Қытайда – "дарындылар" базары, бізде – "құлбазар"
Құлбазардың өз ақыны бар
Әбіл Қойшыбайды жанындағылар "құлбазардың ақыны" дейді. Ал үлкендері өлеңдерін оқып, өзгелерге үлгі қылады.
– Әкем – диқан еді. Үй шаруасындағы шешем ұзаққа созылған сырқаттан былтыр қайтыс болды. Отбасында тоғыз бала. Артымнан ерген інім бар, қалғандары менен үлкен. Балалық шағым Павлодар облысы Ақсу ауданы Жалтыр ауылында өтті. Қазір қара шаңырағымыз Қарағанды облысы Осакаровка ауылында.
Мектеп бітірген соң, грантқа Теміртаудағы политехникалық колледжге оқуға түстім. Мамандығым – зауыт технигі. Бірақ, ол маған ұнаған жоқ. Сондықтан, екінші рет Тәттімбет атындағы Өнер колледжіне түсіп, "театр және кино актері" мамандығы бойынша оқыдым, – дейді Қойшыбай.
Қазір оның қолында «әртістің» дипломы бар. Бірақ мамандығы бойынша әлі жұмыс таба алмай келеді. Астанадағы Жастар театрында екі ай сахна машинисі болып істеп көрген. Бірақ, жалақысы аз, әрі көңілі қаламаған соң, ара-тұра концерт ұйымдастырып, тойларға да араласқан. Қойшыбайдың ендігі арманы – «Шабыт» өнер университетінде жоғары білім алу.
Арманым – драматург болу
Қойшыбай театр сахнасына соңғы рет студент кезінде шығыпты. Оқу жылдарындағы ең есте қалған рөлі – Мүсіреповтің Ақан сері-Ақтотысындағы Қоңқай. Ал дипломдық жұмысында ол француз жазушысы Камю Альбердің "Калигула" спектаклінде патрицийдің (Ежелгі Римде қоғамдық жердің иесі болған және билік құрған байырғы әулеттің өкілі) рөлін ойнаған.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын "Шабыт" университетінің "драматургия" бөліміне құжат тапсырдым. Роза Мұқанованың мектебіне түскім келді. Бірақ емтихан болатын күні ауылдан қалаға жете алмай қалдым. Сізге өтірік, маған шын, ауылдан қалаға келетін ақшам болмады. Енді биыл емтихан маусымында ешқайда кетпей, бағымды сынап көрем. Драматургияға қатты қызығып жүрмін. Өйткені, өмірде келеңсіз оқиғалар көп. Жалғызбасты ана, жетім бала, құлбазардағы біз... – соның бәрін театрға апарып, ой салатын пьеса қоюға болар еді. Егер мен драматург болып шықсам, ең алғашқы пьесамды қоқыс жәшігінен табылып жатқан балаларға арнар едім, – дейді ол.
Қара жұмыстан арланбаймын
Оқуға түсе алмаған соң, қалада қалған Қойшыбай жұмыс іздей бастайды. Құлбазарға адасып келдім дейді. Адасып келдім дегені – тура мағынасында айтылған жайт.
"Ауылдасым осы базарға жақын жерде жұмыс істейтін. Соған жолығамын деп адасып жүріп, осы жерді көрдім. Сосын досымның пәтерінде тұрып, алдымен бір-екі күн, одан кейін ақша керек болғанда, жиі келе бастадым. Бірақ, оған арланбаймын. Өйткені, біреуді ұрып, біреуді қанап, біреуді тонап жатқан жоқпын. Өз еңбегіммен тауып жатырмын. Маңдайға сіңген, таңдайға да сіңеді", – дейді ол.
Астананың құлбазарында қазір 100 шақты адам нәпақасын айырып жүр. Дала жылынғанда, бұл жерден бір күндік жұмыс іздегендердің саны 200-300 адамға жетеді. Қазақстанның әр қаласында бар бұндай «базардағылардың» тұратын жері қақаған қыста да – дала, қапырық жазда да – дала. Жергілікті биліктің жұмыс тауып бермейтініне әлдеқашан көндіккен. Бірақ, жұмыс іздеуге лайықты жағдай жасалмағанына қынжылады. Қытайды қараңыз, «дарындылар базарын» ашып берген. Онда да, бізде де жұмыс іздегендер. Алайда, бізде «құлбазар», оларда – «дарындылар» базары.
