Түркіменнің басына туған күн...
Сондағысы талаптылар әдетте күштілерге қарап бой түзейді, қайтсе де солардан асып түсуге ұмтылып жүріп, дамиды. Керісінше еріншектер мен ақылы шолақтар әлсіз-мүсәпірдің қасында жағдайының тәуір екендігінемасаттанып, түбі тақырға отырады. Арып-ашыдым десең, қайыршыға қара иә молаларды арала деуші шенділердің кеңесінен әрі аспаған күйі қалады.
Аталған әдісті қолданар болса, мемлекет деңгейінде де Қазақтың жағдайы онша мүшкіл көрінбеуі ықтимал. Бұған әдетте билікке тәуелді сарапшылар мен зиялылар әуес келеді. Мәселен, Африканың ең кедей мемлекеттері қасында Қазақстан экономикасы едәуір ілгері не болмаса Украинаның маңында әлде-қайда тұрақты деп жүреді. Қысқасы, жетісіп тұрмасақ та, басқалардан тәуір екенбіз-ау деген азғын ұғым үстемдік құрған заман.
Мейлі, ұсынылған ойын ережелерін біз де ұстанып көрелік. Айналып келгенде жақсыдан жақсыға үйреніп, жаманның жаманынан неге жиренбеске? Соңғылардың арасынан мысалға, Түркіменстанды алайық. Оның үстіне Ресей пропагандасының сесінен, цензура құрсауындағы отандық БАҚ-тардың қауқарсыздығы кесірінен Түркіменстан, жалпы Орталық Азиядағы ең жақын да тағдырлас көршілеріміз туралы білеріміз шамалы.
Сонымен, 1991 жылы тәуелсіздік алысымен Каспий жағалауы мен Қарақұм шөлейтін басып жатқан Түркімен елі дербестікке аяқ басты. Саяси тұрғыдан Ресей мен Қытай сияқты алып империялардан шалғай жатқаны ыңғайлы алғышарттар қалыптастырды. Ал, елдің табиғи байлықтары, әсіресе көлемі бойынша дүниедегі үшінші болып саналатын газ қорына иелік етуі Түркіменнің экономикалық өрлеуіне тамаша негіз болды. Мойындау керек, бұрынғы КСРО-ның қолшоқпары, коммунистік партияның өкілі болса да, тұңғыш президент Сапармұрад Ниязов аталған артықшылықтарды билігінің алғашқы жылдары оңтайлы пайдалана білді.
Геосаясатта Ресей, Қытаймен қатар Иран, түркітелдес әлем, АҚШ және Еуропа Одағы мүшелерімен игі қарым-қатынас құрылды. ТМД кеңістігінде Түркіменстан алғаш бейтараптық, яғни кез-келген әскери блокқа енбеу қағидатын ұстана бастады. Сонымен қатар жүре-бара сырт әлеммен байланыстарды мейлінше шектеп, өз ішінде тұйықталу бағытына басымдық берілді. Оның көріністері ретінде көрші мемлкеттермен арада визалық қатынау жүйесін құрды, Түркімен азаматтарының шетелге шығуына көпшілік жағдайда тыйым салуын атауға болады.
Экономика саласында да әжептәуір жетістіктер байқалды. Жаңа технологияларға негізделген өндірістер, мұнай мен газ өңдеу, мақта-мата фабрикалары бой көтерді. Экспорттық құбырлар іске қосылып, ауыл шаруашылық қарқынды дамыды. Ел астанасы Ашхабад, басқа да қалалар санаулы жылдар ішінде гүлденіп шыға келді. Асылы, қазынаға түскен байлықтарды Ниязов өз қалтасына салмады, басқаларға да ұрлатпады. Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларын мемлекеттік бақылауда сақтады, шетелге қарыздық бодандыққа түсуге жол бермеді.
Есесіне бес миллион халқы бар ел әлеуметтік қамсыздандыру бойынша ТМД-да болмаған табыстарға жетті. Атап айтқанда, газ, су, электр қуаты, қоғамдық көлікте жүру тегін, жеңіл көлігі бар азаматтарға айына 120 литр, жүк көлігі не автобус/микроавтобус иелеріне 200 литр бензин тегін үлестірілді. Оның өзінде АИ-95 маркасының литрі 30 теңге болды. Тұрғын үй алуға берілетін несиенің жылдық үстемесі 1 пайызды құрады және оның жартысын мемлекет төледі.
