Қара өңді, иә, ресми тілде арғы тегі африкалық болған америкалық Джордж Флойдтың ақ түсті полицейдің қолынан, анығында тізесінен тұншығып өлуі – бұл елді ХХІ ғасырда теңселткен елеулі оқиғаға айналды. Ереуіл басталуына себепкер болды. Соңы өртке, қирату мен дүкен тонауға жалғасты. Атланта мен Филадельфияда полиция басшыларының ереуілшілер алдында тізерлеп тұрған суреттерін көрдік. Бұл – біздің әзірге түсімізге кірмейтін көрініс. Флойдтың туыстарына полиция тарапынан төленген миллиондаған долларды айтпағанда.

Америкада ақпарат ашық. Жаппай жазылып, көрсетіліп жатыр. Қызығасың. Бір жолғы қирап қалғанына емес, жауырды жаба тоқымайтын әдепкі қасиеттен жаңылмағанына.

Осы толқу кезінде АҚШ ақпарат құралдарымен бір айлық танысу барысында бізді арнайы апарған екі нысан еске түсті.

Оқи отырыңыз: Ғарыштағы жарыс

Африка мен Американың арасы

Құрама Штаттардың орталық бөлігінде Мемфис деген қала бар. Тоқсаныншы жылдардың ортасында зәулім шыны Пирамида ғимаратын әлгі қаладан көргенбіз. Онда қазақ астанасындағы Пирамида сарайы салынбақ түгіл, Ақмоланың елдің ордасы болуы туралы сөз енді көтерілген.

Жалпы, бізде мұндай ғимарат салудың ешқандай шынайы себебі жоқ. Бір архитектор солай ұсынды, ұйғарды, құпталды, салынды. Ал АҚШ-тағылар "қаламыз Мемфис аталған соң, сол атауды ақтайтын ғимарат керек, оған тек пирамида лайық" дескен. Қоғам ұсынған, ұйғарған, құптаған, салған. Жарнамаларда айтылатындай, "айырмашылығын аңғарыңыз".

Хош, Мемфис қалам ұшына оралған сәтте ойға түкен ілкі жәйт қой бұл. Негізі бізді қалада басқа ғимаратқа апарған. Екі қабатты ұзыншақ үй. Музей екен. Толық ныспысы: "Азаматтық хақы және нәсілдік теңдік жолындағы күрес тарихының ұлттық музейі".

Оқи отырыңыз: Арнадағы ағын су

Арнайы салынбаған. Бір кезде қонақ үй болған. Қымбаты емес, жол жиегінде тұратын, мотель аталатыны. Қара түстілердің азаматтық хақының теңдігі жолындағы қозғалыстың ту ұстаушысы 39 жасар Мартин Лютер Кинг атақты "Вашингтонға сапар" наразылық акциясы барысында осында қонған. Ертесінде оны қала ішінде қарақшы атып тастаған.


Мартин Лютер Кинг тоқтаған бұрынғы қонақ үй, қазіргі музей / Фото en.wikipedia.org сайтынан алынды

1987 жылы мотельді музейге айналдырыпты. Бізге көсемінің, діндар тұлғаның соңғы қонып шыққан бөлмесіне дейін көрсеткен. Мұнда Африкадан кемемен жеткізілгендердің Америкадағы ауыр да аянышты тағдыры қайтіп басталып, қалай теңдікпен аяқталғанына қатысты көптеген деректер мен заттар жинақтаған. Алыс құрылықтағы құлдықты мектептегі тарих оқулығынан білетінбіз. Беріде қаншама әдебиет және соның негізіндегі фильмдермен таныс болдық.

Негізі ең мықты кітап сонау 1853 жылы шыққан "12 жылғы құлдық" болуы керек. Соломон Нортаптың хикаясын қабырғаң қайысып оқисың. Құлдық қамыты не екенін сезінесің.

Оқи отырыңыз: Түнгі аспандағы ақ тиін

Ең беріде оқығанмыз – Габриэль Гарсиа Маркес. Біздің тілге оның "Жүз жылғы жалғыздығы" аударылды. Марқұм Кеңес Юсупов ағамыз Латын Америкасының теңдессіз қаламгерін қазақша керемет сөйлетті. Мұндай мүлтіксіз аударма өткен ғасырдағы қазақ әдебиетіне тән еді. Кеңес аға сол аудармашылар тобының соңғы өкілі болған ба дейміз.

Ал біз сөз еткелі отырған "Махаббат және басқа жындар туралы" романының қазақша нұсқасын көрмедік. Шамасы, аударылмаса керек. Сондықтан бір сөйлемін шама-шарқымызша аудардық:

"Өзінің делдалдық дағдысының және кеденшілердің парақорлығының арқасында Бернарда үш мың құлды Африкадан келіскеннен артық контрабандалық жолмен сатуға дәндеп алды".

