Тарих парақтары жеке басының қамы мен тәкаппарлығын елінен жоғары қойған диктаторлардың қылмыстарына куә. Алайда ХХІ ғасырда өмірдің өзі шектен шыққан саясаткерлерді сабасына түсіріп жатыр. Соның бір көрінісі – диктаторлар тыққан байлықтардың әшкереленуі.

Жалпы, мал-мүлікке келгенде тойымсыздық таныту кез-келген диктатураға тән құбылыс. Бірақ онысы құр ашкөздік немесе түккөрмегендік сияқты тұрпайы түсініктермен шектелмейді. Ең алдымен қолдағы мол қаржы өзін қорғайтын күштік құрылымдарды жалдауға, қоғамдық сананы тек өз билігіне бағындыруға, сыртқы сыншылардың ебін тауып, үнін өшіруге жұмсалады. Кей елдерде билеуші мемлекеттің қазынасын өзінің жеке қобдишасымен шатастыратыны да жасырын емес.

Жүре-бара диктаторлық жүйеде мемлекеттің тапқан-таянғаны ондағы әлеуметтің игілігіне емес, көбіне билеушінің құлқынын қанағаттандыруға жұмсалады. Сондай-ақ, адам баласы бақуатты болған сайын қоршаған ортадан, ең алдымен биліктен тәуелсіз бола түсетінін ескерер болса, сәйкесінше оның ойы еркін, талабы күшейе түседі. Ал енді саясаттағы монополияның бірден-бір тірегі – экономикадағы монополияны сақтау екенін назарда ұстасақ, қаншама парадокс көрінгенімен, диктатура елдегі азаматтардың байығанын қаламайтыны анық.

Оқи отырыңыз: Әлеуметтік ахуалды түзеуге билік "әскері" неге әлсіз?

Шындығында, бүгінгі әлемде жағдай өзгеру үстінде. Айтылғанға көз жеткізу үшін соңғы қырық жылда билігімен қатар бар мал-мүлкінен айрылған диктаторларға қарасаңыз жеткілікті: Филлиппин президенті Фердинанд Маркос, Иранның шахы Реза Пехлеви, Заир президенті Мобуту Сесе Секо, Мексика президенті Раул Салинас, Нигерия президенті Сани Абача, Гаити президенті Франсуа Дювалье, Кот-Д’ивуар президенті Лоран Гбагбо және басқалар.

Ашықтық пен өзара жауапкершілік жайлаған заманда заңсыз жолмен келген қаражатты құпия ұстау мүмкіндіктері күрт шектелген. Ұзақ мерзімде диктаторлардың байлықтарын қарауылдап келген орталықтар нысанаға алынған. Өз елдерін тонаған лауазым иелерін осылайша қолпаштау адами һәм халықаралық құндылықтар алдындағы қылмысқа айналуда. Сондықтан салымшылар құпиясы саналып келген қағидат күшін жоғалтып жатыр. Әсіресе, АҚШ бастаған осы науқан атышулы 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғаларынан кейін мықтап қолға алынды. Оның нәтижесінде алдымен халықаралық терроризмді демеушілерге қатысы бар деген күдікпен Таяу Шығыстағы ауқатты династиялардың есеп-шоттары құрықталған еді.

Десе де, Батыстың ресми орындары аталған мәселеге келгенде жиі көз жұмып келгені белгілі. Бұндағы гәп диктаторларға қысым көрсететін тетіктердің жетіспеуінде емес, тиісті мемлекеттерде өз мүдделерін жүргізудің қамымен байланысты. Сол арқылы америкалық не еуропалық орталар жемқор екенін білсе де, жергілікті элиталарды өз ықпалында ұстауға, компанияларының пайдаға кенелуіне басымдық берді. Жекелеген сәттерде, француз президенті Николя Саркози ливиялық Муаммар Каддафиден миллиондаған пара алғаны сияқты тікелей ауызжаласуға барды.

Тек кешегі одақтастарының былықтары күллі әлемге аян болғанда ғана Батыстың серкелері тәуелсіз баспасөз бен халықаралық құқық қорғау ұйымдарының наразылығын елеуге мәжбүрлік танытады. Басқаша болса, қылмысты ақшаны заңдастырып, оның иелерін жасырып келген Швейцария, Ұлыбритания сияқты қаржы орталықтарының басы бәлеге қалады. Сондықтан амал жоқтықтан диктаторлардың миллиардтары көлеңкеден шығарылып жатыр. Жекелеген реттерде тәркіленген байлықтары сол елдердің халқына бұйырады. Кезінде Нигерияның бұрынғы президенті Сани Абачидің жеке шотындағы 700 млн доллар осылай қайтарылды.

Оқи отырыңыз: Баспасөзге басымдық бермей, қоғам сенімі күшеймейді

Өкінішке қарай, жымқырылған қаржыны оның нағыз қожайыны – халыққа қайтарудағы әділдік ылғи салтанат құра бермейді. Есесіне түрлі айла-тәсілдер арқылы қараусыз қалған қазынаны меншіктеп қалу әректтері кездеседі. Мысалға Саддам Хусейннің миллиардтарын алайық. 2003 жылы биліктен аластатылған бойда Ирақтың бұрынғы диктаторына тиесілі 3 млрд доллар Дамаск банктерінде жасырылғаны және оны Ирак халқына қайтару жайлы АҚШ-тың үкіметі мәлімдеген еді. Алайда Сирия басшылығы бұған ешбір жауап бермей, ақыры даулы ақша ұшты-күйлі ғайып болды. Осы сынды қадамға Ливан басшылығы да барды. Саддамның жұбайы Саджида Туфахтың шоттарын бұғаттау жайлы Вашингтонның нұсқауына Голландия да “біреудің атындағы ақшаны басқаға аударуға болмайды” деген желеумен пысқырмады. Ал Саддамның мұрасынан дәмесі бар қалған үміткерлердің ішінде Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ир ашықтан-ашық “Пхеньянға Саддам салған екі миллион доллар иесіз қалғандықтан бізде қалады” деп бір кесті.