2016 жылы Астана – республика бойынша жұмыссыздық деңгейі ең төмен қала болды, 4,6%. Мұнда жұмыспен қамту орталығына күніне 200-250 адам келеді. Соңғы үш айда келген 4 мыңға жуық адамның тек 1300-іне тұрақты жұмыс табылған. Қазір де үш мың жұмыс орны бос тұрса да, екі қолға бір күрек іздегендер қаланың қақ ортасындағы құлбазардан шықпайды.
Құлбазардың жартысы дала мен вокзалға қонады
Астанадағы "Артем" базары мен "Әлем" сауда үйінің ортасындағы ашық алаңқай және оған қарсы "Тұлпар" сауда үйінің алдына жиналғандардың барлығы дерлік – қазақтар. "Құлбазар" деп ат қойып алған да сол қазақ жігіттері. Көбі суретке түсуден ат-тонын ала қашады, анау-мынау кісіге жоламауға тырысады. "Талай алданып запы болдық. Түріне, сөзіне қарасаң тәп-тәуір адамдар, бірақ кейде заң соғып, әлімжеттік жасап, еңбегімізді жеп кетеді" – дейді олар.
Құлбазардағылардың 70%-ы ауыл-аймақтан келген. Таңертеңнен жұмыс табыла ма, жоқ па деген екіұдай жағдайда жүреді. Қара жұмысқа киетін жау киімдері дорбада не қойындарында. Ал, көбінің жұмысқа да, үйге де киетіні бір киім. Жұмыс жоқта далада, вокзалда, тіпті жылу құбырларының бойында түней салады, жұмыс табылса тәулікке берілетін бөлмелерді жалдайды.
Таңғы сегізде басталатын қарбалас кейде түнгі сағат онға дейін жалғасады. Күн жылынған соң, құлбазардағы адамдардың қарасы көбейеді, бірақ, 40 градус сықырлаған аязда да, 40 градус аптап ыстықта да құлбазардан жұмыс күшін табасың. Көлік тоқтай қалса, қаумалап қоршап алады.
"Жалақыға" келіссе, жұмыс беретін адам жігіттерді дәл сол жерден көлігіне отырғызып, алып кетеді. Басты ережесі – осы. Жекеменшік құрылысы барлар немесе үйін көшіре алмай жатқандар, сондай-ақ ауладағы қарды тазалатқысы келгендер, өзі жасағанша біреуді жұмсағанды жақсы көретін қалталылар жалшылыққа еттері үйренген құлбазарлықтарды осы жерден таңдап алады.
Шыңғысханды басқаша сахналаймын
Қазір Қойшыбай сол құлбазардың маңындағы пәтерді жалдап тұрады. «Сананы тұрмыс билейді» десе де, қазіргі тіршілігіне қарамастан, Қойшыбай ұйқасы келісті, мазмұнды өлең шығарады. Ақшаға өлең жаздырғысы келетіндер де бар екен. Бірақ Қойшыбай бұндайлардың тілегін ақша алмай-ақ орындап беремін дейді. "Неге екенін білмеймін, ішімнен шықпаса ауырамын, өлең жазсам жеңілдеп, жолым ашылады", – дейді ол.
"Құлбазар" өлеңі. Авторы – Қойшыбай Әбіл / informburo.kz |
|
Уақыт болса, ол қаладағы кітапханаларға барып, әлем әдебиетін, әсіресе Бальзак, Гетенің шығармаларын оқып тұрады.
"Драматург болсам, екінші пьесама тарихи драма ретінде Шыңғыс ханның өмірін арқау еткім келеді. Мұқтар Мағауиннің жазғанын білемін, бірақ мен өзге қырынан жазар едім", – дейді Қойшыбай.
Құлбазар тек Қазақстанға тән құбылыс па?
Көрші жатқан Қырғыз, Ресей және Өзбекстан елдерінде де жұмысшылардың топтасып тұратын орындары бар. Бірақ бұл елдерде көбіне адамның емес, жүк көліктерінің, таксилердің "базарлары" ("пятак") қалыптасқан. Қырғыздар мен өзбектер Ресей мен Қазақстанға келіп ақша тапса, ресейліктер бұрынғы жұмысына байланысты азы – 850 рубль, көбі – бес мың рубльге жуық жұмыссыздар жәрдемақысын алады. Еуропа елдерінде де солай. Францияның тиісті органы жұмыссыз қалған адамға 4 айдан екі жыл уақытқа дейін ең соңғы жалақысының 57%-ын төлеп отырады.
