"Жалаңаш" суреттер күнделікте қайдан жүр? "Күнделік. КЗ"-тің "қызықтары мен шыжықтары"
Интернеттің жылдамдығы аз, бірақ "Күнделікті" қайтсе де жұмыс істету керек
Мұғалімдердің жұмысы аз ғой дегендей, БҒМ (Білім және ғылым министрлігі) 2018 жылдан бастап Қазақстандағы бүкіл мектепті электронды "Күнделік" жүйесімен жұмыс істеуге міндеттемекші. Білім министрі Ерлан Сағадиев білім беру жүйесі үшін интернет – алға дамудың маңызды тетігі дейді.
Сөйте тұра министрдің өзі Қазақстандағы мектептердің тек үштен бірінің ғана "Күнделік" жүйесіне қажетті жылдамдықтағы интернетке қосылғанын айтып отыр. Парадокс: Сағадиевтің ойындағы идеалды жағдайға сәйкес, әрбір баланың "Күнделік" жүйесінде жеке кабинеті болуы керек, бірақ әрбір мектепте осы жүйенің жұмысына қажетті секундына 4 мегабит жылдамдықтағы интернет жоқ.
Оқи отырыңыз: "Күнделік.кз" журналы бірнеше күн бойы неге жұмыс істемеді
Ерлан Сағадиев, Білім және ғылым министрі: "Республика бойынша мектептердің 98 пайызы немесе 6956-ы интернетке қосылған. Алайда, "Күнделік" жобасын тарта алатын 4 мегабитті интернет осы мектептердің тек үштен біріне ғана тартылған".
Бір "Күнделік" он рет сүрінді
Жалпы, Білім министрлігінің басқа да реформалары сияқты, электронды күнделік те дау-дамайға толы жоба болды. Қала мектебінің де, дала мектебінің де түгел интернетке қосылмағаны былай тұрсын, қазақ балаларының "Күнделігі" Ресейдің "Дневник.ру" сайтынан аумай қалғаны да көп наразылық тудырды. Оның үстіне, Білім министрлігінің тендеріне тек бір ғана компания қатысқан. Және де жоба басталмай жатып, электронды күнделікте оқушы суретінің орнына "ұятсыз" суреттер пайда болған.
Оқи отырыңыз: Жаңа оқу жылында қандай жаңалықтар бар?
Әрине, бір ғана бастама үшін тым көп қателік. Бұған "Күнделік.кз" авторлары не дейді екен, оқылық.
"Күнделік"-тің көп біле бермейтін тарихы
"Күнделік"-ті техникалық тұрғыдан әзірлеген Білім және ғылым министрлігі емес. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайда болған. "Күнделік" жобасының бас директоры Мұқтар Ілиясовтың айтуынша, инвесторлар жаңа жүйені жасап бергені үшін мемлекеттен мүлде ақша алмаған.
Оқи отырыңыз: Мектепте биыл да өзгеріс. Жаңа оқу жылының басты жаңалықтары
Жоба өзін 11 жылда ақтап алады дейді. Министрліктің бұл жобаны мақұлдап, жаппай енгізуінің бір ғана мақсаты бар екен: ол – мұғалімдерді қағаз толтыру "азабынан" арылтып, Қазақстанда сандық білім беру жүйесін қалыптастыру.
Бұл не деген батпан құйрық?
Егер мемлекет бір теңге де бөлмесе, бұл жоба қалай және кімнің қаражатына жұмыс істеп тұр деп сұрарсыз. Мұхтар Ілиясовтың уәжі мынандай:
– Жалпы, Білім және ғылым министрлігі алғашында электронды күнделік керек пе, жоқ па деп, біздің жобаны жан-жақты талдады деп айта аламын. Министрлік цифрлы білім жүйесіне қол жеткізу үшін электронды күнделікке ауысу керек деп шешім қабылдаған соң, БАҚ арқылы конкурс өтетінін жариялады. Біздің жоба Үкіметте мақұлданған, БҒМ осындай тұжырымдама негізінде кез келген компания балама жоба ұсынып, жобаға қатыса алатынын жария етті. Ақыр соңында, тендерге екі компания ғана қатысты. Біз жобаға қажетті құжаттардың бәрін және ең маңыздысы – тұжырымдамасын түгел ұсындық. Ал, екінші компания, менің білуімше, тұжырымдама ұсына алмады. Сондықтан, біздің жоба жеңді.
