Өзін-өзі жұмыспен қамтитындарға кім жатады? Оларға салық қалай салынады?
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ешқандай жарна аудармағандықтан, сақтандырудан тыс қалғалы тұр. Демек, қазіргі тегін көрсетіліп жатқан көмек ақылыға айналғанда олар емделе алмайды, зейнетақы да ала алмайды. Себебі, ол кезінде аударым жасаған жоқ.
Сондықтан, оларды қайткенде де "көлеңкеден" шығаруды көздейтін заң жобасы әзірленіп жатыр. Байқағаныңыздай, бұл – міндетті медициналық сақтандыру бастамасы көтерілгеннен кейінгі туындаған мәселе. Заң жобасы "Формалды емес жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру" деп аталады.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы өсті, салық азайды, темекі қымбаттады. Шілде айынан бастап Қазақстанда не өзгерді?
Жаңа заң жобасы кімдерді жарылқайды?
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тізіміне жұмыссыздар кіріп кетпей ме? Қандай талаптар қойылады? Осы сұрақтарға "Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту" департаменті директорының орынбасары Ерболат Абулхатин жауап берді. Ал, әлеуметтанушы Аменгелді Құрметұлы қарастырылып жатқан заң жобасына наразы. Бәрін рет-ретімен, жүйелі түрде түсіндірейік.
– Жұмысшылар – жалдамалы және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып екіге бөлінеді. Жалдамалыларға жалдаған жұмыс орны БЖТ (бірыңғай жиынтық төлемін, орысша – единый совокупный платеж) төлейді. Кейбір жұмыс берушілер жалдамалы жұмыскеріне ешқандай салықты да, жарнаны да аудармауы мүмкін. Арада еңбек келісім-шартын жасаспай, жалақысын қолма-қол алатындар бар. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін бұл заң жобасы талқыланып жатыр, – дейді Ерболат Абулхатин.
Оқи отырыңыз: Кәсіпкерлер жыл соңына дейін бақылау кассасын орнату керек
Әркім өзінің болашағы үшін салық төлейді
– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ешқандай төлем төлемей-ақ, қазір ел қатарлы ауруханаға қаралып жатыр. Міндетті медициналық сақтандыру енгізілгенде, олар бұл қызметтерден қағылайын деп тұр. Сол себепті олар қалталарынан өз болашақтары үшін қаржы салады. Оның мөлшері аса көп те емес.
Әзірленіп жатқан заң жобасына сай жаңа салық режимі енгізіледі. Яғни, "бірыңғай жиынтық төлемін" (БЖТ). Оған:
- Жеке табыс салығы;
- Міндетті зейнетақы жарнасы;
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемі;
- Әлеуметтік сақтандыру аударымы кіреді.
БЖТ ай сайынғы мөлшері қала тұрғындары үшін – бір айлық есептік көрсеткіші (1 АЕК 2018 жылға 2 405 теңге), ауыл тұрғындары үшін – 0,3 АЕК (721,5 теңге) болады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жұмысшы құқығы туралы не білу керек?
Бұл санатқа жату үшін жылдық шекті табысыңыздың мөлшері 100 еселенген ең аз жалақыдан төмен болуы керек. Ол – 2 828 400 теңге деген сөз. Сонда айына 235 700 теңгеден аз табыс табатын болсаңыз, жеңілдетілген салық төлейсіз. Ал, бұл сомадан жоғары табатын кәсіпкерлер патент бойынша жеке табысынан 2 пайыз төлейді.
Төлем банктер мен терминалдар, мобильді қосымша арқылы "Азаматтарға арналған Үкімет" Мемлекеттік корпорациясының шотына аударылып, әрі қарай төлем қорларға бөлінеді. Мұны тіркелген мекен-жайыңыз бойынша төлейсіз.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – кімдер?
"Халықты жұмыспен қамту туралы" ҚР Заңында:
- Табыс алу үшін тауарлар өндірумен (өткізумен);
- Жұмыстар мен қызметтер көрсетумен дара айналысатындар;
- Өндірістік кооператив мүшелері;
- Отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) және жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланушы жұмыс берушілер еңбекақы төлемейтін жұмыскерлері.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда бастық жұмысшыдан 8,7 есе артық жалақы алады. Бұл экономикаға қалай әсер етеді
Оларға нақты мысал келтірер болсақ.
