Коронавирус майданы. Батырлар жыры сарынына салғанда...
Білек түрген, найза кезеген
"Біз соғысты көрген жоқпыз". Осы тіркесті ертеректе жиі еститін едік. Қанатты сөз іспетті болып кеткен. Жазушы Дулат Исабеков бір хикаясын осылай атаған. Әкелері соғысқа кеткен, өздері ауылдағы ананың жанында жаутаңдап өскен тұтас ұрпақтың үні іспетті еді сол хикая.
Одан кейінгі ұрпақтардың әкесі соғысқа бармады. Отыз үш жылғы тыныштықтан соң Кеңес Одағы іргесіндегі Ауғанстанды бас салғанда барып елде соғыс көрген адамдар қайта пайда болды. Бірақ, арттағы елге Ауған соғысы Дулат ағамыздың кітабындағыдай ауырлық әкеле қойған жоқ. Мыңдаған тағдыр жастай үзілді, мыңдаған отбасы қайғыда қалды, тағы бірнеше мың мүгедек пайда болды, бәрібір Исабеков жазған кезеңнің миллиондарымен салыстыруға келмейді.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан кейін...
Содан соң тағы соғыс көрмедік. Қазір де соғыс жоқ. Бірақ, ерекше майдан басталып кеткен. "Мылтықсыз майдан". Бұл да – біздің теңеу емес, Шерхан Мұртаза жарықтықтың кітабы осылай аталатын. Ар жағында аталарымыздан қалған теңеу сөз болса керек.
Наурыз айының ортасына дейін "анда алай болып жатыр, мұнда былай болып жатыр" деп тек сырттағы ақпаратқа елеңдеп отырған елге соның нақ өзі – коронавирус келді. Өзгеше оқиға басталды. Басқаларды қайдам, бізге осы төңіректегі әрекеттер майдан сияқты елестеп жүр.
Ертеректе жастар газетінде қызмет еттік. Комсомол деген ұйым болды. Біздің газетіміз – республикалық комсомолдың Орталық Комитетінің органы. Онда құрылтайшы деген ұғым жоқ. Содан әрбір облыстық комсомол комитеттерінің конференциясы деген науқан келеді. Екі жылда бір рет. Есеп беру, содан соң облыстық жетекшіні сайлау.
Оқи отырыңыз: Коронавирустың күтпеген тұсы
Газет тілшілері әр облысқа барып, сол конференциядан есеп мақала жазамыз. Тура бір бет. 1 100 - 1 200 жол. Оқылмайды, өзіне тартпайды. Кірпіш не, шемен болып сіресіп қалған.
Оқылмайтынын сезіп, біле тұра жазу мен жариялау – міндет. Газетті өзінің органы деп шығартып отырған төбедегі ұйымның талабы. Ондайда редакторымыз сайыпқыран Сейдахмет Бердіқұлов: "шіркін, осы есепті батырлар жырының сарынына салып жазар ма еді" деп армандайтын.
Арман ғана. Ол кезде Орталық Комитет тұрмақ облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысын Қобыландының немесе Алпамыстың орнына қойып, атқа мінгізіп, найза ұстатып жазып көріңіз, ертесінде өзіңізді ер-тоқым, жүгенсіз қаңғытып жіберсін.
Қазір оған қарағанда тәубе, еркіндік заманы. Біз коронавирусқа қатысты оқиғаны батырлар жырының сарынына салып, қай саланың қаншалықты қылыш қайрап, найза кезегенін сипаттап көрмекке тәуекел еттік.
Оқи отырыңыз: Тұмылдырыққа тәуелді тағдыр
Шолғын шамалы, жасауыл жасық
Жауды ішке жіберіп алған жасауыл қызметі еді. Оның алдында шолғыншылар, яғни ақпараттық қызмет коронавирустың анда-мұнда шаңдатып, төбе көрсетіп жатқанын, іргелес елді шулатып өткенін қақсаудай қақсады. Бірақ ақпараттың аздық еткені анық. Бірнеше жыл бұрын мемлекетке қарасты ақпарат құралдары Қытай Халық Республикасында меншікті тілші ұстайтын. Әлде қаржының тапшылығы, әлде саясаттың салқыны, қалай десек те сол тілшілер қосындарының жабылып қалғанына осы жолы өкіндік.
Қытайда нақты не болып жатқаны туралы шолғын мамандардың көзімен емес, оқып жатқан, қайтып келген бірнеше студенттің сөзімен жетті. Қытайдың ресми ақпарат органдарындағы материалдары ондағы майданның сипатын әдейі бұрмалауы ғажап емес. Маман шолғыншылар көзбен көріп жеткізбеген жерде ақпарат тапшы. Оның тапшылығынан алдағы шешімдер кең көлемді әрі жан-жақты болмай қалды.
