Алматы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшиннің айтуынша, қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған балалардың саны артып барады. Оның мәліметінше, былтыр қыркүйек-желтоқсан айларында 281 оқушы індетке шалдыққан болса, биылғы үш айдың өзінде 1 700 оқушы Covid-19 жұқтырған. Олардың 80 пайызы үйде онлайн режимде оқыған екен.

"Балалар арасында аурудың өршуіне, мутациядан өткен вирус қаупінің күшеюі себеп болып отыр. Қазіргі вирустың инкубациялық кезеңі екі есе қысқарды, ал жұқтыру қарқыны екі есе көбейді. Балалардың 80 пайызы үйде онлайн режимде оқып отырып вирус жұқтыруда. Сондықтан, балаларды бақылау керек. Оларды далаға шыққанда қадағалап, адам көп шоғырланатын жерлерге баруына тыйым салу керек. Ата-аналар балаларына қауіпсіздік шараларын сақтауын түсіндіргені жөн және маскамен, антисептикпен қамтамасыз етуі қажет", – деді Жандарбек Бекшин.

Қаланың бас мемлекеттік санитария дәрігерінің айтуынша, бұл ауру жасара түскен. Қазір коронавирусқа 1 жасқа толмаған балалар көп шалдығып жатыр. Наурыз айының бірінші аптасында балалар арасында жұқтырудың он жағдайы ғана тіркелген. Ал өткен аптада 160 жағдай тіркеліпті.


Оқи отырыңыз: Алматыда 250-ге жуық вакцина салу пункті ашылады


Жандарбек Бекшин, сәуір айында жағдай одан әрмен ушығатынан ескертті. Оның болжамынша, осы айда коронавирус жұқтырғандардың саны едәуір өседі. Сондықтан, сақтыққа барынша мән берген жөн. Бұдан бөлек, Жандарбек Бекшин Алматының жабылуына қатысты да пікір білдірді.

"Қазіргі ахуал күрделі. Бірақ, қыстан бері жасаған дайындығымыз қазіргі жағдайдан өтуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде 7 011 төсек-орын бар. Бос төсек-орын үлесі – 44,9 пайыз (2 520 орын). Жансақтау бөліміндегі төсек-орындардың 62 пайызы бос. Сондықтан жағдай Қоғамдық денсаулық сақтау ұйымының бақылауында деуге болады. Алаңдататын мәселе жоқ. Себебі, бәрі ауруханаға дер кезінде жатқызылып жатыр. Күнделікті ауруханаға жатқызылатын науқастар саны 250-270 шамасында, 500-ге жетпеді. Сондықтан қазіргі таңда қаланы жабу туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ", – деді ол.