Судағы сөз жарысы

Осыдан он бес жыл бұрын болуы керек, Италияны аралағанбыз. Ол елге барған соң Венецияны көрген ләзім. Венецияда жүріп гондолаға отырмай және болмайды.

Сапардағылар бір-бір үшкір тұмсық, жіңішке бүйір қайыққа міндік. Бәрі сондай ма, әлде бізге дұрысы бұйырды ма, гондолашы орыс тілінде сөйлейтін болып шықты. Ұзын жалғыз ескекті оңды-солды сермеп жүзіп кетті. Ескек неге біреу екенін сұрап едік, "қаланың каналы тар, екі қайықтың қос ескегі бір-бірімен қағысып қалады" деді. Біз қала іші емес, орталық алаңның шетінен аттанғанбыз.

Бірнеше гондола жарыса шыққанына қарап, "сендерде де марафон ба?" деп күлдік. Марафон сөзінен басқа әңгіме шығып, әлгіміз "суың не, италиялық марафоншы Сахараны кесіп өткен" деп мақтанды. "Сахараны кесіп өткен марафоншы бізде де бар, Жыланбаев деген" дедік қарап отырмай. Содан соң оның фамилиясын түсіндірдік. Жылан. Жерде жорғалайды. Улы келеді. Атасы сол көп жерде туған.

Сөйтсек анау "онда біздің марафоншымыз жыланды тірідей жеген" дегені. Енді қарап қалу қиын. "Азияның халқы үшін жылан жеу қорқынышты емес, көршіміз қанын ішіп тұрады" дегенбіз жарыста жүніміз жығылмай. Қолы жалғыз ескектен, аузы сөзден босамайтын гондолашы "ендеше біздің марафоншы жарқанаттың қанын ішкен" деген.

Діттеген жерге жеттік пе, әлде мақтанудан ұтылдық па, сөз сонымен тоқтаған. Италияны, Венецияны кім көрмей жүр деген оймен бұл сапардан арнайы мақала жазбағанбыз. Енді, міне, жалмауыз 2019-nCoV вирусы "жарқанаттың қанын ішкен адамнан басталды" деген ақпаратты қайта-қайта оқыған соң, баяғы сөз есімізге түсіп індетуге кірістік.

Гондолашының сөзі рас, айтқан адамы бар екен, ондай оқиға болған екен. Марафоншының аты-жөні – Мауро Проспери. Тегі – италиялық. Кейін кәсіпқойға айналған. Әлгіндей бірнеше күндік, ауыр табиғат жағдайы астындағы жарысқа қатыспаса, делебесі қозып, ауырып қалатынның өзі.

Айтпақшы, одан ертеректе кәсіпқой марафоншылар арасына түсіп, оларды шаң қаптырып кеткен малшы туралы да білетін едік. Мауроның жарқанат жейтін оқиғасын баяндамас бұрын мына жерге қыстыра кетелік. Бірақ бұл – Африка емес, Австралияда болған оқиға.

Оқи отырыңыз: Киесі бар, иесі жоқ түйе

Құрлықтағы қойшы жарысы

Австралияның екі қаласы: Сидней мен Мельбурн арасындағы 875 шақырымдық марафонға әлемнің аты танымал желаяқтары қатысады. Жастары әрі кеткенде 30-дан енді асқандар. Бұл жарысқа спорт киімдері мен аяқ қиімдерін шығаратын ең дүлейлер демеушілік етеді.

Кезекті жарыс басталар жерге 61 жастағы Клифф Янг деген кісі келеді. Оны көрермен шығар депті. Үстінде малшының комбинезоны.

Сонымен комбинезоны, аяғында етігі бар Клифті ешкім жүгіреді деп ойламаған. Ол жарысқа қатысушыға берілетін нөмірді сұрағанда ұйымдастырушылардың екі көзі тас төбесіне шықса керек. "64" деген соңғы нөмірді алып, ол жүгірушілер сапына тұрады. Сол кезде түсіру тобы келіп, шамалы сұхбаттасқан.

– Сәлем, қария! Кімсіз, не істейсіз?
– Мен Клифф Янгпын ғой. Мельбурннан әрідегі кең жерде қой бағамын.
– Сіз жарысқа қатысасыз ба?
– Иә.
– Қалай, демеушіңіз бар ма?
– Жо-ға.
– Онда жүгіре қоймайтын шығарсыз.
– Жүгіре аламын. Фермада өстім. Мінетін атым болмады. Жауын-шашынға қарамай, жаяу қой бақтым. 2000 қойым бар. Жайылым аумағы 2000 акр. Кейде қойды үш-төрт күн тынбай айдаймын.

