Ол – Қазақстанға қаржы әкелетін ірі инвестициялық қорлардың бірі. "Kazakh invest" АҚ-мен бірлескен жобаларды инвестициялау үшін құрылған.

"Жібек жолы" қоры Астаналық қор биржасының жарғылық капиталына 5 процентпен кірді", – деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2018 жылы 5 желтоқсанда өткен үкімет жиынында.

Қордың капиталдандыру қоры – 55 млрд АҚШ доллары.

Мұндай заң Қытайда да бар

Қытай үкіметі 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап ауыл шаруашылығы, теміржол және ақпаратты технологияға қаржы салған шетелдік компанияларды 25 пайыздық табыс салығынан босатты. 1585 өнімнің импортына баж салығын азайтады. Бұл – сырттан әкелінетін тауарлардың бестен бір бөлігі.

Бұл мәселе Қытайда да өзекті

Ақпаратты Қытайдың Мемлекеттік кеңесі жанындағы кедендік салықтар жөніндегі комитеті жариялады. Сырттан әкелінетін тауарлардың тарифін біртіндеп төмендету жөнінде биыл Қытай төрағасы Си Цзиньпин Боаодағы Азиялық форумда айтқан.

Қытай нарығына шығатын шетелдік компанияларға жеңілдік жасау және ішкі тұтынуды ынталандыру үшін импорт көлемін арттыруды көздейді.

Қытай өз міндеттемесін орындайды

Боао форумында төраға Си Цзиньпин әлемге осындай уәде берді.

– Біз саясатымызды өзгертпейміз. Қытай мен АҚШ-тың арасындағы сауда балансындағы тапшылық артып отыр.

АҚШ-тан әкелінетін азық-түліктің көлемі 9,5% пайызға азайған. Америкалық экспорт 1,6%-ке дейін түсіп кетті, – дейді Қытай халықтық университеті жанындағы қаржы мектебінің профессоры Цюй Цян Алматыда журналистермен кездескенде.

Әлем инвесторларға тәуелді

Әлемдік ішкі өнімнің 20 пайызын беріп отырған АҚШ экономикасы да шетелдік инвесторларға тәуелді.

– Инвесторларды қолдаудың жүйесі барлығына да ортақ. Инвестор Қазақстанның 6 басым бағытына 13 миллион АҚШ долларын салатын болса, үш салықтан босатылады. Он жылға дейін корпоративті салық, он жылға дейін жер салығы, сегіз жылға дейін меншіктегі мүліктік салық салынбайды. Инвесторларды салық жеңілдіктері арқылы қызықтыру әрекеті барлық елде жүріп жатыр, – дейді экономист Мырзакелді Кемел.

Оның пайымдауынша, алдымен өзімізге мықты болуымыз керек. Қытаймен арадағы сауда-саттықтың ресми және нақты көрсеткішінде алшақтықтың бары айтылып жүр. Мұны реттемесек, халықаралық деңгейдегі түсінбестікке әкеледі.

Алып көршіден аларымыз көп болуы керек


Елдес Орда

Қытайда туып-өскен қытайтанушы қазақ сарапшысы Елдес Орда Қытай үкіметі ынтымақтастық деңгейін тереңдету арқылы дамудың жаңа жолын табудан үмітті екенін айтады. Қытайдың экономикалық қажетін қаперге алатын кез келді.

Қытай тарапына нақты талап қойып, оны ашық айту ішкі нарыққа шығу жолын кеңейте түседі.

"Қытай қаупі" саяси мәдениетке сызат түсірмеу керек

– Қытай өзінің ішкі экономикалық сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Бұл оның ірі державалық потенциалына да кері әсерін береді. Шыңжаңдағы кедендік өткелдердің қайта жандануы Орталық Азия елдерінің мұнда әлеуметтік, экономикалық, мәдени ықпалын арттырады, – дейді Елдес Орда.

Әріптестікті ұлт пайдасына шешейік

Елдес Орда Қытайдың Орталық Азия елдеріне қатысты саясатын ұстамдылықпен қабылдауға басымдық береді.

– Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдау теңіз тасымалынан 3 есе жылдам, ұшақпен тасымалдаумен салыстырғанда 5 есе арзан, – дейді Елдес Орда.

Ол Қытай Орталық Азия елдеріне саяси держава ретінде ықпал етуді көздемейтінін, экономикалық ынтымақтастыққа одақтас болатын ортақ мүддеге басымдық беретінін айтты.

Қауіп қайдан?

