Ақпараттық қауіпсіздікті қалай қорғаймыз
Ақпарат кімнің бақылауында болса, билік те соның қолында деген сөз бекер айтылмаған. Әсіресе, ХХІ ғасырдағы ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған шақта қазіргі заманғы мүдделер теке-тіресі көбіне ашық майданда емес, үгіт-насихат алаңында жүріп жатқанда аталған саладағы тәуекелдер мен әлеуетті елемеу зор қателік.
Ең өкініштісі – тәуелсіздік алғаннан бергі 28 жылда Қазақстан ақпараттық тұрғыдағы дербестікке сол қалпы ие бола алмай келеді. Пәленше телерналарымыз, мынанша бұқаралық ақпарат көздеріміз бар деп кеуде қаққан шенділерің сөзінің бәтуәсі шамалы. Айтылғанға көз жеткізу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік маңызы бар қандай жоба мен қай бағдарлама аясында сол баспасөз құралдары елді ұйыстыра алды? Тіпті әлгі ақпарат таратушылардың өздері қаншалықты ортақ құндылықтыр айналасында тізе қосып топтасқан? Келтірер жауаптар мардымсыз.
Ақпарат саласын реттеуші министрлікке айтылатын уәж аз емес. Ең алдымен ұзақ жылдар бойында бұл бағытта кешенді әрі ұлттық мүддеге негізделген саясаттың жүргізілмей келгенін атап өткен жөн. Одан гөрі мемлекеттік органның жұмысында сан құбылу, сабақтастықтың жоқтығы ауызға ілігеді. Тітпті уақыт өткен сайын министрлік атауының өзгере беруі айтылғанға дәлел.
Айталық, 1990 жылдардың басында Баспасөз бен бұқаралық ақпарат министрлігі аталып, ода кейін әр уақытта Ақпарат министрлігі, Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі, Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі деп аталды. Енді, міне, жақында кезекті рет атауы өзгертіліп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі болды.
Жалпы, Ақпарат министрлігі қажеті пе деген сұрақ та заңды. Себебі, бұндай министрлік кезіндегі Кеңес одағы секілді тоталитарлық жүйенің сарқыншағы болып табылады. АҚШ, Ұлыбритания, Франция сынды демократиялық елдерде мүлде жоқ.
Қазір журналисттік зерттеулер, саяси ток-шоулар секілді тұтас жанрлар отандық БАҚ-ында жоқтың қасы. Оның үстіне қазақстандық БАҚ-тар мемлекеттік тапсырыстан көз ашпайтынын қосу керек. Зерттеумен айналасуға уақыт жоқ, мемлекеттік тапсырысты орындауы керек – себебі бар қаражат сонда. Басқа балама болмағандықтан қатардағы көрермен, әсіресе жастар не теледидардан күдерін үзген, не көршінің үгіт-насихатына телмірге мәжбүр. Ондай өнімді тұтынғандар өз елінің емес, көрші елдің саясатына құнығады, соның жетегінде кетеді.
Кейбір мақлұқтарда сырттай асқорыту қабілеті бар. Ол дегеніміз, мәселен, өрмекші өз жемтігіне бас салып жармаспайды, тек шаққан бойда оның бойына уын дарытып іштей іріп-шірігенін күтеді. Сөйтіп барып сұйықтыққа айналғанда әлгіні сорып аланда, сырты бүтін көрінгенмен, қаңқасы ғана қалады. Алып көршіміздің бүгінгі ақпараттық саясаты сол өрмекшінің айла-тәсілін еске түсіреді. Оның дені көрші елдерде ақпараттық-насихаттық үстемдігін орнатып, ойын улауда жатыр. Әбден пісіп-жетілді дегенде құрбанын жұтып тынады.
Абхазия мен Оңтүстік Осетия мәселесі 2008 жылы, Қырым – 2014 жылы басталған жоқ. Аталған қауіп-қатерге байланысты бүгінде күллі әлем байбалам салып сақтану шараларын қолға алған. Прибалтика республикалары, Укрина, Грузия, Әзірбайжан, тіпті жанымыздағы Өзбекстан өз аумағында Кремльдің ақпараттық әскерлеріне түбегейлі тыйым салған. Америка Құрама Штаттары, Канада, Еуропалық одақ "Russia Today", "Россия-24" сияқты телеарналарды баспасөзге емес, басқыншы пропагандаға балап отыр. Аталған үрдіс енді интернет кеңістігіне де таралды. Таяуда ғана АҚШ Конгресі ресейлік кезекті тролдер фабрикасын ғаламдық әлеуметтік желілерде бұғаттап тастады.
