"Әлгі бала ерте түсіріп кеткені несі?!"

Автобустан екі қолына екі себет көтере түскен әжей, жолына кезіккен әйелден наркодиспансерге жетпей түсіп қалғанын естігенде, әлі құрып әлсірей отыра кетті. Күйінген дауыстың астарында аялдамадан ерте түсіп қалғаны емес – тауқыметі таусылмаған өмірден түңілу бар.

Әлсіреген қолынан түсіп кеткен себеттен алма, қияры домалай қашты. Тұсынан өте берген әйел, шашылғандарды тездете себетке жинап: "Апа, шамаңызға қарамай сонша жемісті салып алыпсыз. Сізден басқа таситын адам жоқ па?" – деген сұрағына жол жиегінде отырған әжей: "Бар болса өстіп тасынар ма едім... Жоқ болған соң жүрмін ғой!" – дей еңіреп салды.

Тосын жайтқа тосылған әйел әжейді сүйемелдей: "Баратын адресіңізді айтыңызшы, таксиге салып, ақшасын төлеп берейін?" – деп, қолтығынан демеді. Қиналғанда адамға қанат бітіретін бір уыс мейірім алмайтын қамал болмаса керек.

Қиналғанда естіген мейірімнен жүрегі елжіреген әжей: "Нашақорлар жататын жер. Немереме баруым керек..." – деп, көз жасын жаулығының ұшымен сүртті. Кәрілікке тауқымет қосылып, қарияны діңкелеткені көрініп-ақ тұр. Сылым етсіз кәрі сүйек, әлсіреген аяғын әрең бастыратындай.

"Немереңіз наркодиспансерде істейтін ба еді? Мына күннің ыстығында?" – деген сөзді естіген әжей, солқылдай жылап: "Жұмыс істесе Құдайға құрбандық шалар едім ғой. Кереуетке таңылып, қор боп жатыр!" – деді аһ ұра. Естіген жауабына ыңғайсызданған әйел, дереу таксиге қол көтерді.

14 жастағы қыршыным

"Шұнақ Құдайдың маған сақтаған азабы көп екен. Немеремнің әке-шешесі Ресейде, сауданың соңында жүр. Ақшаға қызығып, елге келуді қойды. Екі немеремді бағып мен қалдым. Осы баланы қастарыңнан тастама деп қақсадым. Құлақ аспады. Ақыры міне...

Менде қайбір күш қалды дейсің. Тыңдамайды. Көшедегі бұзықтарға қосылып, 14 жасынан нашаның қорлығын кешіп жатыр. Отыра қалып осы күйікті көрсетіп, әлі күнге алмай жүрген Құдайды қарғаймын. Басқа қолымнан не келсін! "Әже, өлгім келеді" дейді сорлы балам?!"

Арысын тыңдауға жүйкесі жетпеген әйел такси тоқтатып, әжейді межелі жеріне жеткізуін өтініп, ақшасын төледі. Ұзап бара жатқан таксиден әжейдің күңіренген дауысы келгендей құлағын басты.

Біздің де көз алдымызда ащы жасы боталаған әжей кетпей тұрып қалды.

Ушыққан көрсеткіш

Ұлт жойылуы үшін ядролық бомба тастаудың қажеті болмай қалғандай. Есірткі бәлесі жастарымыздың бойына дабырасыз мысқалдап бойлап, тамырымызға балта шауып жатқаннан асқан қасырет бар ма?

Ең қатерлісі, 12-14 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында нашақорлық күрт өскен. Ертеректе бұқаралық ақпарат құралдарынан: "Еліміздегі ең жас нашақордың жасы 7-де" дегенді оқығанда, тұлабойым түршіккен. Сол жерде сол жылы 15-17 жас аралығындағы нашақор жасөспірімдер санының бір жылда 1068-ден 3201 адамға жеткенін жазыпты.

Бұл, нақтылы тіркелгендер санатынан алынған ақпар. Ал, тіркелмегендер саны қаншама екенін ойлаудың өзі қорқынышты. "Ауруын жасырған – өледі" демекші, баласының нашақорлығын ағайын-тумадан, жолдас-жорадан жасырып, зар илеп жүрген ата-ана қаншама.

Оған, ата-анасына сездіртпей есірткі жолына түскендерді қосыңыз. Үрейлі сан дөңгеленіп шыға келеді. Республикамыздағы адамдар саны 20 миллионға толық жетпей отырып, 7 жасар бүлдіршініміз нашақорлыққа салынса, ұлт болашағына үміт қалды ма?

Дүние есірткі салған ойранмен дөңгеленуде. Бір біздің мемлекет емес, әлем есірткіден есінен танып жатыр. Табиғи еліртпелерді былай қойып, кокаин, героин секілді химиялық жолмен жасалатын есірткі түрін қолданған жастардың ғұмыры қысқарып, баудай орылып жатыр. Жойқын апаттың қатерлісі осы боп тұр.