Сонымен марафон басталсын. Ықшам киінген кәсіпқой спортшылар комбинезонды, саптама етікті, оның сыртындағы галошты Клифті дөй далаға тастап кеткен. Көрермендер малшыны келемеж қылады. Телевизордан көргендер "бейшараның мына жарыста несі бар?" деді. Тіпті, оның жарыс жолында өліп қалмауын тілеп, жаратушыға жалбарынған.

Жарысқа қатысушы кәсіпқойлар марафонның алты күнге созыларын білетін. Сондықтан күн сайын 18 сағат жүгіріп, 6 сағат ұйықтайтын. Клифф Янг мұны білмепті. Сөйтіп, күні-түні бойы жүгіре берген. Әрі ауыл адамы ғой, жол-жөнекей кездескендермен амандаса кетуді парыз санапты.

Бәрібір үш тәулікте спортшыларға жете қоймаған. Төртінші тәулікте дамылсыз жүгіріп, аналардың шаңын көреді.

Соңғы түні Клифф барлық жүйріктерді басып озады. Мәреге жеткенде осы марафонның рекордын 9 сағатқа жаңартқаны мәлім болды. Сөреден шыққанда күлкі болған қарапайым қойшы мәреге жеткенде Ұлттық батыр атанды. Өйткені, 61 жасында 875 шақырымды 5 күн 15 сағат және 4 минутта жүгіріп өткен!

Жеңімпазға тиесілі 10 000 долларды ұсынғанда, ол мұндай сыйлық барын білмепті. "Сыйлық үшін жүгірген жоқпын, ақшаға сатсам, өзімде қой жетеді" деп, әлгіні өзінен кейін келген бес спортшыға тең бөліп беріпті. Айтпақшы, қымбат сағат сыйлаған екен, оны бір балаға ұстата салыпты. "Мен уақытты күнге, жұлдызға қарап айырамын ғой" депті жарықтық.

Клифтің жеңісінің сыры – оның миының түрлі ойлармен ластанбай, тұнық болғанында. Спорттық киім дегенге алданбаған. Жарнаманы түсінбеген. Демеуші туралы түк білмеген. Мамандар жасаған кесте бойынша қанша жүгіріп, қанша ұйықтау керектігін сезбеген. Ақыр аяғында жеңімпазға он мың доллар сыйлық барын білмеген. Міне, жеңістің сыры!

Хош, аяқ астынан марафонға қатысқан Клифф – басты тақырып емес, негізгі айтпағымыз Сахарада жарқанаттың қанын ішкен Мауро туралы еді. Енді соның соқпағына түселік.

Оқи отырыңыз: Қазақ әдебиетіндегі боран тақырыбы туралы

Сахарадағы саңлақтар жарысы

1994 жылы Мауро Проспери деген италиялық азамат бір топқа қосылып, Сахара шөлімен жүгіруге шығады. Марафон 6 күнге есептелген. Мәре мен сөре арасы 250 шақырым. Мауро ертерек дайындалыпты. Күніне 40 шақырымнан жүгіріп жаттықтан. Суды аз ішіп, ағзасын шөлге шынықтырған.

Сонымен Сахараның шетіне келеді бұлар. Марафон шарты бойынша жарыс кезінде өліп кетсе, мүрдені қайда, кімге жеткізуді алдын-ала көрсетеді.

Бүкіл топ 80 адамдық болыпты. Бірақ шындап жүгіретіндер аз екен. Көбі Мауроға ілесе алмайды. Марафоншы шамалы да, қызметші жеткілікті. Ұйымдастырушылар алдыға кетіп, әрбір екі сағаттық жол сайын бекет жасаған. Сол тұста су құйып беріп тұрады.

Хош, жаяу жорықтың төртінші күні топ дауылға тап болады. Құмдағы дауыл туралы бала кезімізде қаншама ертегі мен аңыздан, "Мың бір түннен" бастап бірнеше көркем әдебиеттен, өзіміздің Дүкенбай ағамыздың кітабынан оқығанбыз. Бізге ол таңсық құбылыс емес.

Мауро қара түнек кезінде қалқа тауып, соны паналайды. Ертесінде дауыл басылған соң, алдында үлкен жота пайда болыпты. Жотаға шығып қараса, жер бедері кешегіден мүлде өзгеріп кеткен. Сөйтіп жолдан адасады.

Мауроның пышағы, құрғақ асы бар. Бірақ суы жарты шөлмек қана екен. Өйткені бекет пен бекет арасына екі сағат қана жүгіретін. Екі сағатқа бір шөлмек су жететін. Ендігі жерде су тапшы боларын ойлаған марафоншы кіші дәретін құмға сіңіріп тастамай, бос шөлмекке құйып алған.