"Қытайдың құны 27 млрд-қа бағаланатын 51 жобасы қандай салаларды қамтиды" деген мәселенің басы әлі ашық.


51 Қытай кәсіпорындарының біздің елде орналасу картасы / Фото informburo.kz

Қазақстандық "Казинвест" компаниясы Қазақстанға тиімді жобаларды қарастырып жатқанын жыл басында айтқан.

Құны $3,9 млрд тұратын 10 жоба біздің жақтан қолдау таппай қалуы да мүмкін. Оларды "Қазинвест" мақұлдаған жоқ. Қытай ұсынған инвестициялық бағдарлама ішінде әрқайсысына миллиард АҚШ доллары жұмсалатын 12 жоба бар.

Саясаттанушы Эдуард Полетаев Қытай жағы ұсынып отырған жобалардың орындалатынына сенімді.

Олардың орналасу картасы айқындалып, мемлекеттік деңгейдегі келісімшарттарға да қол қойылған.

Қытай инвестициясының сапасына назар аудару керек

Оның қандай формада келетіні де маңызды.

– Ішкі нарыққа инвестиция ретінде келген 1000 АҚШ долларының 900-і инвестордың технологиясын сатып алуға жұмсалады. Пайдасына қалатыны 100 АҚШ доллары. Стратегиялық мақсаты, инвестор нарықтан кеткеннен кейінгі жобаның табыстылығы туралы әңгіме – жеке тақырып, – дейді Эдуард Полетаев.

Үкімет "Қытай инвестициясының экономикамыздағы үлесі 5 пайыз" дейді

Демек, "қытайланып кетеміз" деген қауіпке жол жоқ.

Бірақ, "Қытайлық қорды табыс салығынан босату біздің бюджетке қалай әсер етеді" деген сұраққа жауап беру әзір мүмкін емес. Қор әлі жұмысын бастаған жоқ.

– "Қаржыландырады" деген жобалары туралы мәлімет те жоқ, – дейді Эдуард Полетаев.

Қытай фобиясын талдап беретіндер аз

– Қытай жағы ұсынған инвест-жобалар бүгін болмаса, ертең жұмыс істейді. Олардың санының 51 болмауы, одан аз не көп болуы да мүмкін. Әрбір жобаны бөлек қарастырмаса, толық бақылау Қытайға өтіп кетуі мүмкін, – дейді Эдуард Полетаев.

Қолдауға ие болған жобалардың тізбесі қоғамға белгілі

Ең ірісі – Алматы қаласында салынып жатқан "AsiaSteelPipesCorp" ЖШС зауыты. Бұл зауытта үлкен диаметрлі дәнекерленген болат құбырлар жасалады, қуаты 150 мың тонна. Ол қазақстандық мұнай-газ секторын ғана емес, ЕАЭО, Орталық Азия, Иран мен Кавказ нарығының сұранысын қамтамасыз етуге жетеді.

DKD әдісімен (ірі торапты әдіс) "JAC" маркалы жеңіл көліктерді жасау жобасының бірінші кезеңі ойдағыдай жүзеге асырылды. Жобаның құны – 40 млн АҚШ доллары. 2016 жылы жобаның екінші кезеңі аяқталды. Үшінші кезең қазақстандық үлесті 50%-ға арттыруға мүмкіндік туғызады.

Инвесторларға шарт қойып, ойдан шығатындарына елге кіргізуге рұхсат берген елдердің қатарында Грузия бар. Бізбен бір мезгілде КСРО-ның шекпенінен шыққан Грузияның мұндай мүмкіндікке қолының қалай жеткені эксперттер үшін жаңа тақырып.

"Қытайдың мүмкіндігін қалай пайдаланамыз" деген сұраққа жауап іздеу керек

Сарапшы Константин Сыроежкиннің пайымдауынша, Үкімет Қытаймен арадағы жобалардың нақты құны, $80 миллиардқа жуық капитал ағымының қаншасы тікелей инвестицияға, қаншасы несиеге жататыны туралы деректерді ашып айтуы болашақ үшін керек.

Себебі біздің толқын алған қарызды балаларымызға қайтаруға тура келеді.

– Қытай Ресей емес, ол қарызды қайтармай қоюды кешірмейді, – дейді ол.

Оның пайымдауынша Қытайдай алпауытқа әріптес ел атанғысы келетіндердің қатары көп.

Бірақ, Қытайдың қай елді қандай дәрежеде таңдайтыны әзірге – құпия.