Ұқсас жүйе Қазақстанда да бар. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемге өтініш берген адам басты үш талапқа сай болуы тиіс:
1) Жұмыс беріп отырған мекеме таралып кетсе;
2) Штаты немесе жұмысшыларының саны қысқарса;
3) Өндіріс көлемі төмендеген жағдайда.
Сонда ғана алты ай уақытқа әлеуметтік төлем беріледі. Бірақ ол да жұмыстан айырылған адамның бәріне бірдей төленбейді.
– "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңға сәйкес, егер адамның бұрынғы жұмыс берген мекемесі әлеуметтік аударым төлеген болса, яғни, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан болса, әлеуметтік төлем алуға құқылы. Ал жұмыссыздыққа байланысты төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан жылына тікелей байланысты. Жұмыссыздарға алты ай ғана төленетін әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері – 20 685 теңге. 2016 жылы Қазақстанда 445 500 адам тұрақты жұмыссыз ретінде тіркелсе, олардың тек 32 895 ғана талапқа сай болып шықты, – дейді informburo тілшісінің ресми сауалына берген жауабында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов.
Яғни жұмыссыз қалғандардың небары 7,4%-ы әлеуметтік төлем алған!
"Құлбазардағыларға» ақша дәл бүгін, дәл қазір керек
Астанадағы құлбазарда Қойшыбай сияқты білімді азаматтар өте көп. Бірі – заңгер, бірі – инженер. Мемлекеттік қызметте істеген адамдар да бар.
– Мұнда күніне екі мың, бес мың, тіпті 10 мыңға дейін ақша таба аламыз, – дейді құлбазарлықтар.
Қызылжарлық Марат Балаубаев – жоғары білімді заңгер. Жасы отыз екіде. Жүзін түсіруге рұқсат бермеді, құлбазарға қалай тап болғанын да бір-екі ауыз сөзбен, қысқа қайырды.
– Әйеліммен ажырасқанбыз. Бір қызым бар. Қазір ол Омбыда, нағашыларының қолында. Астанада жақсы қызметке орналасу үшін заңгерлік тәжірибем жетпеді. Алдымен құрылысқа бардым, жұмысы ауыр, айлығыңды үзіп-созып кешіктіріп береді, содан кейін бір күн жұмыс істесең де ақшаңды қолма-қол алатын осы жердемін, – дейді Марат.
Бұл жердің барын қалалық жұмыспен қамту орталығындағылар да жақсы біліп отыр. Мобильді топ жіберіп, құлбазарлықтарды тіркелуге де шақырыпты.
– Жұмыссыздарды тіркейтін орынның барын бәрі біледі. Бірақ жұмыс берушілер аз айлық ұсынады, ай соңына дейін күтіп жүру керек деп ол жерге жұмысқа тұруға барғылары келмейді. Оларға (құлбазардағыларға – авт.) ақша дәл бүгін, дәл қазір керек, – дейді Астана қаласы жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омар.
Құлбазардың өркениетті түрі Қытайда екен
Қазақстандағы құлбазардың өркениетті түрін Қытайдың кез келген қаласынан, тіпті, аудандарынан кездестіре аласыз. Қытайда жұмысы жоқ адамдарға жұмыс тауып бермесе де, олардың жұмыс іздеуіне бар жағдай жасалған. Жұмыс берушінің алдындағы құқықтары заңмен қорғалады.
Топтасып жұмыс іздеген адамдардың тұратын орны "Дарындылар базары" деп аталады. Біздегі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі сияқты. Бірақ күнделікті жұмыс істейді.
Жұмыссыздар ыстықта да, суықта да ғимараттың ішінде, жайлы әрі жылы орында отырады.
Қытайдың "дарындылар базарына" көбіне оқуды жаңа бітірген студенттер мен нарықта көп кездесетін мамандықтары бар адамдар келіп, резюмесін іліп қояды.
Базарға келген жұмыс беруші тауар таңдаған сияқты, электронды таблода жазылып тұратын мамандықтардың арасынан керегін, сол маман иелерінің арасынан өзіне ұнағанын таңдап алады.