Оқи отырыңыз: "Секс туралы айтсаң, күле бастайды". Қазақтілді жасөспірімдердің жыныстық сауаты неге төмен?
Ал, қаражат туралы айтсам, жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында әзірленген. Бұл жүйені мемлекетке дайындап беріп отырмыз. Оны әзірлеу үшін және Қазақстан мектептеріне енгізу үшін, болашақта техникалық тұстарын жетілдіріп, қателіктерді жою үшін мемлекеттен (бюджеттен – авт.) бір тиын да алған жоқпыз. Мемлекет жүйенің енгізілетініне кепіл ғана болды. Біз үкіметпен (Білім және ғылым министрлігімен – авт.) бір академиялық циклға тең уақытқа, яғни, 11 жылға арнап келісімшарт жасастық. Осы уақыт ішінде біз жобаны жетілдіру үшін, құласа, қайта қалпына келтіру үшін ақша алмаймыз. Ал, өзімізде инвестициямызды осы 11 жыл ішінде қайтарып аламыз деген болжам бар.
Табыстың көзі – жарнама, оқушы мен ата-ана
Жоба авторлары өз инвестицияларын тезірек қайтару үшін ұялы телефондарға арналған "Күнделік.кз" қосымшасын ойлап тапқан. Бірақ, оны әлі қоспай отыр. Бұл қосымшаны ата-аналар және оқушының өзі сатып ала алады. Бір жыл пайдалану ақысы – мың теңге шамасында болмақ.
"Меніңше, бір жыл үшін көп ақша емес. Ата-ана үнемі компьютер ұстап жүре алмайды ғой, ал, ұялы телефондары үнемі қолында. Бірақ, біздің халық тегінге үйренген, ақылы қосымша десек, онсыз да сын көбейіп жатқанда, резонанс туады. Егер ата-ана мен оқушы ақылы қосымшаны сатып алғысы келмесе, онда компьютерден тегін пайдалана берсін".
Халық тегінге құмар деген Мұхтар Ілиясов "Күнделік.кз" жарнамадан да табыс табады дейді.
– Біздің компанияның екі-ақ табыс көзі бар, біріншісі – ақылы қосымша, екіншісі жарнама. Бірақ, біз арақ-шарапты, темекіні жарнамалап жатқан жоқпыз. Жарнаманың бәрі алты жастан асқан балалар мен ата-аналарға арналған. Яғни, қосымша білім беретін курстар, университеттер туралы, мектеп пен өзге де осы сипатты жарнама".
Оқи отырыңыз: Қазақстан мектептерінде жыныстық тәрбие сағатын енгізу басталды
"Күнделік" расымен көшірме болып шықты
Бұдан бұрын жазғанымыздай, Қазақстандағы ұстаздардың пікірінше, "Күнделік.кз" – Ресейдегі осындай "Дневник.ру" жобасының айна қатесіз көшірмесі. Мұхтар Ілиясов біздің порталға экслюзивті сұхбат бере отырып, "Күнделік" компаниясының бір бөлігі ресейліктерге тиесілі екенін растады.
"Әрине, әуел бастан қазақстандық компаниямыз деп айтып отырмын. Бірақ, біздің компанияның 45 пайызы Ресейдің "Дневник.ру" компаниясына тиесілі. Яғни, жобаның "жүрегін", негізін әзірлеген адамдар – ресейліктер. Ал, әдістеме, үш тілдегі жұмысын, академиялық бағалау жүйесін, сабақтардың санын енгізген біз. Ресейде бұл жобаны 150 адам жасап отыр, оның ішінде оншақты адамды бізге көмектесуге берген. Ал, Қазақстан тарапынан бұл жобада он екі адам – есепші, заңгерлер мен операторлар жұмыс істеп отырмыз".
Енді бұл қосымшаны қалай пайдалану керек?
Сонымен, бұл жүйеге кім және қалай тіркеліп, қалай пайдаланады? Яғни, ұстаздың, оқушының, ата-ананың жеке кабинеті қалай пайда болады.
