Қазақстанда халықтың да, биліктің де жерге қатысты көзқарасын түбегейлі өзгерткен уақыт былтыр еді. 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, Қазақстанда алғашқы аукцион өтіп, жер шетелдіктерге жалға берілуі керек болатын. Шетелдіктер үшін 10 жылдан 25 жылға дейін жалға беруді көздейтін өзгеріс Жер кодексіне 2014 жылы енгізіліп қойған. Халық бұған келіспеді, арты наразылық митингісіне ұласты. Үкімет комиссия құруға мәжбүр болды. Ақыры 2016 жылдың мамырында дауға тоқтау салған Жарлық шықты. Бірақ, бұл – қанша жыл қараусыз қалған жер мұңының бір шеті ғана.


Жер комиссиясының 2016 жылғы отырысы / 24.kz

Қазақ жері алғаш рет түгенделгелі отыр

Шыны керек, жер көлемі бізден ондаған есе кіші елдер әлдеқашан байып кетті. Әлемдегі ең бай ел – Катар, жер көлемі жағынан әлем елдері арасында 158-ші орында, Қазақстаннан 17 есе кіші мемлекет. Люксембург жер көлемі бойынша 188-ші орында, аумағы Қазақстаннан 20 есе аз. Бірақ, әлемдегі екінші бай ел. Өйткені, жердің үстін де, астын да мақсатпен игерген. Ал, Қазақстанның ұшса құс қанаты талып, желсе ат тұяғы желінетін кең байтақ жері 25 жылда бірінші рет толық түгенделгелі отыр.


Қазақстан жер аумағы бойынша әлемдегі ТОП-10 қатарында / pinterest.com сайтынан алынды

"Бұл ревизия – Қазақстанның жерін жан-жағынан түгендейтін алғашқы жұмыс. Мораторийді пайдаланып, топырақтың құнарлылығынан бастап, ауыл шаруашылығына арналған жерлерді, жайылымдарды түгел түгендеп алайық деп жатырмыз. Әкімдерге ревизия жүргізудің жолдарын үйреттік. Жұмыс енді басталды. Топырақтың құнарлылығын зерттеуге Оңтүстік Қазақстан облысы алғашқылардың бірі болып кірісті", – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі (АШМ) Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлжаһан Бимендина.

100 млн га жер мемлекет аманатында


Бос жатқан жайылым / azh.kz сайтынан алынды

Қазақстанда қазір ауыл шаруашылығына жарамды 272 млн гектар жер бар. Оның ішінде, қолданыстағысы – 102 млн гектар. 100 млн га бос, әзірге мемлекеттің меншігінде. Түгендеу жұмыстары аяқталған соң, бұл мәліметтердің өзгерері анық. Ал, ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргі есебі мынау.


Қазақстанның жер қоры 272 млн гектар / Ауыл шаруашылығы министрілігі берген статистикалық ақпарат

Мұрагерлік туралы Кулагин ғана білген бе?

Әдетте, жекеменшікке өткен мүлік қана мұраға қалады. Бірақ, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сай, қазақстандықтар 49 жылға жалға алған жерін де мұраға қалдыра алады. Бұл басымдықты Жер кодексін таныстырған шенеуніктер неге ерекше атап көрсетпегені белгісіз. Әкімдердің өзі мұндай жағымды жаңалықты алқымнан алғанда ғана мойындайды. Әйтпегенде, Ақмола облысының бұрынғы әкімі Сергей Кулагин 80 мың гектар жерін мұраға қалдырдым, қалғандарыңыз да сүйтіңіздер деп неге айтпаған?!

Loading...

Бұл сұрақты Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен сұхбаттасқанда да суырып алғандай болдық. Енді, мұны біліп және жан-жағыңызға тарата жүріңіз.

