Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры салымшылар мен алымшылар үшін жаңа қызметтерін ұсына бастады. 2017 жылдан бері енгізіле бастаған бұл жаңа қызмет түрлері әсіресе қаладан шалғай орналасқан елдімекен тұрғындары үшін тиімді.

Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер мен электрондық қызметтер жөнінде "БЖЗҚ" АҚ Өңірлік желіні дамыту және ілеспе қызмет көрсету департаментінің директоры Мәмила Мұсабекова айтып берді.

Сонымен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларға қандай жаңа қызмет түрін ұсынып отыр?

– Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап салымшы үшін онлайн режимде жеке зейнетақы шотын ашу, зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш жасау және өз деректемелеріне өзгеріс енгізу қызметін іске қосқан болатынбыз. Бір жыл толмаса да бұл жағынан біз күткен нәтижеден жоғары көрсеткішке қол жеткіздік.

Жоспар бойынша электронды қызмет түріне жүгіну 47 пайыз болғанмен, оны пайдаланушылар саны 52 пайызға жеткен. Ал 2018 жылдың 1 сәуіріндегі көрсеткіш бойынша онлайн режимде 2298 адам зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш берсе, 4155 адам жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алу тәсілін интернет хабарландыруға ауыстырды, – дейді ол.

Сонымен қатар электронды пошта арқылы 4,7 млн адам қор қызметі туралы ақпарат алып отыр. Мәмила Мұсабекованың айтуынша, электронды жүйеге Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының 60 пайызы, Ақтөбе облысының 56 пайызы, Ақмола облысынан 60 пайызы, Қостанай облысынан 57 пайызы қосылған.


Салымшы зейнетақы қорындағы ақшаның көшірмесін e-mail пошта арқылы алуына болады / Скриншот БЖЗҚ сайтынан алынды

Мобильді агент қызметін кімдер қолдана алады?

Бірыңғай зейнетақы жинақ қоры мүмкіндігі шектеулі салымшылардың жағдайын ескере отырып, оларға мобильді агенттердің қызметін ұсынып отыр.

– Мобильді агенттер – зейнетақы қорының қызметкерлері. Олар қажет болған жағдайда мүмкіндігі шектеулі салымшының үйіне барып, жеке зейнетақы шотын ашуға немесе зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтінішін қабылдайды. Ал салымшы қордағы қаржысын үйде есептеп, интернет арқылы шотын бақылай алады, – деді Мәмила Мұсабекова.


Мобильді агент немесе мобильді кеңсе қызметіне жүгінгісі келетін салымшыға БЖЗҚ сайтына кіріп, көрсетілген электронды үлгіні толтыруына болады / Скриншот БЖЗҚ сайтынан алынды

Мобильді кеңсе уақытты үнемдейді

– Ал мобильді кеңсе – бұл қордың жылжымалы кеңсесі. Бұл қызмет түрінің айырмашылығы аудан орталығынан шалғай орналасқан елдімекен тұрғындарының жеке зейнетақы шотын ашуға немесе зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініштерін қабылдауға көмектеседі.

Яғни, дер кезінде құжаттарын рәсімдеуге жасалған мүмкіндік. Бірақ мобильді кеңсе жұмыс уақытын алдын-ала белгілеп, жергілікті халыққа хабардар етеді. Біз әзірге жергілікті әкімшіліктермен бірлесе отырып, осы мәселені қолға алып жатырмыз. Жалпы нақты уақыты белгілі болған кезде жылжымалы кеңсенің жұмыс кестесін зейнетақы қорының сайтынан қарауға болады.

Мобильді кеңседе жасалған келісім шарттар қордан тыс жерде жасалған болып есептеледі. Бұндай келісім шарттың басым бөлігі яғни, 11 пайызы Алматы қаласына тиесілі.

