Билік транзиті: әліптің арты не болмақ?
Ол жайында ертеректе келтірілген жорамалдар өзін-өзі түгелдей дерлік ақтамады. Естеріңізде болса, біреулер ақтық демі шыққанша тұңғыш елбасы президенттік тақта отырады деген пайымда болды. Енді біреулер Қырғыз, Түркімен, Әзірбайжан, Өзбек, Украина елдерінде орын алған сценарилер қайталануы мүмкін дегенді алға тартты. Алайда Қазақтың жағдайында биліктің ауысуы өзіндік, басқадан ерекше жолмен жүрді. Белгілі дәрежеде онысы қытайлық Дэн Сяопиннің тәжірибесіне жақындау. Ресми түрде басшылықтан кеткенімен, аталған саясаткер ұзақ уақыт ел басқару тізгінін қолынан жібермей, транзиттің мейлінше ауытқуларсыз жүруін қадағалап отырды.
Оқи отырыңыз: "Бейбіт жиындар туралы заң жобасы Конституцияға қайшы". Қоғам белсенділері жаңа құжатқа неге қарсы?
Десе де қытайлық үлгінің біз үшін жарамсыз тұстары әлдеқайда көп. Саяси құрылым, коммунистік идеология, мемлекетті басқарудың дәстүрлері, қоғамның билікке көзқарасы, басқа да өлшемдер тұрғысынан екі елдің арасындағы айырмашылықтар жетерлік. Қысқасы, сырттай ұқсастықтар табылғанымен Қазақстандағы транзиттің өзіне ғана тән жолы бар. Мәселе мынада: онысы игі нәтижеге алып келе ме, әлде аты өзгерсе де заты бұрынғыша қала бере ме, немесе саяси ахуал ішкі де сыртқы арандатушылардың ықпалымен мүлде бақылаудан шығып қала ма?
Рас, қазірдің өзінде болып жатқан транзитке күмәнмен қарайтын, бұл халықты алдаудың қитұрқы тәсілі ғана деп санайтындардың қарасы аз емес. Оларды түсінуге де болар. Демократия, сөз бен шеру бостандығы, әділ сайлаулар атаулыны тек түсінде иә болмаса Батыс елдерінде көріп-өскен ортадан не сұрау? Анығы сол, біреуге ұнасын-ұнамасын, қабылдасын-қабылдамасын Қазақстанда өзгеріп жатыр. Және кешегі күн ертесінде қайталанбайды – өмірдің заңдылығы. Керек десеңіз ұйқыда жатқан ұлттардың өзі Мұстафа Кемел Ататүрктің сөзінше, ертелі ме, кеш пе оянып не біреудің құлы болады, не жойылып кетеді. Осыдан келіп туындайтын басты сұрақ: әйтеуір болар өзгерістердің құны қандай болмақ және бұған билік пен қоғам қаншалықты дайын?
Әңгімені биліктен бастар болсақ, соңғы өзгерістерді Назарбаевтың жеке таңдауы болды деп санағаны – ағаттық. Қоғам үнсіз қала берсе, саяси һәм әлеуметтік дағдарыс болмаса, жүйе мықты болса, билікпен ешкім қош айтыспайды. Бірақ, соңына дейін созып, билік сабақтастығын уақытында ойластырмаған саясаттың жүгінің қаншалықты ауыр екенін әлгі Өзбекстанның не Мысырдың мысалдары көрсетіп берді. Ал енді жағдай осылай қала берсе, түбі дүмпуге әкелетіні әбден мүмкін екені тағы бар. Халықаралық тәжірибеде оған да дәлелдеме жетіп артылады.
Сондықтан ықтимал тәуекелдердің алдын алуға тырысып, биліктің жартылай болса транзитке аяқ басқаны – жақсы үрдіс. Ендігі мәселе алғашқы қадам болып табылған сайлаудан кейін билік келесісіне баруында. Бүгінгінің негізгі гәбі де – осы. Себебі ескіше өмірге дағдыланып қалған биік мансап иелері өздерінен үйреншіксіз жауапкершілікті, ашықтықтықты, қарапайымдылықты талап ететін ойынның жаңа ережелерін жақтырмай отыр. Өтіп бара жатқан дәуренді кей депутаттардың жыламсырап шығарып салуы осы айтылғанды байқатса керек. Ендеше елдің сөзін елеп, Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларға барған күннің өзінде, оған жемқорлыққа белшесінен батқан қарамағындағы ескі гвардия басты кедергі болмақ. Бұған мысал жеткілікті: президент жастарды саяси белсенділікке үндеді – полиция сол жастарды төмпештеді; билік бір жағынан ашықтық керек деп айтты – екінші жағынан журналистерді қудалады.
Ал жағдай шын мәнісінде қауырт. Ұзақ жылдар тіпті онжылдықтар бойындағы жауапсыздық, елдің байлығын оңды-солды шашу, ақша мен шенге табыну, шетелдіктерді тайраңдатып қойып, өз халқының бірінші кезектегі қажеттіліктерін елемеу, басқа да былықтардың қайтарымы келгендей. Біресе жарылыс, біресе көпбалалы аналардың жанайқайы, біресе жұмысшалардың ереуілі сияқты аннан-мыннан шығып жатқан түйткілдер осыны меңзейді. Сорақысы сол аталған былықтарға алып келген саяси жүйе өзгермей, олардың саны да ауқымы өсе беретіні айтпаса да түсінікті.
