Көппен жүріп адасқанша...
"Көптің сөзі – темір талқы, қисайғанды түзетер", "Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас" деген дана сөздер де баршылық. Бұл адамның өз ортасынан бөлінбей, оны қадір тұтуын меңзейді. Көпшілік қателесуі ешқашан мүмкін емес. Себебі, көрген-білгені көп ақсақалдар, ақыл мен парасат иелері жол сілтеп отырады. Қайта келіспеске лаж жоқ.
Десе де, осы көпшілік ұғымы әу баста артылған мәнінен айрылып, бұрамаланған сияқты. Көпшіліктің бірімін деген жеке адамның ықтияры мен жауапкершілігін шектеуі өз алдына.
Әсіресе, бодандықта болған заманда көпшіліктің мысын коммунистік идеология басып тастады. Адам деген мемлекеттің винтигі, тұр десе тұрып, жат десе жату керек деген ұран салтанат құрды. Ұжымнан бөлінбей, саппен жүру қағидаты мектеп табалдырығынан әркімнің миына құйылды. Көпшілікпен бірдей ойлау, бірдей сөйлеу, бірдей дауыс беру аман қалудың ғана емес, жарқын өмір мен сәтті карьераның алғышартына айналды. Партияның саясатын бірауыздан мақұлдау, басшылықты ұлықтау, бұнымен келіспегенді айыптап лағнат жаудыру кеңінен етек жайды. Сондағысы мәселенің анық-қанығына үңілу міндет емес еді, жоғарыдан нұсқау түссе жеткілікті. "Пастернакты оқымасам да, шығармаларын тұла-бойыммен жек көремін" секілді.
Билік пен көпшілік ажырамас ұғымдар екенін дәріптеуші ойын ережелерін XX ғасырдың зұлматтарын бастан кешіріп, рухани сағы сынған қоғам да қабылдауға мәжбүрленді. Жүре-бара қалыс қалу немесе одан әрі көпшілікпен бірге қол көтермеу дөрекілік қана емес, мына біреу айдан түсті ме деген реакция туғызатын болды. Осылайша көпшілік дегеннің сесі қоғам дамуының басты заңына, азаматтардың құлқы мен жан-тәнін анықтайтын негізгі сипатына айналды.
Көпшілік ұғымының осынау психологиялық құдіретін, балама көзқарас пен сыни ойды жоққа шығаратын қабілетін билік жақсы ұғынды. Онысын оңды-солды қажетіне жаратты. Уақыт өте ешкім көзімен көріп, қолымен ұстамаса да көпшілік өзіндік өмірі бар субстанцияға айналды. Тіпті ең жағымсыз заңдар мен қаулылар сол көпшілікке арқа сүйей отырып қабылданды. Кезінде кириллица әліпбиіне өткенде, қазақ мектептерін жапқанда, қазақ жерлерін тың игеруге бергенде "басым көпшіліктің өтінуінше" деген желеу – үгіт-насихаттың басты құралы болғаны мәлім.
Тобырлық түйсік
Осы ұғымды естігенде әркімнің ойына ең алдымен жануарлар келетіні белгілі. Шынында да тобыр не үйірге бірігу – қоршаған ортадағы мақлұқтардың тірі қалуының бірден-бір жолы. Ондай топта әр мүшенің өзіндік орны белгіленген – бірі басшы, екіншісі – сақшы, үшіншісі – қосшы дегендей. Бұл иерархияда жоғары орналасқандар тиісті абыройға иелік етіп, қалғандары оның үкіміне толық бағынуға әзір. Сондай отарлық түйсіктің айқын мысалын 1986 жылы Британиядағы Корнуолл кентінде болған оқиғадан көреміз. Бірнеше мың қой бар отардың серкесі неліктен екені белгісіз, биік жартастан теңізге секіргенде оның соңынан еріп, қойдың бәрі қырылған.
Таңғаларлық көрінер, бірақ ғалымдардың пайымынша осындай соқыр бағыныш адам баласына да тән екен. Басшысын сайлап, оған өзінің атынан сөйлеу құқын беріп, лауазым ұсыну – соның бір көрінісі. Осы орайда Лидс университетінің ғалымдары жасаған әлеуметтік сынаққа назар салсақ. Олар екі жүздей адамды үлкен залға жинап, бір-бірімен сөйлесуге тыйым салған және қалаған бағытта жүруін тапсырған. Сол топтың ішінде жасырын микрофон арқылы екі-үш адамға белгілі бір бағытта жүруіне нұсқау берілген. Ақырындап қадамы нық әлгі екі-үшеудің артынан осылар жолды біледі-ау деген сеніммен қалғанның бәрі ілесе кеткен. Сондағысы адамдар оларды әлдебіреу басқарып отырғанын сезінбеген. Зигмунд Фрейд бұл құбылысты ақпарат жеткіліксіздігі жағдайында адам баласындағы тобырлық түйсікке жүгінудің бірінші орынға шығуымен түсіндірген.
