Жақсы бала күтушісін қалай табуға болады?
Декреттік демалыстан жұмысқа шығатын уақыты келгенде "Баланы кіммен тастаймыз?" деген сұрақ барлық ата-ананы мазалайды. Баланы бала-бақшаға беру немесе әжесіне қалдыру мүмкіндігі жоқ болса бала күтушісін іздеуге тура келеді.
Informburo.kz "Келешек" психологиялық орталық директоры Наталья Семененко мен "Империя Персонала" агенттігінің жетекшісі Жазира Рыспаевамен баланы күтіп қана қоймай, оның жан-жақты дамуымен айналысатын маманды таңдауда ата-ананың неге назар аудару керектігін айтып береді.
№1. Бала күтушісін қалай, қайдан табуға болады?
Бала күтушісін іздеудің жолы көп, бәрі де өзіңізге белгілі: достарыңыздың/таныстарыңыздың ұсыныстарымен, хабарлама бойынша немесе кадрларды таңдау жөніндегі арнайы агенттіктердің көмегімен.
Жақсы бала күтушісі агенттіктерге жетпейді, олар бір отбасының баласы өскеннен кейін келесі отбасыға ұсынылып, қолдан-қолға өтіп кетеді деген пікір бар. Әрине, бұл – бос сөз емес, алайда "жақсы бала күтушісі" ұғымы әр отбасы үшін әртүрлі болатынын да ұмытпаған жөн. Достарының кеңесі бойынша алған бала күтушісі сынақтан өткен болып есептеледі, ондайлар тәртіпті келеді, бір нәрсеңізді ұрлатып аламын деп қам жемесеңіз болады.
Хабарлама бойынша бала күтушісін іздеу – ең күмәндісі. Ондайлар тіпті жұрт мақтаған деп ұсыныс көрсетсе де, олардың шынайы екеніне кепілдік жоқ. Арнайы агенттіктер бала күтушісін ата-аналардың талаптарын ескере отырып таңдап береді, үміткердің денсаулығы туралы, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағандығын дәлелдейтін анықтамаларды ұсынуға міндетті. Бұл үшін тапқан бала күтушіңіздің айлық табысының 50% дейін төлеуге тура келеді. Астанадағы агенттіктердің қызмет ақысы шамамен 75 мың теңгені құрайды. Қандай тәсіл таңдалса да, бала күтушісінің бұрынғы жұмыс берушісімен сөйлескен артықтық етпейді, ол арқылы бала күтушісінің жақсы да, жаман да жағын біліп алуыңызға мүмкіндік бар.
№2. Бала күтушісінің білімі маңызды ма?
Егер айлық баланы күту керек болса, күтушінің дәрігерлік білімі болса, жақсы болады. Ондай күтуші тек бала денсаулығын бақылап қоймайды, керек жағдайда кәсіби көмек те көрсете алады. Уақтылы дәрісін ішкізеді, массаж жасайды, сондай-ақ тазалықты қадағалайды. Аяққа тұрып, айналасын тани бастаған балаға педагог күтуші келіңкірейді. Баланы мектепке дайындайтын маманмен қарым-қатынас жасау пайдалы. Мұндай күтушілер баланы оқуға, жазуға, сурет салуға, логикалық тапсырмаларды шешуге, талдауға маманданданады, шет тілдерін үйретеді.
Арнайы білімі жоқ бала күтушілерін де есептен шығаруға болмайды, өйткені оларды алсаңыз, қаражат үнемдейсіз. Баламен кәсіби маман ретінде айналыса алмауы мүмкін, кейбір ата-аналарға оның қажеті де жоқ. Баланы күні бойына қалдыру қажеттілігі туындағанда, шақырумен келетін күтушіге жүгінсеңіз болады. Балаға мейіріммен қарайтын, тазалықты сүйетін әйел болса жеткілікті. Бұлар баласын түрлі үйірмелерге таситын ата-аналарға келіңкірейді.
№3. Бала күтушісі мен үй жұмысшысына бір адам іздеуге бола ма?
Тәжірибе көрсеткендей, көп ретте адамдар әмбебап нұсқаны таңдайды. Өйткені екі адамға ақы төлеу қымбатқа түседі. Бұл ретте шет тілдерін білетін жоғары білікті педагогтың үй қызметкері болғысы келмейтіндігі түсінікті. Ыдыс немесе еден жууға келіспеуі мүмкін. Тіпті екі жұмысты бірдей атқаруға келіскен жағдайда үміткер баланы жай қарауы мүмкін, бірақ кәсіби түрде жан-жақсы дамытумен айналысуы екіталай. Бұдан бөлек, үй жұмыстары күтушінің баламен бірге өткізетін уақытын да азайтады.
№4. Бала күтушісімен сұқбаттасқанда неге назар аударған жөн?
Сұқбат – бала күтушісін таңдаудағы ең маңызды кезең. Оған баланы бірге алып бару қажет. Назар аудару қажет көптеген кеңестер бар: бала күтушісі қолын жуа ма, баламен түрегеліп немесе отырып амандаса ма, өзін-өзі ұстай ма, әлде танымайтын баланы құшағына ала сала ма? Психологтардың айтуынша, бұл тестердің бәрі – бала күтушісін жан-жақты ашатын көрсеткіш емес: бір үміткерлер оған оңай дайындалуы, кейбірі абдырап ешнәрсе жасай алмай қалуы мүмкін. Маңыздысы – үміткермен көбірек сөйлесу, өзі туралы айтуын өтіну керек. Бұл балаңызды сеніп тапсыратын адамды тануға мүмкіндік береді, сонымен бірге күтушінің білімін-білігін, сөйлеу мәнерін көруге, маңыздысы – оның тілінде ақауы бар-жоғын білуге жол ашады. Мұндай күтушілердің жанында жүрген балаларға дұрыс айтылмаған сөздер үйреншікті болып көрінетіндей жағдайлар да кездескен екен. Кадрларды таңдау агенттіктері кейде бір уақытта бірнеше үміткермен сұхбаттасуды ұсынады. Ондайда күтушісін бала өзі таңдайды. Шынына келгенде мұндай таңдау дұрыс бола бермейді, өйткені кейде жоғары білікті маманның орнын тәжірибелі үміткер басып кетуі әбден мүмкін.