Тағы бір тұсына көз салыңыз: "Кеме айлақтан әрірекке зәкір тастады да, теңізшілер құлдардың денесін ешбір рәсімсіз теңізге тоғытумен болды. Олардың ісініп кеткен топырақ түстес денесін толқын қағып алып, жағаға лақтырып жатты. Қаладағылар бұған әлдебір африкалық оба себеп пе, әлде байғұстардың ажалы борсып кеткен тамақтан болды ма, оны білмеген".

Оқи отырыңыз: Қызғаныштың қызыл иті

Осылай жаңа құрылыққа шынжырға байланып тап болған африкалықтар еркін америкалыққа айналып шығуы үшін небір зұлматты бастан өткізеді. Ауыр еңбек, бишік, кісен, аштық, қашу, жазаға ұшырау, ереуіл, талаптар қою, заң арқылы хақысын қорғауға ұмтылу ... осының бәрі Мемфистегі музейден көрініс тапқан екен. Армансыз тамашалап, көп жәйтке қаныққанбыз. Енді реті келген күні міне, бір мақаланың арқауына айналып отыр.

Жүргізуші мен жолаушының арасы

1862 жылы Құрама Штаттардың ең айтулы президенті болған Авраам Линкольн бүкіл ел аумағында құл ұстауға тыйым салған заңға қол қойды. Құлдық құжат түрінде жойылғанмен, афроамерикалықтардың көретін қорлығы бәрібір тоқтаған жоқ.

Азамат ретінде теңдік алуға талпыныспен тағы тура толық ғасыр өтеді. Сол жолдағы күреске шырпы болған заттың бірі көз алдымызда тұр. Шағын емес, әйдік зат. Автобус. Мұнымен алпысыншы жылдары әр қалада жолаушылар тасыған.

Мемфистегі музейдің ішкі ауласында бізді көнетоз қоғамдық көлікке кіргізген. Бұл нәсілдік кемсітушілік қалай болғанының айғағы көрінеді.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың басына дейін қара өңділердің балары ақ нәсілдерден бөлек оқытылды. Мейрамхана, кафелерде түбі Африкадан шыққан америкалықтар бөлек тамақтанатын. Мемфистің байырғы тұрғыны, қара түсті Элейн Тернер – сол заманда азаматтық хақының теңдігі үшін күрескендердің бірі. Музейдегі кездесуге арнайы келген.

Оқи отырыңыз: Астық – экономикадағы бастық

"Қайда қарасаң да "тек ақ түс тілер кіреді" деген жазу алдымыздан шығатын. Мен соған ерегескенде кинотеатр мен росторанға әдейі кіретінмін. Сол үшін сөз естідім, таяқ жедім", – деген кейуана өз естелігінде.

Шіркеу әуел-бастан екі бөлек. Айтпақшы, бізді Мемфисте афроамерикалықтардың баптистік шіркеуіне апарған еді. Әппақ киім, әппақ шляпамен хорда төрт-бес қатар тізіліп тұрған қыз-келіншектер әлі көз алдымызда.

Сонымен өткен заманда ақ пен қара түстілер қалалық автобуста бөлек отырғызылған. Алдыңғы жағына ата-бабасы еуропалықтар, артқы жағына африкалықтардың ұрпағы отыруы керек. Түсің қара болса, алдыңғы есіктен кіріп билет алған соң қайта шығып, енді артқы есіктен мінесің. Автобустың ортасына дейін келіп отыруға хақың бар. Одан әрі жүргізушіге жақын орындықтарға жол жоқ. Қорлық па? Таза қорлық қой!

Алда-жалда байқамай немесе әдейі өзіңе тиесілі емес орынға отырып қалдың делік. Автобустағы орындықтардың астына арнайы механикалық темір тоқпақ жасалған. Егер қара өңді жолаушының алдыңғы бөліктегі орындыққа отырғанын байқап қалса, жүргізуші панельден орындықтың нөмірі көрсетілген тетікті басып қалады. Сонда астындағы тоқпақ орындықты ұрғылайды.

Оқи отырыңыз: Қазыққа байланған қанат

Бала кезімізде ауылда "тұр-тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетеді" деген сөз бар еді. Ол сөзбен айтылатын "тұр-тұр" айналайын ғой, мынау тура дүміңнің астынан төмпештейді. Тұрмай көр.

Орындыққа отырып көрдік. Ана жақта автобусты дүрілдеткен музей қызметкері тиесілі тетікті басып қалды. Астымыз барабандап жатыр. Күлдік те, тұрып кеттік. Шындығында жылайтын жағдай еді.

