Жастар жұмыстан қашпайды. Көбі жалақыны азсынады
Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне 100 жұмыс беруші келді. Мекемелер жалпы саны 2000-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынды.
Жұмыссыздардан гөрі бос жұмыс орындары көп
Жыл басынан бері алтыншы рет өткен шара бұл жолы жұмыссыз жастарға арналған. Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Күлшеманова Қаламқастың айтуынша, қазіргі таңда елорда жастары арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз. Жалпы жұмыссыздық деңгейі де қала бойынша 4,5 пайыз шамасында.
Оқи отырыңыз: Билік басындағы бір жыл. Президент Тоқаев қабылдаған маңызды шешімдер
Жалпы, елордада жұмыссыздық деңгейі орташа республикалық көрсеткіш 4,8 пайызбен шамалас болғанымен, Күлшеманова Қаламқастың айтуынша, қаладағы бос жұмыс орындарының саны жұмыссыз азаматтар санынан анағұрлым артық, яғни жұмыс күшіне тапшылық жоғары.
– Жыл басында жұмыс берушілер қала бойынша 60 мың бос жұмыс орнының бар екенін мәлімдеді. Ал қазіргі таңда жұмыспен қамту орталықтарында тіркеуде тұрғандар саны 12 мың ғана, – дейді қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша негізінен құрылыс, білім беру, сауда және мейрамхана мен қонақүй қызметі мамандары мен аспаз және даяшыларға сұраныс жоғары екен.
Студенттерге 70-120 мыңның жұмыстары бар
Жыл басынан бері алты рет осындай жәрмеңке өтсе, соның әрқайсына шамамен 80-100 аралығында жұмыс беруші қатысып, олар 2000-3000 жұмыс орнын ұсынған. Нәтижесінде, жыл басынан бері қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту орталығы арқылы 500 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Жәрмеңкеден жұмыскер іздеп жүрген ұйымның бірі "Кинопарк Керуен" ЖШС. Компания қазір 6 бақылаушы, 4 кассир, 8 бармен, 5 даяшы, 3 техникалық қызметкер, 2 ыдыс жуушы, 1 күзет, 1 киномеханик пен аспаздарды іздеп жатыр. Бұлардың жалақылары орташа есеппен 70-120 мың теңге аралығында.
– Негізінен жастарды іздеп жатырмыз. Өйткені бізде істейтіндердің басым көпшілігі студенттер. Жазда көп студентті жұмысқа алдық. Сабақ басталар кезде көбі жұмыстан шығып кетті, – дейді компания өкілі Зарина.
Заринаның айтуынша, жұмыскерлер орташа есеппен бірнеше айдан 1 жылға дейін жұмыс істейді.
"Тар" мамандықтар тапшы
№2 қалалық көппрофильді ауруханаға 30 шақты медицина қызметкері жетіспейді екен. Соның ішінде 10 санитар, бірнеше лаборант пен дәрігер, фармацевт және акушерлер қажет. Аурухана өкілдерінің айтуынша, жұмысқа тұруға ниетті медицина қызметкерлері 35 жастан аспау керек. Мекеменің кадр бөлімі қызметкері Гүлзада Өтегенова жас мамандарды іздеуінің себебін жұмыстың қиындығымен және түнгі ауысымға егде мамандардың келіспейтінімен байланыстырады.
Жалақы көлеміне келер болсақ, санитарлардың айлығы 51 мың теңге болса, жұмыс өтілі жоқ акушерлердің жалақысы 56 мың теңге. Ал дәрігерлердің жалақысы жұмыс өтіліне қарай 75 мыңнан басталады.
Жалпы, қала бойынша санитарлар мен лаборанттар жеткілікті болғанымен, бір ауруханада тұрақтап қызмет ететіні аз екен. Ал дәрігер бактериолог секілді тар мамандықтар (нақты бір саланың мамандықтары) республика бойынша тапшы.
Тегін жұмыс істеткісі келетін ұйымдар да бар
Ресей банктерінің бірінің Қазақстандағы бөлімшесі менеджер, кеңес беруші мен кассир іздеп келіпті. Бірақ банк өкілдері жұмыскерлерге тегін тәжірибе мен тағылымдама ұсынып отыр.
– Қазіргі таңда банктің әрбір бөлімшесінде бірнеше адам тегін тағылымдамадан өтіп жүр. Басшылық солардың арасынан таңдағанын ғана жұмысқа алады. Әрбір адам бірнеше айға дейін тағылымдамадан өтуі мүмкін.
Банк өкілінің айтуынша, тағылымдамадан өтіп бөлімше басшылығына дейін жеткен қызметкерлер бар көрінеді.
Кітапханашы да ағылшын тілін білуі керек
Ұлттық академиялық кітапхана кітапханашыға мұқтаж. Талап – ағылшын тілін білу. Ұсынылып отырған жалақы Үкіметтің бекіткен 70 мың теңге. Сонымен қатар кітапханашы дипломының болуы міндетті. Қазақ тілі мен әдебиеті, педагогика мамандарын да жұмысқа алу қарастырылады екен.
Есімін айтқысы келмеген елордалық тұрғынның мамандығы – тарих мәнінің мұғалімі. Жоғарғы оқу орнын үш жыл бұрын бітірген. Содан бері декреттік демалыста болыпты. Енді жұмыс іздеп жүр. Мамандығы бойынша мектепке мұғалімдікке алмаған. Еңбек өтілің жоқ деген. Енді ұқсас мамандық бойынша жұмыс іздеп жүр. Ұлттық академиялық кітапхананың да кітапханашы қылып алмағанын айтады.
Жастар жұмыстан қашпайды
Биыл колледжді қызыл дипломмен бітірген Гүлімжан бағдарламашы мамандығы бойынша жұмыс іздейді.
– Туыстарыммен бірге тұратын болғандықтан 80 мыңнан басталатын жалақыға келісер едім. Егер мамандығыма қатысы жоқ жұмыстар жоғары жалақы ұсынып жатса, оған да дайынмын, – дейді Гүлімжан.
Ал дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша бакалавр оқып жатқан студент Нұртас та өз мамандығы бойынша жұмыс іздеп жүр. Айтуынша, пәтерақы мен жүріп-тұруға қаражат қажет. Тек оқумен ғана айналысу тұрмысқа ауыр тиеді.
Байқағанымыз, жастар, әсіресе оқу орнын енді ғана бітіргендер көп жалақы сұрамайды. 100 мыңның айналасында төлесе еңбек етуге дайын. Бірақ соның өзіне орналасу қиын. Жұмыс берушінің көбі еңбек өтілін сұраса, енді кейбірі тым ауыр жұмыс ұсынады.
Жәрмеңке аяқтала бере Рамстор дүкендер желісінің қызметкерлерін сөзге тарттық. Жәрмеңкеде де, былай да жастар түйіндемелерін жіберіп, қызығушылық танытқынымен, жалақы көлемі мен жұмыс кестесін естігеннен кейін айнып қалады дейді.
– Біз 90 мың теңге жалақы ұсынып отырмыз. Бірақ қазір жастар 100 мыңнан кем жұмыста істегісі келмейді. Өйткені, көпшілігі сырттан келген. Тиісінше елордада өмір сүру үшін кемінде 100 мың айлық керек, – дейді компания өкілі.
Рамстордың үш дүкеніне қазір 10 кассир қажет. Жұмыскерлер де көп тұрақтамайтын көрінеді. Көбі бірнеше ай ғана істейді. Сондықтан, мұндай жұмыс орындары қашан да бос тұрады.