- Мал бағып, егін мен бау-бақша егетіндер;
- Базар мен пойыз төңірегінде сауда-саттық жасағандар;
- Сауда нысандарында арнайы орындары жоқ жеке тұлғалар (арба итергендер);
- Фрилансерлер;
- Үй қызметкерлері (бала бағушы);
- Такси қызметін атқаратындар мен ірілі-ұсақты жекеменшік кәсіпкерлер де бұл қатарға кіреді.
Өздері жасаған тағамдарды, тәттілерді, түрлі қолөнер, тоқыма бұйымдарын ғаламтор арқылы сататындар аз емес. Олар көп жағдайда үйде отырып жұмыс істейді.
Қысқасы қызметтері ресми құжатта көрсетіле қоймаған, салық төлемейтін, жарна аудармайтындар өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарына қосылады.
Нәтижелі және нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар болып бөлінеді
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйеніп, сандарды сөйлетсек. 2017 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы саны екі млн-нан асыпты. Нақтырақ айтсақ, 2 099 222 адам. Оның 1 881 484-і нәтижелі, 217 738-і нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар.
Бұл тұстағы нәтижелі дегеніміз – құжаттары ресми түрде тіркелгендер. Мысалы, бес сиыры бар отбасылар, ауылшаруашылығымен айналысатын шаруалар, дүңгіршекте бәліш сатып отырғандар т.б.
Ал, нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар деп ресми тіркелмей, қызметтерін жасыратындарды айтамыз. Оларға базар ішінде арбамен сауда жасайтындар, пойыз маңында дорба арқалап күн көретіндер, таксишілер тағысын тағылар жатады. Осыны нақтылау қиынға соғайын деп тұр.
Статусы расталмағандардың басым көпшілігі ауылда тұрады
Бұдан басқа, қазіргі уақытта статусы әлі расталмаған, өзін өзі жұмыспен қамтыған 1 025 177 азамат бар. Олардың ішінде 1 002 008 адам нәтижесіз жұмыспен қамтылғандарға жатады.
2018 жылдың 1 сәуіріндегі деректер бойынша, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына 111 мың адам тіркелген. Олардың 71,9 мыңы, яғни 64,6 пайызы – жұмыссыз. 4,4 мың адам, яғни 4 пайызы ғана – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар екен.
Бұл көрсеткіш алты ай сайын жаңарады. Экономика министрлігінің статистика комитеті тұрғындардың табысын анықтау мақсатында арнайы сауалнама жүргізіп отырады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 63,2 % ауылда (1 327 436 адам) және 36,8 %-ы (771 786 адам) қалада тұрады. Бағдарламаға қатысқандардың да көбі – ауыл тұрғындары. Сол себепті оларға белгіленген төлем мөлшері қалаға қарағанда екі есе төмен болды.
Енді 50 сиырыңды 5 деп көрсете алмайсың
– Нақты сандар Бұқаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша белгіленді. Әр елдің методикасы әр түрлі. Бірақ, әлемде ортақ стандарт бар. Сол бойынша есептеме жүргізіледі. Мысалы, Францияда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жайы біздің елдегімен бірдей деңгейде. Әрине, ұлттық ерекшелікке байланысты жеке шаруашылықтардың айырмашылықтары ескеріледі.
500 сиыры бар болса да, құжатта тек 15 деп көрсетіп қоятындар бар. Бұл мәселемен 25 жыл бойы күресіп келеміз. Енді осылардың бәрі нақтыланады, – дейді Ерболат Абулхатин.
Болашақта табысыңды жасыра алмайсың
– 2020 жылы Жалпылама декларация енгізілгенде, халықтың барлығына жеке кірісін көрсету керек болады. Сол кезде кімнің қанша табыс тауып жүргені анықталады.
Бірақ, мынаны да ескеріп отырмыз. Олар нақты табысын жасырып қалуы да мүмкін. Болашақта, цифрландырудың нәтижесінде барлық жүйе біріктіріледі. Салық, медициналық, ішкі істер, әділет мекемелерінің базасы бір-бірімен оп-оңай байланысып, электронды түрде ақпараттарды бақылай алады. Егер оның астында көлігі, атында мүлігі бар болса, әп-сәтте белгілі болады.
