Қалауын тапса...
Жас күнімізде әке-шешеміздің айтқанын бірде тыңдап, бірде тыңдамай, қаншамасын құлақтан асырып жібердік десеңізші?! Кезінде олардың айтқаны мен жасаған қарапайым қарекеттерінің өмір жолыңда қажеттігін, алдыңнан шығатынын ойладық па?
Кейін күйбең тірлікпен бетпе-бет келгенде, марқұм әкемнің сөз арасында айтқандарын жиі еске алатын болдым. Кейбір, елеусіз қалып жатқан қарапайым жайттар "сумаң етіп" алдымнан күрделі мәселе боп шыға келгенде: "Е... Әкем марқұм осыны айтқан екен ғой" деп күрсініп аламын.
Әкем бұтақ болсын, кесінді ағаш болсын, көшеде көденең жатқанды ерінбестен еңкейіп алып, үйге әкелетін. Мұнтаздай кәстөмін ағаштың шаңына былғағанына, сонау жерден ел көзіне түсіп арқалағанына, өзімше шамданып қалатынмын.
Оныма әкем пысқырып та қарамайтын. Керісінше: "Қалқам, қыс шанаңды – жаз сайла..." дегенді қазақ текке айтпаған. Біріншіден – қыста отын. Екіншіден – бір бұрам зат қажетсіз жатпауы керек. Обал болады" дейтін. Қысқа дайындықты қай кезден бастайды десеңізші? Ел-жұрт оңтүстіктің шіліңгір шілдесінде демала алмай тұншығып жатса, менің әкем қыстық көмірін түсіріп жататын. "Ерте алсаң арзанға түседі..." Қарапайым үнемділік. Көз алдымызда көрсетілген өнегені елемейтініміз өкінішті?!
Бүгінде құбырлармен келіп жатқан көгілдір отты күнделікті қолданамыз. Қалыптылыққа айналғаны сонша, "өмір-бақи тезек термеген, от жақпағандай" тіршілік өмірімізге етене еніп үлгерді. Көне ауыз әдебиетінде "Пәленше деген би ұлына қалыңдық іздеп келе жатса, алдынан тезек терген өрімдей қыз шығыпты..." дегенді, келесі ғасырдың ұрпағы естіп, оқымайтын да болар. Өйткені, көгілдір оттан өзге "от көзі" болуы мүмкін екенін көз алдына елестете алмайтын ғасырға көштік қой?!
"Тоқ бала аш болам деп ойламайды..." демекші, көбіне санамыз қабылдай алмай жататын жайттар баршылық. Мәселен, қарапайым – отын. Өкінішке қарай, өз басым үшін сөз қозғардай, тілге тиек етердей мәселе.
Үшінші мегаполиске айналған Шымкент қаласының іргесіндегі Қайнарбұлақ саяжайына газ құбыры жүргізілмеген. "Айта-айта Алтайды..." демекші, тұрғындар арыздана-арыздана сілелеп, тоқтаса керек. "Ғайыптан-тайып", сол саяжайдан үй салдым. Көптеген қордалы мәселеге қоса тап болдым. Су мен жарықтың барына шүкіршілік етумен тіршілік еткен қарапайым халықтың қақ ортасына сүңгіп кеттім десем болады.
Қылышын сүйрете келетін қыста үйіңді жылытатын отын дайындаудың әлегі жайлы айтпақпын. Әр түп ағашты экологтардың келісімінсіз кесуге болмайтын заңның шыққаны бір дестен дұрыс. Сұлулығы мен саясы сайлы табиғатты қорғау – адамзаттың қайыра айтар рақметі болуы тиіс. Бірақ... Отынға қажетті қураған ағаш таппай қиналатының тағы бар. Ол жағына келгенде, қуарған ағашты сатудың көзін тапқандарға күнің түседі екен.
Тезектің де заманына қарай түрленген түрлері болатынын, Түркібас еліне келін боп түскенде білгенмін. Малдың тезегіне көмірден қалған ұнтақты қосып кептірсе, қысты күні таптырмайтын отын болады.
Жақсының жағымсыздау жағы – бүгінде, көгілдір отқа кенелген ауданның адамдары "көмір тезекті" дайындауды ұмытыпты. Газбен қамтылмаған елді мекендерге керек-ақ отынды ақшаңа таппайсың.
Әлқисса... Қураған ағашты таптым, енді кестіру керек. Заманауи өмір сүрудің бір тиімді жері – қажетіңді қас-қағымда тауып беретін "жарнама бұрыштары" бар. Аялдамадағы электр бағанасында жалбырап ілініп тұратын жарнамалардың арасынан ағаш кесетін адамның телефон нөмірін көргенде шешем ұл тапқандай қуандым.
Көп жасағыр, бензоарасын алып, келе қойды. Шыны керек, "машинаға тиеп әкелетін болар" деп күткенмін ғой. Белсебетінің арқасындағы кішкене орындыққа таңып алыпты. Өзге ұлттың жігіті екен. Саясатпен, биік мінберлерде айтылып жатқан пафостармен жұмысы жоқ. Қоғамдағы біздер қырықпышақ боп жатқан мәселелерге басын қатырмайды. Оны ойламайтынына шәгім жоқ. Келіп, ағашыма қарап, құнын айтты – 3000 теңге. Келістім. Өйткені, күн жаумай ағашымды панаға тасып алуым керек.