Оқи отырыңыз: Супер кептер самғайды
Сөйтіп ел ішіндегі қамдану ісі қап дегізбей қоймайды. Айталық, Қытайда 1,5 миллиард халық тұмылдырық тағуға көшті. Әр адамға тәулігіне кем дегенде оның төрт-бесеуі қажет. Біздің ел жаудың іргеде атой салып жатқанын ести тұра, әркімге қажет қалқанды ертерек қамдап қоймаған екен. Майдан өзімізге жеткенде медициналық масканың қаншалықты тапшы болғаны, қандай бағаға сатылғаны есте. Алаяқтарды тәубеге түсіріп, тұмылдырық өндірісін жолға қойғанша жүйкенің біразы жүндей түтілген.
Шолғын осымен тәмам, енді жасауылға келейік. Елге кіргізетін әрбір қақпада күзетшілер тұрды. Күшейтілді. Жермен келетін жауды торитын шекара өткелектеріндегі қызметтер қапы қалған жоқ. Бірақ, басты екі қаланың әуе қақпасындағы жасауылдар ә дегеннен баршаның санын соққызды. Бірнеше рет жаттығу жасап, қажет аспаптарды алып, тас-түйін отырғандарын теледидардан көрсеткені бекер екен. Коронавирус таратқандардың дені шетелден әуе рейсі арқылы жеткен.
Рас, мүлде бүркеніп отыру мүмкін емес. Әлемнің екі жүзге жуық мемлекетіне кірген бұл жұқпалы ауру қазақ даласын айналып өтеді деу қисынға сыймас еді. Ерте ме, кеш пе, шабуылы басталмақ. Ал шабуылдың ең әлсіз тұсқа жасалатыны түсінікті. Жау шабуыл жасаған сәтте әуе қақпасын қорғап тұрған жасауылдар жасық болып шықты.
Оқи отырыңыз: Ларри Теслер. Шиыршық ғұмырдың шегі
Жалған жаршылар, көзсіз ерлер
Ел ішіне жоғарыдан шыққан ақпаратты жаршылар жеткізетін. Басқалар соны тыңдайтын. Бірақ, көршіге көрші жолыққанда, әйелдер бір-біріне шайға шақырғанда құбылтып жіберетін. Мына заманда ұзынқұлақ үшін арнайы жолығудың қажеті жоқ. Ақпараттық технология жетілді.
Ресми жаршылар айтқан ақпараттың там-тұм ғана болғаны ұзынқұлаққа қолайлы болып шықты. Мына жақта самауырдың қайнағаны туралы кішкене хабар ана жаққа "Самарқанды су алып кетті" болып өзгеріп жетіп жатты.
Билік жалған жаршыларға қарсы жазалау шараларын бастады. Мұны құптаймыз. Нақ көзбен көргеніңді жаз, айт, түсір. Дүрбелең кезде құлақпен естігенді, ойдан шығарғанды, басқа елде немесе баяғыда болғанды "бізде", "осы жаңа" деп өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп жеткізушілердің арқасына алпыс, жамбасына жетпіс дүре соқса, сауап болар еді. Біз өркениетті елміз, жалған жаршыларды айып салу мен 10-15 күнге абақтыға жабу арқылы жазалап жатыр. Одан онлайнда "апалатып" тұрып алпыс дүре соққанның тиімділігі алпыс есе жоғары болар еді.
Оқи отырыңыз: Тілді тірілткен тұлға
Жаудың төбесі көрініп, іргеде тым жақын келгені байқалғанда денсаулық сақтау уәзірінің ресми өкілі жаршы еді. Жау бас салғанда жаршы өзгерді. Бастапқының орнына ақпарат саласының уәзірінің өзі шықты. Жаршының салмағы ауырлады, сөзі нықталды. Бірақ, бұл да ақпараттық технологиядағы ұзынқұлақтан оза алмады.
Ақпараттың жартыкеш болғаны немесе мүлде айтылмағаны кейбір жерде түсінбестік туғызды. Көзсіз ерлерді қисынсыз әрекет жасауға жеткізді. Енді басталар майданның шығыс шебіндегі ауданда жергілікті халықтың шекара түбінде карантин үшін арнайы жасақталған үйдің төсек-орнын сыртқа сүйреп тастаған. Себебі, елге алдын-ала оның не үшін істеліп жатқаны айтылмаған. Егер жергілікті биліктің немесе орталықтағы уәзірліктің жаршылары ертерек құлақтандырса, мұндай көзсіз ерлікке орын қалмас еді.
