Әжеде де әже бар, жас балаша доп тебер. Футболист әжелердің әңгімесі (видео)
Әжелер футбол командасының тарихы 1992 жылы басталыпты. "Барыс" отбасылық спорттық клубынан. Алғашында күйеулерінің доп тепкенін қызықтап, жанкүйер болып жүріп, кейін өздері де футболист болып кеткенін байқамай қалған. Команданың құрылуына Күлімхан әжеміз мұрындық болған.
– Футбол ойнайтын күйеуіме жанкүйер болып, он жыл жүрдім. Тек қарап отырғаннан уақыт өтпейтін. Сосын бір күні мен қыздарға "біз де доп теуіп үйренейік" дедім. Алғаш ойнай бастағанда күйеулеріміз мазақтап, есімізді шығарды. Бірақ алған бетімізден қайтпай қойдық.
Әжелер үшін жас деген жай ғана сандар
"Спорт – денсаулық кепілі" деген қағиданы ұстанған әжелердің жаттығу алаңында өздерін сергек сезінетіні анық байқалады. Өйткені дайындықтары жоғары, шаршау дегенді білмейді.
Футбол командасындағы тұрақты 12 ойыншының ең жасы 55-те, ал ең үлкені 69-да. Команда мүшелері жұмыспен спортты қатар алып жүр. Бірі жоғары оқу орнының беделді қызметкері, бірі жоғары санатты дәрігер, енді бірі бизнес леди.
Біз барғанда әжелер денелерін шынықтырып, жаттығып жатыр екен. Жаз мезгілі болғандықтан кейбіреулері демалысқа кетіпті. Алаңда тек жеті адам ғана жүр. Доп тебісін көргенде таң қалмау мүмкін емес. Теңбіл допты ұршықша үйіреді. Әже деп айтуға аузың бармайды. Жас дегенді олар жай ғана сандар дейді.
– Біздің ойнап жүргенімізге 25 жыл болды. Реті келсе жаттығуды жібермеуге тырысамын. Өйткені бір апта келмей қалсам, денем ауырлап, өзімді жайсыз сезінемін. Ал жаттығудан кейін тер шығып, өзім сондай керемет болып, бойыма күш-қуат бітеді. Көңілім көтеріліп, жас қыздардай жасыл алаңда ойнақтап кетемін.
Дәрігер дегенді білмейміз дейді футболист әжелер
– Қазір үйдегі ағаң доп ойнайтын күнді өзі есіме салатын болды. Бейсенбі күні "жиналмайсың ба, футболға бармайсың ба?" деп сұрай бастайды. Өйткені бір аптаны жіберіп алсам, өз өзімнен ашуланып, мінез көрсете бастаймын. Сондықтан үйдегілер де тезірек стадионға шығарып салуды ойлайды. Біз ораза ұстап жүргенде де ойнадық. Тек екі рет қана дем алдық.
– Мен өз жасымды сезінген емеспін. Зейнеткерлікке шықсам да өзімді қарт адамдар қатарына қоспаймын. Бизнеспен айналысамын. Дәрігер кабинетінің есігін аттаған емеспін. Қазір әйелдер жасы келген сайын түрлі тест тапсырып, дәрігерден дәрігер қоймай қаралып жатады. Мен ондайға уақыт жұмсамаймын. Осының барлығы футболдың арқасы.
Әжелердің сүйікті ойыншысы Криштиан
Біз футбол ойнап қана қоймаймыз. Жанкүйерміз. Әлем біріншілігі басталғанда барлығымыз букмекерлік орталықтарға барып, бірге тамашалаймыз. Бірақ ақша тігіп, талас-тартысқа түспейміз, сүйікті ойыншыларымызды қолдауға барамыз. Жалпы біз командамызбен Реал Мадрид клубының ойыншысы Криштиан Роналдоны жақсы көреміз. Соның жанкүйеріміз, – дейді әжелер.
Бір сағат ойын барысында бетіне доп тиіп, болмаса қолын ауыртып алған әжелер болды. Алайда дене жарақатына шағымданған ешкім болған жоқ.
Loading...