Асықпай, қытай сөмкесін ашып, ішінен бірнеше бөлшектерді алып шықты. Алып жүруге ыңғайлы болсын деп, бөлшектеп салып алады екен. Бабымен құрады. Құтысынан небәрі жарты литрдей бензинді араға құйды. Нән ағашты қас-қағым сәтте бөлшектеп тастады. "Көбік уәдеге тұншыққан қоғаммен" ісі жоқ жігітпен есеп айрысып тұрғанда, телефоны шырылдады. Мен секілді ағашын кестірісі келген тұтынушы екен. Мекен-жайын сұрастыра салып, бензоарасын тиеп, келесі тұтынушыға қарай заулай жөнелді.
Иә, білімге ден қоямыз. "Білімді – мыңды жығадыны" ұрпағымызға өсиетке айналдырдық. Ұрпағымыз білімді болуы тиіс. Шет елге баламызды оқуға жібереміз. Үйінде студенті жоқ отбасы кемде-кем болар. Диплом алғаннан соң ше? Көбісі жұмыссыздар армиясының қатарын көбейтіп шығады. Алған біліміңе лайық жұмыс іздеумен айларды, жылдарды артқа салып, сенделеміз. Білімін жүзеге асыра алмаған қаншама жастар басқа елге кетіп, нан табуға мәжбүр боп жатқандары өз алдына күрделі мәселе.
Айтпағым – елеусіз мамандыққа бас қатырғымыз келмейтіні. Шындап қарасаң, еңбекақыға қарық боп жатқандар сол – елеусіз мамандықты игергендер. Шаштаразың – академиктен үш-төрт есе көп ақшаны айына табады. Әсіресе, аптаның жеті күні тоймен басталып, тоймен аяқталатын оңтүстік өңірінің шаштараздары мен сән салонының қызметкерлерінің күндік табысын қоқайып жүрген біздердің жалақымызбен салыстырудың өзі ұят.
Ұлтқа, мемлекетке шаш етектен пайда түсіретін ғалымдардың, өнер иелерінің жалақысын айтсаң, жылағың келеді. Бірі – өзіммін. Қалам ұстап, еңбектенгеннен басқаның қолымнан келмейтінін мойындамасқа амал жоқ. Мамандығыңа жанамалата қарапайым жұмыспен де нан табуды кезінде ойланбай, енді кеп кешігіп, өзгені жалдап жатырмыз.
Біз, биікке самғаймыз. Қуанамын. Лайым солай болғай. Бірақ, етекте елеусіз жатқан нанды көрмейміз. Төменге түсу көп жағдайда қолымыздан келмейді. Келген күнде, арланамыз. "Есектің артын жу да – ақша тап"-ты мойындамаймыз келмейді. Әлде, көзін таппай жүрміз бе? Ол да мүмкін.
Қарап тұрғанша деп, асықпай ағаш кесіп жатқанда тілдесіп үлгерген едім. Мамандығы – мұғалім екен. Қағаз нөпірінен бас алмай қалып, әбден ығыры шығыпты. "Сонша қағазбен арпалысқанда табатын жалақым мардымсыз" дейді. "Басқа тартса – аяққа жетпеген" күнкөрістен шаршайды. Ойлана келе, жалақысына бензоара сатып алады. Алғашқы пайдасы түскен сәттен-ақ, жарты ставкаға ауысып, жеке уақытын көбейтеді. Бүгінде тапсырыспен ағаш кесуге ден қойыпты. Күніне 10 000-нан аса ақша табады екен.
Былай қарасаң, түкке тұрмайтын бензоарамен ағаш кесуші аттылыға сәлем берместей ақша тауып жүр. Айтуынша, күніне бірнеше тапсырыс алады екен. Егерде, мен тұратын елді мекенде 55 000 отбасы тұратынын ескерсек, байлыққа белшеден батып шыға келеді. Тіршілік болған соң, кесетін ағаштың түрлері де жеткілікті. Кесудің құны көлеміне қарай құбылып тұратынын айтып жатудың қажеті болмас.
Ағаш кесуші жігіттің асықпай, аптықпай, жан қинамай, бас ауыртпай мал тапқанына қызықтым. Ешкімге тәуелді емес. "Біз мұндаймыз!.." деген құрғақ мақтанға пысқырып та қарамайды. Өз арбасын сүйреп, жалтақтамай күн көріп жүр. "Іріге" өзеуремей, "майда"-мен нанын тапқанына қалай риза болмасқа?!
Бізде тұрып жатқан өзге ұлттың адамдарының "жоқтан – бар" жасайтындарына риза боласың. Ерінбейді. Жалықпайды. "Ақысы аз" деместен, қолына іліккенін қағып түсіп жатады. Азға жерінбейді. Көпке көкірек ұрмайды. Барымен базар деп, бергеніңе риза боп, кетіп бара жатқандары.
Күйбең тіршілікте қара жұмысты қазақ жігіттерінің істемейтініне көзің жетіп, пәленбай ақыға өзге ұлттың адамын жалдайсың. Ақшасына жетіп келеді. Ақысына орай алған жұмысын мұнтаздай ғып орындап кетеді.
Ауылдық жерде "тепсе,темір үзетін" қазақ жігіттерінің жұмыс таппай жүргендері жасырын емес. Елеусіз еңбекті менсінбейді. "Пәленше ағаш кесіп жүр екен..." деген сөзден қорланады. Нанын адалымен табудың орнына, ата-анасының зейнетақысына көз сүзеді, қорланбайды. Елеусіз еңбекті еміп-ақ ақша табуды қашан үйренеміз?
"Тырнақ астынан кір іздеп" шапқылағанша, сол жерден ақша табудың жолдарын ойлап, "қалауын тапса, қар жанатынын" ескерсек, құба-құп болар еді-ау, ә?..
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.