Ештеңесі жоқ адамдар жұмыссыз ретінде тіркеледі. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің тәжірибесі зерделенді. Бұл – әлі жоба. Түрлі көзқарастар мен пікірлерді ескеріп, түзетулер енгізілуі мүмкін, – дейді "Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту" департаменті директорының орынбасары.
Бірыңғай жиынтық төлем қолдау тапқан жағдайда Салық кодексіне тиісті нормалар енгізіліп, төлем тәртібі Үкімет қаулысымен анықталады. Міндетті медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңдар Салық кодексіне сәйкестендіріледі.
Жұмыссыз болсаңыз...
"Жұмыспен қамту орталығына" барып, жұмыссыз ретінде тіркеліңіз. Әйтпесе, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тізіміне ілігіп қалуыңыз мүмкін. Онда сізді қабілетіңізге қарай, белгілі бір мамандыққа оқытып, жұмысқа орналасуыңызға септігін тигізеді. Содан кейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарына қосыласыз. Толығырақ түсіндіре кетсек.
"Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімдік оқумен қамтамасыз ету. Олардың барлығы шәкіртақымен, күнделікті бір реттік ыстық тамақпен және жолақымен қамтылған.
Екінші бағыт жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері үйретіледі. Осыны оқығандар "шағын несиеге" қол жеткізіп, өз кәсібін аша алады. Якорлық кооперацияға басымдық беріліп отырғанын да айта кеткен жөн.
Үшінші бағыт халықты жұмыспен қамтиды. Бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылады.
Әлеуметтанушы Амангелді Құрметұлы: "Сөзбен ойнау мәселесі бар"
– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың ішінде қара жұмысшылар, көтерме жұмысшылар, маусымдық жұмыстар үшін ірі қалаларға ағылатындар болуы мүмкін. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде ешқашан ресми тіркелмейді. Жұмыссыздардың көпшілігі "жұмыссызбын" деп Жұмыспен қамту орталығына барып жатқан жоқ.
Демек, жұмысы жоқ ретінде ресми тіркелмегендер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып шыға келуі мүмкін. Елбасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне осы категориядағы адамдардың нақты статусын анықтауды тапсырған.
Бірақ, бұл министрлік анықтаудың тәсілін жетілдіріп, ойлап таба алмаған сияқты. Мысалы, нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың статусы қандай көрсеткіш бойынша нәтижелі болып саналады? Олар еліміздің экономикасына қаншалықты әсер етіп отыр?
Президент жариялаған бес әлеуметтік бастамада 25 АЕК (60 125 теңге) төмен жалақы алатын азаматтар бұрынғы 10 пайыздың орнына тек 1 пайыз ғана салық төлейді. Үнемделген 9 пайыздың қаржысы аталған азаматтардың жалақысын көтеруге жұмсалады.
Осы тұста "нәтижелі жұмыспен қамтылды" деген адамдар бұл тізімге кірмей қалуы мүмкін. Сонда бәліш сататындар айына 60 125 теңгеден, немесе 235 700 теңгеден жоғары табыс табады деп көрсете салулары мүмкін, – дейді Амангелді Құрметұлы.
Нәтижесіз жұмыспен қамтылған "жұмыссыздардың" табысы тұрақты емес
– Олар бүгінмен ғана өмір сүреді. Тапқаны ішіп-жемнен артылмайды. Ауылда бір отбасында 4-5 адам бар делік. Әрқайсысы ай сайын 721,5 теңгеден салық төлеп отырса, 2886-3607,5 теңгеден түседі. Олар кейде айлап, жылдап бір тиын да табыс таппауы мүмкін. Жалғыз сиырының арқасында күн көріп отырғандары бар. Олардан мәжбүрлі түрде салықты қалай алмақшы? – деп Амангелді Құрметұлы күдігімен бізбен бөлісті.
Жаппай декларацияны аяқсыз қалдырмаған дұрыс
Былтырғы азаматтарды тіркеу реформасын алайық. Қаншамыз тіркеліп, қаншамыз айып төледік? Басталды да, аяқсыз қалды емес пе? Сол сияқты болып қалмасына кім кепіл?