– Барлығы ойлайтын шығар, мына әжелер жайбарақат, асықпай, ережені сақтап ойнайтын шығар деп. Олай емес. Ойын барысында қатты жарақат алған кезіміз де болды. Аяқ сындырып, қол шығарған уақытта осы алаңға жедел жәрдемді де бірнеше рет шақырттық. Жедел жәрдем дәрігерлері "осы жасқа келгенде үйде тыныш отырмайсыңдар ма" деп таң қалады. Жоқ. Бұндай пікірмен келіспеймін. Мен спортсыз өмір сүре алмаймын, – дейді Күлімхан әже.
"Аргентинада нан жайып, ет астым"
– Мен 59 жасымда Буэнос-Айрес маңында болған Қазақстанда "Намыс дода" атымен белгілі халықаралық "Аргентиналық жекпе жек" (Cruel Intentions) ойындарына қатыстым. Ол ойынға кастинг жариялағанда алдымен 30 жастағы ұлым барған. Келгесін маған "мама, сіз де кастингке қатыса аласыз" деді. Басында сенбедім. Барлық орындардың жеңімпаздары алдын ала белгілі болатын шығар деп ойлағанмын. Қызық болғанда, кастингтен ұлым емес, мен өтіп кеттім.
– Команда 18 бен 59 жас аралығындағы 20 адамнан жасақталды. Ойынға тігілген тоғыз кубоктың бесеуін Қазақстан командасы жеңіп алды. Мен ешкімнен қалыспай, жарысқа қатыстым.
Соңынан 80 адамға арнап, сол Аргентинада ет астым. Нанын қолдан жайдым. Оқтау деген нәрсені білмейтіні анық. Енді бөтелкемен жаятын шығармын деп ойлағанмын. Абырой болғанда, соңынан кішкене ғана оқтау сияқты таяқ тауып берді.
Бірақ еттің керемет мрамор деп аталатын сорты болатынын сонда көрдім. Сырын білгім келіп сұрап едім, бордақылайтын малдың жүнін үнемі тарап отырады екен.
Әжелер командасында қатаң іріктеуден өткендер ғана ойнай алады
Футбол алаңы – әр түрлі мамандық иелерінің бас қосатын жер. Әжелер футбол командасының құрамы әртүрлі жағдайларға байланысты өзгеріп отырады. Десе де, кез-келген адамды ала бермейді.
Жаңа ойыншыға алты ай сынақ мерзімі беріледі. Үш жыл бұрын келген 58 жастағы Әмина Әдіржанова "супер әже" телебағдарламасына қатысқан кезде көзге түсіпті. Кейін командаға шақырту алған. Өйткені оның спортта өзіндік көрсеткіштері бар екен. Соған қарамастан алты ай сынақ мерзімінен өткен.
Бағила Сейкетова – көркем гинастикадан спорт шебері ғана емес, сондай-ақ техника ғылымының кандидаты. Жұмыс пен спортты қатар алып жүр деуге болады. Араларындағы ең жас ойыншы, 55 жастағы Жұпар Бакирова – коньки тебудің шебері екен. Енді бірі Гүлбахрам Шамшатова – бас есепші, ал Раушан Әбділдаева – врач-косметолог қызметін әлі атқарып келеді. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болған 69 жастағы Софья Сейітқалиева – көбіне қорғаушы боп жүреді.
Шолпан Рауандина – консерваторияда ғылыми кеңесшісі болып қызмет жасап жүр. Араларында үлкендері 68 жастағы Хасият Даутоваға футболшы әжелер ең мықты қақпашы деген атақ берген. Белгілі себептермен жаттығуға келе алмай қалған Гүлшат Попова – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған. Ал 62 жастағы дәрігер Райхан Жаппарханова – 14 жылдан бері әжелер командасының тұрақты ойыншысы. Аяғы ауырып сыр бере бастағанына қарамастан спортты тастау ойында жоқ. Ол көбіне қорғаныста жүреді. Осылайша футбол әр түрлі мамандық иелерінің басын қосты.
