Жай журналисті жолатпаған

1991 жылдың жазында екі журналистің бірінің аяғы жете бермейтін Москвадан, Әуе шабуылынан қорғау округының штабынан бір-ақ шыққанбыз. Себебі жиырмаға жуық қазақ солдаты осы округке қарасты әскери бөлімнен қашып келді. Алматыдағы "Егемен Қазақстан" газеті редакциясынан пана сұрап, осы ғимараттың бірінші қабатында түнеді. Республикада арнайы комиссия құрылып, бұл туралы мақала жазған біз құрамына қосылдық.

Әскери ұшақпен Мәскеуге аттандық. Комиссияны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік-құқықтық мәселелер жөніндегі мемлекеттік кеңесшісі Юрий Хитрин басқарды. Жақсы кісі еді. Ар жағында арамдық жоқ, Қазақстанға адал қызмет етті.

Мәскеу түбіндегі Кубинка әуежайына түстік. Бұл – құпия нысан. Карталарда әлі белгіленбейді. Сол тұста Кубинкадағы ұшақтар Қарабұғазға бомба тастап жаттығатын. Әлімжеттік көрген әскер мәселесін шешумен бірге журналист ретінде бірінші олжамыз: жасырын әуежайды көргеніміз.

Екіншісі: Москваны Әуе шабуылынан қорғау округы штабында болғанымыз. Жай тілші болсақ есігінен сығалатпас еді. Комиссия мүшесіміз. Топпен бірге кірдік.


Кезінде Москваны Әуе шабуылынан қорғау округының штабы орналасқан ғимарат / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Бұл округ 1954 жылы құрылған. Қарсыласы АҚШ ядролық оқбасы мен оны жеткізетін зымыран жасаған соң Кеңес Одағы астанасы Москваны аспандағы шабуылдан қорғауға тырысты.

Біз келерден бірер жыл бұрын мұнда сұрапыл аттан шыққан. Жалғыз моторлы спорттық жеңіл ұшақпен Батыс Германия азаматы Қызыл алаңға қонғанда КСРО басшылығы шошып кетті. Содан Қорғаныс министрі мен Әуе шабуылынан қорғау әскерінің бас қолбасшысы бастаған үш Кеңес Одағының Маршалы, 300-ге жуық генерал мен офицер қызметтен алынған. Мына округ қолбасшысы мен штабтағылар толық ауысқан. Біз келгенде Ленин орденді Москваны Әуе шабуылынан қорғау округының жаңа қолбасшысы Виктор Прудников екен.

Қолбасшы әскерден қашқандар тақырыбына жоламай, жаңбырдың көп жауғанын, орманда жидектің қалың өскенін, енді дүкендерге қант түссе тосапты молынан қайнатуға боларын айтты. Хитрин ғана біздің ауыл шаруашылық, жеміс-жидек емес, әскери мәселемен келгенімізді есіне салып, атының басын бері бұрғызған. Айтпақшы, жолымыз жеңіл болған-ау, біз кеткен соң Прудников Әуе шабуылынан қорғау әскерінің бас қолбасшысы, КСРО Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне өсті.

Сол сапардағы үшінші көргеніміз: Берия атылған бункер. Бомбапана тура штабтың ауласында екен. Комиссия мүшелері оған назар аудара қоймады. Біздің ғана көруге ниетіміз ауды. Келіп отырған мәселеміз салмақты болған соң ба, әйтеуір сол бункердің ауыр есігін ашып еді.


Бункердегі Берия қамалған бөлме / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Атынан адам қорыққан

Берия. Бұл сөзді естігенде бала жылауын қоятын заман өтті. Кеңес Одағы тарихындағы ең қорқынышты тұлғаның бірі. Қайраткер ретінде қалыптасу дәуірі Грузияда өткен. Ақыры республиканы басқаруға дейін өсті. Алғаш айналаны тітіреткен саяси мәлімдемесін 1937 жылы жазда Грузия Коммунистік партиясының Х съезінде жасайды: "Біздің халқымыздың, Ленин мен Сталин партиясының еркіне қарсы кол көтергендердің әрқайсы аяусыз талқандалып, жойылатынын халық жаулары біліп жүрсін".

