен айыппұл алынып, 356 мың теңге төлеу керектігіміз жөнінде сот шешімі шықты. Оның 126 мың теңгесін бірден төлеу керек екенімізді айтты. Айыппұл шығынына жалпы алғанда 9 мың теңге кетті", – дейді Жадыра.
Оның айтуынша, соттың шешімінде көрсетілген нақты соманы көрсетіп, коллекторлық компанияға барса да, олар "түбегейлі шешімді біз шығарамыз" депті.
"Жалынып жүріп, базаға енгіздік. Соның өзінде, коллектор кешкі 21:30-да қоңырау шалды.
"Келісілген қаржыны төлемейтін болсаңыз, басшымыз маған артатын болды" деп мазамызды алды. Әупірімдеп жүріп, мәселені шештік қой. Қазір ай сайын 20 мың теңге төлеп жүрміз. Маңдайымызға тиген соң, тұрақты төлеп тұруға тырысамыз", – дейді Жадыра.
Бұл оқиға туралы Ғалымжан Әріпжанов "Барлық коллекторлық компаниялар күшіне енген соттың шешіміне бағынады. Соттың шешімінің заңды күші бар. Орындалуы тиіс. Өзге де әрекеттерге жол берілмейді. Соттың шешіміне мойынсұнбай жатқан жағдай болса, сот орындаушыларына немесе құқық қорғау органдарына шағымдануға құқылы", – дейді.
Енді коллекторлар тайраңдап жүре алмайды
Қызметтен шығып қалған бұрынғы коллектордың өзімен бірге борышкерлер тізімін алып кетіп, өз бетімен қарызды қайтартып, қалтасына басқан жағдайлар болған екен. Енді оларға талап күшейтілді.
Коллектордың міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы шарт. Сотталмаған болуы керек. Психологиялық, неврологиялық, наркологиялық, туберкулездік диспансерлерде тіркеуде тұрған-тұрмағаны қатаң тексеріледі.
Мемлекеттік қызметтен, құқық қорғау органдарынан теріс себептермен шығарылған болса, тіпті бұрын бір коллекторлық компанияда жұмыс істеп, заңның талаптарын бұзған болса, басқа коллекторлық агенттікке жұмысқа орналаса алмайды.
Абайлаңыз! Жалған коллекторлық компанияларға алданып қалмаңыз
Аңқау борышкерді алдаушы алаяқтар да жетеді. Сондықтан "коллектормын" деген кез келгеннің қоңырауына да сенуге болмайды. Мамандардың айтуынша көпшілік мына жағдайларда сан соғып қалады екен:
Жасырын нөмірмен қоңырау соғылса;
Әлеуметтік желілердегі топтар арқылы хабарласса;
Коллектордың өзі есеп-шот ұсынып, сенімге кірген жағдайда;
Жоғарыда көрсетілген талаптардың бәрін мұқият оқып, таныссаңыз, заңды білсеңіз ғана өз құқығыңызды қорғай аласыз. Әрі жалған коллекторлық компанияларға алданып қалмайсыз.