Сонымен қатар бұл қызмет түрін әзірге қала орталығынан қашықта орналасқан кәсіпорындарда жұмыс жасайтын адамдар пайдалануына болады. Оған өндіріс ошақтары көп орналасқан негізгі үш облыс Маңғыстау, Қостанай және Алматы облыстары бірінші кезекте енгізіліп отыр. Кейін басқа облыстарды қамтуды жоспарлап отырмыз.

Қазпошта арқылы салым төлеуге болады

Салымшылар үшін ұсынылғалы отырған тағы бір қызмет түрі – трансфер агенттік қызметін іске қосу. Бұл 2018 жылдың екінші жартысына жоспарланған. Яғни, зейнетақы қорының бөлімшесі жоқ жерде салымшы мен алымшы Қазпошта арқылы қордың қызметін пайдалана алады.

Әзірге бұл жоба бес мың адамнан асатын тұрғыны бар 24 елді мекенде қызмет көрсете бастайды. Ал жақсы нәтиже көрсетсе, қалған 195 елді мекенге енгізу жоспарланған. Сонымен қатар 2017 жылы зейнетақы қорының 18 бөлімшесінде терминалдар орнатылған. Салымшы терминал қызметін де пайдалануына болады.

Кейбір зейнетақы шоттары жабылған

Нақты тексеру барысында 2015 және 2017 жылдар аралығында ашылып, бүгінгі күнге дейін салым салынбаған зейнетақы шоттары анықталған. Сонымен қатар, соңғы жылда қаржы түспеген шоттар да назарға алынған. Ол үшін арнайы топ ай сайын белгіленген мөлшерлемеде қаржы салынбай жатқан жекелеген салымшылармен жұмыс істейді.

Мәмила Мұсабекованың айтуынша, 2017 жылы әртүрлі себептермен 320 мың шот жабылған. Оның ішінде 36 ай ішінде ешқандай салымның түспеуі 47 мың шоттың жабылуына себеп болған. Ал қалған шоттар біріктірілгендіктен және зейнетақы төленуі себебінен жабылған. Бірақ 396 мың жаңа зейнатықы шоттары ашылған.

Ашық есік күні кеңес алуға болады

– БЗЖҚ халықтың қорға деген сенімінен шығу үшін қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тоқсан сайын ашық есік күні өткізуді қолға алған. Салымшы ашық есік күні зейнетақы жүйесі бойынша өзінің сауалдарына жауап ала алады. Алғаш бұл жүйе іске қосылғанда мыңнан астам адам келсе, 2017 жылдың желтоқсан айында 3 мыңнан астам адам кеңес алу үшін келген. Қазіргі таңда салымшылар арасында қордың жұмысына қызығушылығы артқан, – дейді Мәмила Мұсабекова.

Қоғамдық кеңес

– Қор қызметін ашық жүргізу мақсатында 2017 жылы қоғамдық кеңес құрылған болатын. Кеңес құрамына сараптау қауымдастығы, бұқаралық ақпарат өкілдері және қоғамдық ұйым өкілдері мен салымшылар кіреді. Олар зейнетақы жүйесінің дамуы жайлы талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салады. Кейін бұл ұсыныстар топтастырылып, Ұлттық банк пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданады.

Сонымен қатар қор қызметінің сапасын арттыру үшін 2018-2021 жылға арналған жоспар құрылды. Жоспар бойынша зейнетақы жүйесі біртіндеп халықаралық стандарттарға сай жүйеге көшіріледі, – дейді экономист Мәмила Мұсабекова.

Қордағы ақшаны кімдер бақылайды?

Зейнетақы қорындағы қаржының қайда жұмсалатыны, қайда сақталатыны әрбір салымшыны толғандыратыны шындық. Сондықтан Мәмила Мұсабекова қорда жинақталған қаражатты игеруге қай орган уәкілетті екенін айтып берді.