Алайда, осындай жеңілдіктер мен игіліктердің арғы жағында көптеген келеңсіз жәйттер етек жайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары демократиялық ұрандардан бастаған Сапармұрад Ниязов авторитарлы билік жүйесіне көшті. Азаматтардың бостандықтары түгелдей шектелді. Оппозиция, тәуелсіз баспасөз, Интернет бұғатталды. Бұнымен қатар Түркімен дәстүріне жат деген желеумен елде опера театры, балет, цирк секілді мәдениет ошақтары жабылды. Жасы келген ата-анасын асырау балаларының міндеті дегенді алға тартып, зейнетақы төлемдері тоқтатылды. Орта білім беру мерзімі он сыныптан сегіз сыныпқа, жоғары білім алу мерзімі бес жылдан екі жылға шейін қысқартылды. Кітапханалар жабылды. Физика, Химия, Дүниежүзі тарихы сынды пәндер оқу бағдарламасынан алынып тасталып оның орнына Ниязовтың "Рухнама" атты кітабына (кейініректе бұған қазіргі президент Гұрбанғұлы Бердімұхамедовтың 30-дан астам кітабы қосылды) басымдық берілді. Жас ұрпақ неғұрлым мешеу, ілім-білімен жұрдай боп өссе, ертең оларды басқарып, айтқанына көндіру соғұрлым оңай екенін ескерсе бұның өзі кездейсоқтық емес.
Десе де ТМД кеңістігін ғана емес, бүкіл әлемді жаға ұстатқан үрдіс – Түркіменстанның жеке басқа табыну жолына түскені. Бірте-бірте бұл көрсеткіш бойынша Ниязов құрған басқару жүйесі Солтүстік Кореяның Орталық Азиядағы егізіне айналды. Президенттің азан шақырып қойған атын ысырып тастап, ресми түрде ол Түркіменбашы (Түркіменбасы) атала бастады. Әп-сәтте Ашхабадтан кейінгі елдің екінші ірі қаласы Красноводск, Айрыбаба Койтендаг есіміндегі елдің ең биік шыңы, көптеген көше, алаң, саябақтар күнкөсемнің құрметіне Түркіменбашы болып өзгертілді.
Қыруар қаржыға жер-жерде тұңғыш президентті ұлықтаушы ескерткіштер орнатылды. Кейбірі алтынмен жалатылған олардың ұзын саны он төрт мыңнан асты. Ниязовтың туған күні 19 ақпан ең ұлық мейрам – Ұлттық байрақ күні ретнде тойлана бастады. Маңызы бойынша келесі мереке 12 қыркүйек – Түркіменбашының кітабы – "Ұлы Рухнама" күні болып бекітілді. Қайтадан ұлттық құндылықтарды асқақтату сылтауымен жылдағы он екі айдың атаулары өзгертілді. Осылайша жылдың басы Қаңтар айы Түркіменбашы, көктемнің басы Сәуір – Ниязовтың анасының есімімен аталды. Оның өзі аздық еткен болар, Түркіменстанда 2003 жыл Ниязовтың анасы Ғұрбансұлтан әже жылы, 2004 жыл оның әкесі Атамұрат Ниязов жылы ретінде жарияланды.
Бұлай жалғаса берсе, жеке басқа табынудағы бейберекет асыра сілтеушіліктің неге әкеп соғарын қайдам. Бірақ, Конституция бойынша өмірбақилық президент болып заңдастырылған Сапармұрад Ниязов 2006 жылдың соңында кенеттен бақилыққа аттанды. Өзін қаншама ұлы әрі мәңгілік санаса да пенде пенде болып қалады ғой. Түркіменбашының өлімі елдің ішінде де, сырт бақылаушыларға да тосын жаңалық болды. Кейбір мәліметтерге сүйенсе, ресейлік алып – "Газпром" компаниясымен келіссөздерде Ресейдің дегеніне көнбеген Ниязовқа у беріліп қастандық жасалуы және оның артында Мәскеу тұруы мүмкін. Сондықтан болар Түркіменнің қазіргі президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов сусын не тамақ ішкенде асқан қырағылық танытады екен. Жақында ғана оның Германия канцлері Меркельмен кездесуі барысында неміс тарапы ұсынған судан бас тартып көмекшісі берген стақаннан ішкен сәті Интернеттің хитіне айналды.