Сізді тағы қуантып қояйық

Ия, қуаныңыз, балаңызға жерді мұраға қалдыру үшін о дүниеге аттанудың қажеті жоқ. 49 жылға жалға алған жеріңізді өзіңіз игере алмай, қауқар кетсе не "әкім" болып кетсеңіз мұрагеріңізге беру құқыңыз бар. Яғни, жерді жалға алып, еңбек еткен әкесінің мұратына баласы жете алады.


Жер ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Гүлжаһан Бимендина / Суретті Г.Бимендинаның қабылдау бөлімі ұсынды

"Жерді 49 жылға жалға бергенде, мұрагерлік көзделген. Тіпті, үлесті жердің өзінде мұрагерлік бар. Атасы кетсе баласы, не баласының орнына немересі шаруашылығын жалғастыра алады", – дейді Гүлжаһан Бимендина.

"Тышқақ лағы" жоқ қожалық жайылымды не істейді?

"Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің" демекші, әңгіменің ең қызық жеріне енді келдік. Бұл оқиға Астананың іргесіндегі Целиноград ауданында болды. Осы ауданға қарасты "Нива-1" атты шаруа қожалығының басшысы Иван Адамович кезінде мал жаямын деп 504 гектар жерді жалға алған. Ал, шын мәнінде осынша жерді алған Иван көкеміздің үйір-үйір жылқысы, табын-табын сиыры, қора-қора қойы болса, түк айтпас едік, қорасында маңыраған бір қозысы да жоқ болып шықты. Жердің неше жыл пайдаланусыз бос жатқанына осыдан артық қандай дәлел керек...

"504 гектар жер алған шаруа иесі мал ұстамайды деген деректің негізінде, аудан әкімшілігі шаруа қожалығына ескерту жіберді. 15 күн бойы қожалықтың басшылығы жауап бермеген соң, сотқа бердік. Сотта ол дерек дәлелденді. Осылайша, 504 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды", – дейді informburo.kz тілшісімен әңгімелескен Целиноград ауданы жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұрболат Аманжолов.


Целиноград ауданындағы шаруа қожалық / Суретті Целиноград ауданының әкімдігі ұсынды

Жалпы, Целиноград ауданының әкімдігі 2012 жылдан бері сот арқылы 39 139 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарып алған.

"Сотқа жүгінуіміздің басты себебі – жер дұрыс игерілмейді. Осы 39 мың гектар жердің 19 мың гектарын алғандар жалдау шартын орындамаған. Қалған 20 мың гектарды дұрыс игермеген. Енді сол қайтарылған жерлерді реттеп, мамыр айының ортасынан бастап конкурсқа шығарамыз. Алдымен 16 256 гектар егістік жерді, шілде айында жайылымдық жерлерді конкурсқа шығарамыз", – дейді Нұрболат Аманжолов.


Нұрболат Аманжолов, жер қатынастары бөлімінің бас маманы / Фото кейіпкердің жеке архивінен

Енді жер оңды-солды таратылмайды

Бұған дейін жерді жалға беретін органдар "Қазақстанның кең-байтақ жері, шегі жоқ даласы" деген жаттанды сөздерді тура мағынасында түсінген бе, әйтеуір, ауыл шаруашылығына арналған жерлер шектеусіз таратыла берген. Енді бұған жол берілмейді.


Жерді оңды-солы жалға бермей, шектеу қою керек деген өзгерісті халық ұсынған / elana.kz сайтынан алынды

Гүлжаһан Бимендина: "Өткен жылы жер комиссиясында негізгі деген бес мәселе көтерілді. Біріншісі – ауыл шаруашылығына арналған жерді жалға беру институтын жетілдіру. Бұл бастама аясында жерді жалға берудің біркелкі келісімшарты әзірленеді. Яғни, жер осы типтік келісімшарттың ар жақ, бер жағында жалға беріледі. Екіншісі, ауыл шаруашылығына арналған жерлер шектеулі түрде ғана жалға беріледі. Яғни, ертең ұрпақ өседі, оларға да жер қалуы керек дегендей. Бұрын жалға беруде шек болмаған (!). Бұл ұсыныс – енді халықтікі..."