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын ҚР Ұлттық банкі сенімгерлікпен басқарады. Ұлттық банк зейнетақы қорының инвестициялық декларациясының талаптарына сәйкес, зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық шешімдер қабылдайды. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, зейнетақы активтерін басқару мен қаржы тізбесі бойынша ұсынысты ҚР Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңесі атқарады. Оның құрамына Парламент депутаттары, Ұлттық банк пен Есеп комитетінің төрағалары, қаржы экономикалық блоктың министрлері кіреді, – деп түсіндірді М. Мұсабекова.

Қордағы ақша қайда жұмсалып жатыр?

БЖЗҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, портфельдегі негізгі үлесті – яғни, 44,89 пайызды Қазақстан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары құрайды. Олардың биылғы жылғы құны 112,03 млрд теңгеге өсіп, 3 580,47 млрд теңгені құраған.

Инвестицияланған зейнетақы активтерінің мөлшері бойынша екінші орында Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктерінің облигациялары тұр. Олардың портфельдегі үлесі 15,41 пайыздық көрсеткіште. Бұл облигациялардың ағымдағы құны 1 229,2 млрд теңгені құраған. Мөлшер бойынша үшінші орында – шетел мемлекеттерінің мемлекеттік құнды қағаздарының қаржы тетіктері тұр.

Еске сала кетсек, ҚР Ұлттық банкінің сенімді басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 2018 жылдың 1 сәуірінде 7,97 млрд теңгені құраған. 2018 жылдың алғашқы үш айы бойынша инвестициялық кірістің мөлшері 66 млрд теңгеге жеткен.

Қордың қаржысы қандай компанияға берілген?

Мәмила Мұсабекованың айтуынша, БЖЗҚ-да жинақталған 220 миллион АҚШ доллары Aviva компаниясының басқаруына берілді. Бұл – ақша есебіндегі зейнетақы қорының активтері. Аталған компания бақылауында 450 млрд АҚШ доллары бар халықаралық деңгейдегі алып ұйымдардың қатарына кіреді.

БЖЗҚ басшылығы қор активтері тек қаржыны басқарудың нақты бағыттары мен барлық ортақ шарттардың орындалу негізінде басқаруға беріледі дейді.

Жинақталған соманы қай кезде шешіп алуға болады?

– Зейнет жасына келген азамат Қазақстаннан тыс жерге көшетін болса, қордағы жинаған қаражатын түгел алуына болады. Ал қайтыс болған жағдайда отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға қордан айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшері төленеді. Сонымен қатар мұрагерінің жасына қарамастан қордағы ақша беріледі. Бірақ бұл қаражат жеке зейнетақы шотындағы қаражаттан аспауы тиіс.

Сондай-ақ жарна мөлшері – әйелдердің шамамен 13,5 миллион, ерлердің тоғыз миллион теңге жинақталған қаражаты болса, сақтандыруға ауыстыру арқылы ол қаражатты бірден шешіп алуына болады. Бірақ зейнетақы жарнасын қорда сақтаған тиімді. Өйткені кез келген адам қаражатын алған бойда бірден жұмсап тастауы мүмкін. Ал зейнетақы қорында тұрған ақшаға мемлекет кепілдік береді. Сондай-ақ жинаққа күн сайын инвестициялық табыс есептеліп отырады, – дейді Мәмила Мұсабекова.

Ерікті зейнетақыға көп көңіл бөлініп отыр

Қазіргі уақытта Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деп бөлінетін көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.

Бірінші деңгейі (базалық) – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі (республикалық бюджет);

Екінші деңгей (міндетті) – міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен ынтымақты жүйеден (республикалық бюджет) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақылар;

Үшінші деңгей (ерікті) – ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер.

Қазіргі уақытта базалық зейнетақы төлемінің мөлшері барлық алушылар үшін бірдей және 15 274 теңге құрайды. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушылар екі миллион адам.

Сондықтан ерікті зейнетақы жарнасын төлеуді халық арасында насихаттап отыр.

