Жұмыс жасайтын жастарға жалға берілетін пəтердің ақысы Президент тапсырмасынан кейін айына 12 мың теңге болады. Жаңалықтарға шолу
Қатты аяздан Тальго пойызы бұзылып, жолда қалды
"Астана – Қызылорда" бағытымен сапарға шыққан жолаушылар пойызы Қарағандыдан 150 шақырым жерде 6 сағат тұрып қалды. 300 жолаушыға басқа пойызға отыру немесе толық билет құнын қайтарып алу ұсынылған. Əупірімдеп Қарағандыға жеткізілген. Сол жерде-ақ оларға "Астана – Сарыағаш" пойызына тіркелген 6 вагонға билеттер сатылды. Жолдан қалған халық наразылық білдіріп, біраз дүрбелең болған.
Елден шығуға шектеудің бар-жоқтығын Telegram арқылы тексеруге болады
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ хабарлағандай, EgovKzBot телеграм боты арқылы БЗЖҚ түсімдер мен жинақ жəне инвестициялық кірістер туралы, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы ақпарат алуға болады.
Жастардың жартысына жуығы жұмысқа орналасуда қиындық көреді
Сенат төрағасы Қ.Тоқаев осылай деді. Айтуынша, дүние жүзі бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші бүгінде 13 пайыз. Бұған қарағанда еліміздегі жастарды жұмысқа орналастыру деңгейі өте төмен. Жұмыссыздықпен күресте бірінші кезекте жастардың кəсіпкерлікке қабілеттілігін арттыру керек дейді Тоқаев.
Жастарды кәсіптің қыр-сырына баулитын "Жас маман" бағдарламасының аясында 100 мың жас оқытылатын болады.
Балалардың өліміне байланысты Министр Əбілқасымоваға кінə арту əділетсіз
ҚР Ақпарат жəне коммуникациялар министрі Д.Абаев əлеуметтік желіде министр М.Əбілқасымованың отставкаға кетуін талап етушілерге қатысты осындай пікір білдірді.
– Қайғылы оқиғаға бір емес, бірнеше фактор себеп болды. Барлық мəселені Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігің жұмысы шеше алмайды. Оның өзі үш баланың анасы ретінде бұл жағдайды ауыр қабылдады. Сол себепті, тек конструктивті сынды қалдырып, арандату тоқтайды деген үміттемін. Оның үстіне мен министр Әбілқасымованы өз ісіне адал кәсіби маман ретінде білемін, – дейді Д.Абаев.
Жастарға жалға берілетін пəтердің айлық жалдау ақысы 12 мыңға дейін болады
ҚР Қоғамдық даму министрі Д.Қалетаевтың айтуынша, мұндай пəтерлерге Астана, Алматы жəне Шымкент қаласында жұмыс істейтін 29 жасқа дейінгі жастар үміткер бола алады. Оны алатын жастардың бəрінде жұмысы болуы керек. Баспананың аумағы 40-50 шаршы метр шамасында. Министрдің сөзіне қарағанда жастарға жалдамалы пəтер беру бағдарламасы əлі пысықталып жатыр.
Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемін ең төменгі жалақы деңгейіне дейін жеткізу керек
Қазақстанның жастар конгресінде осындай ұысыныс жасалды. Аталған ұйымның атқарушы директоры әр туылған бала үшін жас отбасының ипотекасын 25 пайызға төмендетіп отыруды, ал төртінші бала туылғаннан кейін ипотеканы мемлекет есебінен толық жауып тастауды да ұсынды.
Бұл мүмкіндікті кім көрінген пайдаланып кетпеу үшін, адам басына баспананың шектік шаршы метрін бекіту ұсынылды. Нақтырақ айтсақ, мұндай көмек беретін құзырлы мемлекеттік орган бір адамға 18 шаршы метр деген өлшемді басшылыққа алуы керек. Осындай жағдайлар жасалғаннан кейін ғана ата-ананың баласына деген құқықтық жауапкершілігін күшейтуге болады.
Павлодарда тағы бір отбасы иіс тиіп өлді
Баянауыл ауданының Ұзынбұлақ ауданында газдан азаматтық некедегі әйел мен кісі, сондай-ақ 2004 жəне 2007 жылы туған балалар қайтыс болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, əйел 7 айлық мерзімде жүкті болған. Оқыс оқиға кезінде оқуда болған əйелдің тағы екі баласына əкімдік көмектесеміз деп уəде берді.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Ұялы телефон нөмірімен мезеттік төлем жүйесі іске қосылды. "Suńqar" жүйесінде жеке тұлғалар арасында ақша аударуға (P2P-аударымдар), оны түрлі қатысушы банктердегі өз шоттары (салымдар, брокердегі инвест-шотты толықтыру және басқалар) бойынша жүргізуіне болады. Жүйе арқылы QR-кодтарды сканерлеп ұялы телефонмен бөлшек саудада есеп айырысуға да мүмкіндік бар.
Baq.kz: Мемқызметкердің қарапайым азаматтармен сөйлесу ережесі дайындалмақ. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлім етті. "Бұл тұрғыда мемлекеттік қызметтің беделін өсіретін кез жетті" деп атап өтті ол.