Ақыры аймақ әкімі барып көпті зорға тыныштандырды. Көрпе-жастық, төсек-орын қайта тасылды. Бір нәрсені әдеттегідей екі рет істедік. Ол кезде қазынада алтын-күміс бар еді.
Оқи отырыңыз: Көнені көре білген көздер
Әміршінің сауыны, Шатырдың тігілуі
Әлқисса, жау кіріп кетті. Апай-топай енді басталды. Алдымен не керек? Жоғарыдан сауын айту керек. Әмірші мемлекетте Төтенше жағдай жариялаған жарлық шашты. Ел коронавирусқа қарсы майданға кірді.
Майдан басталған шақта оның бас қолбасшысының тағайындалғаны уәжіп. Төтенше жағдайдағы барлық жұмысты жүргізу үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Баяғыша бейнелеп айтқанда, Шатыр тігілді.
Майдан қолбасшысы болып бектілген үкіметтің Премьер-министрі Шатырға кіріп он уәзірімен және бұған дейін өзіне емес, Әміршіге тікелей бағынып келген, енді мұның қасында тұрып майданды өткізетін тағы он шақты шендімен бірге ұрысты бастады. Олардан басқа әрбір аймақтың және ірі қалалардың әкімдері де майдан даласына келген. Әрбірінің шағындау болса да, тігіп қойған шатыры бар.
Оқи отырыңыз: Қарақоңыз – дара қоңыз
Алғаш жау тиген қалалар Алматы мен ел астанасы екені бірден анықталды. Аз күн ойланып барып, тағы бірер күн мұрсат беріп, екі қаланың іргесін қымтады. Содан бастап жаудың бірде аз, бірде көптеу тобы елдің әр тұсына шабуылдап жатты. Бүкіл жыртықты жамау қиынға соға бастады. Үшінші үлкен Шымқалаға жау кірген шақта оның үш жақтағы үлкен қақпалары тарс бекітілген.
Шығыста әзір шапқыншылық деп жүргенде коронавирустың ол жаққа жеткені анықталды. Маңғыстаудың маңғаз даласы таза деп отырғанда онда дұшпанның қарасы көрінді. Соңғы тыныш аймақ Торғай-Қостанай еді, ақыры оның алқабына жау кіргені белгілі болды. Сонымен әрбір аймақ, ірі қалада толассыз соғыс басталды.
Айтпақшы, тура майдан басталған тұста бір облыстың әкімін ауыстыруға тура келді. Алғаш тізгін әйел адамның қолына тиді. Тізгінге мықты екені бірден байқалып, бұл тұсқа коронавирусты өткізіп алған мекеме басшыларының екі аяғын бір етікке тықты.
Оқи отырыңыз: Марафоншы Мауро жарқанат қанын ішіп, тірі қалған. Сүтқоректі жәндік туралы не білеміз?
Беріде әміршіден келесі жарлық жеткен. Әзір қолға сойыл ұстамаған, белге шоқпар қыстырмағандар сақадай сай болсын. Сапқа шақырылуы мүмкін. Иә, майданда жауынгер жетпей жатты. Қаншама қосындарға қарауыл қажет. Қаншама қаланың көшесін зарарсыздандыруға ерікті керек. Әміршінің өзі тұмылдырық тағып, бірнеше қосынды көріп шықты. Ұрыс жүріп жатыр. Әзірге жеңіс жоқ. Бірақ, қайтпай соғысып жатқандарды қолдау керек.
Ал майданды басқаратын Шатырдағы бас уәзір олай көзге түсіп жүрмегенмен, қайта-қайта шұғыл кеңес өткізіп, осал шептерді бекітумен болды. Ұйқы ұмытылды, күлкі езуден кетті. Қашан Жеңіс әні шырқалғанша Шатырдан ешкім ешқайда шықпайды. Ал қарапайым тұрғындар онсыз да үйлерінен шықпайды.
Уәзірлер уәжі, байлардың беймаралдығы
Шатырға шақырылған уәзірлердің сарбаздары майданның әр тұсына қойылған. Қорғаныс, ішкі істер уәзірлері әр қаланың қымталуына және бүкіл елдегі тәртіп ісіне жауапты. Қазақтың өмірі торқалы тойсыз өткен бе, оны тоқтату оңайға түсе қоймады. Торқалы тойға бармаса да, топырақты өлімнен қалғысы келмейтін ағайынға амал табылды. Бұл уәзірлер шебін берік ұстаған.
Оқи отырыңыз: Қазақ әдебиетіндегі боран тақырыбы туралы
Майданның ең қызу жерінде денсаулық сақтау уәзіріне қарасты әскер жүрді. Таңды таңға ұрып, кірпік ілуге уақыт таппай, соғыста жүрген – осылар. Жауды жеңу үшін осал тұсын білу керек. Осал тұсы – біреуден екіншіге өткізбеуде. Ауруды оқшаулауда. Бойынан жұқпалы дерт табылғанды қайткенде сауықтыруда.