Көптеген жағдайда ақпараттың тапшылығымен қатар ондай түйсікке шешім қабылдаудың жылдамдығы әсер етеді. Әдетте белгілі бір ұйғарымға келу үшін адам ойлану керек, түрлі деректерді салыстырып сараптан өткізу керек. Оған уақыт пен күш кетеді. Ал адамға көпшілік атынан дайын шешім ұсынылса, соны қабылдай салу оңай көрінеді. Жұрттың бәрінің таңдауы осы болса, басқа амал жоқ. Қалай болғанда не істесе де өзіне көпшіліктің зиян келтірмейтінін біледі де, олай болса бұл таңдау маған да кесірін тигізбес деп пайымдайды әр пенде.
Психологтар бұндай әдетті кішкентай балалардың ересектерге еліктеуіне, олар сықылды сөйлеуіне, олардың қылықтарын қайталауына ұқсатады. Себебі, буыны әлі қатпаған, ақылы толыспаған бала қайсының дұрыс, қайсының бұрыс екенін аңғармайды. Сөйтіп барып өмірден түсінігі бар, тәжірибесі жеткілікті дегендерге автоматты түрде еліктейді. Дәрігерлер үлкендерге балалардың көзінше темекі тартпауға, арақ ішпеуге, дөрекі сөз айтпауға кеңес беретіні де сондықтан.
Жалғыздың шаңы шықпас
Адам бойындағы осындай әлсіздік мен сенгіштікті түрлі алаяқтар, әсіре діншілдер, арам саясаткерлер өз пайдасына асыруға ұмтылатыны түсінікті. Сол себепті аталғандардың әрқайсысы ғалымдарды, тиісті саланың мамандарын иә болмаса еркін ойлы азаматтарды, тәуелсіз баспасөзді жақтырмайды. Өйткені, олар әр мәселенің анық-қанығына жеткісі келеді, үнемі күмәнданады, ыңғайсыз сұрақтар қояды. Оларға жауап беру мен өз шешімінің дұрыстығын дәйектеудің машақаты өз алдына, бұл қатардағы қоғам мүшесінің деңгейіне түскен билеушінің мәртебесіне нұқсан келтіруі ықтимал. Ал, онысы тобырлық түйсіктің болмысына қарама-қайшы.
Алайда, адамзат тарихында тың жаңалықтарды ашқан, өркендеуге бағыт берген тұлғаларға зер салсақ, негізінен тобырлық түйсікке бағынбаған, іздемпаз жандар екенін көреміз. Алайда, енді жоғары мансапқа жеткен бойда солардың талайының тобырлық санаға басымдық бергені байқалаған. Себебі, кез-келген жаңашылдық олардың көшбасшылығына қауіп төндіруі мүмкін. Демократияшыл боп бастаған Фидель Кастро, Владимир Путин, Асқар Ақаев және басқалардың жылдар өте менменшіл билеуші боп өзгеріп шыға келгені айтылғанға дәлел. Айналып келгенде осындай тұлғалар мен олардың серіктестері, қосшылары мен сақшылары белгілі қоғамның "алтын 5 пайызын" құрап, өздеріне ыңғайлы тәртіп орнатады. Қалған 95 оған мүлтіксіз бағынады. Билікті сақтап қалуға бекінген қандай да авторитарлы жүйенің консервативті болуы сондықтан.
Орта деңгейдегі тобырлық түйсіктілерге келсек, олар да жаңашылдыққа ұмтылмайды. Тек, жеке басының қауіпсіздігі мен мүлкіне қатер төнсе ғана батыл әрекеттерге баруға дайын. Қалған жағдайда билік басына кім келсін оны мадақтауға, кеше ғана күнкөсем көрген алдыңғы басшыны жамандауға даяр тұрады. Жеккөрінішті көрінгенімен бұндай екіжүзділік те – тобырлық табиғаттың талабы. Нақты көзқарастары әлі қалыптаспағандықтан төменгі сатыдағылар жарқын болашақ пен әлеуметтік мәртебесін өсіруді уәде еткен кез-келген популисті қолдауға әзір.
Осыдан келіп билік түсінігіндегі көпшіліктің өзі өте бұлыңғыр екенін аңғарамыз. Көріп отырғанымыздай, бірінші кезекте жеке басының қамын ойлаған мансапқұмарлар сол көпшіліктің жаршыларына айналады. Формалды түрде ондайлар билік партиясының мүшесі болуы мүмкін. Айталық, Кеңес Одағында коммунистік партия мүшелерінің саны 8 миллионға, ал комсомол мүшелерінің саны 15 миллионға жететін. Сонымен қатар, шынайы балама болмағандықтан иә басшылықтың нұсқауымен сайлауларда көпшілік билікке дауыс беруі мүмкін. Тіпті бұған дейін асүйде сол билікті жамандаса да. Себебі, ойында баяғы көпшіліктен шығып қалмау қорқынышы, жалғыз өзім не бітіремін, басым бәлеге қалып жүрмей ме деген үрей үстем болады.