1937-38 жылдарғы саяси қуғын-сүргін мәліметтері бойынша бұл шағын республика Одақта үшінші орынға шықты. 15 рет Мәскеудегі Орталық Комитетке атылатындардың тізімін жолдаған. "Бірінші категория" аталған бұл тізімге 3486 адам кіргізілді. Жоғарыға жолданбай, республиканың өзі шешкен "екінші категория", яғни лагерьге жабылатындар үшін 185 тізім түзілген.

Саяси қуғын-сүргін науқаны кезінде Грузияда – Берия, Украинада – Хрущев, Қазақстанда – Мирзоян жарысқа түскен сияқты. Ақыры өздері біреуге қазған орға түседі. Мирзоян репрессия отының соңғы шарпуына ілігіп, 1938 жылы көктемде қызметтен алынды. Москваға бара жатқанда тұтқындалды. Кешікпей оны ату жазасына үкім шығып, орындалды. Берия туралы қазір әңгімелейміз. Хрущевтың қалай қызметтен алынғаны – біздің тақырыбымызға кірмейді.


Берия кавказдық жерлестерінің арасында / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Хош, Лаврентий Берия әріптесі Левон Мирзиян сияқты 1938 жылы Москваға шақырылды. Тек жазаға ұшырауға емес, одан әрі өсуге.

Ішкі істер халық комиссары Николай Ежовтың тоқтауды білмейтін "ажал машинасы" ақыры жоғары басшылықты шошытты. Оның өзін "халық жауы" деп жариялап, орнына Берияны әкелді.

Ол келісімен КСРО Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) жанындағы Ерекше кеңестің соттан тысқары үкім шығару жөніндегі хақысы кеңейтілді. Кейін өзіне үкім сондай "үштік" болмаса да "Арнайы сот қатысуы" деген түсініксіз атпен шығарылған.

1941 жылы Берия НКВД басшысы қызметін сақтай отырып, Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары болды. Қару-жарақ жасауға жауап берді. Тылдағы еңбекті бақылады.

1944 жылы ол қырым татарларын көшіру туралы Сталинге қатынас хат жолдады. Жеке адам емес, тұтас халықты жер аудару жөніндегі жойқын науқан басталды. Бұдан кейін Берияның жоспары бойынша чешен, ингуш, балқар, қарашай, ноғай және басқа халықтар ата қонысынан қуылды.


Берияның қабарда халқын Қазақстандағы Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарына көшіру туралы Сталинге жазған хаты / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Берия өзі басқарып, жасатқан атом бомбасын сынау үшін Қазақстанды ұсынды. Семей ядролық сынақ полигонын салғызды. Атом бомбасын жасаушы Юлий Харитон өз естелігінде "бізге Берия емес, Молотов жетекшілік етсе, мұндай табыс болмас еді" деп жазды.

1949 жылғы 29 тамыздағы алғашқы сынақ кезінде Берия полигонда еді. Тағы сол Харитонның естелігіне жүгінсек: "Біз жарылыстан он шақырым жердегі бақылау пунктінде тұрдық. Сұрапыл жарқылдан отыз секундтан кейін ауа толқыны ұрып өтті. Берия бізбен бірге болды және Курчатов екеумізді маңдайымыздан сүйді". Ертесінде Берия мен Курчатов мемлекет басшысы Сталиннің атына 12 беттік хат жазып, атом бомбасын сынау сәтті аяқталғанын қуанышпен хабарлады.


Берия мен Курчатовтың атом бомбасын сынау сәтті аяқталғаны туралы Сталиннің атына жазған хаты / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Бүйілер біріне-бірі шүйліккен

Сталин өлген 1953 жылғы наурыздың 5-і күні Мемлекеттік Қауіпсіздік министрлігі мен Ішкі істер министрлігі қайта біріктірілді. Оны Берия басқарды. Әрі бұрынғы Министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары қызметін сақтап қалды.

