Жылжымайтын мүлікті сақтандыру дегеніміз не және ол не үшін қажет?
Таңдаған сақтандырушыңыздың қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган берген лицензиясының бар-жоғын тексеріңіз.Тұрғындар пәтер немесе үйді сатып алған соң, оны күрделі жөндеуден өткізіп, өмір сүруге барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады. Бірақ, баспана тиісті деңгейде сақтандырылмаған болса, мұның бәрінен бір сәтте айырылып қалуға болады. Сондықтан аяқ асты шығынға ұшырап, күйзеліске түспеу үшін мүлікті сақтандыру қажет. Fingramota.kz жылжымайтын мүлікті қалай және не үшін сақтандыру қажеттігін түсіндіріп берді.
№1. Жылжымайтын мүлікті не үшін сақтандыру қажет?
Апат салдары көбінесе мүліктің бүлінуіне немесе тіпті толық бүлінуіне әкеледі. Өкінішке орай, мұндай жағдайларда қалпына келтіру бойынша барлық шығындарды жәбірленуші өзіне алады. Әрине, егер онда сақтандыру болмаса.
Жылжымайтын мүлікті сақтандыру – бұл жылжымайтын мүліктің толық немесе ішінара зақымдану тәуекелдерінен кепілдендірілген қорғау. Ол сақтандырудың ерікті түрлеріне жатады және әрбір қазақстандықтың жеке таңдауы болып қала береді.
№2. Нені сақтандыруға болады?
Бүгінгі таңда барлығын сақтандыруға болады. Бұл сіздің үйіңіз немесе пәтеріңіз, тұрмыстық техника мен жиһаз және басқалар болуы мүмкін. Барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлікті – бүлінуден, дүлей зілзалалардан, өрттен, көршілерден аққан судың басып кетуінен, тұрмыстық газдың жарылуынан, бұзақылықтан, тонаудан, есікті бұзып кіруден және т.б. сақтандыруға болады.
Сақтандыру болса, қолайсыз оқиға орын алған кезде сіз сақтандыру компаниясынан өтемақы ала аласыз.
Оқи отырыңыз: Несиеге пәтер алғанда салық жеңілдігі барын ұмытпаңыз. Керек кеңес
№3. Мүлікті қандай тәуекелдерден сақтандырады?
Бұл – басты мәселе. Өзінің жылжымайтын мүлкін дұрыс сақтандыру үшін әрбір меншік иесі оның қандай тәуекелдерден сақтандырылуы маңызды екенін түсінуі тиіс. Криминогендік тұрғыдан қолайсыз аудандардың тұрғындары – үйді есікті бұзып кіруден, ұрлықтан және өрттен жиі сақтандырады. Сейсмикалық қауіпті аудандардың тұрғындары – жер сілкіністерінен, жағалауға жақын орналасқан тұрғындар – су тасқынынан сақтандырады. Көп қабатты үйлердің тұрғындары көршілерден шыққан өрттен және мүліктің бүлінуінен сақтандыруды жиі таңдайды. Үйіңізді көршілерден аққан "су басып" кеткен жағдайда, олармен келісу мүмкін болмаған кезде, сіз сотқа жүгініп, сот талқылауларына барумен уақыт пен жүйкеңізді кетіресіз. Егер сізде сақтандыру болғанда, сіз өтемақы алатын едіңіз.
Алайда сақтандыру жағдайының орын алу ықтималдығы неғұрлым жоғары болса, сақтандыру құны да соғұрлым жоғары болатынын түсіну керек. Мысалы, егер сіз тұратын өңірде жер сілкінісі жиі болып тұратын болса, онда оның зардабынан сақтандыру қымбаттырақ болады.
Сақтандырушылар тәуекелдердің барлық тізбесін не олардың жекелеген түрлерін ұсынады. Мұнда әркім өзіне қандай тәуекелдер ең қолайлы екенін және олардан сақтандыру үшін қанша төлеуге дайын екенін таңдауға құқылы.
№4. Неге назар аудару маңызды?
Есіңізде болсын, барлық мәліметтер шартта көрсетіледі. Сақтандыру төлемі жүзеге асырылатын барлық талаптар мен шарттарды, сақтандыру тетігі қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі зерделемей, оған қол қоюға асықпаңыз. Әуелі осы, не өзге компанияның төлемдері мен тарифтерін түсініп алыңыз.
Жақсы беделі бар сенімді сақтандыру компаниясын таңдаңыз. Бұл сақтандырушының қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган берген лицензиясының бар-жоғын тексеріңіз. Сақтандыру ұйымдарының тізімімен www.gov.kz сайтында "Қызмет" - "Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі" бөлімінен танысуға болады.
Шарттың барлық талаптарымен мұқият және толық танысып шығыңыз. Бір компанияда тоқтамаңыз. Басқа сақтандырушылардың талаптарын салыстырыңыз.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады? Нұсқаулық
№5. Мыналарды біліңіз:
- ұйым өкілдері сақтандыру жағдайына нені жатқызады;
- сақтандыру полисі нені жабады;
- қандай ерекшеліктері бар;
- қандай тәуекелдер сақтандырумен жабылады, ал қайсысы жабылмайды;
- сақтандыру жағдайы туындаған кезде не істеу керек және ол үшін қандай құжаттар қажет.
Сақтандыру төлемі қандай жағдайларда төленетінін және төленбейтінін нақтылаңыз. Егер сіз өз мүлкіңізге өзіңіз зиян келтірсеңіз, онда компания зиянды өтемейді. Қандай жағдайда компания төлемді жүзеге асыратыны көрсетілген шарттың бөлігін мұқият оқып шығыңыз. Төлем мөлшері, сондай-ақ сақтандыру жағдайларының тізбесі шартта көрсетіледі.
Франшизаға назар аударыңыз. Сақтандыру шартында франшиза қарастырылуы мүмкін. Бұл ең төменгі сома – сақтандырушыны шығындардың келісілген бөлігін өтеуден босату. Бұл сақтандырушы үшін кейіннен сақтанушы шарт жасасып, өз мүлкіне мұқият қарамайтынына кепілдік болып табылады. Басқаша айтқанда, бұл сақтанушының сақтандыру зиянын өтеуге дербес қатысуы.
№6. Мүлікті сақтандыру үшін қандай құжаттар қажет?
- Өтінішті толтыру қажет. Нысанды сақтандыру компаниясы ұсынады;
- Жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесі және мүлікке немесе мүліктік мүддеге меншік құқығы туралы құжаттың көшірмесі (сатып алу-сату, жалға алу және т. б. туралы шарт) қоса берілсін;
- Жылжымайтын мүлік объектісінің құнын растайтын құжаттар.
Мүлікті сақтандыру біреуге тым қымбат болып көрінуі мүмкін және кейбір адам онсыз амалдай тұруды шешеді.
Бірақ сақтандырумен сіз өзіңіздің иелігіңіздегіні қорғап қана қоймай, болашақта сізде "қауіпсіздік жастықшасы" бар екеніне сенімді бола аласыз. Мысалы, табиғи апат, зілзала немесе су тасқыны салдарынан келтірілген зияннан, егер көршілер кесірінен су басқан болса немесе өрт болса, ұрлық пен тонау кезінде. Екінші жағынан, сіздің сол көршілер алдындағы жауапкершілігіңіз сақтандырылуы мүмкін. Ең бастысы – шартқа қол қоймас бұрын оны әрқашан мұқият оқып шығыңыз.