Өйткені қазақтың төл дыбыстарын дәйекше (апостроф) арқылы таңбалау компьютер қолданғанда көп қиындық туғызады екен.

Жаңа әліпбиге сай біз енді кирилицада пайдаланған 42 әріптің орнына 32 таңбаны қолданамыз. Ал қазақ тілінің төл дыбыстары дәйекшемен белгіленеді. Бірақ дәл осы дәйекшенің енгізілуі IT мамандарын алаңдатып отыр. Олар әлемдік стандартқа сәйкес 26 әріп қалғаны жөн көреді.

"Рухани азаттыққа қол жеткіздік"

Қалай болғанда да латын әліпбиіне көшу – тарихи оқиға. Өткен ғасырдың 1929 жылмен 1940 жылдар аралығында қазақтар латын әрпін қолданған болатын. Осы мәселені басты назарға алған "Қазақ үні" газетінің президенті Қазыбек Иса латын әліпбиіне көшу арқылы қазақтар рухани азаттыққа қол жеткізіп отыр дейді.


Өткен ғасырда латын әрпімен шыққан газет / Фото e.history.kz

– Біз кеңес өкіметі күшпен енгізген кириллицаның бұғауынан 77 жылда әзер босап шықтық. Жаңа латын әліппиін қабылдау арқылы рухани бостандыққа қол жеткіздік. Мына соңғы нұсқа көңілге қонымды болғанымен, төл әріптерді үтірмен таңбалап отырғаны ұнамайды. Сондықтан түзету енгізу керек деп ойлаймын. Мен ұсынған жобада әріптің үстіне екі ноқат, үтір қойылар болса, компьютердің пернетақтасында да оқыла береді. Демек, бір әріпті апостроф арқылы белгілеудің қажеті жоқ.

Жобаның үш кемшілігі

Әліпбидің бірнеше нұсқасы халық талдауына берілгенмен, Қазыбек Исаның айтуынша, бірнеше кемшіліктері бар.

– Бұл жобадан мен үш кемшілік көріп отырмын. Біріншісі, буынға бөлінген кезде таңба жеке сөз болып бөлініп кетеді. Екіншіден, ғаламтордан бір нәрсе іздей қалсаңыз, дәйекшемен жазылған сөзді тауып бере алмайды. Үшіншіден, 42 әріптің орнына 32 әріп қолданғанымызбен, ықшамдалғанын тұрғам жоқ. Сондықтан 9 әріпті дәйекше арқылы беру дұрыс емес. Демек, апострофты жөндеу керек.

Қазіргі уақытта жастардың ұялы телефонда латын әліпбиін қолданатыны белгілі. Сондықтан сарапшылардың пікірінше, латынға көшу көп қиындық туғызбайды. Әрі латын әліпбиі – орыс тілді және қазақ тілді жастар арасындағы алшақтықты жояды деп отыр мамандар. Өйткені орыс мектебін бітірген балалалар қазақша жазғанда қиналса, қазақ мектебін аяқтаған балалар да дәл сол күйді басынан өткереді.

Латын әрпіне көшкен кезде тарихи, әдеби кітаптарды да аударуға тура келетіні көпшілікті алаңдатып отыр. Ол тек біршама уақытты алып қана қоймайды, қазынадан қомақты қаржыны шығарады. Ал Қазыбек Иса көп шығын шығармай, латынға көшуге болады дейді.

– Біз асыға күткен тарихи сәтке енді қол жеткізіп отырғанда, шығын шығармай, құрбандық шалмай толыққанды іске асыру мүмкін емес. Егер конвертер арқылы аударатын болса, көп шығын кетпейді. Тек қағазға төлесе жеткілікті.

Бекітілген жоба қолдануға ыңғайсыз

Латын әліпбиінің нұсқасын жасап, көпшілік талқысына шығарғанда барлық сарапшылар өз тараптарынан ұсыныс жасап, белсенділік танытты. Алайда А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты бекітілген әліпби жобасының дайындалуына да қатыспағанын алға тартады. Аталған институттың тіл мәдениеті бөлімінің басшысы Назира Әміржанова жобаны ұсынарда институт мамандары пікірлерінің ескерілмегеніне ренжиді.

– Бұл әліпби – шағын топтың нұсқасы. Меніңше, ең нашар жоба бекітілген. Апостроф мәселесіне келсек, қазақ тілінде екі дауысты дыбыс қатар келмейді. Бір сөзде бірнеше рет кездеседі. Сонда барлығына үтір қойып отыруға мәжбүрміз. Бұл әріптерді балалалар қалай үйренеді? Біз өз тарапымыздан әліпбидің бір жобасын дайындап ұсынған болатынбыз. Ол – Алтынбек Шәріпбаевтың нұсқасы. Өйткені әліпбиді бір жыл бойына тестілеуден өткіздік. Тез жазылуын, тез оқылуын қалдағаладық. Бір сөзбен айтқанда, математикалық формулаға сай жасалды. Жалпы әр ұлт өз тіліне лайықтап жазады. Және қолдағы қаламды тоқтатпай, үзбей жазу маңызды.


А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты ұсынған әліпби / Фото жеке мұраттан алынды

Біздің әліпбиді дайындаған кезде ұстанған өзіндік принціптеріміз бар. Яғни, бір әріп бір дыбысқа негізделген. Үтірді көп қолдану арқылы сөздің мағынасы бұзылады. 9 әріпті үтір арқылы белгілеуді біз ғана емес, IT мамандары да жақтырмай отыр.