Не бел кететін, не белбеу кететін ең шешуші шепте дұшпанмен бетпе-бет айқасып жатқан уәзір мен оның қарамағындағылардың бүкіл ісі көптің көз алдында. Майдан барысын бақылап отырған Әмірші мен Шатырдан қолдау бар. Ат үстінде найза кезегенінен бастап, сол атқа қажет жем-шөпті қамдап, жауынгерлердің қылышын қайрап отырғандарына дейін ортақ іске қосқан үлесі бойынша қоржын-қоржын сый алмақ.
Одан майданға еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау уәзірі әскерімен кіріскен. Мұның да ұстауға тиіс шебі аса жауапты. Жаумен айқас ел ішіндегі қаншама тірлікті тоқтатып қойды. Орта және шағын бизнес жұмыссыз қалды. Арба айдап жүк тасығаннан бастап такси болып жолаушы жеткізіп жүргеннің бәрі қаңтарылды. Шаш алғаннан етік жамағанға дейінгі ұсақ кәсіпке тоқтау түсті. Базарда сауда істейтіннің бәрі саусақтарын танауға тығып отыр. Шатырдан осының бәріне қос уыстан талқан таратуға тапсырма түскен. Былай қарасаң, күрделі емес. Анау алақанын тосады, сен құйып бересің. "Бір рет алды" деп білегіне белгі соғып жібересің. Бітті.
Оқи отырыңыз: Ресейдің сәтсіз сынақтарының көбеюі Қазақстанға қауіпті күшейтіп тұр
Қайда?! Оңай емес екен. Шатырдың елді тыншытуды көздеген әрекеті қайта қоламтаны қозғап өтсін. Бастапқы жарлықтағы 3 адамның артық жиналуға болмайды деген сөз жайына қалды. Үш жүз адамнан мекемелердің есігіне топырлағанда әркімді оңаша үйінде ұстап келген он күнгі еңбек еш кеткен.
Негізі бұл іс ешкімді үйден шығармай, ақпараттық технологиямен жүзеге асуы керек еді. Мына тасқын лап қойғанда электронды үкімет сайтының омыртқасы опырылып түсті. Оның жүгін жеңілдетуге түнделетіп суыт жасалған келесі сайт ағаш бөшкедей қақырап қалды. Бұл уәзірдің өз шебін берік ұстау жөніндегі әрекетін цифрлы технологияға жауапты уәзірдің осалдығы бекер етті.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Париж климат келісімінің талаптарын неге орындамай отыр?
Кезінде дәл осы шепті нығайту үшін қазынадан арбалап та, дорбалап та алтын бөлінген. Арбалы-дорбалы алтынның цифрландыруды жетістірмегені аңғарылды. Бастапқы жарлық бойынша майдан біткенше бас қолбасшының қасында, Шатырда тұруға тиіс тізімге цифрландыру уәзірі кірмей қалыпты. Оның әскерінің майданға қажеті бола қоймас делінсе керек.
Қайда, тура соның әскері тұрған тұстан шатақ шықты. Оның дәрменсіздігі оң қанаттағы еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау уәзірін де, сол қанатта майданға кіріскен білім және ғылым уәзірін де ойланбаған әбігерге салсын. Иә, барлық оқушыны мына қиын уақытта онлайн оқытамыз деген ниет тас-талқан болды. Сөз жүзінде оңай көрінген онлайн оқыту – әзірге біздің елдің қолынан келмес іс екен. Ендігі үміт қашықтан оқытуда.
Тағы бір тұста ұрыс қызу жүруде. Сыртта қалған азаматтарды алғызу мен іште қалған басқа ел азаматтарын қайтаруға жауапты уәзірдің әскері соғыста. Бұдан басқа ұлттық экономика, индустрия мен инфрақұрылымдық даму уәзірлеріне көп міндетті шешу керек. Дәл қазір экономиканың елеулі бөлігі тоқтады. Майдан біткен соң бүкіл іс бірден жанданып кете ме, жоқ па?
Келесі қызу майданда қазынаның кілтін ұстаған уәзір жүр. Анаған алтын тап, мынаған күміс төк. Бәріне қазына қайдан жетсін? Майдан басталғалы шығыс көп те, түсім жоқ.
Әттең, ана теңкиіп-теңкиіп жатқан байларды бір-бір теуіп, отыз жыл қазынадан ұрлап-жырлап толтырған сандықтарын ортаға төктірсе, Жеңіс кілті сонда ма деп біз де дастанды тәмамдадық. Сайдахмет ұстазымыздың әруағы риза шығар...