Өзіміздің Қазақстанға келсек, жауапты мекемелер ақпараттық кеңістігімізде көршілерді тайраңдатып қойып, түк болмағандай сыңай танытады. Мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан ойлауға жігері де, ақылы да жетпейді. Есесіне Ресей арналарын жабуға келгенде ресми мекемелер "өйтуге болмайды, себебі сөз бостандығы шектеледі" дегенді алға тартады. Олай болса, сол Ресейдің өзі тіпті Қазақстанмен көршілес жатқан өзінің Орынбор, Сарытау, Омбы, Алтай секілді қазақы аудандарына қазақтың телеарналарын неліктен жолатпайды? Демек келтірілген дәйек сын көтермейді.
Екіншіден, әлемдегі кез-келген мемлекет өзінің ақпараттық кеңістігін барынша қорғайды және өз аумағында ақпараттық өнімнің мемлекеттік тілде болуын қатаң қадағалайды. Бұл тұста велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, тек халықаралық тәжірибені қолдану керек. Атап айтқанда, шетелге ақпараттық ашықтық саясатын ұстанамын дегеннің өзінде "Бір ел – бір арна" қағидатын ұстанған абзал.
Асылында отандық көрермен үшін әлемдегі ақпараттық кеңістікте таңдау берілу керек. Қазіргідей Ресейдің ондаған телерналарын алып тастап, тек біреуін қалдырған жөн. Есесіне басқа елдердің, оның ішінде АҚШ-тың, Еуропаның, Түркияның, бауырлас Өзбек, Қырғыздың, Шыңжандағы қазақтың телеарналарын неге тиісті тізімге енгізбеске?
Бөлек тақырып Discovery, History, Science сияқты түрлі танымдық, ғылыми, тарихи мазмұндағы, спорт, мультфильм мен көркем фильмдерге арналған телеарналар әлі күнге шейін неліктен тек орыс тілінде таралуы керек? Бұл – үлкен саяси һәм идеологиялық қателік. Сондықтан халықаралық тәжірибеге сәйкес тиісті арналарды сапалы түрде қазақша дубляждап немесе төл тілінде шығарып тұру шарт. Кинотеатрларда тек қазақ тілінде жаңа фильмдердің тұсауын кесу қажет.
Ақпарат саласындағы олқылықтар бұнымен шектелмейді. Ендігі үлкен кедергі – Қазақстан баспасөзі мен телеарналарында, интернет желісінде ресейлік ұстанымдағы "бесінші колоннаның" теріс ықпалы. Ең өкініштісі – Қазақстанда осындай ниеттегі топтардың үгіт-насихатына тоқтау салынбай тұрғаны өз алдына, оларды қаржыландыру мемлекеттің, яғни сіз бен біздің есебімізден жүрігізіліп отырғаны алаңдатады. Олардың қатарында кейбір облыстық, тіпті республикалық дәрежедегі ақпарат құралдарын атауға болар.
Радио-телеарналардың таратылуында қазақ тілі мен орыс тілінің ара-салмағын 50/50 қылу қағидаты осыдан жиырма жыл бұрын ресми түрде қабылданған еді. Онысы сол қалпы өрескел бұзылумен келеді. Іс жүзінде отандық радио-телеарналарда орыс тілі әлі күнге шейін үстемдік құрып отыр. Бірақ, бұнымен қатар жиырма жыл бұрынғымен салыстырғанда елдегі демографиялық ахуал өзгерді. Демек 50/50 қағидатын кем дегенде 70/30 қағидатына ауыстыру керек. Оның өзі таза арифметикалық есептеуге сәйкес. Ал ұлттық біркелкілік, жалпы азаматтық тұтастық тұрғыдан қарайтын болсақ, Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде Қазақ тілінің үлесі кем дегенде 90-95 пайыз болу керек. Әлемдегі өзін сыйлайтын, намысын жоғалтпаған, елінің болашағын ойлайтын барша мемлекет, мейлі оны Америка мен Жапония, мейлі Түркия мен Франция болсын, осы тәртіпті ұстанады.
Әзірше кабелдік жүйедегі 120 телеарнаның ішінде елімізде таза қазақ тілінде хабар тарататын екі-ақ арна бар, олар – "Қазақстан" мен "Балапан". Қалғанының бәрі қос тілді саналғанымен, жоғарыда айтылғандай көрші елдің тіліне басымдық беріп тұрады. 18 миллион халқы бар егеменді мемлекеттің бүгінгі сиқы – осы. Бұл тұста өзімізді Қытайдың отарында отырып қысым көрген Шыңжаңдағы 1,5 миллион қандаспен салыстырып көрейік. Өз тіліндегі газет-жорналдарды, радионы санамағанда мұндағы жергілікті қазақтар үшін қазақ тілінде шығатын 4 толыққанды телерна жұмыс істейді. Сонда ақпараттық һәм тілдік тұрғыдан көбірек бодандыққа ұшырап құқығы тапталған кім – Қытайдағы отар қазақ па, әлде Қазақстандағы "егемен" қазақ па?
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.