Қара өңді ақ түстілердің орындығына таласпай, ортадан берірек отырды делік. Енді автобуста ақ түстілер көп болып, оларға орын жетпесе, қара өңді тұрып орын беруге міндетті. Анау алты жасар бала да, мынау алпыстағы шал делік. Анау ер-азамат та, мынау аяғы ауыр әйел делік. Бәрібір. Бұл жерде адамның жасы мен жынысы есеп емес, нәсілі ғана ескерілген.

Автобустағы орындықтардың ақ пен қара кісілерге арнайы екі бөлек болғанына қарсылықты елде Роза Паркс атты әйел бастаған. Ол бастапқыда ешқандай саяси қайраткер емес, жай тігінші екен. Жұмыстан шаршап қайтып келе жатқанда автобустың ортаңғы тұсында отырған. Ақ түстілерге арналған орындық қалмаған кезде салонға тағы бір еуропалық нәсілді жолаушы мінеді. Жүргізуші Розаның ақ түстіге орын беруін талап етеді. Байғұс әйел оған көнбейді. Содан жанжал. Жанжалдан соң сот. Розаны түрмеге салады. 10 доллар айып салып, оның үстіне сотттың шығыны деп тағы да 4 доллар төлеттірген. Оқиға 1955 жылы болғанын ескергенде, долларыңыз АҚШ-та қазіргіден анағұрлым құнды еді.


Роза Паркс оқиғаны тура сол орындықта еске алып отыр / Фото ar.pinterest.com сайтынан алынды

Оқи отырыңыз: Ұяға оралған ұят емес

Бұл жәйттен бүкіл ел құлағдар болды. Мартин Лютер Кинг бастаған ынталы топ қара нәсілділерді автобусқа бойкот жариялауға шақырды. Бір-бірін бұдан былай жеке автокөлікпен барар жерге жеткізіп тастайды. Таксидегі кара түстілер өзі тәрізділерден тек 10 цент, яғни автобустағы билеттің бағасын алады. Бойкот үшін Кинг бастағандарды тұтқындайды.

Ақыры 1964 жылы АҚШ Президенті Джонсон "Азаматтық хақы туралы" заң әзірлетті. Өкілдер палатасы екі жарым ай қоғамдық тыңдау өткізген. 275 куәні тыңдаған. Олардың куәлік еткен сөздерінің өзі 6 мың парақты толтырыпты. Біздегі азаматтық пікірге, митингі мен шеруге қатысты заң жобасы кезінде 27 куә шақырылып, 600 парақ толтырылса, кәне? Ақыры заң жобасы 290 дауыс жақтап, 130 дауыс қарсы болып қабылданған.

Ендігі сөз Сенатта. Онда пікірталас екі айға созылды. Бір сенатор 1 500 беттік сөз дайындапты. Содан Сенат жобаны аз-кем редакциялап, келісу үшін қайтадан Өкілдер палатасына жолдайды. Ондағылар бұл түзетулермен келісіп, қабылданған заң қол қою үшін Ақ үйге жетеді. Сол 1964 жылғы 2 шілде күні Президент Джонсон "Азаматтық хақы туралы" заңға қол қойып, бүкіл елде кімді болсын нәсіліне қарай кемсітуге түпкілікті тыйым салынған.

Мемфистегі музейден осы жәйттің бәріне қанығып едік. Қара өңділердің азаматтық хақы үшін күрес отына май құйған, жүргізуші мен жолаушы арасындағы тартыс өткен автобустан қатты ойланып түскенбіз.

Оқи отырыңыз: Супер кептер самғайды

Пайыз бен парыз арасы

Сол сапарда бізді түрмеге апарған. Көрсету үшін, таныстыру үшін. Айтпақшы, түрмені көрсетерден бұрын Теннесси штаты полициясының түнгі рейдіне қатыстырған. Ел жатқандағы Американың лас та қорқынышты тынысын сезуге соның өзі жеткілікті болды.

Ертесінде түрмесін көрсетті. Жалпы ол пәле көп екен. Теннесси штатындағы ең айтулы түрме 1898 жылы ашылып, біз барғанға дейін 1992 жылы жабылған. Онда 800 қылмыскерге арналған тура 800 құрқылтайдың ұясындай камералар бар еді. Әрбіріне екіден кіргізіп, мың жарымнан астамды қамайтын. ХХІ ғасырда осы түрменің сырты мен ішін бірқатар фильмдерден байқап жүрміз.

Бізді кең етіп салған жаңа алты-жеті қабатты ғимаратқа әкелді. Елде 1983 жылдан жекеменшік түрмелерге рұқсат берілген. Олар "Америка түзеу мекемелерінің корпорациясына" біріккен. Берідегі мәліметін қарасақ, корпорация 19 штат пен Колумбия округінде 65 түзеу мен тергеу мекемесін салыпты. Онда 90 мың адам қамауда отыр.