Әлбетте, өз пікірі бар, айтылғанның бәріне көз жұма илана бермейтіндерді кәсіпорын қожайыны, партия мен мемлекет серкелері ұнатпайтыны белгілі. Сондықтан, ұжымда бұндай жаман әдетке жол бермеу мақсатында әлгілерді жұмыстан қуады, соттайды, елден безуге мәжбүр етеді, қысқасы амалын тауып үнін өшіреді. Бұл өмірлік сабақты ұғынған қалғандары бұрынғыдан бетер жалтақ, көнгіш, бастық не десе де, тіпті намысына тисе де төзуге бейімделеді.
Өзің қандай болсаң, басшың сондай
Бірақ, сескеніс, білімсіздік, әр нәрсеге сыни көзбен қарай аламаушылық, немқұрайлық жайлаған топтың қолдауы өз алдына алдамшы дүние. Тарихта бұл тұзаққа талай билік түскен, әлі де түсетін түрі бар. Мәселен, 1991 жылдың көктемінде өткен референдумда Кеңес Одағын сақтап қалуға алып империя азаматтарының 93 пайызы дауыс берді. Оның ішінде Қазақстан да болған. Алайда, арада жарты-ақ жылдан кейін Ельцин, Кравчук және Шушкевич КСРО-ның жойылатыны жайлы шартқа қол қойғанда оны қолдаған әлгі 250 миллион халық ләм-мим демеді. Біреуі де көше мен алаңға шығып наразылық білдірмеді. Ал, әлгі көпшіліктің өтірік қолдауына иланған КСРО көсемдері сол күйлі құрдымға кете барды.
Осындай адасқандық басқа да елдер мен олардың көсемдерінің басынан өтті. Муссолини, Чеушеску, Мубарак, Қаддафи, Бен Али, Салех – осылардың бәрі президенттік сайлауларда 90 пайыздан жоғары дауысқа иелік етіп, соңғы сәтіне дейін халқының сөзсіз сүйіспеншілігіне иемін деп сенді. Ақыры кешегі жуас азаматтары ұйымдастырған дүмпулердің құрбанына айналды. Яғни, авторитарлық ортада сайлаудағы дауыс артқан сайын, күдіктің де көбейетіні хақ.
Әрбір ұлттың тарихында көшбасшының маңызы зор. Тіпті Уинстон Чирчилль "ешқандай адамзаттың тарихи жоқ, бары – жеке тұлғалардың өмірбаяны ғана" деген екен. Мәселе тарихтың шешуші сәттерінде сахнаға Ататүрк, Гавел секілді елін биіктерге көтерген данышпандармен қатар керісінше барынан айрылып, халқын апатқа ұшыратқан тұлғалар шығып тұрады. Ол жайында Наполеон "қойдың арыстандарды бастағанынан гөрі, арыстанның қойды бастағаны артық" деген.
Өкініштісі, қоғам неғұрлым ұйқыда болса, ал демократия талаптары еленбесе, ондай елдің тізгіні кездейсоқ саясаткерлердің қолында кетуі де соғұрлым ықтимал. Өйткені, ол дебатқа шығу, өткір сұрақтарға жауап беру, өмірінде жемқорлыққа, басқа заң бұзушылыққа бармағанын дәлелдеу, әділ сайлау сияқты демократиялық сүзгіден өтпеген. Осылайша басқалардан артықшылығын ашық күресте көрсетпеген. Ал, тағдырлы шешім жабық есік жағдайында қабылданса, билік басына жеке басының қамын тұтас халықтан жоғары қойған саясаткерлердің келу мүмкіндігі артады. Сорақысы сол, бұдан келіп туындайтын дағдарыстың жүгін бүкіл ел көтеруге мәжбүр болады. Нәтижесінде мықты, әлеуеті зор деген ұлттардың өздері естен танарлық соққы алған.
Демек, кез-келген мемлекеттің тұрақталығының қайнар көзі – ондағы көпшіліктің белсенділігі, білімпаздығы, жауапкершілігі. Бұны қарапайым азаматтар ғана емес, лауазым иелері де түсінуі қажет. Себебі, іс насырға шапса, кесірі өздерін де айналып өтпесі анық. Өз алдына саясат та – аса маңызды іс болғандықтан, сол қоғамдағы әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер ететіндіктен, оның тізгінін саясаткерлерге ұстатып қоюға болмайды. Сайып келгенде, дұрыс саясат – жеке біреудің меншігі емес, қоғамның тікелей бақылауы болғанда ғана жүзеге асады.
P.S. Хәкім Абайдың жиырма үшінші қара сөзін еске тағы бір түсірсек: ...Қазақтын жұбанышы – жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп. Көпке қаһарым жүрмейді деп. Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса, жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па екен? Көп кісі жолаушының бәрінің атының арығаны жақсы ма? Жоқ, жармысы арыса, жармысының күйлісі жақсы ма? Жұт келсе, елдің бәрінің түгел жұтағаны жақсы ма? Жарым-жартысының аман қалғаны жақсы ма? Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш? Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.