Айтылмаған сөз жетім
Өткен жолы Астанада газет-журнал сатып алмақшы болып көшеге шықтым. Сондағысы қаланың шеткері аудандарында емес, сол жақ жағалаудың қақ ортасында. Үш сағаттай сандалғанда бір де бір баспасөз дүңгіршегі, "Хан Шатыр", "Керуен" басқа да сауда кешендерінен газет сататын орын табылмады. Бұ қалай, өздігінен болып отырған шаруа ма деген ойға қалдым.
Кім біледі, бәлкім, ел ағаларының халықты шынайы ақпараттан түңілмесін дегенінен болар иә "көп білсе, аз ұйықтайды" сынды алдамшы ұстанымнан туындаған ой шығар. Тіпті, табылған күннің өзінде ондай дүңгіршіктерде тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын кездестіру мүлде қиын. Бары – ресми басылымдар мен таблоидтар немесе сканвордтар. Кейбір белсенділер адамдардың артық нәрсені ойламауы үшін ондай газеттерді баспадан барып тәркілеуден, ұжымдарын соттап айыппұлдың астына алудан тайынбайды. Мақсат түсінікті – қоғам неғұрлым сауатсыз, қоршаған өмірде болып жатқанынан бейхабар қалса, оны дегеніне бағындыру соғұрлым жеңіл.
Ал, мәжбүрлеп жаздырмаса, заңдастырылған БАҚ-тардың сенімнен жұрдай екендігі, сол себепті ешкімді қызықтырмайтыны баршаға мәлім. Екі ортада біздегі ресми баспасөз шындықты паш ету емес, оны жасыру мен билікке деген жағымпаздықты әсірелеу үшін ғана жаралғандай сезім пайда болады. Басқаша болғанда дүйім жұртты зар қақтырған былтырғы Сайрагүлдің дауы, Қытайдағы қазақ қандастың қасіреті жайлы жазар еді ғой. Бірақ, ол туралы ләм-мим сөз болған жоқ. Әншейінде түрлі марапаттарға, жоғары мансаптарға иелік етушілер арасында ыңғай осындай аты бар да заты жоқ, кәсіби парызын ұмытқандар екені жасырын емес.
Есесіне Қазақстан жылдан жылға даму үстінде, халықтың билікке ризашылығы мол сынды пәтуәсіз әңгімелер таратылады. Тіпті, жаңа жыл басталысымен Қарағандыда болған қанды қылмыс жайлы тұщымды ақпарат жарияланбады. Болған күннің өзінде, барлығы ешқандай ұлтаралық сипаты жоқ әншейін қатардағы заң бұзушылық дегенге келіп саяды. Азар болғанда бірлі-екілі шендіні жұмыстан кетірумен іс жабылады. Ал сол түйткілдерге әкелген себептерге, олардың алдын алуға ешкімнің басы ауырып жатқан жоқ. Уақыт өткен сайын қасіретті жағдайлардың қайталануы былай тұрсын, көбейіп келе жатқаны да айтылғанның келеңсіз көрінісі.
Қысқасы, билік пен халық арасындағы ақпарат алмасуының бүгінгі жай-күйі толыққанды тілтабысудан гөрі мылқау мен кереңнің ымдасуынан аспай отыр. Тиісінше шынайы өмір бөлек, теледидардағы өмір бөтен бір планетадағы іспеттес. Рас, айтарлықтай нанымды болмаса да өз саясатын сәл ертеректе шенділер қоғамға өйтіп-бүйтіп жеткізуге тырысушы еді. Қазір ол да жоқ.
Заң кімнің сойылын соғады?
Соңғы бірнеше жыл ішіндегі сот үкімдерін сараптап көрсек, заң орындары бірінші кезекте жемқорлықтан, сепаратизмнен, көрші елдің арандатуынан емес, сол шындықтан қаймығатын секілді. Сондықтан болар екі күннің бірінде Фейсбук бұғатталады. Төтенше жағдайлар туындай қалса, ресми орындардың өздері үнсіздік сақтайды не түсіндірмелері мардымсыз шығады. Сөйте тұра балама ақпарат таратуға тыйым салынған. Елдің тәуелсіздігіне, жерінің тұтастығына, қоршаған ортаның тазалығына, сырттан беталды қарыз алуға қатысты маңызды шешімдер мен келісім-шарттар мемлекеттік құпияны құрайды. Дауыс беру бюллетендері сайлау аяқталған күннің ертеңіне өртеліп жібереді. Ашаршылық, қуғын-сүргін, Желтоқсан көтерілісі, Жаңаөзен қырғыны, қазақ басына түскен басқа да нәубеттер жайлы мұрағаттар жабық есік артында қалуда...
Лауазымды иелерінің мал-мүлкі, жымқырған қаражаты, шетелдегі яхталары мен жиһаздары туралы ұзын сонар тізімдегі деректер де заңмен қорғалған. Ал енді ол жайлы тіс жарған біреу болса, тіпті шендінің атын оның рұхсатынсыз пайдаланса, басы бәлеге қалуы әбден мүмкін.
