Көрші елдің 55 ескі зауыты салынатыны туралы ақпарат – даңғаза қауесет

Бүгін Астанада өтіп жатқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай пікір білдірді.

– Соңғы уақытта "Жер шетелдіктерге сатылады екен" немесе "көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі", "мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады екен" деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Ондай қауесеттер адамдардың патриоттық көңіл күйін шебер пайдаланып жүрген ниеті дұрыс еместерден таралып жатыр, – деді Президент.

Жаңаөзендегі жұмыссыздар Ақтауда жұмыс істегісі келмейді

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, қалада жұмыс ұсынғанмен Жаңаөзендегі 2400 жұмыссыздың бірде біреуінің оған барғысы жоқ.

Биыл наурыз-сәуір айындағы ереуілден кейін 500 жұмыс орны ашылыпты. Қаланы көгалдандыру, тазалау, тұрғын үй шаруашылығы саласында қызмет көрсету жөнінде екі кәсіпорын құрылған.

– Біз Жаңаөзен тұрғындарын басқа аймақтарға жұмысқа орналастыруға тырысып жатырмыз. Облыс әкімі кездесуде Ақтауға жұмысқа шақырып, жатақхана берілетінін мәлімдеді. Ешкім келіспеді. Бәрі Ақтауға бармаймыз, осы жерден жұмыс тауып бер дейді. Жұмыс күші мобильді болу керек, отырып алып осы жерден, қазір жұмыс тауып бер демей, жұмыс қайда бар сонда бару керек, – деді Қ.Жұмашев.

"National Tourism Awards 2019" ұлттық байқауы басталды

Туризм саласында сыйақы тағайындау шарасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен "Қазақ туризм" АҚ ұйымдастырады. Байқауға қатысуға өтінім қабылдау 1-ші қазаннан басталып, 31-ші қазанда аяқталады.

Компанияның туризмді дамыту департментінің директоры Гауһар Жеңісбектің айтуынша, қатысушыларды іріктеу 10 аталымда онлайн дауыс беру арқылы жүреді. Қатысушылар tourismawards.kz сайтына тіркеліп, ұсынылған 10 аталымның біреуін таңдау керек. Онлайн дауыс беру 12-15 қараша аралығында өтеді. Дауыс беру қорытындысына сәйкес әділқазылар жеңімпаздарды анықтайды. Марапаттау рәсімі 7-ші желтоқсанда Астана қаласында ұйымдастырылады.

Қызылорда облысында 6 тоннадан астам балық қырылып қалыпты

Тоқпан көліндегі балықтардың қырылғаны туралы ақпарат Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына WhatsApp арқылы 4-ші қыркүйекте түскен. Оқиға орнына арнайы құрылған комиссия барып, су айдынының жағалауын зерттеген. "Жиналған 6,4 тонна балықтың 96%-ы – табан балығының шабақтары, қалғаны – торта, қылыш балық, сазан және көксерке балықтарының шабақтары" деп хабарлады ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Экология департаментінің, ветеринарлық қызмет, "Казгидромет" РММ және "Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС-нің мамандары лабораториялық зерттеулер мен санитарлық-химиялық талдамалар жүргізу үшін су мен өлген балық сынамаларын алыпты. Министрлік қазіргі уақытта өлген балықтарды жинау және жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын, балықтардың қырылу себептері туралы ақпарат лабораториялық зерттеулердің қорытындылары дайын болған соң қосымша хабарланатынын жеткізді.

Ермұрат Бапи ЖСДП төрағалығынан кетті

Жалпыұлттық саяси-демократиялық партиясының (ЖСДП) 15 съезінде күн тәртібіне қазіргі басшыларға сенімсіздік білдіру мәселесі шығарылып, ақырында партия басшысы Ермұрат Бапи төрағалықтан кетті. Оның орнына Асхат Рақымжанов партия басшысы болып сайланды. Ермұрат Бапи сонымен бірге партиядан да шығарылды. А.Рахымжанов бүған дейін партияның Астанадағы филиалын басқарған.

Алматыда "Барахолка" базары маңында қойма өртеніп жатыр

Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі әуелгіде өрттің "Мизам" базары маңында болғанын хабарлған. Кейін түзетулер ензігіп өрттің "Мизамда" емес, базарлардың арасындағы қоймалар аумағында болып жатқанын мәлімдеді.

"Металл-пластмассадан жасалған бұйымдар сақталған қоймадан шыққан өрттің жақын жердегі қоймаларға өршу қаупі бар" деп хабарлады комитеттен. Өртті сөндіруге 43 өрт сөндіруші мен 12 техника жұмылдырылған. Қызыл жалынды ауыздықтауға екі тікұшақтың да тартылғаны хабарланды.

Арысты қалпына келтіруге атсалысқандар марапатталды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жарылыстан жапа шеккен аймаққа ел халқының бәрі жұмыла көмектескенін атап өтті. Сын сағатта шынайы қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс айтып, Президент мемлекеттік награданы 40 адамға табыстады.

Қазіргі таңда Арыстағы ғимараттардың 97%-ы қалпына келтірілген. Апатты аймақтағы жұмыстарға 10 мыңдай адам, 250 компания мен 300 арнайы техника жұмылдырылған.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Алдағы демалыс күндері жаңбырлы болады. Синоптиктердің болжамынша, 7-9 қыркүйекте циклон және атмосфералық ағындардың келуіне байланысты елімізді жиі жаңбыр жауып, солтүстікте күндізгі температура плюс 10…20°С, республиканың оңтүстігінде плюс 18…25°С, климаттық нормадан 3…5°С төмен нағыз күзгі ауа райы орнайды. Тек батыс облыстарда жауын-шашын тоқтап, температураның нормаға дейін жоғарылауы күтіледі.

Baq.kz: Несиені кешіру мәселелері бойынша call-орталығы жұмыс істейді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасында жұмыс істейтін 111 call-орталығының мамандары нақты уақыт режимінде азаматтарға несиені кешіру мәселелері бойынша кеңес береді. Сондай-ақ электрондық үкімет порталындағы "Борыш жүктемесін азайтуға арналған бағдарламаға қатысу мәртебесін тексеру"электрондық қызметін қолдана отырып, қарызды өтеуге жүгінетін азаматтардың тізімге енгізілгенін тексеруге болады. Ол үшін ЭЦҚ қажет.

24.kz: Елімізде бір жыл ішінде тұрғын үй бағасы 7,2% қымбаттаған. Өткен айда ғана Павлодардағы баға рекордтық көрсеткішке жетті. Пәтердің бір шаршы метрі 3,5%-ке өсіп, 185 025 теңгеге бағаланған. Талдықорғанда да баспана ақысы қымбат, сәуірден бері 189 100 теңгеге сатылып жатыр. Ал еліміздің шығысы Семей мен Өскемендегі орташа өсім 1,2 және 2,3%-ті құрады. Яғни тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 175 мың мен 195 мың теңгеден асқан. Өсім Петропавл, Қарағанды, Алматы, Көкшетау да байқалады. Қазір елордада пәтердің бір шаршы метрі шамамен 334 мың теңгеге бағалануда. Бір жыл ішінде Петропавл, Өскемен, Шымкент, Алматы, Талдықорғандағы өсім 12-15%-ті құраған. Сарапшылар бағаның өсуін олар долларға тәуелділікпен байланыстырады.