Берияның зор беделі әріптестеріне көлеңке түсіре бастады. Бұл кезде Кеңес Одағы басшылығында жеке тұлға емес, бәсекелес үшеу тұрды. Георгий Маленков – Министрлер кеңесінің Төрағасы, яғни үкімет басшысы. Никита Хрущев – партия көсемі. Сосын үкімет басшысының бірінші орынбасары әрі Ішкі істер министрі – Лаврентий Берия.

Әрқайсы билікті өз қолына алуға тырысты. Берия ішкі істер мен мемлекет қауіпсіздігі органына өз адамдарын тарта бастады. Сол арқылы мақсатын орындауға тырысты. Бірақ, елде тағы бір күш бар еді. Армия. Ол армия Берияны жек көрді.

Қауіпті бәсекелесін биліктен аластату – Хрущевтің мақсаты еді. Онымен жалғыз алысып жеңе алмасын түсінді. Алдымен топ құру керек. 1937 жылғы саяси қуғын-сүргінде екі республикада ортақ саясат ұстанып, жарысқан Берия мен Хрущев енді саясат алаңында бірі өліп, бірі қалатын сайысқа түсті.

Айласы асып түскен Хрущев өз жағына Маленковты, сосын екінші қатардағы Булганин мен Молотовты тартты. "Берия билікке келсе, бәріміздің көзімізді құртады" дегенге сендірді. Ендігісі қарулы күштерді көндіру. Бірер айда бұл мақсат орындалды. Атағы зор, атқарған еңбегі ересен, бүкіл кеңес армиясы құрметтеген маршал Жуковты өзі тобына қосты.

Оның себебі бар. Берияның министрлігі кеше ғана фашистік Германияның тізе бүккен құжатына кеңес жағынан қол қойған, Жеңіс парадын қабылдаған маршал Георгий Жуковтың соңына түсіп, тексеріске салған."Бүлінгеннен бүлдіргі алма" дейтін қазақтай емес, неміс елінен жиһаз, кілем, басқа да сәнді заттар әкелгені мәлім болды. Сосын "Жеңістегі өзінің үлесін асыра көрсеткен" деген келесі айып тағылды. Сталин екіншісі бойынша қатты шүйліккен. Соның салдарынан Жуков қызметтен көп төмендеп, алдымен Одесса, сосын Урал әскери округіне тентіреп кеткен.

Хрущев маршалды қайтадан Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындады. Сөйтіп жалалы болған Жуковқа бедірейген Бериядан өш алуға мүмкіндік берді. Берия – қауіпсіздік қызметінің маршалы еді. Екі маршал бүйі тәрізді бір-біріне тап беруі керек.

Зұлым зауалға жолыққан

Берия 1953 жылы 26 тамызда тұтқындалды. Оны әшкерелеу үшін Никита Хрущев барын салды. Партияның орталық комитетінің мүшелеріне оның мемлекетке қарсы әрекеттері хабарланды. Басқа емес, "Ұлыбританияның пайдасына тыңшылық жасаған".

Сол күні Кремльде Министрлер Кеңесінің отырысы шақырылды. Министрлер міндетті түрде келді. Үкімет мүшелері алдында Хрущев тақырыпты өзгертіп, тосыннан Берияның сатқындығы туралы сөз бастайды. Сасып қалған Берия өзін ақтауға кіріседі. Дауыс беру итжығыс болып жатқанда бір топ генералды бастаған Жуков кіріп, "тыңшыны" тұтқындайды. Ол ұсталған күні әскерилер Москваға бірнеше дивизия кіргізген. Бірақ, мәселе қарулы қақтығыссыз шешілді.

Содан Берияны мына бомбапанаға әкелді. Ертесінде оның бірнеше сыбайласы ұсталды. Ішкі істер мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметін Берияның адамдарынан тазалау басталды.