Жаппай декларацияны қабылдаудың артықшылығы – әркімнің табысын анықтауға мүмкіндік береді. Бірақ декларацияны шын толтырғанын қалай білеміз? Онда жазылған мәліметтерді салық мекемелері қалай тексеріп, анықтайды, қаншалықты құқы бар? Әлде нақты табысты анықтау үшін әр адамның соңына жеке-жеке полиция салып қоя ма?
"Мұның бәрі әлеуметтік шиеленісті күшейтеді"
Мысалы, ауылда үйі барлардың көбі – "өзін-өзі жұмыспен қамтығандар" емес қой. "Жұмыспен қамту орталығы" ауыл тұрғындарының барлығын жұмыспен қамти алады ма? Бұл сұрақтардың жауабы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде жоқ.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тізімінде шетелге көшіп кеткендер де, өмірден өткендер де, студенттер де жүруі мүмкін. Жалғыз мүмкіндік – зейнетақы қоры мен салық мекемесі арқылы анықтау. Бірақ, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бұлардың біреуіне де тіркелмеген. Электронды ақпараттар арқылы да олардың табысын анықтай алмайды, – дейді Амангелді Құрметұлы.
Шағын кәсіпкерлікпен тіркелмей айналысып жүргендердің көбі жүйеге сенбейді
– Қазақстанда өзін-өзі қамтамасыз етушілер зейнетақы, медициналық сақтандыру қорларына қаржы аудара қоймайды. Жұмыссыз ретінде тіркелмей, мемлекет тарапынан ұсынылатын жұмыс орындарына бармайтындар – әдетте мемлекеттік саясатқа күмәнмен қарайтындар. Былтыр Әзірбайжан халықаралық банкі дефолт жариялағанын білесіздер. Зейнетақы қорындағы 71,3 млрд теңге осы банкке құнды қағаз ретінде салынған еді. Сол қаржының жағдайы әлі күнге дейін белгісіз. Осындай жағдайлардан кейін зейнетақы қорына да сенбейсің,– деп күйінді.
Сондықтан, өзін өзі қамтығандар санын азайту үшін азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған шараларға назар аударған жөн.
Зейнетақы қоры сенімді болу керек
– 63 жасқа дейін зейнетақы жарнасын алу, алмау жағы бізде күмәнді. Зейнетақы қорына 10 млн жинақтағандар ол қаржысын іске жарата алмайды. Оны табан ақы, маңдай теріңмен жинадың ғой. Бәлкім, сол жинаған қаржының 50 пайызын несиеге алатын баспананың бастапқы жарнасына құюға мүмкіндік берілсе, онда халықтың еңсесі көтерілер еді.
Сондықтан зейнетақы қорына 3-4 млннан жоғары сома жинасаң, сол қаржың баспанаңның бастапқы жарнасына кетеді деп халықты ынталандыру керек. Ал, одан кейін болашағыңа жинап отырсың десе... Осындай қосымша тетік арқылы ғана халықтың сеніміне ие болады. Сенімсіздік жүрген жерде реформаның жүзеге асуы екіталай.
Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететіндер болашағын елестете алмайтындықтан, ғайып дүниеге ақша салып жатқандай сезінеді. Ұзақ өмір сүретініне, балаларына мұрагерлікпен қалатынына көзі жетпейді, – дейді әлеуметтанушы.
Ұр-тоқпақпен ешкімді мәжбүрлеуге болмайды
– "Зейнетақы жарнасына да, медициналық сақтандыруға қаржы құю – әркімнің өз еркі" деген жүйені қоғамға енгізу керек. Мысалы, міндетті медициналық сақтандыру қорындағы есепшоты барлардың тізімі электронды жүйеде тіркеліп тұрады. Солардың қатарында жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды мәжбүрлегенше, әрбір дәрігердің қабылдауын 2 мың теңгеден жасап қойсын.
Сонда халық "әрбір қаралғаныма соншама ақша төлегенімше, медициналық сақтандыру қорынан есеп ашқаным дұрыс қой" деп ойлана бастайды. Жоқ, бізде бәрін бірден бастап кеткісі келеді.