Жарлықпен бекітілген қазақ тілі әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасында қазақ тіліне тән кейбір дыбыстар және тағы бірнеше әріп апостроф (дәйекше) арқылы белгілен.

"Жаңа әліпби компьютер тілінде іске аспайды"

BaiLatyn латын әліпбиінің авторы Арман Байқадам қазақ тілінің таңбасын 26 символикаға сыйдыру керек деп есептейді. Өйткені әлемнің көптеген елдері ағылшын тілін қолданғанмен, таңбалары 26-дан асып кеткендіктен, компьютер тілінде әліпбилері іске аспай отыр. Ол бұл мәселеде жапондарды мысалға келтірді. Оның айтуынша, жапондар ертеден иероглифті пайдаланғанымен, техника өндірісінде бірқатар елдерден артта қалып отыр дейді.

– Латын графикасын қолданбағанның кесірінен техника өндірісінде Жапон елі "Google", "Microsoft Corporation", "Apple" секілді алпауыт компанияларға жол беріп, көштен қалып қойды. Ал әлемдегі бүкіл сандық технология тек 26 әріпке негізделген.

Бір ғана әріпке бола кедергі көп туындайды

Арман Байқадам да дәйекшесі бар символдарды компьютер танымайды дейді. Ал өзі ұсынып отырған әліпбидің бірнеше артықшылықтары бар екенін атап өтті.

– Біріншіден, мемлекет экономикасына тиімділікті ескердік. Әріптерді таңбалауда филологиялық тұрғыдан бұрын кететін қаржылық шығын жағын көбірек ойластырдық. Мәселен, қазіргі тіл ғалымдары арасында "Қ" әрпін "Q" деп дыбыстайық деген ұсынысты қолдайтындар көп. Юникод деген бар, білсеңіздер. Егер біз бұлай өзгертетін болсақ, бүкіл халықаралық юникодтарымызды қайта жасауға тура келеді.

Айта кетейік, код жүйесінің үш түрі бар. Біріншісі, жылжымалы, екіншісі, жылжымайтын, үшінші жеке адамға бекітілген есепшоттар. Жылжымалы мүлік – автокөліктерге тоқталайық. БҰҰ Конвенциясында бекітілген кодымыздың бәрі – "KZ" немесе "KAZ".

Қазақстанда орта есеппен 5 миллион көлік бар десек, бюджеттен тек 65 миллиард теңгені мемлекеттік нөмір ауыстыруға жұмсайды екенбіз. Дәл осы сияқты банк жүйелеріндегі кодтарды ауыстыруға триллионға жуық қаржы жұмсалады.

Бұл бір ғана әріпке байланысты туатын кедергілер. Бұған сіз төлқұжаттағы "KZ" белгілерін қосыңыз. Олардың бәрін "QZ" деген белгіге ауыстыру үлкен шығынды талап етеді.

Біздің ғалымдардың арасында латынның "С" (си) әрпін "С" таңбасына жұмсайық дейтіндер бар. Біз мұны "К" әрпінің орнына таңбаладық. Неге дейсіз ғой? Дәл ағылшынның "C" әрпінен басталатын компания (company), компьютер (computer), конгресс (congress) сынды терминдері көп. Оларды біз өзіміздің "К" әрпіне түзеп отырмаймыз ғой.

Онда несіне латын әрпіне көштік деген сауал туындайды. Керек десеңіз, "С" (кирилмен оқылғанда "К") әрпінен басталатын 5 мың термин бар. Егер түрік ағайындар сияқты біз оны "К" әрпімен бұзсақ, ғылыми-техникалық ілгерілеуіміз қайда қалады? Осыны ойлануымыз қажет.

Қазақстанда латын әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшу жоспарланды

12 қазанда Астанада өткен баспасөз мәслихатында Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының директоры Ербол Тілешов пен Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбек 32 әріптен тұратын әліпби ұсынған.

Онда қазақ тіліне ғана тән кейбір дыбыстар апостроф (дәйекше) арқылы белгіленген. Мұның алдында комиссияның қазақ тілінің латын графикасында диаграфпен (қосарланған таңба) белгілейтін нұсқасы қатты сынға ұшырап, қабылданбай қалған болатын.

Енді Қазақстанда қабылданған латын әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшу жоспарланды. А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының берген ақпаратына сәйкес, бірінші, 2018-20 жылдар аралығында ғылыми-әдістемелік базаны дайындауды қолға алмақ.

Яғни, емле ережесін тізіп шығу, жер-су аттарын латынға көшіру, түсіндірме сөздігін және түрлі деңгейдегі оқулықтар дайындалады. Сонымен бірге халық арасында әліпбиді енгізу сынағы қатар жүргізіледі.

Бұл жұмыстарды іске асыру үшін үкіметтен арнайы орфографиялық, терминалогиялық, әдістемелік және IT технология мамандарынан төрт топ құрылған.

Ал, 2022 жылдан бастап, бастауыш мектеп оқушылары латын алфавитімен сауат ашады. 2025 жылға дейін барлық іс-қағаздар, оқулықтар, мерзімді баспасөз латын әліпбиіне көшеді деп жоспарланып отыр.

Бір ескере кететін жайт, 2018-20 жылдар аралығында әліпби енгізу сынақтан жақсы нәтижемен өтсе, бастауыш мектеп оқушылары латын әрпін үйренуді мерзімінен бұрын бастайды.