Адамның өз зәрін пайдалану жағдайын бірнеше рет естідік. Бір рет Сенкевичтен. Сондай саяхатшы болған. Атақты Тур Хайердалдың қамыстан жасалған кемесімен мұхит кезіп кеткенде экипаждағы Бейкер деген біреу естан танады. Медузаның ең улы түрі денесіне тиіп, қатты күйген екен.

Сенкевичтің мамандығы – дәрігер, уды қайтару үшін денені аммиак қышқылымен сүрту пайдалы екенін біледі. Бірақ қайықтағы дәрілердің ішінде тура сол жоқ екен. Талай нәрсені оқыған жиһангез адамның кіші дәретінде аммиак қышқылы көп екенін неге білмесін?. Экспедицияға қатысушыларды кокос қабығына дәретке отырғызып, сонымен Бейкердің бүкіл денесін ысқылап, аман алып қалған.

Ал ішуге келсек, ауылда әжелеріміз мас болып жүрген біреуді көрсе "анау сідігін ішіп алыпты" деп, бетін шымшып отырар еді. Бірақ, қай бір жылы телехабарда Джигурда деген әумесер тура солай істеген. Оныкі – еріккендік. Мына Мауро шөлде амалсыздан өз зәрін ішеді.

Бірақ, бұл сұйық дәрет ағзаның қалыпты кезінде ғана дәмін татуға жарайды. Адам суды аз ішсе, тіпті ішпей жүрсе, кіші дәрет нағыз уға айналады. Қазақтың "зәр" дейтіні содан.

Мауроның адасқан оқиғасынан кейін Сахарада жүгірушілерді сумен жабдықтауға ерекше көңіл бөлінген. Шөлдегі дауылда адастырмаудың қамы да ойластырылған. Оның бәрі – кейін қабылданатын шешімдер, ал әзірге біздің желаяғымыз меңіреу құмнан аман шығуы керек еді.

Оқи отырыңыз: Көнені көре білген көздер

Жердегі халықтың жарысы

Ақыры Мауро беті ауған жаққа сенделіп кетеді. Қолда компасы бар-ау. Картасы да бар. Бірақ, өзінің тұрған тұсы белгісіз.

Сенделіп жүріп көшпелі халық өкілінің бірде айтқан ақылы ойына түседі. Жалпы, жасыл алқапты Еуропадағы отырықшы ел мен Азия мен Африканың құмды даласындағы мал баққан елдің көзқарасы, философиясы, таным-түсінігі, пайым-парасаты екі түрлі. Кейінгілеріне дала сырын бала жастан ұғу керек. Онсыз тірлік ете алмайды.

Сол көшпелі адам марафоншыға "алда-жалда адасып кетсең, таңертең бұлт қай жақта тұрады, соған қарай жүр" деп кеңес берген. Таңғы бұлт шыққан тұсты компаспен бағдарлап алып, жүре берген марафоншы жартылай құмға көмілген кесенеге тап болыпты. Қалың орманды, салқын ауалы Еуропада өскен адам сөйтіп нағыз көшпелі халықтың өкілі сияқты болып қалады.

Қанша дегенмен жан керек. Жоқ, бір рет бұл өмірден баз кешпек болып өзінің күре тамырын кесетіні бар. Бірақ, денедегі сұйық азайған кезде қан қоюланады. Қоюланған соң аға қоймайды.

Сөйтіп, өз тамырын кескен түні жақсы ұйықтап шығыпты. Енді өлмесін түйсініпті. Ал тірі қалу үшін не істеуге болады?

Қараса, әлгі көне кесененің мұнарасы сансыз жарқанаттың мекені екен. Мауро төрт күн жарқанаттың қанын ішіп күнелтеді. Әлденіп қалады. Айтпақшы іш ауруға қарсы дәрісі болған. Қанмен бірге дәріні таңдайға тастап тұрады. Төрт күннен соң тағы да ала таңмен оянып, бұлттың қай жақта тұрғанын бағдарлап жүріп кеткен. Бірер күннен кейін ешкі, ешкі баққан қызды көреді. Одан малшының шатырын тапқан. Бұл өздері марафанға шыққан Морокко емес, айдаладағы Алжир малшысының мекені еді.

Мауромыз сонда 8 күнде 291 шақырым қиянға шығып кетіпті. Ал тірі қалуы жарқанаттың қанының арқасында. Рас, ескі кесенеден кеткен соң жылан мен кесірткенің де қанын ішетіні бар. Дегенмен басты, ең қажетті сусыны жарқанаттың бойынан табылған.