Қытайдың алыс-жақын шетелдерге деген көзқарасы олардың импорттық тауарларының сапасына қарап бағалауға болады. Ел ішінде қытай тауарларына айтылатын сын көп. Сарапшылар сырттан келетін тауарлардың тек сапалысын ғана ішкі нарыққа жіберуді заңдастырудың қажеттігін көптен айтып жүр.

Бұл біздің импорт тауарларына деген талғамымыздың түзелуіне мүмкіндік береді.

Біздің ел – Қытай үшін мұнай-газ және шикізат, қала берді ауыл шаруашылығы көзі

– Күндердің күнінде біздің байланыстарымыздың деңгейі әріптес ел емес, алып, алпауыт елді азық-түлікпен қамтамасыз ететін азық-түлік белдеуі міндетімен шектеліп қалуымыз әбден мүмкін. Қытай елі біздің елдің ішкі проблемаларын, бәсекеге қабілеттігіміздің абсолюттік деңгейін біледі. Шикізатты сатудан түскен мол қаржыны абстракты жобаларға салып отырғанымыз да көрші елге белгілі, – дейді Досым Сәтпаев.


Досым Сәтпаев

– Қытаймен дипломатиялық байланысты оның сыртқы саясатындағы трендтерге қарап үйлестіріп, жиі-жиі өзгертіп отырудан ұтылмаймыз, – дейді Досым Сәтпаев.

Қытаймен түйісуі тиіс нүктелерде түсінбестік болса, қаталдау позицияға көшуі мүмкін

– Біз мұны жан-жағымыздан көріп жүрміз, – дейді Досым Сәтпаев.

Қазақ инвесторларының Қытайдағы жобаларға қатысуы туралы деректер енді ғана жағымды сипатқа ие бола бастағанын да көріп жүрміз.

Қазақстандық СІМ ұсынған ақпаратта 2007 жылдың мамыр-маусым айларында "Казатомпром" және қытайлық Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясы арасындағы қытайлық АЭС-терді қазақстандық ядролық отынмен жабдықтау туралы келісімге, курорттық Санья қаласының мэриясы және "КазкоммерцИнвест" арасындағы қонақүйлер жүйесін салуға 1 млрд АҚШ долларын құю туралы меморандумға қол қойылғаны айтылған.

"ҚТЖ" ҰК қатысумен Ляньюньган портында (Қытайдың Цзянсу провинциясы) құны 100 млн АҚШ долларына бағаланған терминалы сияқты тиімді де маңызды жоба іске асып жатыр.

Біз Қытайдан қорқу кезеңінен өтіп кеттік

– Қытайға балама ел ретінде Жапонияны да қаперде ұстауды ұмытпайық, – дейді жапонтанушы, дипломат Батырхан Құрмансейіт.

Қытай мен Ресейдің арасында өкпесі қысылған Моңғолияның Жапонияны "Үшінші көрші" атап жүргені тегін емес. Бұл – моңғолдардың саяси-экономикалық жағдайынан шыққан жанайқайы ғана емес, әбден ойдың елегінен өткен стратегиялық таңдауы.

– Бұндай таңдауға моңғолдық жапонтанушылар мен жапондық моңғолтанушылардың қосқан үлесі зор. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатың мықты болуы саясаткерлерге ғана байланысты емес. Соларға дұрыс ақпарат бере алатын мықты мамандарға да байланысты, – дейді Батырхан Құрмансейіт.

Қорғанудың жүз түрлі тетігін ойлап тапса да бір-бірінен кете алмаған екі ел

Қытайдың жақын көршісі Жапониямен арасындағы сауда-саттықтың бір күндік мөлшері 1 млрд АҚШ долларына жетуі әбден мүмкін. Екі елдің арасында бір аптада 800 ұшақ қатынап, жылына шекарадан әрлі бері кем дегенде 5 млн адам өтеді.

– Жапондардың қытайлар жайлы жазып жатқанын, оның арасында қытайлардың олар туралы жазып жатқанын жапонша-қытайшадан қазақшаға аударып, үкіметтің назарына ұсынып отырсақ деген ұсыныс бар, – дейді Батырхан Құрмансейіт.

Қытай Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашып отыр

Оны тиімді пайдалану үшін "Қытайдан неге қорқамыз" деген сұраққа емес, оның мүмкіндігін қалай пайдаланамыз" деген сұраққа жауап іздеуіміз керек, – дейді Батырхан Құрмансейіт.

– Біз стратег ел ретінде екі елді бірдей қарастырған кезде ғана екі елдің де мүмкіндіктері мен кемшіліктерін қатар танимыз.