Бункердің баспалдағы төмендегі темір есікке тіреледі. Ол ашылған соң кезекші қосын отырған бөлмеге кіресіз. Кілт сақтайтын орындар. Шам жағатын, дабыл қағатын пульттер. Тағы да темір есік. Сосын тар дәліз басталады. Қаз-қатар бөлме. Бірінің есігі ашық. Бірақ ар жағы торлы есік. Сол тордан Берия қамалған бөлмені көресіз. Баяғы қалпы сақталған. Соңғы хатына дейін.


Тұтқынның жеке заттары / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

Тергеу кезінде күн сайын Кремльдің айрықша асханасынан тамақ жеткізіліп тұрды. Айрықша асхананың бұрынғы бастығы Геннадий Коломенцевтің естелігі бар: "Тамақ ыдысына пломба қойдық. Ыдысты арнайы официант әкеліп, тұтқын тамақтанған соң алып кететін. Берия алдын ала ас мәзірін қарап не жейтінін белгілейтін. Таңдауы генерал деңгейінен жоғары еді". Ақыр аяғында Коломенцев осы бункерден Берияның денесін брезентке орап автомашинаға тиеп жатқанын көргенін жазыпты. Бірақ оған дейін бірнеше ай бар.

Берия мен оның сыбайластарының ісін КСРО Бас прокуроры Роман Руденко тергеді. Тергеу 26 қарашаға дейін созылды. Келесі күні Бас прокурор "өте құпия" деген белгімен Хрущев пен Маленковтың атына хат жолдады. Онда 39 томнан және қосымша 9 бумадан тұратын іс толық аяқталғаны хабарланды. Іспен танысқан Берия "көп әйелдерді өзімен жыныстық қатынасқа түсуге итермеледі" дегеннен басқасын мойындамаған.

1953 жылғы желтоқсанда КСРО Жоғарғы соты "Арнайы сот қатысуы" атты алқа құрды. Тарихқа жүгінсек, "Арнайы сот қатысуы" бұған дейін екі рет 1937 жылы маршал Тухачевскийді және 1942 жылы маршал Куликті соттау үшін шақырылған. Шамасы, тек маршалдарды соттауға қажет болса керек. Айта кетсек, біріншісіне қарағанда екінші сот иманды үкім шығарыпты: Тухачевский ату жазасына кесілсе, Кулик генерал-майор шеніне төмендетіліп, бар наградадан айрылған. Бірақ, ол байғұсты 1950 жылы қайта соттап атып тастағаны – басқа кеп.

Сонымен бұл жолғы "Арнайы сот қатысуына" маршал Конев төрағалық етті. Сот Берияны "Отанға опасыздық жасады, шетел капиталы мүддесіне қызмет етті" деп тапты. Әрі ол "билікті басып алуға, кеңестік жұмысшы-шаруа құрылымын жойып, буржуазия өктемдігін қалпына келтіруге ұмтылды" делінді. Оның бірін де мойындамағанына қарамастан үкім кесілді – ату жазасы.

Жаза үкім шыққан күні бірден орындалды. Жаздағы Министрлер Кеңесі отырысына Жуковпен бірге кіріп, Берияға қару кезеген генерал-полковник Павел Батицкий оны ақыры қолданды.

Рапорт аталатын ресми құжат мынадай: "КСРО Жоғарғы соты "Арнайы сот қатысуының" 1953 жылғы 23 желтоқсандағы № 003 нұсқауы негізінде мен, "Арнайы сот қатысуының" коменданты генерал-полковник П.Ф.Батицкий, КСРО Бас прокуроры Р.А.Руденконың және армия генералы К.С.Москаленконың қатысуымен "Арнайы сот қатысуының" сотталушы Лаврентий Павлович Берияға шығарған жоғары қылмыстық жазасы – ату жазасын сол күнгі 19 сағат 50 минутта орындадым."

Берия осы бункерде атылды. Жоғарыда айтылғандай, денесі брезентке оралып, сыртқа шығарылды. Сол кеште Бірінші Москва крематориінің пешінде өртелді. Күлі туыстарына берілмей, іргедегі Москва өзеніне шашылды.

Зауал бер екен. Қандай зұлымға болсын.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.