Әмина әже – марафоншы. Ол зейнеткерлікке шықса да, Ипар компаниясында қызметте. Әрі мотоцикл айдаудың шебері. Киноға түсіп те үлгерген. Көктемде өткен марафонға қатысып, жас айырмашылығына қарамастан15 км қашықтыққа жүгіруден 9-шы болып мәре сызығын кескен. Ол үнемі ойын алаңында жүгіріп жүргенді жақсы көреді екен. Сондықтан көбіне шабуылда жүреді.
– 15 км қашықтықты екі сағат 10 минутта жүгіріп өттім. Жеті шақырымнан соң кішкене су мен банан берген. Содан кейін тынысым ашылып, алдымдағыларды басып оздым. Енді халықаралық марафонға қатысуды армандап жүрмін.
"Қақпаға бес жылдан соң доп соқтым"
Тұран университетінің журналистика кафедрасының доценті Сауле Тастүлекова қақпаға доп соғу жағын қатырмаса да, қарсыласын жақсы алдайды. Ол бес жылдан соң ғана алғашқы голын қақпаға салыпты. Зейнетерлер үшін бұл үлкен мерекеге айналыпты. Осылайша қақпаға доп салудың шебері болған Сауле әжейді белгілі байланыс компаниясының бірі жарнамасына түсуге де шақырыпты.
Loading...
Әжелер ойынының ерекшелігі, ойын барысында шебер футболшылар тәрізді мынау басты ойыншы, мынау шабуылшы не қорғаушы, не қақпашы деп бөліп жармайды. Алғашқы жаттықтырушылары спорт шебері Асфера Малыгина болған. Содан кейін жаттықтырушының көмегіне жүгінбеген.
25 жыл футболдан қол үзбеген әжелер көшедегі доп қуған балаларды көрсе, қосылып ойнап кетеді екен. Аптасына бір сағат ашық спорт алаңына шығатын әжелерге ауа райының қолайсыздығы кедергі келтірмейді. Тіпті біз барған күні сіркіреп жауған жаңбырға да қарамай, ойынды бастап кетті. Қыс мезгілінде қар басып қалған спорт алаңын өздері тазалап алып, ойнай береді. Қар тазалау – жаттығудың бір түрі дейді олар.
Жастары 70-ке тақаған әжелерден ойын барысында үлкендерге тән қан қысымы сияқты аурулар мазаламай ма деп сұраған едік. Олар бір ауыздан анда-санда ауру сыр бергенімен, дәрігердің көмегіне көп жүгіне бермейтіндерін айтты.
Кез келген ойыншыны алты ай сынақ мерзімі күтіп тұр
25 жыл бойына үзбей ойнап келе жатқан әжелер келіндерінің бұл ойынға қызығушылық танытпайтынына қынжылыс та білдіріп қояды. Кейбір әжелердің отбасылары қарсы болған. Өйткені футбол –қауіп-қатерге толы ойын түрі. Әжелер жай ғана доп қуаламайды. Алаңда ережеге сай шынайы ойын болады. Тіпті әжелеріміз Украинаға мастер класс өткізуге де барып келіпті.
Бірақ команданың құрамын толықтырғысы келетін жандар үшін команданың капитаны Күлімхан әже ойнаудың тәртібін түсіндіріп өтті.
– Кез келген әйел адамға ойнауына болады. Алайда ол командада қала ма, сол басты сұрақ. Футбол ұжымдық ойын болғандықтан мұнда тіл табысу өте маңызды. Өйткені ойын барысында түрлі жағдайлар болады. Жаңа көрдіңіз, доп бетіне де тиіп кетіп жатты. Сондықтан алты ай сынақ мерзімі бар. Ол біткен соң ішімізде дауысқа саламыз. Егер бір адам қарсы болса, командаға алмаймыз.
Әжелеріміз үшін футбол алаңында жиналу тек бой сергіту ғана емес, араласып-құраласудың ең тиімді тәсілі. Бірнеше жылғы алаңдағы достықтары отбасылық достыққа ұласқан. Енді бір-бірінің жанұясындағы қуаныштарымен бөлісіп жүр.
Алматылық әжелер халықаралық дәрежеде өнер көрсетсек деп армандайды. Сондықтан олар басқа елдерден әжелердің футбол командасын іздестіріп жатыр.