"Күнделік" жүйесіне тіркелу үшін өтінішті тек мектеп бере алады. Мектеп әкімшілігі сыныптағы оқушылардың санын, аты-жөндерін және ата-аналардың аты-жөні мен өзге де мәліметтерді ұсынуы керек. Бұл жұмысты әрине сынып жетекшілерінің атқаратыны анық, яғни, ұстазға түскен тағы бір артық жүк.
Мектеп оқушылары туралы бүкіл мәліметті ұсынғаннан кейін "Күнделік" авторлары оны бес күн ішінде тексереді де, өтінішті расымен мектеп беріп отырғанына көз жеткізгеннен кейін келесі қадамға көшеді.
"Күнделік" авторлары мәліметтерді растаған соң, өтініш жіберген мектепке жүйе әкімшісіне арналған логин мен құпия сөз келеді.
Жүйенің әкімшісін мектеп тағайындайды. Бұл жұмыс жүктелген әкімші ұйымның жеке парақшасын толтырып, оқушылардың тізімін, мұғалім мен ата-ананың мәліметтерін жүйеге енгізеді. Бүкіл мәлімет базаға енген соң, сабақ кестесі және тағы басқа академиялық мәліметтер толтырылады. Содан кейін әкімші әр сыныптың жетекшісіне әрбір бала мен ата-ананың құпия сөзін таратады. Сынып жетекшісі өз кезегінде жиналыс өткізіп, әрбір баланың және оның ата-анасының жеке логині мен құпия сөзін қолдарына ұстады.
Логин мен құпия сөз қолына тиген соң, оқушы, ата-ана мен ұстаз сайттың шекесіндегі "кіру" тетігін басып, жұмысын бастап кетеді. Ұстаздың міндеті – баға қою, үй тапсырмасын жазу. Ата-ананың міндеті – баласының бағаларын қарап, сабақ кестесімен, үй тапсырмасымен танысу. Ал оқушының міндеті – сайттан үй тапсырмасын қарап, оны орындау. Айта кетерлігі, оқушы өзінің бағаларын және өзі оқитын сыныптың үй тапсырмасы мен сабақ кестесін ғана көре алады.
Ұятсыз суретке де кінәлі мұғалім
Жоба авторлары осылайша "Күнделік"-ті, тіпті, бір бала екіншісінің бағасын көре алмайтындай жасалған "берік" жүйе дегенге сендірді.
Сонда, бірнеше күн бұрын хабарланғандай, оқушылардың жеке суретінің орнына "жалаңаш" суреттерді жүктеген кім деп ойландық.
Сөйтсек, бәріне кінәлі информатика пәнінің мұғалімі екен.
– Алматы қаласындағы №61 мектепке қатысты жағдайды айтып отырсаңыз, бұл жерде кінә – адамда. №61 мектептің бір сыныбындағы төрт оқушының жеке профиліндегі суреттерінің орнына ашық суреттер жарияланып кеткен соң, біз өзімізге қатысты жақтарды тексердік. Яғни, сайтты сырттан біреу бұзып кірді ме деп те ойладық. Ешкім бұзбаған. Үш-төрт күннен бері біреу жеке мәліметтерді бұзып кірген шығар деп ойладық, бірақ қазір олай еместігін толық сеніммен айта аламын, – дейді "Күнделік" компаниясының бас директоры Мұхтар Ілиясов.
Ұлы сөздің ұяттығы жоқ, оқушының суретінің орнына порно-сурет пайда болған соң, Білім министрлігі, "Күнделік" авторлары мен Алматыдағы №61 мектеп басшылығы тексеру жүргізген. Оқушылардың жеке мәліметін үшінші тарапқа таратқан екі оқушы қыз болып шықты.
– Информатика пәнінің мұғалімі оқушылардың логині мен құпия сөзі жазылған парақты үстелдің үстіне тастап кеткен. Яғни, ең алдымен заң алдында мұғалім жауап береді. Сол кезде екі оқушы қыз ол тізімді суретке түсіріп, ол суретті оқушылардың әлеуметтік желідегі ортақ sms-чатына жіберген. Мұны мұғалім білмеген. Ақыр соңында мектеп директоры, информатика пәнінің мұғалімі, ата-ана мен оқушылар және біз зардап шектік. Біздің имиджімізге нұсқан келді.