№5. Күтушісімен кездесуге баланы дайындау керек пе?
Баланы басқа біреуге тастау – ол үшін күйзеліс. Психологтардың пікірінше, баланың көзінше оны танымайтын біреуге қалдыру туралы әңгіме айтудың да қажеті жоқ. Үйден кетерде ата-аналарға салқынқандылық таныту үшін көп төзімділік пен күш керек. Осындай жағдайда ғана бала жаңа адамға тезірек үйренеді, анасынан қалудың тәжірибесіне төселеді. Әрі қарайғы шаруа күтушіде, кәсіпқой маманда баланың көңілін аулауға арналған бірнеше тәсіл болады.
№6. Күтуші баланы жазалай ала ма?
Тәрбиеге қатысты сұрақтарды бірінші кездесуден-ақ талқылау ұсынылады. Бала еркелегенде күтушіге өзін қалай ұстайтындығын ата-анасына сұрап алуға кеңес беріледі. Психологтардың айтуынша, күтушінің баланы жазалауға еш құқы жоқ. Кәсіби күтушілерде тіл алмайтын балаларды жөнге салудың көп тәсілі болуы тиіс. Тәрбиемен тек ата-анасы айналысу керек. Күтушінің міндеті тек баланың қылығы туралы ата-ананы хабардар етіп отыру.
№7. Баланы дамытуда күтушімен қалай ортақ шешімге келу керек?
Баланы өсіруде күтушісі мен ата-ананың көзқарасы әр түрлі. Жанжал тудырмас үшін әдіс-тәсілдерді талдауды ең басынан бастау ұсынылады, егер екі жақ қарсы болмаса келісім-шартқа отырған дұрыс. Құжатта күтушінің міндеттерін егжей-тегжейлі жазу керек: баланы немен, қалай тамақтандыру, қай уақытта ұйықтату, теледидар, компьютерлік ойындарға, қыдыруға, дамыту ойындарына қанша уақыт бөлінеді. Тіпті қыдыруға қай уақытта шығатынын, баланы қалай дамытуды: сурет салу, пластилинмен жұмыс істеу, шет тілін үйрену, музыкалық құрылғыда ойнауға кететін уақыттарын көрсету де артықтық етпейді. Егер күтуші баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыра алмаса, бұл оның кәсібилігінің жоқтығын көрсетеді. Күтуші баланы жасына қарай жан - жақты дамытудың әдіс-тәсілдерін білуі тиіс.
№8. Бала күтушісі ер адам болуы мүмкін бе?
Қазақстандық агенттіктерге мұндай сұраныс өте аз түседі. Мұндайлар арагідік ұл тәрбиелеп отырған жалғызбасты бизнеспен айналысатын әйел болуы мүмкін. Бала күтуші ер адам мұндай жағдайда әке орнында, әкенің міндеттерін орындайды: спортқа деген қызығушылығын оятады, балық аулау сияқты айрықша уақыт өткізуге көмектеседі, қажет жағдайда жыныстық тәрбиеге де үйретеді. Психологтардың айтуынша, ұлдарды тәрбиелеуге күтуші ер адамдарды алу міндетті емес. Күтуші өзара әрекет арқылы күні бойы бірге болуға маманданады, алайда мектепке баратын бозбалаға күтушінің қажеті шамалы. Ұлдарға кішкентай кезінде әйел күтушілерді де алуға болады. Бозбаланы толыққанды ер жігіт етіп тәрбиелеуде спорттық секцияларға беру немесе математика, шет тілдері сияқты сабақтарына ер репетиторларды алу жеткілікті.
№9. Бала күтушісінің өз міндеттемелерін дұрыс орындап жатқанына қалай көз жеткізесіз?
Заманауи технологиялар үйдегі жағдайды түзде отырып бақылауға мүмкіндік береді, біреулер бейне бақылауды, біреулер тыңдау құрылғыларын, кейбіреулер осының екеуін де орнатады. Мұндай құрылғылар сатып алуға отбасының жағдайы жетпесе, үйге ескертусіз келіп қалуға болады, немесе көршілеріңізден бақылап қоюға көмек сұрасаңыз, әбден болады. Күтуші жақсы болса, балаңыздың көңіл-күйінен-ақ байқайсыз, жұмыстан кейін балаңыз ата-анасын қалай қарсы алады: көңілсіз бе, ұйқысы қанық немесе шаршаңқы ма, үрейленген бе немесе күнін қалай өткізгені туралы құмарлана әңгімелей ме, өзіңіз-ақ осылардан байқайсыз. Айтпақшы, баланың әңгімесінен күтушісінің жан-жақты дамыту бағдарламалары бар ма немесе оның қолынан тек балаға мультфильм көрсету ғана келе ме екенін де біле аласыз.
Бала күтушісінің төлқұжат деректерін, тек қалта телефонының нөмірін ғана емес, мекен-жайы туралы да сұрап алу артық етпейді.
Авторы Игорь Мосунов
Аударған Мәншүк Шапхатқызы