Дамыған елдердегі "өзін өзі қамтығандармен" біздің елдегілерді салыстыру қиын
– Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететіндер саны еңбек күшінің 26 пайыз болса, дәл осындай көрсеткіш Италия мен Кореяда бар. Оларда да 25-26 пайыз. Ал АҚШ пен Канадада мұндай топқа кіретіндер – 10, Жапония, Финляндия мен Ұлыбританияда – 15 пайыз.
Алайда, дамыған елдердегі "өзін өзі қамтығандар" жәйімен посткеңестік елдердегі жағдайды салыстыруға келмейді. Оларда нақты шағын кәсіпкерлікпен тұрақты түрде айналысқандықтан бірыңғай жинақ төлемін аударып отырады.
Мысалы, Германияда жұмыс істемейтіндерге жәрдемақы тағайындалады. "Қанша жұмыс орнына барып өтініш жаздың? Қаншасы сенің өтінішіңді кері қайтарды?" деген деректерді тексеріп, қадағалап отырады. Қосымша табыс келген болса, ол табыстың қайдан келгенін анықтай алады. Ал, бізде ондай мүмкіндік әлі қалыптасқан жоқ қой, – дейді әлеуметтанушы Амангелді Құрметұлы.
Мәдени, әлеуметтану ерекшеліктерін анықтау керек
– Бұл реформаға неге халық ықылас танытпайды? Осындай зерттеулерді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жасап жатыр дегенге сеніңкіремеймін.
Мәдениет, әлеуметтанушылардан жасақталған топ құрып, әр ауданның түсінігіне байланысты жергілікті ұғымдарды зерттеп алу керек. Содан кейін ғана гуманитарлы саланың мамандарын экономистермен бірге отырғызып, кеңес құрғаны жөн.
Кеңесте қабылданған ортақ шешімге сай іске кіріскені дұрыс. Елбасы айтқаннан кейін, кеңседе отырып алып, жазған бір құшақ қағаздың қаншалықты пайдасы бар?
Несие алатын кезде, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар зейнетақы жарнасын сала бастайды
– Бізде алты ай, бір жыл жарнасын салғаннан кейін несие ала алады. Сонда министрлікке қарағанда банктердің ықпалы күшті болып тұр. Халықтың мәдениеті, діні, таным-түсінігі, шынайы экономикалық әлеуетін зерттеп-зерделеу қажет.
Бұл реформа – статистика үшін жасалып жатқандай көрінеді. Отыз елдің қатарында болып, басқаларға кеуде қағу үшін бізде жұмыссыздар саны аз болуы керек. Мынаған аса назар аударуымыз керек: орта тап қалыптаспайынша, елдің әл-ауқаты түзелмейді, – деп өз ойын түйіндеді әлеуметтанушы Амангелді Құрметұлы.
Деректер Ұлттық экономика министрлігі мәліметіне сүйеніп жасалады
Экономист Рақым Ошақбаевтың айтуынша, тоқсан сайын халықаралық еңбек ұйымы халықтың жұмысы бар-жоғын біліп, кірісін анықтау үшін үйді-үйді аралайды. Соның нәтижесінде нақты деректер анықталады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың да саны осы жолмен белгілі болған. Олар жайлы 1993 жылдан бері айтылып келеді. Бүгінгі басты мәселе – тек нәпақа тауып жүрген, табысы төмен тіркелмегендер.
Бірыңғай жинақ төлемінен қорқудың қажеті жоқ
– Былтыр "Талап" қолданбалы зерттеу орталығы салықтарды біріктіріп, бір жүйеге айналдыру керектігін айтқан болатын. Әлеуметтік, медициналық сақтандыруға, зейнетақы жарнасына бір рет төлеміңіз аударылады. Сонда әрбір қазақстандық өзінің болашағына салым салу арқылы, қартайғанда қиналып қалмайды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткендердің арасында жұмыссыздар да кіріп кетуі мүмкін деген – қате көзқарас. Мүлдем жұмысы жоқтарға ешнәрсе жүктелмейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың көбі "бір күндік тіршілік үшін жүргендер" болуы мүмкін. Басты мәселе де осы болып тұр. Егер жұмысқа кіруіне мүмкіндік қарастырылса, олар қуана-қуана орналасар еді. Бірақ, олар жұмысты іздемейді де. Өйткені, таппайтынын біледі, – дейді Рақым Ошақбаев informburo.kz-ке берген жауабында.