Енді ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға шыққан жүргізушілер жазалануы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл бастаманы алғаш Владимир Божко Төтенше жағдайлар министрі болып тұрған кезінде көтерген. ІІМ бұл мәселені қазір де талқылап жатыр. Жаңа норма Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске енгізілмек.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының екі ауданында қардың көптігіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Нормадан артық қар жатқан Ақмола облысында да төтенше жағдай жарияланады деп болжанып отыр. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарында да жағдай күрделі.

"Қазгидрометтің" алдағы аптаға жасаған болжамы бізді қуанта қоймады. Ауа температурасы көтеріліп жатыр. Әрине, мұның арты бұрқасын мен боранға әкеп соғады", – деді Беккер.

Бүгін таңертең 13 өңірде дабылды ескерту жарияланды. 23 автокөлік жол учаскесі, соның ішінде республикалық маңыздағы 13 тас жол таңғы сегізге дейін жабық болды. Қазір республикалық маңыздағы барлық учаске ашылды.