Оқи отырыңыз: Тұман тұралатқандар

Қараңғыда қалқитындар жарысы

Жарқанат. Бала кезіміздегі ең қорқынышты жәндік еді. Тарбағатай жақта жылан көп. Тауында аю, қырында қасқыр бар. Даласы бүйіге толы. Бірақ соның бірі де жарқанаттай қорқынышты болмаған. Өйткені, әлгінің бәрін иен далаға шықсаң көруің мүмкін. Ал ауылда қалай қараңғылық түсті, солай жарқанат ұшып жүретін. Содан қорқынышты.

Біз жақта үңгір көп еді. Үңгір болған соң, қызықтап кіреміз. Сонда басымыздан қалбалақтап қаншама жарқанат ұшып өтетін. "Жарқанаттың қанаты тисе, жынды болып қаласың". "Көзіңе тисе, соқыр болып қаласың". Балалардың бір-біріне айтатыны – осы. Содан тағы қорқынышты.

Ал әжеміздің аңызында ол басқаша мейірімді сипатталар еді. Жалпы, көп аңызды бала кезде естіп өстік. Бірі байғыздың тұмсығында неге дем алатын тесік жоғына қатысты, екіншісі жарқанаттың неге қанатында қауырсын, төсінде мамық жоқ екеніне қатысты.

Сүлеймен пайғамбар қартайып, құс жастыққа жатқысы келіп жар салыпты дейді. Сонда әр құс бір мамықтан немесе қауырсыннан өткізгенде жарқанат "сізден аярым жоқ" деп бүкіл мамық-қауырсынын бере салып, өзі тақыр болып қалыпты. "Енді көп көзіне қалай көрінемін" дегенде, Сүлеймен пайғамбар "бұдан былай түнде ұшасың, тақыр екеніңді ешкім көрмейді" депті.

Жалпы, қазақ қиялы өте ұшқыр халық қой. Тіршіліктегі көріністі байқаған соң, соған орай аңыз, әңгіме шығара білген. Сол тапқырлықтан ада болған сияқтымыз. Әттең!

Қазір білсек, жарқанат қорқынышты емес, пайдалы жәндік екен. Бірақ құс емес. Сүтқоректілер қатарынан. Құс болса, жұмыртқалар еді, бұл балалайды. Бір ай баласын жабыстырып ұшады. Әрі қыста ұйқыға жатады.

Рас, қорқынышты, қан соратын жарқанат бар жер үстінде. Бірақ ол Латын Америкасы мен Оңтүстік Американы мекендейді.

Біз жақтағысы кішкене, әрі адамға зиянсыз. Африкадағысының салмағы 400 грамм, қанатын жайғанда 1 метрге жетеді. Жарқанат деп соны айт! Австралияда және бар. Тіпті, оны байырғы халқы қасиетті санайды.

Жарқанат денесі шағын мақұлықтар арасында ұзақ жасайды. Бір сақина салынғаны 41 жылдан соң тірі ұсталған.

Қатерлі вирус тарағаннан кейін жарқанатты біздің кейбір тілшілер орысшасынан тікелей аударып, "ұшатын тышқан" депті. Бұл – масқара сауатсыздық. Жарқанат аты қазақта жапалақ, құзғын, қарлығаш сияқты ежелден бар. Әрі, тышқанның тегі басқа да, жарқанаттың тегі басқа.

Жарқанат – жыртқыш, тышқан – шөп көректі. Жарқанаттың аузы ашылғанда жоғарыдағы екі, төмендегі екі: төрт өткір тіс бірден көрінеді.

Еуразия мен Африканың жарқанаты шыбын-шіркей, құрт-қоңыз, көбелек, инелік, содан кейін бақа-шаян, тышқан сияқты ұсақ жәндіктермен қоректенеді. Сөйтіп ауыл шаруашылығына пайда әкеледі. Ал тышқанның, жалпы кеміргіштер тобының жүрген жері зиян емес пе!

Оның жарғақ қанатына басқа едірейген құлағы алыстан байқалады. Үкі сияқты түнде ұшатын болған соң жаңғырық арқылы бағдарды анықтайды. Сол үшін шиқылдаған дыбыс шығарады. Бірақ дыбысы үкіге қарағанда өте сүйкімсіз.

Ал Қытайға үрей әкеліп, сол үрейден әлем етек-жеңін жинай бастаған мына 2019-nCoV вирусына бұл жәндік кінәлі ме, оны анықтау – біздің емес, ғалымдардың міндеті. Біздің білетінміз – жер үстінде жарқанаттың қанын ішіп тірі қалған адам бар.