Демек, әлдекімге таңсық көрінер, сөз болып отырған саяси реформаларға оң серпін беру үшін президенттің өзі қолдауға зәру. Ондай сұраныс қоғам тарапынан тапшы болса, жарияланған өзгерістер де, билік пен қоғам арасындағы диалогты көздеген құрылымдар да жолда қалары анық. Ендеше аталған міндеттерді орындауға қоғам қаншалықты қауқарлы?
Күні кеше елімізде президенттік сайлау болып өтті. Әрине, оған қатысты түрлі, кейде қарама-қайшы ойлар айтылды. Айналып келгенде бұл да – демократияның көрінісі болар. Жер-жерде маңызды саяси науқанның барысы мен нәтижесіне көңілі толмаған жастар наразылық танытты. Десе де көптеген сыни пікірлер мен әттегенайларға қарамастан, бұл – қоғам үшін қажетті әрі пайдалы тәжірибе болды. Себебі 28 жылдық авторитаризм, оның алдындағы 70 жылдық тоталитаризм, одан бұрынғы 100 жылдық бодандықтың құрсауында өмір сүріп келген қоғамда әп-сәтте әділ сайлаулардың өте салуы неғайбыл шаруа. Кез-келген демократия ұзақ мерзімді үрдіс деп санайтын болсақ, 9 маусымда Қазақ елі сол жолдағы алғашқы емтиханнан өтті.
Қоғам оянып келеді. Етімізге сіңіп қалған тәубешілдік, биліктің уәдесіне соқыр сенім атаулы бірте-бірте жойылып, оның орнын сыни көзқарас, талапшылдық, табандылық басуда.
9 маусым күні біздің қоғамда әділдікке деген құлшыныстың зор екенін дәлелдеді. Миллиондаған азамат сайлау бөлімшелеріне келіп, өз таңдауын жасады. Екіншіден, сан мыңдаған адамның белсенді түрде сайлау үрдісін бақылауға алғаны түрлі заңсыздықтардың жолын кесті. Қоғамның өзі үлкен саясатқа әсер ете алатындығын сезінді, саяси сауаты артты. Үшіншіден, ресми мекемелер қаншама төмендетуге тырысқанымен жалғыз оппозициялық үміткер Әміржан Қосановтың ел тарихында тұңғыш рет 16 пайызды еншілегені (шын мәнісінде одан да жоғары болуы ықтимал) – бұл да стратегиялық жеңіс. Тіпті көпшілік Қосановты қолдағаннан емес, қазіргі билікке көңілі толмайтынын осылайша көрсеткен күннің өзінде. Билік маңындағы барша саяси партиялардың жиынтық даусынан да, ресми әлеуметтанушылардың жорамалынан да едәуір асып түскен көрсеткішті басқаша бағалауға да болмас. Бұны билік жақсы түсінді.
Рас, сайлаудан соң біраз адам Қосановқа айып тақты. Оның қисыны да бар шығар. Бірақ мәселе жалғыз онда ма екен? Сонда тегістей елдің тағдыры бір адамға қарап қалса, не болғаны? Қайтадан баяғы көсемшілдік дертінен айықпағандық, өз жауапкершілігіңді басқаға көз жұмып тапсырып қоюдың соры емес пе? Иә болмаса бойкотшылардың айтқанымен додаға ешбір оппозиция өкілі қатыспаса, не болар еді? Ешкім де өкпелемесін, бірақ кез-келген диалогты жоққа шығарудың демократияға қатысы шамалы. Себебі шынайы демократия дегеніміз "дауысымды бердім, қалғанын осы біреу жасасын, сұрауы тек содан" дегенді білдірмейді. Қоғамның өзі үнемі қадағалап, әрбір мүшесі мемлекеттің тыныс-тіршілігіне етене араласып тұратын және жекелеген тұлғалар емес, халықтық парламент, тәуелсіз сот пен баспасөз сияқты институттардың салтанат құруын меңзейді.
Саясатқа келсек, ол – ең алдымен мүмкіндіктер алаңы. Олай болса сайлау болсын, заң аясындағы басқа да мүмкіндіктерді пайдаланып қалған абзал. Ал енді ең болмаса, байқап көрмей бәрі бекер, билікпен келіссөзге келгеннің бәрі шетінен сатқын дегеннен не шықпақ? Қазір де Қоғамдық келісім кеңесі жұмысын бастамай жатып осындай пікірлердің үдеуі кезіндегі бойкотшылардың ұстанымын еске түсіреді – анау да жаман, мынау да жаман деп, орнына ойға қонымды баламаны ұсына алмау. Мейлі, ондай кеңес өтпейді делік, сонда не болмақ? Ондай жағдайда түбі келісімінің орнын алауыздық, саясаттың орнын әлімжеттік баспайтынына кім кепіл?
Қалай дегенмен көптен күткен саяси транзит Қазақстанда басталып кетті. Бұның нәтижесі жасампаз да әділетті қоғамға әкеле ме, жоқ керісінше бола ма – Қазақтың өзіне байланысты. Ашуды ақылға, айғайды жауапкершілікке, дақпыртты шындыққа жеңгізе білсек, тасымыз өрге домалайды. Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дер, өшер елдің баласы бірін бірі қатын дер. Олай болса, сын сағатта Қазаққа да өзара қырқысқа жол бермей, ортақ мүдде аясында тізе қосу керек. Әйтпеген күнде жік-жікке бөлініп жаға жыртысқан ел көрінгеннің жемтігіне айналады. Келеңсіз ондай тәжірибені басқадан іздеудің де қажеті жоқ – өз тарихымызда толып жатыр.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.