Қалай болғанда да Түркіменстанның тарихында жаңа кезең басталуы керек еді. Ұзақ жылдарғы құлдықтан босап, түркімен қоғамы жаңаша азат өмірге аяқ басады деп күтілді. Әсіресе үлкен үміт демократиялық бағытқа жақын парламент төрағасы Оуызгелді Атаевқа артылған болатын. Конституция бойынша дәл осы Атаев алдағы президенттік сайлауларға дейін мемлекет басшысының міндетін атқарушы болу керек еді. Алайда, тиісті шешім қабылданар күні жалған айып бойынша ол тұтқынға алынып, Қауіпсіздік кеңесі оның орнына бұған дейін вице-премьер, денсаулық сақтау министрі болған Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовты мақұлдады. Заң тілімен айтқанда жабық есік жағдайындағы кәдімгі мемлекеттік төңкеріс орын алды.
Айта кетерлігі, биліктің ауысуы Конституцияда бекітілген шарттарға қайшы заңсыз іске асуы басқа елдерде де кездескен. Оның ішінде Өзбекстанды атап өтуге болады. Себеп – саяси жүйе неғұрлым тұйық әрі деспотиялық, ал азаматтық қоғам ұйқыда болса, билік басына да соғұрлым кездейсоқ адам келуі мүмкін. Сорақысы сол, аталған жағдай елдің ішкі істеріне қол сұғып тіпті елбасын тағайындауға басқа елдердің араласуына жол ашылады. Түркіменстанда ең алдымен Ресейдің ықпалымен осындай сценарий жүзеге асты. Және бұндағы негізгі мүдде билік басына Түркімен халқының намысын қорғайтын емес, керісінше оны сырт күшетрге бағынышты етіп қоятын ойы мен парасаты таяз адамды әкелу болды. Таңдау әуелде Ниязовтың жеке тіс дәрігері болған, содан барып, күнкөсемнің шайнау қабілетін қалпында сақтағаны үшін болар, денсаулық министрінің мансабына дейін көтерілген Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовке түсті.
Рас, президенттігінің алғашқы жылдары екінші басшы бірқатар игі қадамдарды іске асырды. Оның ішінде жеке басқа табынушылықты тыю, білім беру жуйесін жетілдіру, бұрынғы ай атауларын қайтару, опера мен балетті қайта жаңғырту, Интернетті енгізу, басқа да халық көңілінен шығатын істер тындырылды. Алайда уақыт өте мұның бәрі құр Пиар болып шықты. Шын мәнісінде, билік басындағы тұғыры күшейгеннен кейін Бердімұхамедов екінші Түркіменбашының кебін киді. Тіпті жүргізген саясатының есерсоқтығы жағынан ол алдыңғысынан әлдеқайда асып түсті.
Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағаннан кейін енді Ашхабад, басқа қалаларда жаңа түркіменбасының ескерткіштері бой көтерді. Онымен қатар өзінің ата-бабасын ұлықтау мақсатында Бердымұхамедовтың әкесіне де көше аттары беріліп, ескерткіштер қойылды. Астананың орталық саябағына күнкөсемнің есімі берілді. Ұлттық валюта – манат президенттің портретімен шыға бастады. Ұстазының жолын қайталап бұдан былай ол өзіне ресми түрде Арқадақ (Қамқоршы) деген лақапты бекітті. Әрине бұның бәрі Түркімен қоғамының рухани күйзелісін тереңдетті. Сонымен қатар халықаралық сахнада Түркіменстанның онсыз да жағымсыз келбеті бұрынғыдан бетер нашарлай түсті. Соның бір көрінісі ретінде Арқадақтың туған күніне халықтың қалтасынан қаққан миллиондарға әлемдік эстрада жұлдыздары қатарында шақырылған Дженифер Лопес оған арнап әйгілі "Happy Birthday, Mr. President" әнін орындағанда аты бәлеге қалды.
