Партиялық тізім, 30% квота және саяси құлдық
Жобалар әлі заң болып бекітілмей жатып спикер Нұрлан Нығматулин оларды әйелдер мен жастардың саясатта жолын ашады және бүкіл саяси жүйені модернизациялауға серпін береді деп сипаттады. Заң жобаларын әзірлеген Әділет министрі Марат Бекетаев карантинге қарамай өзгерістерді талқылауға белсенді қатысқан кейбір Ұлттық кеңес мүшелері мен үкіметтік емес ұйым өкілдеріне алғыс айтты. Пленарлық отырысқа қатысқан 78 депутат дәстүр бойынша бірауыздан мақұлдап, екі заң жобасын Сенатқа жолдап тастады.
Кешеден бері билікшіл сарапшылар мен блогерлер екі "демократиялық өзгерісті" мақтап жатыр. Біріншісі – саяси партияларды тіркеу үшін мүшелер санын 40 мыңнан 20 мыңға төмендету. Бұл "өзгеріске" сөз арнаудың өзі обал. Сол себепті пікірсіз қалдырамын.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай, билікке сенім және доктор Фаучи
Екіншісі – саяси партиялардың депутат болудан үмітті адамдары тізімінде әйелдер мен жастардың үлесі 30 пайыз болуы тиіс. Бұл келесі жылдан бастап Мәжілістегі депутаттардың 30 пайызын 29 жасқа дейінгі азаматтар мен әйелдер құрайды деген сөз емес. Өйткені, 30 пайыздық квота партияларды Орталық сайлау комиссиясы сайлауалды тіркейтін кезде ғана қадағаланады және квотаны сайлаудан кейін мандат бөлуде ескеру-ескермеу – партияның өз еркінде. Сондай-ақ партия тізіміндегі 30 пайыздың 29-ы жастар, 1 пайызы әйелдер немесе керісінше бола ма, әлде он бес те он бес бола ма – оны партияның өзі шешеді.
Бұл екі өзгеріс саяси реформаның имитациясы ғана емес, Нұр Отанмен немесе Нұр Отанның спутник партияларымен байланыспай, саясатқа араласқысы келетін азаматтар үшін саяси құлдықты заң жүзінде бекіту. Не үшін саяси құлдық деп отырғанымды АҚШ-тың саяси тарихындағы "3/5 компромисі" арқылы түсіндіріп көрейін.
Оқи отырыңыз: Екіжүзділік пен эгоизм. Карантин кезінде қоғамда не байқадық?
1787 жылы АҚШ-та конституцияны қабылдар алдында солтүстік және оңтүстік штаттардың арасында федералдық өкіметке салық төлеуді және Қауымдар палатасындағы өкілдердің санын есептеу бойынша дау туады. Солтүстік штаттар еркін азаматтардың ғана санын есептеу әділ болады деген ұстанымда болады. Ал құл иеленуші оңтүстік штаттар құлдарды есептен сызып тастау дұрыс емес деп шығады.
Құлдарды есепке қосу оңтүстік штаттарға Қауымдар палатасына көбірек өз өкілдерін өткізу арқылы федералды өкімет деңгейінде саяси доминант болуға мүмкіндік берер еді. "Южандардың" ойын жақсы түсінген "северяниндер" онда салық төлейтін кезде де құлдарды есепке аламыз деп шығады. Біраз тартыстан кейін екіжақ келісімге келеді. Ол 3/5 компромиссі деп аталады. Яғни, 5 құлды 3 еркін адамға тең деп есептеуді қолға алады. Бұл компромисс АҚШ конституциясының 1-бабының 2-тармағындағы 3-пункт ретінде бекітіледі.
Оқи отырыңыз: Матаудан ойды азат қыл
АҚШ-та қара нәсілді азаматтар үшін саяси құлдықты бекіткен бұл тармақ 1868 жылы 14-толықтыру енгізілгенге дейін бір ғасырға жуық күшінде болды. 3/5 компромисі күшін жойғаннан кейін де саяси құлдықтың рахатын көріп үйреніп қалған оңтүстік штаттар жергілікті (штат) дейгейінде өз конституциясы арқылы қара нәсілді азаматтардың дауыс беру құқығын толық пайдалануға, саясатқа белсенді араласуына 1960 жылдары азаматтық қозғалысқа дейін кедергі келтіріп келеді. Осылайша 1787 жылғы 3/5 компромисі 179 жылға жуық уақыт бойы қара нәсілді азаматтарды заң арқылы саяси құлдықтың құрбаны етті. Оларды өз елінде екінші сортты азамат етті. 3/5 компромисінің арқасында оңтүстік штаттар бірнеше президент, сенат және қауымдар палатасына сайлау кезінде басымдыққа ие болды.
Біздің жағдайымызда 1787-1960 жылдары АҚШ-та саяси үстемдікке ие болған оңтүстік штаттардың рөлін Нұр Отан мен оның спутник партиялары ойнауы мүмкін. Яғни, Мәжіліс және мәслихат арқылы саясатқа араласқың келсе, Нұр Отанның праймеризіне қатысып, оның партиялық тізіміне өтіп, сайлаудан кейін қолыңа мандат тиетіндей "нұр" жауса ғана депутат боласың деген сөз. Ол "нұрдың" жаууына 30% квота ешқандай рөл ойнамауы да мүмкін. Нұр Отанмен байланысқың келмесе, билікшіл Ақжол мен КНПК-ны немесе алдағы парламент сайлауында депутаттық мандаттан дәмелі "Ауыл" партиясын жағалауың керек. Басқа амал да, таңдау да жоқ.
Оқи отырыңыз: Еуразиялық экономикалық одақ кімнің мүддесін қорғайды?
Сондықтан Қазақстан азаматтары үшін саяси құлдықты орнатқан пропорционалды сайлау жүйесін мажоритарлық жүйеге алмастырмайтын "өзгерістердің" көк тиынға керегі жоқ. Қазақстан азаматтары үшін бар керегі – олардың ҚР Конституциясының 33-бабының 2-тармағында жазылған құқығын пайдалануға билік абсурд реформалар арқылы кедергі жасамаса болды. Яғни, билік азаматтардың сайлау және сайлану туралы конституциялық құқығын аяққа таптамаса болды. Мажоритарлық жүйе арқылы азаматтар өз өкілдерін мәслихаттар пен парламентке сайлап алады және олардан жауапкершілікті тікелей талап ететін болады. Билік өкілдерінен азаматтық қоғам көп нәрсе сұрап отырған жоқ. Олар тек ашық әрі әділ сайлау өткізіп берсе, соның өзі демократияға қарай жүруімізге біршама оң әсер етер еді.
Ал қазіргі саяси режимнің "реформаторлары" сайлау және партиялар туралы заңға күлкілі өзгерістер енгізуден ары аса алмайды. Өйткені олар саяси бәсеке мен ашық сайлаудан өлердей қорқады.
PS. "Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар."(ҚР Конституциясының 33-бабының 2-тармағы).
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.