Халықтың малы жайылатын 27 млн гектар жер қайдан табылады

Ауыл шаруашылығы министрлігі жайылымдық жерлердің ішкі шаруашылық жоспарын сонау 1992-1994 жылдары әзірлеген. Одан бері жан басы да, мал басы да өсті. Бұл жоспар он жылға перспективамен әзірленді дегеннің өзінде, соңғы он жыл бойы жайылымдық жерлер көптің басын ауыртпа қоймаған сияқты.


Асы үстіртіндегі жайлау / almatyregion-tour.kz сайтынан алынды

"Қазір елді мекендерге қарасты 19 млн гектар ғана жайылым бар. Енді есептеп қарасақ, жайылымға тағы 27 млн гектар керек екен. Қазақстанда жайылымға арналған жердің 230 мың гектары жекеменшікке беріліп кеткенін анықтадық. Енді мұнша жерді қайдан аламыз деген мәселе туындап отыр. Қазір жер-жердегі комиссия картаны алып, жайылым мен жайлауларды қайта қарап жатыр. Бұл мәселені шешу үшін сауылатын малды жайылымға қалдырып, бордақыланатындарын жайлауға алып кету керек. Қазір бұл жұмыспен атқарушы органдар айналысып жатыр", – дейді Гүлжаһан Бимендина.

Жердің құны қанша

Жерді жалға алу құны қанша? Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев жалға берілген жердің құны сол жер учаскесінің салығынан кем болмайды деп түсіндірді.


Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев / Сурет ortcom.kz сайтынан алынды

"Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 480-бабына сәйкес, жерді жалға беру мөлшері Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес айқындалады. Бұл ретте осы Кодекстің 387-бабының 2, 5-тармақтарында көзделген ережелерді есептемегенде, төлемақы көлемі жер салығынан кем мөлшерде белгіленбейді", – дейді Руслан Бекетаев.

Жалпақ тілмен түсіндірсек, жалға берілген жер ақысының екі түрі болады. Біріншісі – кәдімгі жердің салығы, Яғни, сіз жерді 49 жылға емес, қысқа мерзімге жалға алсаңыз, онда сіз тек жер салығын төлейсіз де, аренда ақысын төлемейсіз. Ақының екінші түрі – ұзақ мерзімге жалға берілген кезде төленетін қаржы. Бұл есепті Қаржы министрлігі емес, Жер ресурстарын басқару комитеті жүргізеді. Ұзақ мерзімге жалға алған адам аренда бағасын жер салығының белгілі бір мөлшеріне тең сомамен төлейді.

Анықтама: 2016 жылы қазақстандықтар 14 млрд 873 млн 59 мың теңге көлемінде жер салығын төлеген. Ал, жалға берілген жерден түскен пайда былтыр 2 млрд 405 млн 232 мың теңгені құраған.

Жер нарығы. Халықаралық тәжірибе

Халықаралық тәжірибені зерттеген мамандар кез келген елдің жер нарығы жалға беру, жекеменшік және мемлекеттік меншік деген үш бағытта дамып отыратынын айтып отыр. Әлемде жері тек мемлекетке тиесілі ел – Израиль. Қытай ауыл шаруашылығына арналған жерді мемлекетке немесе ұжымдық игеруге береді, бірақ, жекеменшік пен жеке кәсіпкерлікті дамытпайды. Британияның бүкіл жері король отбасына тиесілі, бірақ ел азаматтарына игеруге оңай беріледі. Жерді шетелдікке сатуға болмайды. Ал көптеген елдерде жалға берілетін жердің шегі бар. Мысалы, Румыния бір отбасыға 100 гектар, Венгрия 300 гектардан артық жерді сатпайды. Италия болса, жерді дұрыс игермеген фермерге сол жерді мәжбүрлеп болсын сатып жібереді. Швеция жерінің 49 пайызын, яғни, 19 млн гектарды жекеменшікке, қалғанын жалға береді.