Әр нәрсе салыстырымға келгенде анықталатынын әу баста айттық. Сол демекші, заман өте қаншама әумесер болғанымен Ниязовтың өзі Бердімұхаметовтың қасында сарабдал саясаткер көрінеді. Онысы түсінікті де. Қалай дегенмен Ниязов – сапалы білім алған, экономикадан әжептәуір хабары бар, өмірлік тәжірибесі жеткілікті тұлға еді. Соның арқасында болар, ғұмырында елі үшін қанағаттанарлық өмір деңгейін қамтамасыз ете алды. Өкінішке қарай, оның мирасқоры аталған қасиеттерден мақрұм қалғандықтан ауызға шайнап бергеннің өзін жұта алмады.
Әрине, алдыңғы ретте сөз болып отырғаны – кез-келген елдің күретамыры экономика турасында. Солақай саясатының нәтижесінде Бердімұхамедов ел экономикасын газға тәуелді етіп қойды. Оның өзін оңтайлы игеріп сата алмауы салдарынан табыс көлемі соңғы 7-8 жылда шамамен екі есеге кеміді. Есесіне экономиканың барлық дерлік салаларында жұмыс орындарының қысқаруы, жұмыссыздық етек жайды. "Мемлекет қажеттіліктеріңді толықтай өтейді, есесіне сендер саясатқа аралапай тыныш отырасыңдар" деген Ниязов заманынадағы билік пен қоғам арасындағы бейресми келісім күшін жойды. Тегін коммуналдық қызмет, тегін жанар-жағар май, азық-түлік себеті сияқты жеңілдіктер Бердімұхамедов тұсында алынып тасталынды. Бұған дейін азын-аулақ тәртіпке бағынған жүйінің орнын жемқорлық пен шенділердің әлімжеттігі алмастырды.
Бүгінгі Түркіменстан – сол баяғы 1980 жылдардағы дағдарысты қалыпқа қайта оралған мемлекет. Азық-түлік бағасы шарықтағаны былай тұрсын, оның өзі жетіспейді. Дүкендердің алдындағы ұзын-сонар кезек үйреншікті жағдай. Күштік мекемелер тікелей міндеттерін ұмытып, қара бастың қамын ойлауға көшкенде елдің тұрақтылығы бұлыңғыр. Түркімен – Ауған шекарасында қысылтаяң ахуал таяғанда қорғаныс орындарының қызметкерлері мемлекет есебінен емес, туыстары жіберген ақшамен тамақтануы ұлттық қауіпсіздіктің тетіктері сыр бергенін меңзейді.
Сондағысы Түркімен билігі қайда қарап отыр дейсіз ғой? Рас, жабық мемлекет болғаннан кейін ол жайлы ақпарат тапшы. Бірақ, ашық деректерге жүгінер болса, Бердімұхамедов түк болмағандай сыңай танытуда. Есесіне ертеңнен қара кешке дейін теледидарда өз басын ұлықтап-мадақтауға ғана арналған жиындарға төрағалық етуде, қазындағы соңғы қаржыға түкке тұрғысыз тойлар мен халықаралық форумдар ұйымдастыруда. Ара-арасында орталық телеараналардан өзін керемет спортшы, шабандоз екенін дәріптейтін клиптерді көрсетіп, гитарамен ән шырқап, қарамағындағыларды билеткеннен шаршар емес. Заманында еркіндікті жалау еткен намысшыл көшпенділер ұрпағының күнкөсемге бас игеннен басқаға жарамай қалған бүгінгідей аянышты күйі өз алдына бөлек әңгіме. Ал, бұның арты енді немен тынарын бір Алла біледі.
P.S. Билік ауысса болды, өмір өздігінен оңала салады деу – үлкен қателік. Ол үшін халық оянып өз тағдырын өз қолына алуы керек. Демократияның құндылығы да сонда – жамандардың емес, жақсылардың арасынан таңдау жасау. Басқаша болса, құлдық сана сақтала бермек.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.