Сүлеймен патша: "Еліктегіш, мейірімсіз кейінгі жастардан қорқамын..." деп болашаққа алаңдағаны, араға сан ғасырлар салып шындыққа айналарын білді ме екен? Тыйым салынғанға құмарту Адам Ата мен Хауа Ана жаратылысынан басталғанын көлденең тарту тиімді болар. Бірақ, осыдан небәрі жиырма-отыз жыл бұрын ересектердің уысынан шықпай, қисық жолдан тайсалған жастар, неге шылбыр үзіп кетіп жатыр?

Тиым салған сайын өршігеді

Құмарлықтың жолына ата-анасын, отбасын құрбан еткендер саны қаншама. "Адам азды ма, әлде, қоғам азды ма?" деп жанайқайдан туындайтын сұрақ – Шекспирдің Гамлетіндегі "Быть, или, не быть?" деген әлемдік сұрағын басып озды.

Бір қарағанға бүгінгі заманауи жеңілдетілген өмір сүру салты – кешегімнен әлдеқайда озғын. Жақсы өзгерісті көре білсек, артықтық етпес. Қол жеткізіп жатқан жақсымыз да жеткілікті. Өкініштісі, тіршілік қалыбы ыңғайлы, тиімді шешіліген сайын адамдарда бейтараптық басым түсіп жатқаны болмаса.

Жәйсіз қаракет туындай қалса, мектепке итере салуды әдетке айналдырдық. Сонда, ата-ананың жауапкершілігі қайда қалды?! Мәселен, мектеп жасындағы жасөспірімдер үш ай жазғы демалысында көше тентіреп кететіні жасырын емес.

Бүгінгі ата-ана, баланың бос жүрмеуін дер кезінде ұйымдастырмаса, тентіреп жүріп қалтарыстағы қақпанға өзі барып түсіп жатқан жасөспірімдер саны жеткілікті. "Қарамаса – қатын, бақпаса – мал кетеді" мақалына – "тәрбиелемесе – бала кетедіні" қосатын уақыт туғандай.

Тіптен, сонау кеңес заманындағыдай мектеп оқушыларын мақта, картошка, жүзім терімге апарып жатқан жоқ. "Тек, оқысын" – деген қамқорлық. Бұған "бос сөз" деп қарасақ, әлеуметтік теңсіздік өз дегенін орындатып жатыр.

"Аш бала – тоқ баламен ойнамайды" десек те, күнкөрістің соңында жүріп, өмірге әкелген бала тағдыры алдындағы жауапкершілікті ата-ана мойнынан ешкім алып тастаған жоқ. Жауапсыздықтың ақыры қасыретке тірерін ойламайтындардың көбеюі бармақ шайнатады.

Қараусыз қалған баланы торуылдайтын шырмауық көп. Жауапқа ең алдымен "Асырап жүрмін" сөзін көлденең тартып, бала тәрбиесін қажыры қайтқан қарияларға итеріп тастап кететін әке-шешелерді тарту керек.

"Заман бұзылды" деген ақталма сөзді қоғамға итере салмай, бала тәрбиесіне бейтарап қарайтын әке-шешелердің кесірінен жасөспірімдердің жұлынын қиып жатқан шындықты мойындап, шара қолдану жағын қарастырар кез келді деп ойлаймын.

"Біздің бала кезімізде..." деуді бүгінгі күнмен салыстыруға мүлдем болмайды. Себебі, жаһандаудың ең алапат жалмауызы – әлеуметтік желі, қолындағы бір тұтам телефонға сиып кеткен заманның баласы, сиқыры қаумалаған көзарбаудан қорғансыз. Сорақысы – қорғау мүмкін емес.

Кекшіл ұрпақ

Ең арысы бесіктегі бала жыламау үшін қолына телефон ұстата салу әдетке енген кезеңнің ұрпағы қандай болмақ?! Уақытша уанғанына қуанамыз-ау, өкіндірері соңында екенін ескермегеніміз болмаса.

Әлеуметтік деңгейі төмен отбасының баласы кекшіл боп бара жатқанын психолог мамандар дабыл қаға айтып жатыр. Естір құлаққа ауыр. "Жалғыздың жаны құдайда" дегенді естіп өстік. Ол – кешегі күн. Көпбалалы отбасының баласы мейірімді болуы табиғи заңдылық боп сияқты көрінуі әбден мүмкін.

Мектеп жасындағы баланың ата-анадан талабы күшейді. Өйткені, қасында жүрген достарындай киінгісі, көлік мінгісі, қымбат телефон ұстағысы келеді. "Мүмкін еместігіне" көзі жеткенде, мүмкіндікке қолын жеткізбеген әке-шешесіне кектенеді. Өшігеді. Өш алуға кіріседі.

12-14 жас арасындағы есірткіге ұрынған жасөспірімдер саны күрт өсуіне өтпелі кезең мен әлеуметтік жетіспеушіліктің дөп келуі басты себеп. Емделеді деп сену қиын. Өйткені, алпыс екі тамырды бойлаған есірткіден құтылу оңай емес. Індеттін алдын алсақ қана жеткіншегімізді есірткі деген жалмауыздан аман алып қалуымыз мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.