"Педиатрия" мамандығы бойынша базалық даярлықтан өткен интернатура түлектерінің арасынан балалар анестезиолог-реаниматологтарын даярлау мәселесі пысықталатын болады. Мұнымен қатар, "парамедик" мамандығы енгізіледі. Бұл туралы Қазақстанда ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жөніндегі 2023-2030 жылдарға арналған "Әрбір әйел – әрбір бала" тұжырымдамасында жазылған. 

Балаларға анестезиологиялық және реанимациондық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты жасалынады. 

"Қазақстан Республикасында тиісті нормативтік бекітумен және кадрларды даярлаумен "парамедик" мамандығы енгізіледі. Астананы айналып өтіп, өңірлер ішінде медициналық авиацияның қажеттіліктері ескеріле отырып, оның ішінде үлкен ұшақтарда ұшу географиясы кеңейтілетін болады. Экипаж құрамына мобилді медициналық авиация бригадасын қосу мәселесі пысықталады. Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында ҚК медициналық авиацияның ұшуына қолжетімділік әуежайлар кестесіне байланысты болмайды", – делінген құжатта. 

Мұнымен қатар, тұжырымдамада ауыл халқына медициналық авиация қызметінің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдармен ауылдық жерлерде тікұшақ айлақтарын жабдықтау мәселесі пысықталатыны туралы айтылған. "Елді мекен – Аудан орталығы – Облыстық медициналық ұйымдар – Республикалық медициналық ұйымдар" деңгейіндегі бірыңғай телемедицина желісі құрылады. 

"Білім беру сапасы мен үйлестіруді жақсарту үшін халықаралық аккредиттеу стандарттары (BLS, ACLS, PALS, NRP, PhTLS және т.б.) бойынша бірыңғай республикалық сертификаттау базасын құру жоспарланып отыр. "Алтын сағат" қағидаларын қолдана отырып, медициналық авиация арқылы пациенттерді, оның ішінде шетелден тасымалдауды ұйымдастыру уақытын қысқарту мақсатында ШМҮҰО базасында қажеттіліктерді бағалау негізінде жеке авиациялық бөлімшелері мен моноқалаларда қосымша станциялар (қосалқы станциялар, бөлімшелер) құрылады", – делінген құжатта. 

Сондай-ақ медициналық авиацияны бекiтiлмеген халыққа, оның iшiнде шетелдiктерге қызмет көрсетуге ақы төлеуді енгiзумен және көшi-қон жоғары деңгейi бар өңiрлер үшiн түзету коэффициентi әзірлеумен қаржыландыру да жетілдіріледі.