АҚШ-тағы жекеменшік түрмеде жазасын өтеушілер / Фото © Jose Luis Gonzalez / Reuters-тен алынды

Оқи отырыңыз: Ларри Теслер. Шиыршық ғұмырдың шегі

Әлгі Мексика мен басқа Орталық Америка елдерінен заңсыз кіргендерді осында жабады. Обама президент болған тұста корпорациямен 1 миллиард долларға шарт жасалған. Айтпақшы, Барак Обама біздің өлшеммен "қоғам қайраткері" ретінде мына Джордж Флойд оқиғасына пікір білдіріпті: "Біздегі денсаулық сақтау, қылмыстық қадағалау жүйелері тұрмақ, ертеңгі жүгіру мен мейрамханада кешкі тамақтану кезінде-ақ нәсілшілдік байқалады. Мұны 2020 жылғы Америка үшін "қалыпты жағдай" емес, "адам төзгісіз жағдай" деп санау керек".

Сонымен, біз барған түрмеден есте қалғаны: әрбір камерада жиырма-отыз жазасын өтеуші отырса, солар екіге бөлініп алыпты. Ақ түстілер төрт бұрышты камераның бір бұрышына ғана шоғырланған. Қалған үш бұрышы мен ортасын қара өңді жазасын өтеушілер жайлайды. Түрме қадағалаушылардан сұрасақ, олар камерада ешкімнің орнын белгілемейді. Орынды іштегілер өздері бөліп, реттейді десті. Реттеудің "нәтижесі" көзге ұрып тұрды.1862 жылы құл ұстау жойылғанмен, арада ғасыр өткенде азаматтық хақы теңдестірілгенмен, ақ түсті мен қара түстінің жіктелуі ХХ ғасыр соңында жалғасып жатқанын осылай өз көзімізбен көргенбіз.

Беріде бір мәліметті оқысақ, қара өңділердің саны елдің барлық тұрғындарының төрттен біріне жете қоймаған. Ал, түрмеге түсетіндердің жартысынан астамы солар көрінеді. Түнгі рейд кезінде көзге түсіп, ескерту алғандар да, абақтыға әкетілгендер де солар екенін өзіміз байқағанбыз. Тұрмыстың зардабы ма, басқа терең себептері бар ма, оны анықтау үшін жылдар бойы табандап зерттеу керек. Ал біз – бар болғаны бір түнгі рейдке қатысқан шетелдік журналист едік.

Жалпы, деректер полицияның қара өңділерге өш келетінін көрсетеді. Тұрғындар санына шаққанда қара өңділердің полиция қолынан қаза табуы ақ түстілерге қарағанда екі есе көп. Бұған дейін де сол себеппен толқулар болып тұрған.

Оқи отырыңыз: Тілді тірілткен тұлға

1965 жылы Лос-Анджелесте полицияның 21 жасар қара түстіге қол батыруы бүкіл қаланы дүрліктірген. Ақыры қала біраз қирап, 34 адам қаза тауып, зорға тоқтаған. Бұған іле-шала Детройд қаласында, Нью-Джерси мен Мичиган штаттарында африка текті америкалықтардың полиция тарапынан көрген зорлық-зомбылығына қарсы толқулар тіркелді. Үшеуінде де жанжалды басу үшін Ұлттық ұлан шақырылды.

Детройттағы толқу себептерін анықтау үшін білікті заңгер Кернер басқарған комиссия құрылғанда, оның қорытынды тұжырымында былай деп көрсетілген: "АҚШ қоғамы ақ пен қара болып екіге жарылып келеді. Екі топ арасында ешқандай теңідік жоқ!"

Біздің АҚШ-қа сапарымыздың алдында Лос-Анджелесте кезекті қара түстілердің бой көрсетуі тіркеліп еді. Онда ақ түсті төрт полицей жығылып жатқан қара түсті кісіні келтекпен аяусыз тоқпақтайды. Наразылық басталып, дүкендерінің шынысы тағы сынып, аялдамалар мен дүңгіршектер аударылып, қаншама көлік өртенді. Бірнеше ондаған адам қаза тапты.

Демек, Джордж Флойд оқиғасы – бұл елдегі бірінші жәйт емес. Бірақ, ХХІ ғасырдағы, жаңа ұрпақтың көз алдындағы нәсілдік негіздегі үлкен дүрбелең екені даусыз. Бұл жолы оған мыңдаған қазақтар алғаш куә болды дей аламыз.

Оқиғаға орай айтылып жатқан сансыз пікірлердің арасынан "Қара түстілердің өмірі маңызды" атты қозғалыс атынан Мелинда Гейтстің сөзіне назар аудартамыз: "Жүйелі түрде жасалып жатқан нәсілшілдік жауапсыз қалмауы тиіс. Біз бұл ғаламдық мәселеден айналып өте алмаймыз."

Бізге қалам алдырған – дәл осы сөз!