Семей полигонынан зардап шеккендерге үстемеақыны екі есе ұлғайту ұсынылды
Депутат Нұртай Сабильянов премьер-министр Әлихан Смайыловтан полигоннан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау тетігін қайта қарауды сұрады.Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, полигоннан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау тетігін қайта қарауды сұрады.
Депутаттың айтуынша, зейнетақыға үстемеақы алу құқығы төтенше радиациялық қауіпті және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқандарға және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға берілген. Ал радиациядан зардап шеге тұрып, басқа аймақтарға көшіп кеткен және зейнетке 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін шыққандарда бұндай құқық жоқ.
Сонымен қатар қосымша еңбекақы және жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс тек қана зардап шеккен аймақтарда тұрып жатқан азаматтарға ғана беріледі. Басқа аймақтарға көшіп кеткен азаматтар бұл құқықтармен қамтамасыз етілмеген.
"Барлық жұмыс берушілер жыл сайынғы қосымша демалысты төлей алмайды және басқа да қажетті төлемдерді толық қамтамасыз етпейді, себебі бұл үшін қаржылық мүмкіндіктері жоқ. Зардап шеккендердің барлығы уақтылы медициналық тексерістен өтпеген және оларға тиісті диагностика жасалмаған. Оңалту орталықтарында да ем алу қолжетімсіз. Жиі көтерілетін мәселелердің бірі – ол зейнетке шығу жасын төмендету. Зардап шеккен азаматтардың көпшілігінің тұрақты жұмыс орны жоқ. Осыған байланысты, олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлей алмайды", – деді депутат.
Оқи отырыңыз: "Полигон төлемдерін" енді eGov арқылы рәсімдеуге болады
Осы ретте мәжілісмен Үкімет басшысынан:
- ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет атынан жүзеге асыру;
- ядролық сынақтардан зардап шеккен, бірақ елдің басқа өңірлеріне көшіп кеткен азаматтарға заңнамамен көзделген барлық құқықтар мен жеңілдіктерді беру;
- зардап шеккен азаматтарға берілетін үстемеақылардың барлық түрлерін екі есеге ұлғайту және жыл сайынғы қосымша еңбек демалысын төлеуге мемлекеттік қолдау көрсету;
- барлық зардап шеккен азаматтарға толық кешенді медициналық тексеру жүргізу және медициналық оңалту ұйымдарда емделуін қамтамасыз ету;
- оңалту орталықтары мен мамандандырылған шипажайлардың санын көбейтуді сұрады.