– Әр бала үшін анасына үш жыл еңбек өтілі есептеледі. Бірақ мүлдем жұмыс жасамайтын аналар ертеңгі күнін бағамдап, ерікті түрде ай сайын жарна төлегені дұрыс. Егер ерікті жарна төлеуші ай сайын емес, жылына алты рет қана жарна аударса, жарты жыл еңбек өтілі болып есептеледі. Ал мүлдем жарна төлемегендер ең төменгі күнкөріс деңгейіне сай зейнетақы алады. 24 459 теңге болса, 2018-ден бастап 28 284 теңге болады. Бұл жердегі 28 284 теңгенің 46% 15 273 теңге болып шығады, – деді Мәмила Мұсабекова.

Электронды цифрлы қолтаңбаны қалай алуға болады?

ЭЦҚ алу үшін Қазақстан республикасы Ұлттық куәландыру орталығының www.pki.gov.kz сайтына кіру керек. Аталған орталық жеке және заңды тұлғаларға ЭЦҚ берумен айналысады. Ол үшін мынадай қадамдар жасау қажет:

Бірінші қадам. Цифрлы қолтаңба жүйесі жұмыс жасау үшін тиісті бағдарламаны орнату.

Екінші қадам. ЭЦҚ алуға өтінім беру. Өз деректеріңіз бен ЖСН толтырған соң, тапсырысыңызға нөмір белгілінеді. Оны Халыққа қызмет көрету орталығына апарып тіркету қажет.

Үшінші қадам. ХҚКО -на қажетті құжаттарды апару.(жеке куәлік, тапсырыс нөмірі мен тапсырыс берушінің қолы бар өтініш)

Төртінші қадам. Сайттағы деректер өңделгеннен кейін екі күн ішінде on-line тапсырыста жазылған электронды поштаға сертификаттар келеді.

Электронды цифрлы қолтаңба не үшін қажет?

Сандар жиынтығынан құрылған қолтаңба арқылы үйде отырып, мемлекеттік органдардан анықтама алуға, мемлекеттік сатып алуларға қатысуға (егер заңды тұлға болсаңыз), белгілі бір мемлекеттік органға шағымдануға болады (виртуалды қабылдау).


БЗЖҚ


Зейнетақы жарнасын төлеуде Алматы қаласы көш бастап тұр

Республика бойынша міндетті зейнетақы жарнасының басым бөлігі Алматы қаласы тұрғындарына тиесілі болып тұр. Яғни, барлық республика бойынша жарнаның 20 пайызын Алматы қаласының тұрғындары төлейді. Одан кейін Оңтүстік Қазақстан 10,5 пайызын, яғни, жиналған қаражаттың 6,7 пайызын, Қарағанды облысында барлық қаражаттың 9 пайызын төлеп отыр.

Зейнет жасына жеткен адамдар биыл шілдеден бастап құжаттарын бір ғана мекемеге тапсырады

Қазақстан азаматтарына төрт түрлі зейнетақы тағайындалған. Алайда зейнетақы құжаттарын дайындау үшін жеке тұлға бірнеше мем мекемелердің табалдырын тоздыратын. Енді бұл қиындықтан құтылды. Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Мадина Абылқасымова шілде айының бірінен бастап, құжат өткізу тəртібінің жеңілдетілгенін мəлімдеді.

"Зейнет жасына жеткендер зейнетақы тағайындатуға құжаттарын 1 шілдеден бастап бір ғана мемлекеттік корпорацияға тапсыратын болады. Ол үшін бірнеше құжаттар тізімі мен өтініш беру жеткілікті. Ал мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйесі автоматты түрде іске қосылады. Сонымен қатар зейнетақы мөлшері автоматты түрде есептеліп, жеке тұлғаның зейнетақы шотына аударылады" делінген informburo.kz-те жарияланған ақпаратта.

Аталған министрліктің берген мəліметіне қарағанда, зейнетақы жүйесіне енгізілген жаңа қызмет түрі Қазақстан азаматтарының 70 пайызын қамтиды.