Өркениетті әлемде жариялы қызмет деген түсінік бар. Оған қоғам атынан сөйлеп жүрген, оның салығынан күнелткен саясаткерлер мен шенділер жатады. Сәйкесінше ондай тұлғалардың жеке өмірінің қоғам назарынан таса қалуына жол берілмейді. Өйткені елдің тағдырын шешуге тікелей жауапты лауазым иелерінің өзі адал болмаса, жемқорлыққа белшесінен батса, ұл-қыздары шіріген байға айналып заңнан жоғары тұрса, олардан не күтуге болады? Халықтың мүддесін қорғайды дегенге кім сенер? Қатардағы шенділер өз алдына, батыстың азат баспасөзі Трампты, Макронды қалт кетсе жерден алып жерге салады. Шын мәнісіндегі тәуелсіз парламент пен сот халықтың бір долларының заңсыз қолды болғаны үшін күдікті саясаткерлерді тергеп жауапқа тартады. Осындай ашықтық пен демократиялық құндылықтардың салтанат құруының нәтижесі де баршаға аян: Әлемдегі ең әділ, экономикасы дамыған, халқы бақуатты, адам құқықтарына басымдық берілген елдер аталмыш Америка Құрама Штаттары, Франция, Ұлыбритания, Финляндия және тағы басқалар.
Асылы, адалдық қана емес халқына жақын болып қарапайымдылықты сақтау да – сөз бостандығынан келіп туындайтын ақиқат. Және мәселе жекелеген саясаткердің өзіндік ұстанымында ғана келіп тірелмейді. Істің мәні қоғамдағы ойын ережелері айқын да баршаға ортақ болуында. Сондықтан Британияның сыртқы істер министрінің жұмысына велосипедпен, Нью-Йорктың мэрі метромен, Австрияның премьер-министрі жаяу баруы жергілікті қоғам үшін қалыпты жағдай. Біздегі шенділердің жүріс-тұрысы бұндай қылыққа жатпайды.
Өзгерістердің құнын кім көтереді?
Бірақ қазір, ХХІ ғасырда, осындай сорақылықтың дәурені аяқталуға шақ тұр. Оның бірінші сипаты билікке деген қоғам сенімінің шайылуы. Қорқыту мен еркіндіктерді шектеу ара салмақтың алғышартына айналып отыр. Бұндай полициялық жүйеге негізделген ел басқару дәстүрінің түбі үлкен дүмпуге әкелері бек мүмкін. Соңғы онжылдықта бірқатар араб елдерінде, Украина мен Қырғызстанда, Зимбабве мен Арменияда болған халықтық толқулар айтылғанға дәлел.
Екінші сипат Интернет пен әлеуметтік желілердегі ақпаратпен алмасу мүмкіндіктерімен байланысты. Басқаша айтқанда жаңа технологиялар ақпарат саласындағы билік монополиясын жоққа шығарды. Шенділер қаласын-қаламасын бүгін кез келген ақпаратты жылы жауып қою мүмкін емес. Әйтеуір халықтың құлағына жетеді, жабырқаушылық мен наразылық тудырады.
Үшінші сипат экономикалық, идеологиялық, қаржылық һәм әлеуметтік дағдарыс саяси дағдарысқа ұласуымен байланысты. Себебі күнделікті тіршіліктің ауыртпалықтарын, оның ұсқынсыз түр-әлпетін саясаттан мүлде алшақпын дегендердің өздері ертелі ме кеш пе билікпен байланыстырады. Сөйтеді де саясатты біліп түсінуге, оның оң-солын айыруға тырысады. Алдымен осындай әрекеттену орныққан жүйеге деген күдік пен түңілуге әкеледі. Оның арты реніш пен ашу-ызаға бой алдырады. Нәтижесінде біреу өз ішінде тұйықталса, біреу шетелге безеді, біреу ұсынылған ойын ережелерін мойындаса, біреу оған қарсы шығады. Қалай болғанда да биліктің үнсіздік сақтауы, эфир мен баспасөздің түк болмағандай отыра беруі түйткілдерді жоққа шығармайды. Қайта жағдайдың одан бетер ушығып бітеулі қазанның қайнаған түбінің жарылуына әкеледі.
Ресми мәлімдемелер қоғам тарапынан сенім мен құлшыныс орнына абдырау мен келемеж туғызса, алаңдауға толық негіз бар дегенді білдіреді. Ондай мысалдар асып артылады: әрбір отбасының табысы 500 мың теңгені құрайды, 97 пайыз қазақстандықтар өз өміріне қанағаттанады, т.с.с. Бірақ іс насырға шапса, жауапкершілік кімнің мойнында болмақ? Олқылықтар мен олардың салдары жайлы ескерткендерден бе, әлде ұзақ жалдар міз бақпай отыра бергендерден бе? Айналып келгенде биліктің есіл-дерті өзі жайлы не жақсы сөз, не ештеңе айтылмауы керек дегенге келіп саяды. Алайда ондай дәстүр тек марқұм болған жандарға ғана қолданылмай ма?
Қытайдың ең жаман қарғысы "Тосын өзгерістер дәуірінде өмір сүр" деген болса, қазақта – "Білме, білгеннің тілін алма" екен. Осы қос лағнет қатарынан бүгінгі қазақ қоғамына тұспа-тұс келіп отырған сияқты. Рас, бұл жалғанда қатып қалған ешнәрсе жоқ. Өмір болғаннан кейін қыстың аязын көктемнің шуағы, ескі буынды жас ұрпақ алмастыратыны секілді кез-келген қоғам да жаңарып отырады. Тек біздің жағдайда өзгерістің өркениетті жолмен іске асуы осы елдің ұлтжанды азаматтарына, олардың ерік-жігеріне байланысты. Басқаның жаны ауырмасы анық.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.