Оқушылар 9 сыныпта оқиды, сондықтан, бұл істі "кәмелет жасына толмағандардың бұзақылығы" деген баппен қарауға болады. Ұстаздан басқа, ата-ана да жауапты деген сөз. Бірақ, біз де, "ұятсыз" сурет ілінген оқушылардың ата-аналары, балалар, мектеп әкімшілігі де арыз жазған жоқпыз, – деп түсіндірді Мұхтар Ілиясов.
Анықтама: Қазір "Күнделік"-ке 2,9 млн адам тіркелген. Соның ішінде, жүйені үнемі, үздіксіз пайдаланатындардың саны – 1,4 млн адам. Яғни, тіркелген адамдардың жартысына таяуы ғана. Ал 1,7 млн оқушының тек 900 мыңы ғана жүйенің тұрақты пайдаланушысы болса, миллион ата-ананың жартысы ғана баласының сабағын осы сайттан қадағалап отырады екен. Жалпы, жүйедегі ең белсенділердің ұстаздар екені анықталған.
Артық жұмыс – артық жалақы деген сөз емес
Шыны керек, ұстаздар жұмысының аздығынан бұл жүйені тұрақты пайдаланып отырған жоқ. Мектептің драйвері –мұғалім, сондықтан, статистиканы арттырып, бар жаңалықты оқушы мен ата-анаға тезірек үйрету үшін ең алдымен ұстаздың шаршайтыны белгілі. Бір сыныпта кемінде 25 оқушы білім алады десек, 25 оқушының және 25 ата-ананың мәліметін базаға енгізу үшін де бірталай уақыт кетеді. Бұл да – бір үлкен әрі өте жауапты жұмыс. Жазғанымыздай, қылмыстық жауапкершілікке дейін апаратын жұмыс. Сонда оның ақысы қандай?
Яғни, мұғалімдердің тағы бір міндеті пайда болды, ол – электронды күнделік толтыру міндеті. Ал, Еңбек кодексіне сай, қосымша еңбек қосымша ақымен төленуі керек. Бұрын Білім вице-министрі болған Мұрат Әбенов те осылай дейді.
– Бұл – өте өткір мәселе. Бұл жерде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіндегі талаптар сақталып отыр ма, жоқ па деген сұрақ туындап отыр. Ұстаз жеке компания әзірлеген базаға тектен текке мәлімет енгізуге міндетті емес. Бірақ, көбі мұғалім болған соң, мектептің бүкіл жұмысын істеу керек деп ойлайды. Бірақ, дәл осы "Күнделікке" қатысты мұғалім тегін жұмыс істеуге міндетті емес.
Себебі, біріншіден, Еңбек кодексінің 7-інші бабында "мәжбүрлі еңбек" деген ұғым бар. Яғни, қандай да бір келісімшартсыз, құжатсыз бір адамға өзі қаламаған міндетті орындату. Мұғалімдердің электронды күнделік толтыру міндеті келісімшартқа енгізілмейді, ол мәжбүрлі жұмыс болып қала береді. Ал, Еңбек кодексі бойынша келісімшартта көрсетілмеген дүниені талап ету – заң бұзу деген сөз. Сондықтан, электронды күнделік толтыру міндетін келісімшартқа енгізуден басқа амал жоқ.
Ал, ол міндет келісімшартқа енгізілген соң, бірден негізгі жұмыстан тыс, яғни артық жұмыс ретінде есепке алынады. Ал, Еңбек кодексі бойынша, артық жұмыс артық ақымен төленуі керек. Ресейдегі "Дневник.ру" жобасын толтыратын мұғалімдер екі есе жұмыс істегені үшін ақша алады. Яғни, қағаз журнал бюджеттен төленетін болған соң, мұғалімнің негізгі бюджеттік міндетіне кірген. Ал, электронды журнал пайда болған соң, Ресейдің ұстаздары тұратын өңіріне қарай 3 мың рубльдан бастап 8 мың рубль аралығында қосымша ақша алады. Демек, Қазақстан ұстаздары 15 мың теңгеден бастап 40 мың теңгеге дейін артық ақша алуы керек деген сөз.
Бірақ, Білім және ғылым министрлігі ақпараттық сайттардың біріне берген ресми жауабында "ұстаздарға қосымша ақы төленбейді" делінген.