Қысқасы, Ирак халқының байлығынан асап қалуға ұмтылғандар асып-артылды. Тіпті, АҚШ-тың өзінде Ирактағы соғыста қаза болған жауынгерлердің ата-аналары өтемақы талап етті. Сотқа түсірген шағымдардың жалпы көлемі 40 млрд долларды құраған соманы олар диктатордың “қанды ақшасынан” өндірмекші екенін жасырмады. Американың барлау қызметтері Саддамның жасырын шоттарын неліктен жер-жерде тіміскілеп жатқаны осыдан-ақ түсінікті. Басқаша айтқанда, АҚШ-тың қаржы мекемелері Ирак басшысының құпия қазынасын иемденуге дәмелі.

Диктаторлардың байлықтарына қатысты халықаралық заңдардың шикілігі әр кезде мысырлық Хосни Мубарактың, тунистік Бен Алидің, ливиялық Муаммар Каддафидің миллиардтары талан-таражға түсуіне жол ашты. Соңғысына тиесілі 14 млрд евро 2011 жылы “Араб көктемі” оқиғаларынан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Европада тәркіленді. Келешекте бұл қаржы Ливияны қалыпқа келтіру жобаларына жұмсалмақ деген уәде де берілді. Тек арада екі жыл өткенде әлгі соманың басым бөлігі – 11 млрд евро бельгиялық Euroclear банкінен жоғалып кетті. Бұның арты үлкен дауға ұласты, бірақ онысынан еш нәтиже шықпады.

Оқи отырыңыз: Саясат пен саяси шоу немесе өзгерістердің жауапкершілігі турасында

Осыған ұқсас жағдайлар ТМД кеңістігінде де орын алып тұрады. Оның ішінде Украинаның экс-президенті Виктор Януковичтің, Өзбекстанның бұрынғы басшысы Ислам Каримовтың қызы Гүлнәр Каримованың шетелдегі орасан байлықтары көрінгеннің қолында кеткені мәлім. Айталық, 2018 жылдың жазында Өзбекстан прокуратурасы Гүлнәрдың 1,5 миллиард долларға пара-пар жасырын шоттары болуы ықтимал 12 елге ресми сұрау салған болатын. Бірақ келтірілген дәйектерге қарамастан, ұзаққа созылған келіссөздердің нәтижесінде Өзбекстанға аталған қаржының тек жартысы ғана қайтарылды. Ықтимал алымшылар қатарында «Гүлнәр Каримова бізге де залалын тигізді» деп сотқа берген америкалық Zeromax, басқа да батыс компаниялары аталады.

Ислам Каримовтың халық алдындағы абыройына нұқсан келтірмеу үшін болу керек, оның жасырын шоттары жайлы ресми Ташкент әзірше тіс жармай отыр. Бірақ ол да алдағы уақыттың еншісі. Бұны АҚШ-тың Ташкенттегі елшісі берген мінездемеге сәйкес Өзбекстандағы “ең жеккөрінішті адам” Гүлнәр Каримова үйқамақтан колонияға аттандырылғанын байқатады.

Сонымен қазірде Швейцария мен Ұлыбритания секілді елдер немесе Виргин аралдары мен Кипр секілді офф-шорлар шыққан тегі күмәнді банк салымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр. Оларға деген халықаралық қысым күшеюде. WikiLeaks, басқа тәуелсіз ақпарат көздері Панама досьесі сынды жасырын шоттарды тауып масқаралап жатыр. Екі ортада жиған-тергенін сақтап қалу қамымен әлемдік диктаторлар енді халықаралық заңдарға бағына бермейтін Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Қытай секілді тұйық мемлекеттердің көмегіне жүгінуде. Тек есесіне сол көмектің өтемі қандай болмақ? Онысы қайта халықтың есесінен бола ма? Бұл бөлек әңгіме.

Оқи отырыңыз: Шыны үйдегі тіршілік

Енді, міне, жақында бірқатар батыс елдерінде, оның ішінде АҚШ пен Ұлыбритания парламенттері өздерінің арнайы мекемелеріне жаңа міндет жүктеп отыр. Оған сәйкес жемқорлықтан түскен миллиардартарды іздестіру науқанына лауазымын жоғалтқан ғана емес, билік басында отырған диктаторлар және олардың жақын туыстары мен жоғары мансапты серіктестері де ілінбекші екен. Шараның бірден-бір мақсаты – заңсыздықтарды халықаралық дәрежеде әшкерелеумен қатар, сол елдердің азаматтарына басшылары жемқорлыққа белшесінен батқанын көрсету.

Ең сорақысы сол – диктаторлардың былықтары тек олардың жеке қалтасымен шектелмейтіні. Кей кездері олардың залалы тұтас мемлекетке тиеді. Мысал ретінде Ресей президенті Путиннің империяшыл саясаты халықаралық санкцияларға әкеліп соқтырғанын, ал оның ауыртпалығы қарапайым ресейліктерге түсіп отыранын атауға болады. Сондай-ақ, өткен жылы отандық шенділердің кесірінен жапа шеккен бизнесмен Анатол Статидің шағымымен Ұлттық қорымызда жинақталған қаржының 40 пайызы – 22 млрд доллар батыс банктерінде бұғатталғаны тағы бар. Ол жолы адвокат жалдап, қыруар шығынға батып, үкімет бұл мәселені уақытша реттегендей болды. Бірақ келешекте мұндай жағдайдың қайталанбасына кепіл жоқ.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.